«философия» кафедрасы


Танымның жалпы ғылыми методтары



бет3/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,76 Mb.
#111573
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
3. Танымның жалпы ғылыми методтары
Жюль Верннің атақты "Капитан Гранттың балалары" романының кейіпкерінің бірі географ Жак Паганель бірде өзінің серіктестеріне құс жұмыртқасын дайындаудың жүзге жақын тәсілі болатынын айтқан еді. Әрине, бір ғана нәтижеге бірнеше, тіпті жүздеген тәсілдермен жетуге де болады. Күнделікті өмірде болсын, өнеркәсіп өндірісінде немесе ғылыми экспериментте болсын бір ғана міндетті әртүрлі жолмен, әрекеттермен, операциялармен және процедуралармен шешетін жағдайлар жиі ұшырасады. Оның ішіндегі жақсысын таңдау кейде экономикалық тиімділігімен, кейде техникалық мүмкіндіктермен, ал кейде міндетті түрде аз уақытта шешу қажеттіліктерімен байланысты болады. Бұл жағдайлардың барлығында мамандар не дайын, жинақталған тәжірибиеге сүйенеді, не болмаса берілген міндет пен оның шешілу шартына неғұрлым сәйкес әрекеттің тәсілін ойлап табады. Бұл шешімнің барысында, мысалы, берілген бөлшекті үлгіге салу тәсілі немесе металды кесу тәсілі арқылы даярлау, руда өндіруді ашық немесе жабық тәсілмен жүргізу және т.б. жағдайларда мамандарға терең философиялық танымға, методология мен гносеологияға жүгінудің қажеті шамалы. Бұл мақсат үшін нақты техникалық білім, тәжірибе жеткілікті. Алайда, өзінің табиғаты жағынан универсалды методтарды қажет ететін және жалпы танымның терең негіздерімен, көбіне ғылыми таныммен байланысты міндеттер де кездеседі. Мұндай жағдайда, сәйкес міндеттерге философиялық және гносеологиялық талдаудың қажеттілігі берілген методтың танымдық міндеттерді шешуге жарамдылығы алынған білімнің шынайылығына, жалпы ғылыми талаптарға сәйкестілігіне бағыныштылығымен тікелей байланысты болумен сипатталады.
Белгілі бір шаманы өлшеуді талап ететін әрбір нақты ахуалда физик өзіне өлшеудің қай тәсілі керек екенін біледі. Геңдік инженериямен айналысатын және ағзаның жаңа тұқым қуалаушылық қасиеттерін ашуға ұмтылған биолог-генетик ДНК-қосарланған спиралін қандай ферменттермен, нуклеуздермен қай жерде үзуге болатынын және қандай өзге белсенді препараттардың көмегімен бұл молекуланың жаңа спиралін "жамауға" болатынын біледі. Барлық осындай ахуалдарда ғалым, өзінің кәсіби ақпаратымен қатар жақын аралас пәндердің теориясын игерсе жеткілікті. Ал қатаң және дәл қазіргі замандағы ғылыми теорияларды қалыптастыруға келгенде мәселе өзгереді. Теорияны электронды микроскоптың, ферменттердің, элементарлы бөлшектерді жеделдеткіштердің көмегімен іске асыруға болмайды. Бұл үшін теория құрудың логикалық ережелері мен принциптерін, ақиқаттың гносеологиялық критерийлерін, теориялық және эмпирикалық танымның арасындағы бағыныштылықты бекітетін және теория мен оның пәндік саласы қатынастарын реттейтін методологиялық ережелер мен қағидаларды білу талап етіледі. Қысқасы, мұндай ахуалдарда, философиялық талдау міндетті түрде қажет.
Әртүрлі ғылымдардың өздерінің арнайы міндеттерін шешу үшін қолданатын сан-алуан тәсілдерінен өзге ғылыми білімнің өзін даярлайтын және құрылымын реттейтін барлық ғылымдарға ортақ кейбір ережелер мен процедуралар да бар. Олар жалпы ғылыми методтарды құрайды. Оның ішіндегі ең маңыздыларын қарастырайық.
1. Абстракциялықтан нақтылыққа көшу методы. Әрбір теорияның негізгі тұжырымдары, яғни оның постулаттары, принциптері мен аксиомалары білімнің қалған өзгелері осылардан туындайтын іргетасты құрайды. Сондықтан да бұл тұжырымдарға енген абстракцияларды фундаменталды (іргелі) деп атайды. Әрбір ғылыми теорияның абыройы түпкі фундаменталдық абстракциялардың қаншалықты дұрыс қалыптасқанына, олардың зерттелетін объектілердің арасындағы терең ішкі байланыстарын қаншалықты дұрыс бейнелейтініне байланысты.
Ең алдымен, принциптердің, постулаттардың және аксиомалардың зерттеліп отырған пәндік саланың түпкі, неғұрлым универсалды және терең байланыстары мен қатынастарын білдіретінін ескерейік. Оларға енген ұғымдар аз нәрсені ғана бейнелегенімен, объекттің неғұрлым мәнді, неғұрлым маңызды қасиеттері мен ерекшеліктерін бейнелеуі тиіс. Ең болмағанда, мұндай ұғымдар (абстракциялар) оның тек бір ғана қырын немесе кейбір жекелеген қасиеттерін білдіре алады. Мұндай қасиеттер мен қырларсыз берілген құбылыстың өмір сүруі, қызмет етуі мен дамуы мүмкін болмаған жағдайда ғана олар маңызды деп саналады. Олар құбылыстың негізін құраса, ал соларға сәйкес ұғымдар теорияның фундаменталды абстракциясын білдіреді. Мұндай абстракциялардың танымдық функциясы (қызметі) салдарларын қостауға немесе терістеуге болатын ғылымның негізгі заңдарын қалыптастырумен сипатталады. Егер қосталған жағдайда абстракциялар дұрыс, ғылыми, ал терістелгенде - жалған, ғылыми емес деп есептеледі.
Теорияның дамуы барысында жаңа заңдарды құрастыру үшін жаңа құбылыстарды түсіндіру немесе болжау үшін енгізілген әрбір жаңа ұғым алдыңғы ұғымдармен жымдаса отырып, олармен байланысады. Мұндай жаңа ұғымдар енді заттардың жекелеген қырларын ғана бейнелемей өзара байланысқан қасиеттер мен қатынастардың, қырлардың бірнешеуін, көпшілігін бейнелейді. Бұларды нақты ұғымдар деп атайды. Fалым неғұрлым дамыған сайын, оның ұғымдары соғұрлым нақтыланып, объективті құбылыстар мен процестерді дәлірек, толығырақ, жан-жақты сипаттай отырып, бейнелейді. "Абстрактылы" және "нақтылы" деген қарама-қарсы категориялардың терең диалектикалық бірлігін айқындай отырып, К.Маркс былай деп жазды: "Нақтылық көптеген анықтамалардың синтезі болғандықтан, "алуан түрліліктің тұтастығының" жалғасы болғандықтан ғана нақтылық".
Нақты ұғымдар мен нақты заттардың, ахуалдардың, құбылыстардың жән т.б. айырмашылығын айыра білу қажет. Нақты зат немесе оқиға - бұл өзінің барлық көрінісі мен байланыстарында біздің сезім органдарымызбен тікелей қабылданып, тікелей санамен сараланатын нәрселер. Ұғымдар болса, мейлі ол ең нақты ұғымдар болсын берілген құбылысты бейнелейтін немесе оларды бейнелеу үшін қолданылатын қандай да бір белгілік конструкциялар, тілдік белгілер болып табылады.
Қазіргі физиканың ұғымдарын құрастырудағы жағдай да осындай. Ең алдымен айталық "электрон" және "протон" ұғымдары енгізіледі. Кейінірек өзге бөлшектер мен әртүрлі физикалық өрістердің ұғымдары пайда болады. Онан кейін бұл бөлшектер мен өрістердің физикалық қасиеттерінің ұғымдары нақтыланады, олардың өзара әрекеті мен өзара алмасулары сипатталады. Бұл жағдайда "бөлшектің массасы", "ықпалдың кванты", "магниттік сәт", "спин" және т.б. ұғымдар алдыңғы физикалық теориялардағы абстракциялық ұғымдардың үстіне мінгеседі, өздерінің құрамына кіргізеді, ал кейде оларды түпкілікті түрде қайта өңдейді.
Абстрактылықтан нақтылыққа көшу - ғылыми теориялар құрастырудың логикалық жалғастығын реттейтін жалпы метод. Fалымдар көбіне оның барлық бөлшектері мен мүмкіншіліктерін аңғармай, стихиялы түрде қолданады. Бұл методты философиялық талдау және пайымдау оның қолданысын неғұрлым адекватты етуге ықпал етеді.
Кез келген ғылыми теория өз объектісін белгілі деңгейге дейін сипаттайды. Бұл оған тән қызмет ету және даму заңдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алайда, сол объектті сипаттаудың өзге де мүмкіндіктері бар. Егер біз капитализмнің пайда болу тарихын бөлшектеп, әрбір қадамын сипаттайтын болсақ, біз оның мәнін, оның негізгі заңдарын тани алар едік. Капитализмнің дамуы жағдайында мұндай тарихи сипаттаудың болуы мүмкін, бірақ іс жүзінде өте қиын. Тарих тура жолмен емес, бұралаң жолдармен жүреді. Онда бізді қызықтырған процесті тұмшалайтын, ал кейде, тіпті, тура бұрмалайтын да миллиондаған оқиғалар болып жатады. Шындығында, тарихи сипаттау, әдетте, бізді қызықтырушы объект - берілген жағдайда капитализм - өзінің дамыған күйінде қалыптасқаннан кейін ғана мүмкін болады. Тек сонда ғана оған логикалық талдау жасап және оның фундаменталдық абстракцияларымен қоса теориясын қалыптастыруға болады. Ол ғасырлар қойнауынан жеткен сан-алуан оқиғалардың ішіндегі ең маңызды процестер мен құбылыстарға жарық беріп, олардың жалғастығын анықтайтын заңдылықтарын бекітеді.
Осылайша, абстракциялықтан нақтылыққа көшу зерттеу объектісіндегі ең маңызды сәттерді бөліп алып, тарихи зерттеудің логикалық қаңқасын қалыптастырады. Сонымен қатар, тарихи талдау ғылыми теориядағы фундаменталдық абстракциялар мен заңдылықтардың дұрыстығын бекітеді. Жаратылыстанымда мұны әсіресе космология тарихы жақсы бейнелейді. Астрономдар Fаламды әуел бастан мәңгіге құрылған жетілген, дайын объект ретінде қарастыра отырып, бұл объекттің дамуы туралы мәселені қойған жоқ. Жинақталған эмпирикалық материал мен теорияның дамуы Fаламға тарихи тұрғыдан қарауға мүмкіндік берген тұста астрономиялық теориялардың аса маңызды логикалық тораптары Fаламның қалыптасуының ең маңызды сәттерін бөліп, тарихи сипаттамасын жоғары деңгейде ұйымдастыруға жағдай жасады. Мұнан шығатын қорытынды зерттеудің тарихи және логикалық методтары неокантшыл философтар Риккерт пен Виндельбанд және сыншыл рационализмнің көсемі Поппер айтқандай бірін-бірі теріске шығармайды, керісінше бір-бірін өзара толықтырады. Осылайша, дамушы және қызмет етуші жүйелерді зерттеудегі тұтастықты бекіту үшін және жүйелерді функционалдық және тарихи-генетикалық көзқарас тұрғысынан сипаттайтын теорияларды келісімге келтіру үшін негіз қалыптасады.
2. Үлгілеу методы және жүйелілік принципі. Танымдық әрекетте және әсіресе ғылыми зерттеуде ең кеңінен таралған тәсілдің бірі гносеологиялық алмастыру болып табылады. Алмастыру процедурасы былайша өтеді. Қандай да бір себептер мен тікелей зерттеуге көнбейтін әйтеуір бір объектті зерттеу қажет деп алайық. Ол өте күрделі өте көлемді, зерттеушіден қашық, өткенге қатысты және т.б. болуы мүмкін. Тіпті, бізді қызықтырып отырған объекттің әлі өмірде болмауы және оны енді құрастыру керек болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өзге объекттің - объект-орынбасардың көмегіне сүйенеді. Оларды кейде дайын күйінде (макака-резус маймылы адамның орынбасары ретінде пайдаланылды), кейде арнайы жасайды (болашақ ГЭС-ң макеті, үлгісі). Егер, объект-орынбасардың құрылысын, қызмет ету мен даму заңдылықтарын зерттеп, осылайша алынған білімді белгілі бір түзетулермен бастапқы объектке көшіріп және оны таным үшін пайдалансақ, онда объект - орынбасар үлгі деп, ал бастапқы объект - прототип деп аталады. Үлгілеу процесі неге негізделген?
Ерте замандардың өзінде-ақ адамдар табиғаттың, қоғамның және ойлаудың әртүрлі салаларына жататын әртүрлі құбылыстардың, процестердің және әрекет түрлерінің арасында бір ұқсастықты бекітуге болатынын аңғарған. Мысалы, адам мен оның мүсіндік портретінің арасында геометриялық ұқсастық бар, ал қалған қатынастарда - материалында, түсінде, қозғалуы мен ойлану қабілетінде олардың түбірлі айырмашылықтары бар. Есесіне адам мен макака-резус сырттай бір-бірінен айырмашылығы болғанымен, олардың қандарының құрамы өте ұқсас, тіпті адам қанының орнына маймылдың қанын алып зерттеп, осы зерттеудің нәтижелерін кейін адамға қатысты қолдануға болады. Дәл осылайша, адам қанының резус-факторы ашылған болатын. Осы айтылғандардан шығатыны объект-орынбасар прототиптен барлық жағынан барынша ерекшеленуі мүмкін, ал тек бір жағынан - үлгілеуге болатын жағынан ұқсас. Мысалы, электр кедергілерінің жиынтығын завод проходнойларын үлгілеу үшін негіз ретінде пайдалануға болады. Мұнда, ток күшін - жұмысшылардың ағымы, ток кернеуін ағымның ең ұлғайған сәтінде проходнойда қалыптасатын бітеулер мен "тығындардың" шамасы, ал өткізгіштің диаметрін проходнойдың өткізу қабілеті ретінде шартты түрде қарастырсақ, завод проходнойларының өткізу қабілетін арттыруға ұмтылған завод дирекциясының мүддесін білдіретін әлеуметтік прогрестің электротехникалық үлгісін құруға болады.
Үлгілер мен прототиптердің таза сыртқы механикалық немесе геометриялық ұқсастықтарын пайдалану үлгілеудің ең қарапайым жағдайын білдіреді. Бірақ үлгілеу қызмет ету немесе даму заңдарын бекіту үшін де, прототиптердің құрылымын зерттеу үшін де қолданылады. Сондықтан да үлгінің қызмет етуші, дамушы және құрылымдық түрлері, сонымен қатар олардың комбинациясының қызмет етуші-дамушы, қызмет етуші-құрылымдық және т.б. түрлері болады. Үлгілердің прототиптен тек көлемі, материалы жағынан ғана емес, өз болмысының тәсілі жағынан да айырмашылығы болатынын ескеру қажет. Мысалы, жобаланған суландыру жүйесі аймағында күрделі экологиялық жүйенің (өсімдік, жануарлар, топырақ, климат) өзара әрекетінің барлық мүмкін болатын түрлерін зерттей келе, ғалымдар зерттеуді мынадай кезеңдерге бөледі: 1. күрделі прототиптің ең маңызды элементтері мен жай жүйелерін бейнелейтін негізгі абстракциялар жиынтығын табу; 2) бақылаулар мен эксперименттердің көмегімен олардың арасындағы негізгі байланыстар мен өзара әрекеттерді анықтау; 3) ауыспалы шамалары олардың математикалық байланыстары және айналымдарымен қоса алғанда қарапайым түрде болса да айқындалған абстракциялар мен байланыстарды бейнелейтін тақырыптық теңдеулердің жүйесін құру; 4) ЭЕМ көмегімен теңдеулер жүйесін шешу үшін математикалық бағдарлама жасау; 5) бастапқы теңдеулердегі айнымалыларға әртүрлі сандық мән бере отырып, олардан машиналық шешу процесінде жаңа сандық мәндер алу; 6) осы соңғыларын зерттеліп отырған жүйенің гидроирригация құрылысы жұмысының әртүрлі жағдайлар мен режимдердегі болашақ жағдайының сипаттамасы ретінде түсіну.
Мұнда протиптің үлгісі ретінде теңдеулер жүйесі мен оларды шешу процедурасы көрінеді. Прототип - бұл мыңдаған табиғи және техникалық элементтер мен жай жүйелерді қамтитын материалдық жүйе болса, ал үлгі математикалық жүйе болып табылады. Осы және осыған ұқсас өзге жағдайларда үлгілеу методы мен жүйелілік принципі арасындағы терең байланысты аңғаруға болады. Жүйелілік принципі бізді қоршаған құбылыстардың күрделі жүйелерден құралатынын бекітіп қана қоймай, мұндай жүйелерді зерттеу сәйкес жүйелік үлгілерсіз мүмкін еместігін дәлелдейді. Мұндай үлгілер көбіне математикалық болып табылады және өзіне арнайы бағдарламалар мен қазіргі тез қимылдайтын ЕЭМ-ын қолдануды қажет етеді. Жүйелілік принципі сонымен қатар, жүйелілік үлгілеудің басты міндеті күрделі прототипті дұрыс қарапайымдандыру және зерттеуге оңай үлгінің қарапайым түрін құрастыру екендігін көрсетеді. Ол зерттеу барысында ешқандай ақпарат жоғалтпайтындай оның күрделі жүйелік прототипке қайта өту мүмкіндігінің міндетті түрде сақталу шартын қанағаттандыруы тиіс.
Үлгілеу методтары үлгінің типтері сияқты қазіргі ғылымда өте алуан түрлі. Мұндағы жалпы философиялық және методологиялық мәселе әртүрлі материалдық және белгілік жүйелердің өзара байланысын терең түсінуге жетумен сипатталады. Бұл түсініктің негізі қарама-қайшылықтың өзара байланысы мен тұтастығы, алуан түрліліктің бірлігі философиялық принциптері болып табылатынын аңғару қиын емес.
3.Эксперимент және бақылау. Ежелгі Шығыс елдері мен Ертедегі Грецияда жаратылыстанымның қалыптасу дәуіріндегі оның ерекшелігі пассивті бақылаумен, пайымдаумен сипатталады. Ертедегі натурфилософтардың пайымдаулары адамдардың күнделікті практикалық өмірдегі бақылауларымен салыстырғанда үлкен аңғарымпаздық болып көрінеді. Бұл жаратылыстанудың сол кездегі жетістігі жаратылыстанымдық ғылыми білімнің алғашқы жүйелік жинағын құрастыру болды. Осындай неғұрлым толық жинақтың бірі Аристотель жүйесі болып табылады. Жануарлар, өсімдіктер, минералдар, аспан денелері және т.б. туралы адамзаттың жинақтаған мәліметтерін бастапқы жіктеу мен жүйелеу тұсында сыртқы әлемді танудың формасы ретінде табиғатқа деген спекулятивті қатынас (латынша speculatіo - ізін табу, қарап шығу) үстемдік етті. Ежелгі ойшылдар табиғаттың қандай да бір құбылыстарын түсіндіру үшін күрделі гипотезалар ойлап шығарды, бірақ олар өздерінің жорамалдарын эксперимент көмегімен практика жүзінде тексерген жоқ. Неге? Өйткені, ертедегі халықтар, оның ішінде гректер де табиғатты қасиеттендіріп, құдірет тұтты. Табиғатты түрлендіру оған эксперимент жасау олардың санасына кіруі мүмкін емес еді. Олай болса, қазіргі эксперименталды жаратылыстану қай кезде пайда болды?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет