«философия» кафедрасы


Қазіргі ғылыми әлем бейнелері



бет14/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,76 Mb.
#111573
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
15. Қазіргі ғылыми әлем бейнелері
Техницизм дүниетанымы, “технологиялық детерминизм” батыстық ойшылдардың көптеген теорияларын қамтып жатыр: “индустриалдық қоғам теориясы”, “постиндустриалдық қоғам теориясы”, “ғылыми революция теориясы”, “ақпараттық қоғам теориясы”. Және жалпы адамзат қоғамы дамуын кезеңдерге бөлуді қамтиды. Олардың пікірінше, техника барлық әлеуметтік факторлардың алғышарты болып табылады, оның нәтижесінде өндіргіш күштер стихиялық түрде жаңа қоғамдық қатынастарды тудырады. Техницизмнің әр түрлі өкілдері адамзат өркениетінің тарихи дәуірлерін техниканың белгілі бір аспектілерімен байланыстырады, мысалы, еңбек құралдарының алмасуы (Дж.Ленский), байланыс құралы (Маклуэн) немесе энергия көздері, яғни қоғамның дамуы мускулдық энергияның жүйелі түрде алмасуымен (бу, электр, атом) байланыстырылады. Батыстық авторлар әлеуметтік дамудағы техниканың анықтаушы рөліне негізделе отырып, адамзат тарихын үш кезеңге бөледі: “индустриалдыққа дейінгі қоғам”, “индустриалдық қоғам” және “кейінгі индустриалдық қоғам”. Индустриалдыққа дейінгі қоғамдағы басты сала ауыл шаруашылығы, сондықтан да оны аграрлы, дәстүрлі қоғам деп атайды және шіркеу мен әскер бұл қоғамның басты институттары болып табылады. Индустриалдық қоғам ең алдымен корпорациялар мен фирмалардың жетекшілігіндегі өнеркәсіпке негізделеді. Кейінгі индустриалдық қоғам тарихтың жаңа перзенті болып табылады және бірқатар факторлармен анықталады: тауар өндіруші экономикадан қызмет етуші экономикаға көшу, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер, қоғамдағы саясатты анықтауда теориялық білімнің басымдылығы, жаңа интеллектуалды технологияның қалыптасуы, технологиялық өзгерістерді жоспарлау және бақылау. Индустриалды қоғам теориясын 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында негізін қалағандар қатарына Дарендорф, Арон, Белл, А.Турендермен қатар У.Ростоу жатады. Әлемтану мен әлеуметтік философия тарихында ол технологиялық детерменизмге негізделген “экономикалық өсім кезеңдері” концепциясының авторы ретінде белгілі. Технология дамуының деңгейлерінен шығара отырып У.Ростоу адамзат қоғамының даму тарихын бес кезеңге бөледі. Бірінші кезеңді ол “дәстүрлі қоғам” деп атады және билік басында жер иеленушілер тұратын, ғылым мен техника тұрпайы, “ньютонға дейінгі” деңгейде болатын, әлеуметтік құрылымы көп сатылы өте төменгі ауыл шаруашылық өндірісі бар аграрлық қоғам ретінде сипаттады. Екінші кезең —“өтпелі қоғам”, бұл жаңа қоғам үшін алғышарттарды қалыптастыру кезеңі ауыл шаруашылығы өнімділігінің өсуімен, “іскер, кәсіпкер адамдардың жаңа типінің” пайда болуымен ұлттық қауіпсіздіктің экономикалық іргетасын қамтамасыз етуге ұмтылған “ұлтшылдықтың” өсуімен және осының негізінде бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптасуымен сипатталады. Үшінші кезең — бұл қозғалыс кезеңі, “өнеркәсіптік төңкеріс кезеңі”. Бұл кезең өнеркәсіптің негізгі салаларының тез өсуінен, капитал жинақтау үлесінің жоғарылауына алып келетін өндіріс методының радикалды өзгеруімен ерекшеленеді. У.Ростоудың пікірінше, бұл кезеңде Англия ХVІІІ ғасырдың аяғында, Франция мен АҚШ ХІХ ғасырдың ортасында, Германия ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Ресей 1890-1914 жылдар аралығында, Үндістан мен Қытай ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында орналасты. Төртінші кезеңді У.Ростоу кемелдену кезеңі немесе индустриалдық қоғам деп атайды. Оның пікірінше индустриалдық қоғамның негізгі белгілеріне өнеркәсіптің шапшаң дамуы, өндірістің мүлдем жаңа салаларының пайда болуы, ғылым мен техника жетістіктерін кеңінен енгізу, капитал салымы деңгейінің ұлттық кірістің 20 %-ға дейін жоғарылауы, қала тұрғындарының 60-90%-ға дейін өсуі, квалификациялық еңбек үлесінің өсуі жатады. У.Ростоудың есептеуінше кемелденген кезеңге жету үшін 50-60 жылдай өтпелі кезең қажет. Және соңғы, бесінші кезең —“жоғары бұхаралық тұтыну” дәуірі. Бұл қоғамның басты мәселесі өндіріс емес, тұтыну мәселесі, өндірістің негізгі салалары дәстүрлі салалар емес, қызмет көрсету және бұхаралық тұтыныс тауарларын өндірісі болып табылады.
Американ экономисі және әлеуметтенушысы У.Ростоудың бұл теориясы постиндустриалдық қоғам теориясының алғышарты және негізі болды.
Экономика мен оның салаларының негізіндегі техника философиясы-ның күрделіленген вариантын біз американ әлеуметтанушысы Д.Беллден кездестіреміз. Ол постиндустриалдық қоғам теориясының негізін қалаушылардың бірі. Белл “біржақты детерминизмді” жоққа шығарады және қоғамның әр түрлі салалары, мейлі ол саясат немесе мәдениет, технология және т.б. болсын өз алдына дербес және өзінің даму логикасы болады деп есептейді. “Постиндустриалдық қоғам” теориясының методологиялық негізі “белдеулік принцип” болып табылады. Д.Белл белдеулік принциптің көмегімен қоғамдық қатынастар мен институттардың, рухани процестердің тек бір ғана факторларға байланысты емес екендігін дәлелдеуге тырысады. Олардың бірі бір белдеудің бойында, екіншілері өзге белдеудің бойында орналасады. Беллдің пікірінше “постиндустриалдық қоғамның белдеулік принципі орасан зор теориялық білім және оның әлеуметтік өзгерістегі бағыттаушы ретіндегі жаңа рөлі болып табылады. Әрбір қоғам білімнің негізінде қызмет етеді, бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап технологияның мәнін өзгерткен ғылым мен инженерияның қосылуы жүзеге асты”.
Постиндустриалдық қоғам концепциясының негізіне адамзат қоғамы тарихының үш кезеңге бөлінуі жатады: индустриалдыққа дейінгі, индустриалдық, индустриалдықтан кейінгі.
Сонымен, алғашқы әлеуметтік технологиялық революция аграрлық-қолөнерлік болып табылады. Оның соңғы нәтижесі өндіріс саласының негізіне егіншілік және қолөнер технологиялары жататын тарихи тұрғыда алғашқы өркениеттің қалыптасуы болды. Меншіктің әр түрлі формалары, алғашқы мемлекеттердің пайда болуы отырықшылыққа көшудің алғышарттары болды.
Екінші әлеуметтік технологиялық революция индустриалдық болып табылады. Ол ХVІІ ғасырдың басына дейінгі кезеңдерді қамтиды, ал кейбір елдер мен аймақтарда онан да кешірек жүзеге асты. Оның нәтижесі индустриалдық және урбанистік өркениеттің пайда болуы деп саналады.
Соңғы біздің көз алдымызда өтіп жатқан әлеуметтіктехнологиялық революция ақпараттық-компьютерлік революция болып табылады. Ол қоғам өмірі мен адам өмірқамының бүкіл саласын ақпараттандырудың негізінде іске асады.
80-жылдары техницизм идеологиясы күшейе түсті. Бұл бағыттың негізгі тұжырымдары О.Тоффлердің атақты “Үшінші толқын” еңбегінде жарияланды. О.Тоффлер қоғам дамуын толқынның қозғалысы ретінде қарастырады. Ол адамзат қоғамының бүкіл дамуын үш кезеңге бөледі:
1. Аграрлық революция (“бірінші толқын”)
2. Өнеркәсіптік революция (“екінші толқын”)
3. Ақпараттық-компьютерлік революция (“үшінші толқын”).
Ол қоғамдық өзгерістерді техникалық прогрестің тікелей рефлексі ретінде қарастырады. Ол қоғамдық өмірдің әр түрлі қырларын талдайды, бірақ негізі ретінде энергетикалық база, өндіріс және бөлініс құрамына кіретін техносаладағы өзгерістер алынады.
О.Тоффлер болашақ қоғамдық дамуды талдай отырып, оның экономикалық қаңқасын электроника және ЭЕМ, ғарыштық кеңістік және биоиндустрия құрайды деп есептейді. Оның пікірінше, өндіріс, отбасы, ғылыми ойдың бағытының өзі, коммуникация жүйесі орталықтанудан орталықсыздануға, шоғырланудан шашырауға, кәсіпорынға жиналудан “электрондық коттедждегі” үй жұмысына ауысады. Тоффлер жаңа өркениетке дәл анықтама беруге тырыспайды, оның айтуынша “постиндустриалдық қоғам”, “ғарыштық дәуір”, “ғаламдық деревня”, “ақпараттық қоғам” және т.б. қолдануға келмейді, өйткені “олар жүзеге асып жатқан өзгерістердің нақты динамикасы, оның салдары барысындағы қайшылықтар мен қақтығыстар туралы дұрыс болжам бере алмайды”.
Жаңа өркениетке анықтама беруге көптеген ғалымдар ұмтылды. Дж.Литхайм—постбуржуазиялық, Р.Дарендорф—посткапиталистік, А.Этциони—постмодернистік, К.Болдуинг—постөркениеттік, Г.Кан—постэкономикалық, С.Алстром—постпротестанттық, Р.Сейденберг—посттарихи, Р.Барнет—постмұнайлық қоғам туралы айтады.
Мұнан ары қарай постиндустриалдық қоғам теориясы ақпараттық қоғам концепциясында нақтылана түседі. Ақпараттық қоғамның әр түрлі варианттары Д.Белл, А.Кинг, Дж.Мартин, А.Нормен, С.Нора, Дж.Нейсбит, Й.Масуда, Дж.Пелтон, М.Понятковский, Ж.-Ж.Серван-Шрайбер және т.б. сияқты теоретиктермен даярланды. Жалпы алғанда, олар ақпараттық қоғамды постиндустриалдық қоғам ретінде түсіндіреді.
Ақпараттық қоғам. Жаңа өркениетке өтуге байланысты адамзаттың тарихи тағдырларындағы түбірлі өзгерістер болып жатқан жаңалықтарды пайымдау қажеттілігін тудырды. 20-жылдардың өзінде-ақ мұны алғаш сезінген О.Шпенглер өзінің атақты “Европаның дағдарысы” еңбегінде бүгінгі индустриалды өркениеттің ақырының жалпы нобайын трагедиялық формада белгіледі. Онан кейін 40-жылдары австралиялық экономист К.Кларк жаңа қоғамның келе жатқанын айқын баяндап, оны жаңа экономикасы мен технологиясы бар ақпарат және қызмет көрсету қоғамы ретінде сипаттады. 50-жылдардың аяғында американдық экономист Ф.Махлуп жаңа қоғам туралы идеяны дамыта отырып, ақпараттың маңызды тауарға айналатыны және ақпараттық экономиканың келетіні туралы тезисін жариялады. Және тек 60- жылдардың соңында ғана постиндустриалдық қоғам теориясының
негізін қалаушылардың бірі американдық әлеуметтанушы Д.Белл алдыңғыларымен салыстырғанда өзінің ақпараттық қоғам теориясында бұл қоғамның мәні мен сипаттамалық белгілерін ашуға тырысты.
Әсіресе, өзінің “Ақпараттық қоғамның әлеуметтік шеңбері” деген еңбегінде Д.Белл қоғамның негізгі салаларын жан-жақты қарастыра отырып, индустриалдық қоғамнан ақпараттық қоғамға өту барысында қазіргі қоғамның қандай өзгерістерге ұшырайтынын сипаттап жазады. Д.Беллдің пікірінше: “Келесі жүзжылдықта экономикалық және әлеуметтік өмір үшін, білім өндірісінің тәсілдері үшін, сонымен қатар адамның еңбек әрекетінің сипаты үшін телекоммуникацияларға негізделген жаңа әлеуметтік үрдістің қалыптасуы шешуші мәнге ие болады” (Нова технократическая волна на Западе, 330-бет). Онан ары қарай ол индустриалдық қоғамға тән үш сипаттамалық белгіні анықтайды:
индустриалдық қоғамнан сервистік қоғамға өту;
технологиялық жаңашылдықтарды жүзеге асыруда кодификациялық теориялық білімнің шешуші мәні;
жаңа “интеллектуалдық технологияны” жүйелік талдау мен шешім қабылдау теориясының негізгі құралына айналдыру.
Д.Белл индустриалдық және постиндустриалдық, дәлірек айтқанда ақпараттық қоғамның арасындағы принципиалды айырмашылықтарды айта келе, мына нәрселерге көңіл аударады: индустриалдық қоғам үшін машиналы технология қандай маңызға ие болса, интеллектуалдық технология ұйымдар мен кәсіпорындарды басқарудың негізгі құралына айналатындықтан постиндустриалдық қоғам үшін сондай маңызды мағынаға ие болады. Осыған байланысты индустриалдық қоғамда еңбек пен капитал негізгі ауыспалылар болса, постиндустриалды қоғамда білім сондай шешуші ауыспалыға айналады. Оның үстіне Д.Белл ақпарат пен теориялық білімді ақпараттық қоғамның стратегиялық ресурстарына жатқызады.
У.Дайзард өзінің “Ақпарат ғасырының қадамы” деген еңбегінде ақпараттық қоғам дамуының үш кезеңіне көңіл аударады: ақпаратты өндіру мен тарату бойынша негізгі экономикалық салалардың қалыптасуы; өнеркәсіптің өзге салалары мен өкімен үшін ақпараттық қызмет номенклатурасының кеңеюі; тұтынушылық деңгейде ақпарат құралдарының кең торабының қалыптасуы.
Трансформацияның бастапқы кезеңін М.Порат “алғашқы ақпараттық сектор” деп атады. Мұнда ұлттық ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымды құрайтын техника өндірушілер мен менеджерлер ғана, яғни ат төбеліндей корпорация иелері ғана үстемдік етеді. Мұндай корпорацияның ең ірілерінің бірі—“Америкэн телефон энд телеграф”—70-жылдардың аяғында әлемнің 118 елінің ұлттық өнімін (ВНП) барлығын қосып алғандағыдай кіріске ие болды.
Жаңа ақпараттық экономиканың екінші кезеңі де толығымен ене бастады. Бұл кезеңде жаңа ақпараттық технологияның негізгі пайдаланушылары жеке және қоғамдық салалар болып табылады. Осы кезден бастап олардың ақпараттық технологияға деген сұранысы күшейе түседі. Мысалы, банк ісі уақыт өткен сайын қағаз ақшаның негізгі бөлігін алмастыратын “электронды ақшаның” универсалды жүйесін қалыптастыру бағытына қарай жедел қарқынмен дами бастайды. Әдетте бұл процесс үй компьютерлері және өзге күрделі техникамен жүзеге асады. Әрбір үйдегі екі құрылғының—телефон және теледидардың көмегімен қызмет көрсетудің жаңа түрлерінің басым көпшілігі атқарылады. Бұл жүйелер ақпараттық қызметтің жаңа базаларының эффективті каналдары бола алады.
Т.Стоунвер ақпараттық қоғамның ерекшеліктері туралы былай деп жазады: “Байлықты адамдар жасайды. Адамдық капитал—постиндустриалдық қоғамның маңызды ресурсы”. Байлық техника құралдарының көмегімен технологиялық білімді және ұйымдастырушылықты жетілдіру арқылы қалыптасады. Сондықтан Т.Стоунвердің пікірінше “индустриалдық экономикадан постиндустриалдық экономикаға өтудің ең тиімді стратегиясы—бұл білімді, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды кең ауқымды дамыту”. Сондықтан ақпараттық қоғамда ұлттық байлықтың өсуі ең алдымен білім мен технологияның прогресіне бағынышты болады. Осыған байланысты “постиндустриалдық қоғамда ұлттық ақпараттық ресурстар - негізгі экономикалық құндылық, байлықтың ең үлкен потенциалды көзі” деген Стоунвердің пікірімен келіспеуге болмайды.
Жоғарыдағы айтылғандарды түйіндей отырып, мына мәселелерге үлкен көңіл қою керек: ақпараттық қоғамның мәні неде, ақпараттық қоғамның қандай негізгі сипаттамалық белгілері бар, қоғам дамуының өзге этаптарынан түбірлі айырмашылықтары неде, ақпараттық мемлекет қатарына жататын мемлекет бар ма?
Профессор А.И.Ракитовтың пікірінше, егер қоғам төмендегі параметрлерге сәйкес келсе, онда оны ақпараттық деп есептеуге болады:
1) егер кез келген адам, ұжым, кәсіпорын немесе ұйым өзінің өмірқамы және жеке немесе әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешу үшін кез келген уақытта елдің кез келген нүктесінен кез келген ақпаратты ала алатын жағдайда;
2) егер қоғамда индивидке, ұжымға немесе ұйымға қажетті қазіргі ақпараттық технология қызмет ететін өндірілетін болса және жоғары пункттегі талаптарды өтей алатын болса;
3) егер ғылыми-технологиялық және әлеуметтік-тарихи прогрестің үнемі жедел қарқынын ұстап тұруға қажетті мөлшердегі ұлттық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды қамтамасыз ететін дамыған инфрақұрылым болған жағдайда;
4) егер өндіріс пен басқарудың барлық салаларында автоматтандыру мен роботтандырудың жеделдетілген процесі жүзеге асса;
5) егер ақпараттық әрекет пен қызмет салаларын кеңейтуге мүмкіндік беретін әлеуметтік құрылымда радикалды өзгерістер жүзеге асса.
Бұл салада тұрғылықты халықтың басым көпшілігі, еңбекке жарамды халықтың 50 %-дан астамы қызмет етеді. Д.Белл мынадай көрсеткіштер келтіреді: АҚШ-та 1970 жылдың өзінде-ақ қызмет көрсету саласында жұмыс күшінің 65%-ы, өнеркәсіп пен құрылыста —30%-ы, ауыл шаруашылығында—5%-ы еңбек етті. Белгілі американдық профессор Дж.Мартиннің айтуынша 80-жылдардың басында Батыстың дамыған елдерінде АҚШ және Жапонияда ақпараттық қоғам орнады.
Жаңа ақпараттық өркениеттің қалыптасуы көптеген жаңа мәселелерді де туғызады. Әлеуметтік-экономикалық табыс бүгінгі күндері білім мен технологияға бағынышты болғандықтан ақпараттандыру жолына дер кезінде түсе алмаған елдердің ақпаратты дамушы елдерге бағынышты болып қалатыны күмән туғызбайды. Осыған байланысты дамушы елдердің шикізат және энергетика көздері болып келген елдер ақпараттық отар елдерге айналуы мүмкін. М.Хайдеггердің пікірінше индустриалдық қоғамда техника мен техницизм үстемдік етсе, болашаққа ақыл-ойдың экспансиясы қатер төндіреді. Кейбір батыстық философтар ақпараттық процестердің қарқынды дамуы жағымсыз салдарларға да әкелуі мүмкін деген ой айтады. Мысалы, М.Маклюэн дүниетанымның стереотиптілігі, индивидуалдылықты жоғалту, адамның үнсіздік пен бейсаналық тұңғиығына батуы сияқты құбылыстарды болжайды. Белгілі американ әлеуметтенушысы О.Тоффлер өзінің “Футурошок” еңбегінде қазіргі адамның қоғам мен техниканың шапшаң өзгерістеріне дайын еместігін айта келе, болашақпен қақтығыстың адамға ауыр тиетінін ескертеді.
ХХ ғасырдағы индустриалдық қоғамның ең күшті сыншыларының бірі Л.Мэмфорд болды. Бастапқыда ол болашақты өркениеттің технологиясына негізделген гуманистік прогресс ретінде елестетті. Кейінірек өзінің позициясын түбірімен қайта қарап, ақпарат саласын өз қолына шоғырландырған және күшті репрессивті бюрократиямен басқаратын әскери-өнеркәсіптік истеблишмент тарапынан келетін қауіп-қатер туралы ескертеді. Болашаққа қатысты эйфорияға қарсы Питер Штернс және Майкл Харригтон сияқты сыншылар өз пікірлерін айтты.
Қоғамды ақпараттандыру процесі техникалық және технологиялық процестерді өз бойына біріктіре, жинақтай және қорыта отырып, тек технологиялық мәселе болудан қалады.
Сондықтан “…ақпараттық қоғам адам болмысының мәнімен қатар құрылымын өзгертетіндіктен мыңдаған жылдар бойы философияның жұмбақ құбылыстары болып келген шығармашылықтың құпиялары мен адамзат ақыл-ойының терең тылсымдарына ену мүмкіншіліктері мен оны адами игеру деңгейлерін, тұлға жүйесін түбегейлі өзгертетін болғандықтан философияның көкжиегіндегі зерттеу аймағы болып қала береді” (Ракитов А.И. Философия компьютерной революции. М.,1991).
Болашақта адамзат өркениетінің дамуы қандай болмасын, мейлі ол ғарыштық дәуір, компьютерлік немесе ақпараттық және т.б. болсын, мұның бәрі адам үшін, адамның игілігі үшін жасалып жатқандығын ескеруіміз қажет. Бұл мағынада техника философиясы ең алдымен адам философиясы деген американ философы Х.Сколимовскидің пікірімен келісуге болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет