18. Қазақ эпосы және оның түрлері Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен эпикалық жыр–дастандарды айтамыз.
Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп, ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылса, бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына негізделеді. Енді бірде өмірде болған нақты тарихи оқиғаларды жырлайды.
Ел халық санасымен жасалған “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Көрұғлы”, “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын” сияқты батырлық жырларында, бір жағынан, ел бірлігі мен тәуелсіздігін сыртқы жаулардын қорғау сарыны үстем болса, екінші жағынан, хандар мен халық арасындағы қайшылық таңбасы да бар. Осы себепті қазақ эпосы халық тарихының көркем ескерткішіне айналған.
Қазақ эпосын біз олардың тақырыбы мен сюжетіне қарай:
1) батырлық, 2)ғашықтық
3) тарихи жырлар деп үш салаға бөліп, соның бәрін де фольклорлық сипатына қарай “эпос” деп атаймыз. Бұлардың арасында жанрлық айырмашылықтар бар.
Ең бірінші батырлар жырына тоқталсақ:
1)Батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Батырлар жырында тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.
Қазақ қаһармандық эпосының әрқайсысын жалпылама белгілеріне қарай жинақтап,ең алдымен, олардың сюжеттік құрылымындағы ұқсастықтарды,яғни, қайталанатын мотивтің жалпы тобы мен рет тәртібі түрінде төмендегіше жіктеуге болады.
1)Батырға тән балалық шақ және кейіпкердің үйленуі (батырларға лайық құдалық)
2)Батырларға тән ерліктер
3)Жаудан (құлдан, бақталастан) елін (тайпаны, қалыңдықты, туған-туысты, елін) азат ету.
Екінші бір эпос түрі-лирикалық эпостар. Лиро-эпостық жырлар немесе ғашықтық жырлар — оқиға желісі бірін-бірі құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылған лирикалық әрі эпикалық шығарма. Көпшілігінің оқиғасы сүйгеніне қосылуды аңсаған, жастарға ескі салт-сана қарсы тұрып, мерт қылумен аяқталады.
Қазақ Лиро-эпостық жырлары негізінен екі түрге бөлінеді:
Қазақ әдебиетінің төл туындылары - "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", "Қыз Жібек", "Айман-Шолпан"; "Күлше қыз", "Құл мен қыз", "Мақпал қыз", "Есім - Зылиха"
Шығыс әдебиеті негізінде назира гөйлік дәстүрде жазылған қиссалар "Мұңлық - Зарлық", "Сейфілмәлік", "Бозжігіт", "Таһир - Зуһра", "Жүсіп - Зылиха", "Шәкір - Шәкірат", т.б.
Ал,эпостың үшінші бір тобы-тарихи эпос.Тарихи жырлар — белгілі тарихи оқиғаларға байланысты туған эпикалық шығармалар. Тарихи жырларда оқиғаның дәлдігі сақтала бермейді.
Тарихи жырлардың шығу, пайда болу мерзімдері әр халықтың фольклорында әр түрлі. Қазақ ауыз әдебиетінде тарихи жырлар 4 кезеңге бөлінеді.
Алғашқы кезеңдегі Тарихи жырлар Алтын Орда, Ноғайлы, Астрахан, Қырым хандықтарына карсы феодалдық соғыстар (14 - 17 ғ.) суреттеледі ("Едіге", "Нұрадин", "Орақ-Мамай", "Қарасай-Қази", "Мұсахан", "Телағыс", т.б. жырлар).
Жоңғар, қалмақ шапқыншылығына қарсы жорықтарды (18 ғ.) қамтитын екінші дәуірде Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Өтеген, Жәнібек батырлар туралы жырлар туды.
Үшінші дәуірде ұлт-азаттық, бостандык жолындағы күресті (19 ғ.) сипаттайтын жырлар шьпсғы: "Исатай-Махамбет", "Бекет батыр", "Досай батыр", "Жанқожа батыр", т.б.
Төртінші кезең 20 ғ-дың басындағы төңкеріс жылдарындағы елеулі оқиғалар және 1916 жылғы патша үкіметіне карсы халық көтерілісі жайындағы жырлармен шектеледі ("Туар ма екен бізге күн", "Еріксіз келдім елімнен", "Зарлы заман кезінде", "Құлақасқа", "Бекболат", "Ұзақ батыр", "Амангелді" т.б.).