16. Бала өсіру ғұрпының фольклоры Бала өсіру фольклоры, балалар фольклоры – халық фольклорының арналуы салаларының бірі. Ол халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Мазмұны ғибратты, тілі көркем, жеңіл жатталатын, ғасырлар бойына халық даналығына, тәжірибесіне суарылған Қазақ балалар фольклоры балалардың мінез-құлқын, көркемдік талғамын танытатын шығарма, қуат көзін ашатын асыл мұра. Ол өзінің бала табиғатына лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, музыкалық әуенімен, өнегелі мазмұнымен, ойнақы жеңіл түрімен, нәрлі тілімен балалардың рухани азығына айналған тәрбие қайнары болып табылады.
Қазақ балалар фольклоры шығу тегі мен орындаушыларына қарай – үлкендер тарапынан балаларға арналып айтылатын және балалардың өздері орындайтын шығармалар болып екі топқа бөлінеді. Алғашқысының қатарына бесік жыры, маусымдық жырлар, мәпелеу жырлары, жұмбақ, жаңылтпаш шығармалар жатса, соңғысы қаламақ, санамақ, сұрамақ, тақпақ балалар өлеңдерін қамтиды. Сонымен қатар, Қазақ балалар өсіру фольклорын ірі-ірі төрт арнаға жіктеп қарастыруға болады. Олар:
1) әлпештеу поэзиясы. Әлпештеу поэзиясына жататын жырларды шығарушылар да, орындаушылар да – ересектер. Ол жырлар сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап оны бағып-қағуға арналған түрлі салт-дәстүрлерді сүйемелдейді, ата-ананың, қалың жұртшылықтың сәбиге деген сүйіспеншілігін, арман-тілегін, халықтық идеалды жыр тілімен өрнектейді. Бөбектің денінің сау, ауру-сырқаудан аман, ширақ болып өсуімен қатар, ең бастысы, оның рухани жетілуіне қызмет етеді. Бұлардың өзі мазмұны мен атқаратын қызметіне қарай бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жыры, уату-алдарқату жыры деп іштей төрт түрге жіктеледі;
2) жеткіншектер жыры. Бұл топқа балалардың өздері шығарып, өздері айтатын және ересектер фольклорынан ауысып, балалардың орындауына көшкен жырлар жатады. Ол әлпештеу жырларынан кімдер орындайтындығымен ғана ерекшеленбейді, поэтик. құрылымымен де, атқаратын қызметімен де, тақырыптық, мазмұндық жүйесімен де ажыратылады. Бұл топқа балалар мен ересектердің орындауында қатар өмір сүріп келе жатқан наурыз жыры, жарапазан, маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдер, тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең, мазақтама сияқты өлең-жырларды топтастыруға болады;
3) ойындық фольклор. Мұның қатарына балалар ойыны кезіндегі ойынға шақыруға ойынды бастауға, оны жүргізуге қызмет ететін өлеңдер (қаламақ, санамақ, мен өлең ойындарды (тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы) қосуға болады. Жалпы, балалар фольклорына тән шығармалардың барлығында ойындық белгілер болатыны сөзсіз, бірақ ойындарға арналған балалар фольклорына жататын туындыларда, бұл сипат ерекше басым көрінеді, оларда ойынға тән драматизм мен қимыл-әрекет, динамизм күшті. Ойынға шақыру өлеңдері, қаламақ, санамақ, ойын ішіндегі өлеңдер тікелей балалар ойындарымен бірге өмір сүрсе, халық арасында кең тараған жұмбақ, жаңылтпаштар, тәжікелесулер сөз арқылы ойналады.
4) балалар тіршілігінде қара сөзбен айтылатын балалардың прозалық фольклоры. Балалар күнделікті өмірде ересектер аузында айтылатын магиялық фольклордан бастап, аңыз-әңгімелерге дейін үйреніп, жаттап, соларға еліктеп айтып жүреді. Солардың ішінде әсіресе, ертегілердің алдыңғы орында тұратыны белгілі. Бірақ сәби, жеткіншек жасындағы балалар ертегілердің барлығын игере бермейді. Ол балалардың жас ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады.