Тақырып 4. Рухани мұра және модернизация процесіндегі оның ролі. Қазақстанның болашағы өскелең жас ұрпақтарымен анықталады, сол себепті білім беру жүйесінің маңызды міндеттері жастардың әлеуетті қабілеттері мен таланттарын ашу жоғары маңыздылыққа ие. Бұл бағытта мемлекет және Ел Басы Н.Ә.Назарбаевтың жеке инициативасы бойынша маңызды қадамдар жасалды: «Дарын» бағдарламасы бойынша дарынды балаларға арналған мектептер, Назарбаев Интеллектуалдық мектептері мен оқытуды Халықаралық Стандарттарға сай жүзеге асыратын Назарбаев университеті құрылып, табысты қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін реформалау шeңберінде шығармашылықпен ойлай алатын мамандар даярлау міндеті қойылуда.
2011-2020-жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін сапалы білімге қол жеткізу арқылы адам капиталын дамытуға бағытталады.
Жоғары білім беру саласында: «...еңбек нарығының қажеттілігін, жеке тұлғаның, елдің индустриалды-инновациялық даму міндеттерін қанағаттандыратын және білім беру саласында әлемдік практикаға сәйкес білім берудің жоғарғы деңгейдегі сапасына қол жеткізу қажеттілігі» аталып көрсетілген.
Кез келген мемлекеттің жоғары мектебі әлеуметтік институт ретінде инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруға қажетті елдің интеллектуалдық кадрлық ресурсын қалыптастыруда негізгі жауапкершілікті мойнына алады, өйткені қоғамның білімділігі экономиканың барлық бөлігінің даму шарты болып табылады. Философия ғылымдарының докторы, профессор Ресей Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі Б.Г.Юдин атап көрсеткеніндей: «адамдарға сапалы жоғары білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, қоғам олардың білім сапасын және өзінің интеллектуалдық әлеуетін де арттырады».
Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына жан-жақты талдау жасаған академик Ғ.Есім: «Инновациялық ойлау жаңаша ойлаудың бағытын білдіретін ұғым, жаңалық - қозғалыстың бағытын анықтайтын түсінік» дей келе, оның үш өлшемі бар екенін атап көрсетеді: «жаңа ой (идея), жаңа іс, харекет және жаңа нәтиже» [3]. Ал жаңа, тың ой түйіндеп, оны іс-әрекет жүзінде жүзеге асырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізетін, ақпараттық қоғамда өмір сүруге лайықты мамандар даярлау мәселесі жоғары кәсіби білім беру жүйесіне келіп тіреледі. Оның ішінде, іргелі білім негізін қалыптастыратын жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық жоғары оқу орындарына түсетін салмақ басым. Инновациялық ой түйіп, тұжырымдау, ең алдымен, жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетінің даму деңгейіне тәуелді.
Қазіргі әлемге, оның ішінде, Қазақстан қоғамына өз бетімен шығармашылық интеллектуалдық дамуға қабілетті жеке тұлға қажет.
Жоғары оқу орындарындағы инновациялық процестердің үздіксіздігі мен тереңдігі болашақ маманның жеке тұлғалық және шығармашылық дамуы мәселесін қояды. Студенттің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруды және оның жаңа тәсілдерін іздеуді көздейді. Мұндай іс-әрекет:
- жоғары деңгейдегі кәсіби құзыреттілікке ие, шығармашыл, тәуелсіз, әлеуметтік жауапкершілігі мол жеке тұлғаны дамытатын жағдайды құруға;
- оқытуды зерттеумен үйлесімді біріктіре білетін, білім беру және мәдени компоненттердің интеграциялануына;
- жоғары академиялық стандарттарды, дәстүрлерді, университет мәдениетінің басты құндылықтары ретінде құндылық бағдарларды сүйемелдеуге;
- шығармашылық орта құруға, дербестендірілген даярлау формасын сүйемелдеу, өз бетімен білім мен тәрбие алуға мән беруге;
- білім мен тәрбие практикаларына педагогика, психология және әлеуметтану салаларындағы білімдерін қатыстыру;
- ақпараттық технологиялар, ғылыми бағыттармен, бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен таныстыру арқылы университеттегі білім беру бағдарламаларын кеңейтіп, жетілдіруге, студентті әлемдік білім беру мен ғылым кеңістігіне жұмылдыруға;
- студенттің жеке тұлғалық, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыратындай белсенді өмірлік көзқарасының қалыптасуын қамтамасыз ететін орта құруға бағытталуы тиіс.
Бұл аталған мәселелерден жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруды қамтамасыз ететін инновациялық орта құру қажеттілігі туындайды. Алдымен жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуеті ұғымын талдап көрейік.
«Интеллектуалдық әлеует» ұғымын талдау «интеллект» категориясын қарастыруды талап етеді.
Интеллект дегеніміз – мидағы бейнелеу іс-әрекетінің тұтастылығы мен үйлесімділігін, адамның ақыл-ой қабілетінің барлық жиынтығын білдіреді.
Ол өзіне адамзат мәдениетінің кең ауқымды тұстарын қамтиды және қоршаған шынайы әлемнің бейнеленуі әртүрлі интеллектуалдық деңгейде жүзеге асады: дұрыс мағыналы әрекет (тәжірибе), ақыл-парасат (ғылыми білім, заңдылықтар, жазбаша жарлық), ақыл-ой (адамзат қызметінің жаңа түрін құрып, интеграциялауда байқалатын жоғары ақыл-ой қабілеті). Оған мақсатты айқын түсініп, болашақты болжай білу тән.
Интеллект интеллектуалдық әлеуеттің субстанциалдық негізі болып табылады, индивидтің интеллектуалдық іс-әрекеті мен жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді алдын-ала анықтайтын «ішкі» механизм және ол оның әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сондықтан дербес ментальдық тәжірибенің құрылымы мен құрамы адам санасындағы объективті шынайылықтың шығарылу сипатын, сондай-ақ, интеллектуалдық іс-әрекетінің өзіндік ерекшелігін алдын-ала анықтайды.
Бірақ интеллект мидың атқаратын функциясы бола отырып, белгілі бір іс-әрекетпен айналысатын адамда сәйкес білім болған жағдайда ғана онымен айналысуға мүмкіндік береді. Адамда тек интеллектің болуы ғана оның кәсіби табыстылыққа, қоғамдық прогресті тиімді басқаруға кепілдік бере алмайды, бірақ ол белгілі бір базаның құрылуына негіз болады.
Адамның қалыптасуы, оның интеллектуалдық әлеуетінің қалыптасуы адамдар, әлеуметтік топтар мен қоғамдастықтар арасындағы өзара қарым-қатынас, өзара әрекеттесу процесінде өтеді. Сонымен бірге, әлеуметтік құбылыс интеллектуалдық іс-әрекеттің көмегімен әлеуметтік рухани сапалардың жүзеге асырылуы арқылы жеке тұлғалық өлшемге ие болады.
Тұтасымен алғанда, жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін танымдық мүмкіндіктердің кешені ретінде анықтауға болады, оның жүзеге асырылуы индивид пен социумның мәнді күштерін дамытудың шарты болып табылады.
Жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуеті кем дегенде төмендегідей үш қасиетке ие: біріншіден, ол белсенді болуға, іс-әрекетте жүзеге асырылуға қабілетті; екіншіден, кез келген қоғамда сабақтастықпен өмір сүруінің шарты ретінде көптеген адамдарды тұтас іс-әрекетке шоғырландыру, дәлірек айтқанда, жаңа буын алдыңғы буынның іс-әрекеті нәтижесінде жинақталған білімдерді, құндылықтарды, тәжірибелерді мұра тұтады; үшіншіден, іс-әрекеттің барлық түрін өзіне біріктіреді. Өйткені, рухани білім ретінде өндірістік салаға, ғылыми, білім беру, тәрбие беру, басқару және т.б. іс-әрекет салаларына енеді, оның тікелей басқарылу механизмі ретінде интеллектуалдық іс-әрекет алынады.
Индивидтің интеллектуалдық белсенділігінің көп түрлілігі қоғамның интеллектуалдық әлеуетінде байқалады, ол дербес интеллектің қарапайым жиынтығынан ғана тұрмайды, сонымен бірге, олардың жаңа сапалық күйін, жеке тұлғаның, әлеуметтік топтар мен қоғамдастықтардың интеллектуалдық әлеуетін дамытып, жүзеге асыру процесін ынталандыратын әлеуметтік байланыстар мен қатынастар жүйесін құруға қабілетті жинақталған интеллектің белгілі бір деңгейлерін қамтиды. Сонымен, қоғамдық интеллекттің жағдайы өндірістегі қоғамның мүмкіндіктерімен тікелей байланысты. Ал бұл процесс белгілі бір тарихи кезеңдегі басқару іс-әрекетінің түрлері, әдістері мен принциптеріне, инновациялық мәдениеттің қалыптасуына тәуелді.
Инновациялық мәдениет дегеніміз не? Осы уақытқа дейін инновациялық мәдениет түсінігі туралы зерттеушілердің көзқарасын орнықты деп айту қиын. Адамзат мәдениетін динамикалық дамымалы күйінде қарастырсақ, ол өзінің мәні жөнінен инновациялық болып табылады. Сондықтан, академик Ф.Т.Михайлов инновациялық мәдениетті – «майлы-май» - өйткені, мәдениет анықтамасы бойынша natura – naturans шығаратын табиғат деп көрсетеді. Көпшілік жағдайларда инновациялық мәдениет термині инновациялық іс-әрекетке қажетті білім, іскерлік, дағдылар туралы деп айту жеткіліксіз болғандықтан ғылыми әдебиеттерде пайдаланылды, бірақ, жеке тұлға осы білімдермен қалай өзара әрекеттеседі, қандай жаңа білім жеке тұлғаның құрылымы мен ішкі әлеміне әсер етеді деген мәселе зерттеуді қажет етеді.
Инновациялық мәдениетті кең мағынада қарастырсақ (Л.Е.Елизарова), ол әлеуметтік феномен ретінде қоғамның барлық салалардағы инновацияларға: басқаруға, білім беруге, өндіріске, заңдылықтарға даярлығы мен қабілеттілігі.
Мәдениеттану анықтамалығында инновациялық мәдениетке төмендегідей анықтама беріледі: инновациялық мәдениет – бұл қоғам өміріндегі әр түрлі саладағы жаңалықты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік мәдени қауымдастыққа тән қалыптасқан орнықты нормалар, ережелер, тәсілдер жүйесі; нақты бір социумға тарихи бейімделген инновациялық әрекеттердің алгоритмі мен құрылымдық моделі болып табылады.
А.А.Поскряковтың берген анықтамасы эвристикалық құндылықты дәріптейді. Инновациялық мәдениет ескі мен жаңаның динамикалық бірлігін инновациялық жүйеде сақтай отырып, адамның өмірлік қызметінің барлық саласына жаңалықты кешенді енгізу және оны жан-жақты меңгеру, мақсатты көздей отырып даярлауға қажетті білімі, іскерлігі мен тәжірибесі ретінде қарастырылады.
Сонымен, инновациялық мәдениетке тән компонент ойлаудың инновациялық типі мен креативтілік болып табылады. Инновациялық ойлауды зерттеушілер: қоғамдық қатынастарда пайда болатын қарама-қайшылықты процесс пен оларды шығармашылық жолмен шешу ретінде қарастырады, қоғамдық құбылыстардың латенттік аспектілерін адамның көру қабілеті, қоршаған шынайылықтың мәнділігіне ену, олардың айналмалы жақтары мен әр түрлі қырларын көре білу (С.А.Кравченко) ретінде қарастырады.
Креативтілік адамның шығармашылық мүмкіндіктері ретінде анықталады, әлеуметтік мәнді шығармашылық белсенділікті көрсетуді қамтамасыз ететін қабілеттілік, адамның қандай да бір ерекше қасиеті; ғылыми мәселені басқаша, жаңа қырынан көруге әкелетін, шығармашылық әрекетке жетелейтін қабілеттілік ретінде қарастырылады (В.П.Делия).
Сөйтіп, инновациялық мәдениет жаңа білім, идея, инновациялық әрекетті шығарумен тұжырымдалатын креативті іс-әрекетті белсенділендіреді. Ол өз кезегінде интеллектуалдық әлеуеттің когнитивті-креативті құраушысын қалыптастыруды қамтамасыз ететін инновацияларды құру, меңгеру, тарату іс-әрекеті болып табылады.
Жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін дамыту оның құндылық ұстанымдарына тәуелді. Инновациялық мәдениет жеке тұлғаны өмірде белсенді көзқарас ұстануға әкеледі, сонымен бірге, жеке жетістіктерін, шығармашылық процестеріндегі, өмірдегі жаңа образдар мен ойлардың дүниеге келуін қамтамасыз етеді.
Е.А.Алексеева: инновациялық мәдениет дегеніміз – қоғам мен индивидтің өмірлік қызметін өзгеріске бағыттайтын мақсаттар мен құндылықтар жиынтыығы ретінде қарастырады және адам, топ, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруды сандық және сапалық тұрғыдан кеңейтуге мүмкіндік беруі тиіс деп есептейді. Автордың пікірінше, адамның материалдық рухани өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз етуін жүзеге асыруға ұмтылысы, еңбек іс-әрекеті мен танымдық процестегі дәстүрден тыс тәсілдерді жүзеге асыруы болып табылады.
Б.К.Лесина инновациялық мәдениетті адамдардың өмірлік қызметіндегі сапалық өзгерістердің алғы шарты ретінде қарастырады және қоғамдық қызметтің барлық саласындағы прогресс пен үйлесімділіктің әдіснамалық негізі деп есептейді. Түсіндірме сөздікте инновациялық мәдениет шығармашылық еңбектің құндылығымен, өнертабыспен, ұтымдылықпен, өзгерістерге ұмтылумен, инновациялар мен креативтіліктерге байланысты іс-әрекет түрлерінің пайда болуымен сипатталады.
Л.А.Холодкова адамның инновациялық мәдениетін оның адамның жаңа идеяларды қабылдауды қамтамасыз ететін, тәртіп нормалары мен үлгілеріне, мотивтеріне, білімдеріне, іскерліктеріне, дағдыларына бекітілген құндылық бағдарын бейнелейтін оның рухани өмірінің саласын ретінде қарастырады, өмірдің барлық саласында жаңалықты сүйемелдеп, жүзеге асыруға даярлығы мен қабілеттілігі деп есептейді.
Инновациялық мәдениеттің қалыптасуын талдауға жүргізілген зерттеу нәтижелері адамның негізгі құндылықтары мен ұстанымдары шығармашылық белсенділік инновацияны меңгеруге бағдарлау, интеллектуалдық әлеуеттің когнитивті-креативті құраушыларын дамытуға бағыттылған өзін-өзі жүзеге асыруы болып табылатындығын көрсетті.
Сөйтіп, қазіргі әлеуметтік мәдени шынайылықтағы инновациялық мәдениеттің мәнділігі, ол жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға, дарындылығын дамытуға әсер ететіндігімен түсіндіріледі.
Басқару қоғамдағы адамдардың өзара әрекеттесуін ұйымдастырудың объективті қажеттілігі ретінде пайда бола және мәдени эволюция процесінде дами отырып, әлеуметтік процестерге әсер етуге, әлеуметті түбегейлі өзгертуге қабілетті бола отырып, өз бетіндік интеллектуалдық білімге айналады.
Сонымен, жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуеті дегеніміз – бұл жеке тұлғаның білімі, интеллектуалдық іскерлігі мен дағдылары, жинақтаған тәжірибелері, жасырын мүмкіндіктері, шығармашылық ойлауы мен әлеуеті, сапаны бағалаудың квалиметрикалық әдістерін қолдана білу қабілеттігі және арнайы құзыреттіліктерді меңгеруі болып табылады.
Жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы дарындылықтың тигізетін ықпалы оның басқарылуында болып табылады. Ол басқарылу үшін белгілі бір ортада өтуі тиіс. Дәлірек айтқанда, жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін дамыту белгілі бір орталарда жүзеге асады. Қазіргі ақпараттық қоғамдағы осындай орта - ақпараттық білім беру ортасы болып табылады. Ақпараттық білім беру ортасы деп ақпараттық –коомуникациялық технологиялар негізінде білім беру іс-әрекетін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін инструментальдық құралдар мен ресурстар жүйесін түсінеміз.
Педагог мамандарды даярлау процесінде болашақ мамандардың өз іс-әрекетін жоспарлай білу, оны талдау іскерлігі мен дағыдысын қалыптастыру, өзінің оқудағы және кәсіби дамуындағы жетістіктерін бағалай білуге үйрету бүгінгі білім беру жүйесінің алдындағы түрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл аталған мсәелені жүзеге асыруда болашақ маманды электрондық портфолиосын құрып, оны жүргізуге үйретудің маңызы зор.
Ұсынылатын әдебиеттер: 7, 9, 14, 17, 18, 25, 29.