Театрда романтизм 1810 — 40 ж. қалыптасты. Белгілі романтик актерлер: Э.Кин (Англия), Л.Девриент (Германия), Г.Модена, А.Ристори (Италия), М.Дорваль, А.Л. Фредерик-Леметр (Франция), П.С. Мочалов (Ресей), П.Адамян (Армения), Г.Араблинский (Әзірбайжан), Э.Форрест, Ш.Кашмен (АҚШ), Г.Эгрешши (Венгрия), т.б. Дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы болу, терең гуманизм бұл актерлерді бір идеяға жұмылдырды. Романтизм кезінде театр эстетикасының негізі актерлік қиял мен сезімге құрылды. Романтизм актерлері өз назарларын адам өмірінің ішкі қайшылықтарын бейнелеуге аударды. Қоғамдық пафос, шындыққа деген құштарлық, айқын мақсат актерді буырқанған эмоция мен айқын драмалық экспрессияға, екпінді қимылға жетеледі. Алайда романтикалық өміртаным шығармашылығы субъективизм қаупін өзімен бірге өрбітті. Романтикалық театр тұңғыш рет актерлік өнердің негізі болып табылатын сахналық толғанысты туғызды. ТМД елдерінің театр өнерінде М.Н. Ермолова, А.И. Южин, Ю.М. Юрьев, А.А. Остужев, В.К. Папазян, М.Қасымов, Ш.Бұрханов, А.Хорава, А.Хидоятов, Н.Д. Мордвинов, Ш. Айманов, Ы.Ноғайбаев, Ш.Мусин, т.б. шығармашылықтар асқақ, қаһармандық романтизм дәстүрімен тығыз байланысты. Бейнелеу өнеріндегі романтизм мүсін өнеріне қарағанда кескіндеме мен графикадан айқын көрініс тапты. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бас кезінде У.Блейк (Англия), Ф.Гойя (Испания), Ж.Л. Давид (Франция) еңбектерінен романтизм белгілері аңғарылды. Романтизмнің іргелі мектебі Францияда өркен жайды. Ол академиялық классицизм өнеріндегі догматизм мен буалдыр рационализмге қарсы күрес үстінде қалыптасты. Романтикалық мектептің алғаш негізін салушы – Т.Жерико. 1820 жылдардағы романтизм мектебінің басты өкілі ретінде төңкерісшіл пафостағы бірнеше картиналар салған Э.Делакруаны атауға болады. Романтизм суретшілерінің өзіндік ерекшелігі портрет, пейзаж, графика (О.Домье) жанрларынан айқын көрінді. Композицияны асқақ динамикаға құру, буырқанған қимыл-әрекетті форма тұтастығына бағындыра отырып, көлем мен кеңістік құбылысын ұтымды пайдалану, сәуле мен көлеңке алмасуына негізделген алуан ырғақтағы қанық та бай колорит романтик суретшілердің классицизм өкілдеріне қарағанда негізгі ерекшелігі болып табылады.