6. Ғылымдағы дәстүрлер мен жаңалықтар Ғылымды біз әдетте адамның дүние туралы жалпы білім жинауға бағытталған қызметі деп түсінгендіктен, бір қарағанда ғылыми процесте дәстурге, өткенге қайта оралуға орын жоқ секілді көрінеді. Бірақ тереңдеп тексерсек, дәстүрлер ғылым дамуының және ғалымдардың ізденістік қызметінің негізі. Бұл қағиданы барлық ғылымдарға ортақ деуге болады. Ғылымдағы дәстүрлер проблемасының негізін қалаушы американдық физик-философ Т. Кун. Гарвард университетінде стажировкадан өткен үш жыл ол үшін ғылым тарихын А.Койре, Э.Мейрсон, Е.Мецгер және А.Майердің еңбектеріне сүйене отырып еркін зерттеуге арналған кезең болды. Кейінірек әлеуметтік ғылым өкілдері мен жаратылыстану саласының ғалымдарының арасында ғылыми мәселелерді қою мен оларды шеше білу мәселелері бойынша туындаған көзқарас алшақтығы Т.Кунды ғылымдағы дәстүрлер тақырыбын жан-жақты зерттеуге, ғылым динамикасының парадигмалық концепциясын жасауға итермеледі.
Бұл концепцияның мәні мынада. Ғылымды сипаттау үшін «ғылыми қоғамдастық» және «парадигма» (бұл ұғымды Т. Кун кейінірек «дисципли-нарлық матрица» деген ұғыммен ауыстырды) ұғымдарын қолдану керек. Ғылыми қоғамдастық дегеніміз, Т.Кунның түсінігі бойынша, белгілі бір сала бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатымен парадигмалар немесе осы ізденістердің теориялық алғышарттарын негізге ала отырып біріккен ғалымдар ұжымы.Т. Кун парадигма ұғымын тандау себептерін түсіндіреді. Әдетте бұл ұғым қабылданған модель, үлгі дегенді білдіреді. Бірақ Т. Кун бұл түсініктер парадигманың анықтамасын толық ашпайды деп есептейді, себебі бұл мағы-нада парадигма бұрын жасалып біткен жұмыс дегенді білдіреді, сонда ғалымдардың келесі тобы немен айналыспақ? Кунның пікірінше, парадигмаларды жалпы заң ретінде қолданылатын, бірақ сонымен бірге жаңа және қиын жағдайларда одан әрі жетілдірілетін және нақтыланылатын объект деп түсінген дұрыс.
Дәстүрлер көзге көрінетін (явное) немесе вербальді және көрінбейтін (неявное) немесе вербальдік емес болып бөлінеді, ғылыми таным процесінде өзара орын ауыстырып отырады. Көрінетін білімдерді кейбір ғалымдар басты, орталық білім деп те атайды, бұл білімдер басты назарда болады, негізінен алғанда оқулықтар мен ғылыми монографияларда мәтін-текст түрінде болады. Т.Кунның парадигмаларын білімнің осы түрінің мысалы ретінде қарастырған дұрыс. Көрінбейтін білім ( философиялық әдебиетте бұл білімді сипаттауға - жасырын», «имплициттік», «перифериялық», «үндемейтін», «менталитет» және тағы басқа терминдер қолданылады) назардан тысқарырақ, көбіне практикалық білім саласында кездеседі. Ғалымдардың әдеттерінде, мінез-құлқында кездеседі, оларды ауызша, вербалды түрде толық жеткізу қиын. Мысалы, белгілі химик-философ Марк Полани химик студенттердің практикалық сабақтарға келіп уақыттарын бөлу ерекшелігін тәжірибелік білімдердің ұстаздан шәкіртке ғылыми дәстүр ретінде берілу деп есептейді. Олар ғалымнан оның ғылыми кадрларына ауызша емес, тек жеке үлгі-өнеге арқылы жетеді, яғни білімнің тұлғалық сипатымен тығыз байланысты.
Парадигмаларды қолдану ғылыми ізденісті жеделдетеді, себебі ғылыми мәселелерді шешудің басқа бәсекелес жолдарын қолданғаннан гөрі қабылданған парадигмаларды қолданған қолайлы және нәтижелі. Парадигма ұғымының элементтерінің анықтамасын Т.Кун толық бермесе де, оларды жалпы түрде төмендегіше сипаттауға болады:
1) матема-тикалық формада жазылған, бастапқы ұғымдар мен заңдарды қамтитын фундаменталдық теориялар;
2) табиғат туралы жалпы философиялық түсініктер және қазіргі ғылымда қабылданған ұғымдар мен олардың жүйесін бейнелеудің логикалық тәсілдері;
3) ғылыми қоғамдастықтың әрбір мүшесі өзіне қойылған ғылыми міндеттерді шешу үшін ұстанатын үлгілер мен эталондар.
Ғылымның жағдайын, Т. Кунның пікірінше, екі кезеңге бөліп қарасты-руға болады: ғылымга дейінгі кезең (бұл кезеңде парадигмалар әлі қалып-тасып үлгермеген) және гылыми кезең (ғылыми қоғамдастық парадигаманы құрастырып, қабылдаған кезең).
Ғылыми кезеңдегі ғылымның жағдайы екі түрде сипатталады: қалыпты жағдай (оны Т.Кун қалылты ғылым деп атайды) және дағдарысты жағдай. Қалыпты ғылымда ғылыми қоғамдастық белгілі бір парадигманы қабылдайды және оны танымның белгілі бір саласындағы міндеттерді шешу үшін тиімді қолданады. Парадигмаларды зерттеу жас ізденушіні белгілі бір ғылыми қоғамдастықтың мүшесі болуға дайындайды, ол өзі таңдаған, ғылым саласының кезінде нақты үлгілерге сүйеніп зерттеген адамдардың қатарына қосылады және ғылыми тәжірибеде олардың дәстүрлі теориялары мен әдістерін қолданғандықтан негізгі принциптерден аса алшақтамайды. Мұндай дәстүрлілік, өзара келісімділік ғылымның қалыпты дамуына ықпал етеді. Жалпы қабылданған парадигмалардың болуы осы ғылым саласының жеткілікті дамығандығының белгісі.
Бірақ парадигмаларға негізделген қалыпты ғылымның бір ерекшелігі – ол үлкен жаңалықтарды ашуға онша бағытталмаған, оның нәтижелері көбіне-көп алдын-ала, парадигмалар шеңберінде болжанған. Мұндай жағдайда ғалымның ізденістік қызметінің мәні жоқ болып көрінуі мүмкін. Кунның пайымдауынша, қалыпты ғылым саласында жұмыс жасайтын ғалымның алдына қоятын негізгі мақсаты – «жаңылтпаштарды шешу», немесе, парадигмаларға негізделген теориялық білімді іс жүзіндегі факт-ма-териалдармен рационалды сәйкестендіру. Ғылымның дағдарысты жағдай-ында ізденіс процесінде қабылданған парадигмалар шеңберіне сыймайтын фактілер пайда болады да, парадигманың тиімділігі күмән туғызады, одан бас тартып, шындықты мүлдем жаңа көзқарас тұрғысынан түсіндіретін жаңа парадигмалар жасау қажеттілігі туады.