Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институты Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
СОӨЖ 1 Тақырып: 1. «1.5,6-сыныптың «Қазақ тілі» оқулықтарындағы тұтас және аралас мәтіндердегі (кесте, диаграмма, сызба, сурет) ақпараттарды салыстыру (реферат).
2.Мектеп оқулықтарында берілген тақырыптардың біріне аргументативті эссе жазу»
Курс: 2
Институт: ФилКББИ
Мамандық: 6В01701
Пән: Жазу сауаттылығы
Орындаған: 204-топ студенті Кайрбек Айбек
Қабылдаған: Иманкулова М.
Алматы, 2022 жыл «Мәтін» сөзі шынайы тіл қолданылған баспа түрде немесе бейнелік мәтіндерді білдіреді. Мұндай мәтіндер диаграмма, сурет, карта, кесте, график түріндегі визуал бейнелерді қамтуы мүмкін. Бір ғана мәтіннің өн бойында әртүрлі мәтін типтері кездесе береді. Мәтіннің (формасы) нысаны 4 – ке бөлінеді.
Тұтас мәтін ( көркем әдебиет мәтіндері, репортаж, өлең, пьеса, мақала, жұлдыз жорамал, техникалық мәтін, заң, ғылыми негіздемелер, нұсқау)
Аралас мәтін (тұтас және тұтас емес мәтіндердің сипатын біріктіреді, авторлық веб – парақтар).
Құрамдас мәтін (бір тақырып, бірақ әр автордың пікірі, ойы. Мысалы, аққу тақырыбына жазылған әрбір ақынның туындысы немесе әр газеттегі бірдей тақырыпқа жазылған материал және бірнеше тақырыпты қамтитын үзік –үзік мәтіндер).
Көркем әдебиеттен алынған үзінділерден тұратын тұтас мәтіндер, құрылымы мәтіннің ірі бірліктерін құрайды. Мағыналық абзацтар белгілі бір тәртіппен ұйымдастырылған және мәтіннің логикалық құрылымын тез қабылдау үшін тақырыптар мен тақырыпшалардан тұрады
Аралас мәтіндердің бір ерекшелігі – мәтіннің ойын өзара толықтырып тұратын вербалды және вербалды емес элементтерден тұрады. Бүгінгі таңда көптеген ақпараттық мәтін таныстырылымдық форматта болады, мысалы, веб парақшалар, журналдар және т.б.
Мәтін – тілді оқытудағы негізгі құрал. Ол оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Мәтінмен жұмыс тіл үйренушінің сөздік қорын байыту мен қазақша сөйлеуге үйрету немесе қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыру.
Мәтінмен жұмыс істеуде: мәтіннен ақпарат алып, оған тақырып таңдап, мәтіннің жалпы мағынасын беретін тезис құрап, графиканың негізгі бөліктері мен картаның, суреттің мақсатын түсіндіру, салыстыру және мәтіннің сипаты мен түрін анықтау керек. Мәтіннен ақпарат табу үшін оқушы мәтінді оқи отырып, оның негізгі бөліктерін айқындап, ондағы айтайын деген негізгі ойды табады. Сонымен бірге мәтіндегі түрлі ақпаратты салыстырып және қарама-қарсы қойып, тезистер арқылы қорытындылар жасайды. Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап, ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі.
Мәтін – мағыналық және құрылымдық аяқталуымен, автордың ақпаратқа көзқарасымен, ақпараттың нысандылығымен танылатын болса, шығармашылық – тұлғаның стандартты емес шешімдер қабылдаудағы терең қасиеттерін көрсететін қабілеті. Мектеп оқушыларының жаңартылған білім беру жағдайында күнделікті білім алу, пәндер бойынша жиынтық бағалау жұмыстарында, қорытынды аттестаттау емтихандары мен сыртқы және тәуелсіз бағалау сынақтарында берілген мәтіндегі ақпаратты табу біліктілігін арттыру үшін мәтінмен жұмыс жасау дағдысын дамытудың бүгінгі күні маңызы зор. Мәтіннің қызметін таныту – оқушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуіне, сол арқылы логикалық ойлауының бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім мәтінмен жұмысты жүйелі жүргізгенде және оқушының сауатты оқу дағдысын қалыптастыра білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады. Оқыту мен оқу үдерісінде білім алушы теориялық, танымдық ақпаратты мәтін арқылы алады, ал алынған ақпаратты қабылдап, ой елегінен өткізу арқылы шығармашылық әрекетпен өмірде қолданады.
2. Мәңгілік ел құндылықтары (9 сынып)
Мәңгілік ел идеясының тарихи бастамасына көз жүгіртер болсақ, көне түркілердің осы сипаттағы идеясы үш негізден тұрады. Оның біріншісі – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел»идеясы. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы қазіргі Қазақстанның тәуелсіздік рухы және азаттық идеясымен үндесіп тұр.
Екіншісі – Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасында бұл идеяның теориялық тұрғыдан тиянақталуы. Ұлы ғалым ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасаған болатын. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім – Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың негізгі механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. Әл-Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар — әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі – экономикалық және саяси мәселелер – негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді.
Үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» дастаны. «Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Дастанда X-XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күн туды – әділ ел басшысының рәмізі. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды. XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдай Ресейдің тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы және жалғастырушы тұлғаның ерлігі. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «Мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады. Бүгінгі таңда бірлікті бетке ұстаған елдің идеологиясы да осы іспетті болмақ.