Араласукатегориясы қазақ дүниетанымында адам мен қоғамның, адам мен адамның арасындағы қарым-қатынасты бейнелейді. Адам болмысының өзі үнемі дамып, өзгеріп және жаңарып отыратын араласу процесі, ол адамның мәндік ерекшелігі.
Ежелден араласуға құмар қазақ халқы оны жоғары бағалады. Араласу – қазақ халқы үшін өмірдің мәні, басты құндылықтардың бірі және қазірге дейін солай болып қалып отыр. Бұл категорияны белгілі қазақ философы Қ.Ш.Нұрланова өте жақсы талдап, оның бес деңгейін көрсетті: қарым-қатынас, келіп-кету, сіз-біздесу араласу іштесу. Намыс – қазақ халқының түсінігінде ең жоғарғы адами қасиеттердің бірі, тіпті ең бастысы десек, қателеспейміз. Қазаққа әлі күнге дейін күш беретін екі қасиет – намыс пен аруаққа сиыну. Намыс өз бойына сан қырлы биік мағыналар мен асыл құндылықтарды жинақтаған. Ол қазақ өмірімен біте қайнасқан, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұғым.
Қазақ тілінде намыстай жиі қайталанатын сөздің өзін атау қиын, ол қазақ табиғатының ажырамас бөлшегі. Соған қарамастан, намыс категориясы ғылыми тұрғыдан өте аз зерттелген. Б.Б.Арынғазиеваның 2005 жылы жарық көрген «Этноэтика және эстетика негіздері» атты оқулығында қысқаша «намыс» ұғымына анықтама берілген.
Парыз – адамды өз болмысын адамгершіліктік құндылықтарға сай қалыптастыруға мәжбүрлейтін, ол үшін ішкі міндетке айналатын рухани қажеттілікті бейнелейтін этикалық категория. Маңыздылығы жағынан парызды ар-ұжданмен қатар қоюға болады.
Кісілік – адам болып өмір сүрудің жоғары деңгейі. Қазақ адамгершілігі биік, ағайын-бауыр, дос-жаран арасында, жалпы қоғамда беделді адамын «жақсы кісі» деп сипаттайды. Кісілік жақсы адам ұғымынан жоғары деп ойлаймыз.
Жақсы адам өзіне, шағын ортасына ғана жақсылық жасауы мүмкін. Ал кісілікке өзі мен туған-туысқандарының қамын ғана емес, бүкіл қоғам мүддесін көбірек ойлаған адам жетпек. Бұл оның адамгершіліктік сипатын көрсетеді. Мал жинап, кісілікке жету мүмкін емес, дәулет қолдың кірі. «Кісілік» ұғымын түркі дүниесінің ғұлама ойшылы Ж.Баласағұн жақсы талдады және Б.Б.Арынғазиеваның «Ақын-жыраулар философиясындағы кісілік мәселесі» атты еңбегінде жан-жақты талданған.