Филология ғылымдарының кандидаты Хәкім Абай ғақлияларындағы жалпыадамзаттық құндылықтар Хәкім Абай тағылымы жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды дәріптейтін мәңгілік тақырып. «Адамзаттың Абайы»



бет1/2
Дата25.11.2023
өлшемі29,62 Kb.
#127950
  1   2

Мұхамадиев Дәурен Бақдәулетұлы,
филология ғылымдарының кандидаты
Хәкім Абай ғақлияларындағы жалпыадамзаттық құндылықтар

Хәкім Абай тағылымы жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды дәріптейтін мәңгілік тақырып. «Адамзаттың Абайы» атанған дара дарынның ақындық, хәкімдік болмысынан, «қуатты ойынан» туындаған даналық ілімі әр замандағы қоғамның рухани, мәдени, әлеуметтік, саяси және т.б. салаларының мұқтаждықтарына толыққанды жауап бере алатын құндылық құбылысы.


Ойшыл ғақлияларының теориялық, мазмұндық мәні, тағылымы, тәжірибелік тұрғыдағы қолданылу аясы әр уақыттың қажеттілігіне жауап бере алатын құндылық деп тұжырымдауға толық негіз бар. Абай қарасөздері өміршеңдігін ешқашан жоймайтын даналық тағылымы.
Жалпы, Абайдың қарасөздерін негізінен Мұхтар Әуезов, Ханғали Сүйіншәлиев зерттегенін білеміз. Сол кезеңдегі идеологияның талабына сай еңбектерінде хәкімнің даналық тағылымы жайында толық зерделеуге мүмкіндіктері болмаған, айтар ойларын емеурін ретінде ғана жеткізген... Абайдың қарасөздері зерттелу жағынан кенжелеу қалып қойды, себебі қарасөздерде діни-философиялық мақамдардың жиі ұшырасатындығынан болса керек. Бүкіл саналы ғұмырын Абай мұраларын зерттеуге арнаған, абайтанудың негізін қалаған, ғұлама ғалым М. Әуезов кеңестік идеологияның цензурсынан айналып өте алмады. Оның Абайдың қарасөздері туралы өз пікірін кеңінен көсіліп, қыр-сырын молынан ашуға білімі,танымы жетсе де, қызыл империяның идеологиялық талабының кедергі болғанын білеміз [1, 10]. Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ халқының руханиятындағы ақтаңдақ мәселелер тәуелсіздік талаптары туғызған жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделеніп, халқымыздың игілігіне айналды. Рухани байлығымыз, руханият қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы жаңаша пайыммен жан-жақты зерттелініп, қоғамымыздың қажеттілігін өтейтін құндылыққа айналды. Солардың қатарында хәкім Абайдың ғақлиялары да бар.
Еліміздің рухани, адамгершілік, имани көкжиегінің кеңеюі жолында қызмет етіп, қазақ қоғамына хәкім Абай ілімін насихаттап, ұлт мүддесін өмірінің басты мақсаты ретінде ұстанып, еліне пайда тигізер өнегелі істердің бастапқы сапында жүрген тұлғалар аз емес. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық сананы Абай ілімімен оятып, ақынның даналығын әрбір қазақтың бойына сіңіруге қадам жасап, ойшыл қарасөздерінің ерекшеліктерін зерделеп, пәлсапалық мәнін түсіндіріп, «Абайды тану – қазақты тану» [2] деген ұғымды әрбір жүрекке жеткізіп жүрген абайтанушы ғалымдардың бірі Жабал Шойынбет ойшылдың ғақлияларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, зерттеу нысанына айналдырған зерттеуші. Ойшылдың хәкімдік болмысын зерделеп жүрген ғалымның «Абайдың дана сөздері» (2015), «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» (2015) монографиялары, «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері» (2015) атты оқу құралы, «Абайдың «толық адам» ілімінің зерттелуі және ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» (2022), «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту» (2023) және тағы басқа кітаптары бүгінгі таңда оқырман қауымның тарапынан жоғары бағасын алып, руханиятымызға үлес болып қосылған еңбектер деп білеміз.
«Абай қарасөздерінің ерекшеліктері» атты еңбегі «Абай қарасөздерінің зерттелуі», «Абайдың қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері», «Абайдың дүниетанымы және оның қарасөздеріндегі көрінісі» деген көлемді бөлімдерден тұрады. Хәкім ғақлияларын хронологиялық, жанрлық, стильдік, философиялық тұрғыдан зерделеп, ойшылдың кемеңгерлік, хәкімдік даналығының мұраты, қарасөздері арқылы насихаттаған жалпыадамзаттық құндылықтың биік нысанасы саналатын «толық адам» ілімінің мәнін жан-жақты саралайды. Жоғарыдағы аталған еңбек осындай жаңашылдығымен, сипатымен құнды әрі бағалы.
Ойшылдың ғақлияларын өмірлік зерттеу нысанына айналдырған Ж.Шойынбет: «Абайдың өлеңі мен қарасөзін қатар оқысаңыз, үлкен мән шығарып, ішкі мағынасын түсінесіз. Бүгінде адамзат баласы рухани құлдырауды басынан өткеруде. Абайда адамзат баласына қажетті ізгілік пен құндылықтар бар. Біз, ең біріншіден, адамзаттың Абайы деп жас ұрпаққа оның хәкімдік болмысын насихаттап, түсіндіруіміз қажет» [3, 19], - деп хәкім қарасөздерін биік адамгершілік ізгілікке, жалпыадамзаттық құндылықтарға үндейтін руханият бағдаршамы екенін айрықша атап өтеді. Ғалым Ж.Шойынбет хәкім Абай кемеңгерлігінің, даналығының биік шыңы саналатын «толық адам» ілімін зерттеп, насихаттап, осы құндылық арқылы әрбір жүректі ізгілікке бөлеуді ғұмырының мақсатына айналдыра білген зерттеуші. Данышпан Абайдың қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктерін көп жылдар бойы ғалымға тән қырағылықпен зерделеуі абайтану атты арналы салаға қосылған үлес деп бағалаймыз [3, 19].
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Біз елге, ұлтқа Абайша өмір сүруді үйретуіміз керек... Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз қажет. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алу қажет. «Толық адам концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» [4], - деп пайымды тұжырымын білдірген болатын. Ұлтымызды, адамзат баласын рухани құндылыққа шақыратын «толық адам» ілімін жас ұрпаққа насихаттау бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті, өткір мәселе деп білеміз.
Абайтанушы ғалым Ж.Шойынбет өзінің зерттеу еңбектеріне қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер мен өткір тақырыптарды арқау етіп қоғамдық ойдың талқысына үнемі салып отырады. Хәкім Абай ілімін, ойшыл тағылымын саф күйінде насихаттауды мақсат етіп қойғанын, осы мұрат жолындағы миссиясын әр кезеңдерде жазылған зерттеулерінен, теле-радио бағдарламаларға беріп жүрген сұхбаттарынан, түрлі мерзімді басылым беттерінде үнемі жарияланып тұратын мақалаларынан аңғарамыз. Абайдың рухани әлеміне қатысты барлық құбылыстарға жіті қарап, оңы мен терісін сергек санамен пайымдап, бұдан шығатын дұрыс жолды көрсетеді. Ғалымның өзі айтқандай, Абайдың «толық адам» ілімін зерттеп, сол арқылы әр жүректі ізгілікке бөлеу [3, 19]. Ғалымның бұл қызметі ұлтқа, оның руханиятына деген жанашырлығын һәм қайраткерлік болмысын айғақтайды. Сонымен қатар Абайдың даналығын әрбір қазағының жүрегіне жеткізіп, елінің ұлттық рухын көтеріп, құлдық санадан азат етсем деген ізгі арманын жан дүниемізбен сезінеміз. Ғалым Ж.Шойынбет өз зерттеулерінде оқырман қауымға хәкім Абайдың күрделі қарасөздерінің мәнін ашып, ой байламдарын тереңнен тарқатып, түсінік беріп отырады. Жалпы алғанда, хәкімнің қарасөздері пәлсапалық терең мәнге ие болғандықтан, оны жалаң оқып, құр сырттай үңілу ойшыл әлемінің тылсым жұмбағын аша алмайды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің: «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында оқырманға былай: «Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп жазады» [3, 19], - дейді. Ойшылдың ғақлияларын бірнеше рет оқып, хәкімнің айтпақ болған ойының түпкі мәнін түсіну, өлеңдерімен сабақтастыра отырып, ой-тұжырым жасау өте күрделі мәселе екенін білеміз. Сондықтан данышпанның қарасөздерін зерттеушілер қатары сирек. Аталмыш тақырыпта қалам тербеудің өзі санаға салмақ түсіріп, үлкен жауапкершілікті, асқан қырағылықты талап етеді. Бұл тұрғысынан Ж.Шойынбет Абайды қайта-қайта оқу, үздіксіз талмай іздену, қиянға қарай қыранша қанат қағу арқылы өнімді еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Абай қарасөздері ғалым Ж.Шойынбеттің өмірлік ұстанымына айналған іргелі тақырып. Ойшылдың хәкімдігі жайында ол: «Абайдың хәкімдігі шығармашылығынан айқын аңғарылады. Мысалы, «Отыз сегізінші қарасөзінде» Абай «адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хәкім, пайғамбар, Алла» деп, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Абай: «Дүниеде ғалым көп хәкім аз. Ал ғалым хәкім бола алмайды. Хәкім ғалым бола алады» дейді. Яғни хәкім ілуде біреу шығады. Сосын Абай: «Егер де хәкім болмаса, дүниенің астан-кестені шығар еді» дейді. Яғни ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттың жақсылығы үшін де, жамандығы үшін жұмсай береді. Ал хәкім жаңалығын тек қана бір-ақ нәрсеге – бүкіл адамзаттың жақсылығына ғана жұмсайды» [2], - дейді. Ғалымның өмірден түйіндеген тәжірибесі мол, өзіндік пікірі бар. Ендігі кезекте, жалпыадамзаттық құндылықтың жаршысы болған ойшыл танымындағы негізгі мәселелерге, данышпан ақынның қарасөздері мен өлеңдерінің алтын арқауы, хәкімдік даналығының нысаны болған негізгі ұғымдарға тоқталып өтейік.
Хәкім Абай танымындағы «иманигүл» (немесе «үш сүю») ойшыл дүниетанымының биік нысанасы. Ойшыл ақын өзінің қарасөздерінде, өлеңдерінде осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, шығармашылығының өзегіне айналдырады. Ақынның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңінде махаббатпен жаратушы Алланы шын жүрекпен, бүкіл жан дүниемен, барлық ақыл-оймен шексіз сүюді, сонымен қатар, өзіңді сүйгендей, барлық адамзат баласын өз бауырыңдай сүйіп, әділдік жолын берік ұстануды өсиет етеді. Бұл ақын дүниетанымында орын алған үш сүю немесе иманигүл деп аталатын күрделі ұғымның бірі.
Осы үш сүюді М.Әуезов Абайдың «адамгершілік турасындағы үгіті», «мораль философиясы» деп бағалайды [5, 69]. Екінші сүю, немесе ақын шығармаларында бастан аяқ үзіліссіз таратылатын ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ат қоюында жатыр. Абайдың «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деген жолы 38-ші қарасөздегі ғақлия, нақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын «ғадлет» ұғымымен сабақтасатын үшінші сүюді көреміз. Осы үшінші сүю ұғымын абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұлов былай деп таратып береді: «Абайдың адамгершілік өлшемдерінің ішінде ерекше жоғары орынға қоятын бір ұғымы – әділет.
Махаббатпен жаратқан Адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп әділетті. Осылай деп келеді де, ақын жаңағы бас әріппен жазылған үш ұғымды қосақтап айтып: «осы үш сүю болады имани гүл» деп, үшеуін де имандылықтың тұтас бір шоқ гүліне теңейді. Бұл оның бала жасынан ел ішіндегі дау-шараға араласа жүргенде, таразының екі басын теңдеп келіп, төрелігін айтарда әділет ауылынан бір айнымаған тәжірибесінде елге танылған қасиеті болатын» [6, 192].
Үш сүюді жүрегінің түбіне бойлатқан ойшыл-ақынның өмірінің соңына дейін ұстанып өткен басты қасиеті – әділет жолы болды. Ал 27-сөзден Абайдың бірінші сүюді яғни Алланың пендесіне деген махаббатын, солардың қамын ойлап жасаған хикметтерін танытуға арналған сезіледі және «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде Абай осы мәселеге басымырақ назар аударады. Өзіне махаббатпен қараған түп Иеге, пендесінің де махаббатпен қарап сүюі парыз екенін:
...Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін [7, 74-76], – деп бірінші сүюді көрсетеді.
Осында назар аударатын негізгі бір мәселе, ол имангүлдің бірінші сүюі:
...Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті... [7, 178] демек, иманигүлдің бірінші сүюі, Алланы сүюді, яғни жаратушы болмысына деген шынайы сүйіспеншілікті танытады.
Иманигүл мәселесі Абай әлеміндегі күрделі таным, ақын гуманизмінің шалқар шыңы. Абай өз шығармаларындағы жүрек культін шешуі орынға қоятыны белгілі. Оның аталған мәселелерге қарасөздері (17-ші қарасөзі), өлеңдері айғақты дәлел. Осы жөніндегі тың байламдар жасау барысында ақынның жүрек мәселесін алдыңғы санатқа қою себебін ғалым М.Мырзахметұлы ежелгі Шығыс дүниесінің шамшырақтарымен, атап айтқанда, әл-Фараби, Низами, Руми, Науаи нанымдарының сабақтастығымен байланыстырады. Ғалым Шығыс әлемінің жұлдыздары әл-Фараби және Абай пікірлерінің рухани тамырластығын тура және жанама деректер арқылы ашып, көздеген мақсатына жеткен. М.Мырзахметұлы Абай, М.Әуезов шығармашылығын зерттеген татар ғалымы Ғабдрахман Сағдидың (1889-1956) пікіріне сілтеме жасай отырып: “Ғ.Сағди: “....философияға, даналыққа зор мән берген Абай әл-Фараби, ибн Синалармен таныс болумен бірге осы ғақылиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді» [8, 150], – дейді. Әл-Фараби мен Абай танымдарындағы сабақтастық мәселелері бүгінгі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері деп білеміз. Мысалы, адамның «өзін танымақтық» немесе «жан қуаты» жөніндегі ілімнің ілкі қадамы көне дүние философтарынан басталса, өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған әл-Фараби, соңғы дәуірде Абай бұл қазынаға тереңнен бойлаған екен. Сондай-ақ әл-Фараби қолданған «жан қуаты» тәрізді философиялық терминдер Абайдың өлеңдері мен 7, 17, 27, 38, 43-ші қара сөздерінде қазақы ұғымға сай балама сөздермен берілуі кездейсоқ құбылыс емес. Осы ұғымдар ойшыл армандаған «толық адам» болуға бастайтын құндылықтар деп білеміз. Хәкім дүниетанымының биік нысанасы саналатын «иманигүл» (немесе «үш сүю»), «толық адам» мәселелері бір елді ғана емес, жалпыадамзатты рухани-адамгершілік ізгілікке жетелейтін тағылымды ілім.
Қорыта келе, жалпыадамзаттық құндылықтың шамшырағы болған хәкім Абай ілімі ұрпақпен бірге мәңгілікке жасай өміршең рухани байлық. Хәкім Абайды, оның даналық ілімін насихаттау жалпыадамзаттық құндылықтарға қол жеткізудің игілікті һәм ізгілікті жолы деп түйіндейміз.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет