Дəстүрлі құрылымдық жүйе мен функционалды грамматиканың өзара сабақтастығы мен аражігі автордың көзқарасы бойынша талданады.
Функционалды грамматиканың басты ұғымдары мен категориялары ақыл-ой танымының нəтижесінде болмысты қабылдау мен түйсіну процесі арқылы анықталады. «Болмыс – ұғым – тіл» үштігі – триада – жүйелі тілдік ұғымдық категориялар негізінде қарастырылады.
Функционалды грамматиканың негізгі объектісі «мазмұннан тұлғаға – тұлғадан мазмұнға қарай» тілдік құралдарды зерттейтін бағыт екендігі сөз етіледі. Оның грамматиканың белгілі бір семантикалық категорияларға негізделген тілдік бірліктерді, категорияларды жəне басқа да құбылыстарды біріктіретін жүйе ретінде тілдің табиғатын толық ашуда үлкен маңызға ие екендігі айтылады.
Қазіргі таңда тілдің толық табиғатын ашу үшін түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, лингвистиканың жаңа қырлары жан-жақты зерттеу нысанына айналуда. Тіл білімі теориясында лингвистикалық талдаудың құрылымдық-жүйелік аспектілері коммуникативті-функционалды аспектілермен бірлікте қарастырылуда. Соның ішінде функционалды-семантикалық категорияларды жан-жақты сипаттауға бағытталған, функционалды принципке негізделген тілдік жүйе – функционалды грамматикаға деген қызығушылық артып келеді. Аталған грамматикалық теорияны сипаттайтын ұғым функционалды-семантикалық өріс болып табылады. Бұл – белгілі бір семантикалық категорияларға негізделген тілдік бірліктерді, категорияларды жəне басқа да құбылыстарды біріктіретін жүйе.
Дəстүрлі грамматикада тілдің құрылымдық жүйесі негізге алынды. Тілдік бірліктердің жасалу жолдары жеке-жеке алынып, белгілі бір сөз табына қатысы қарастырылды. Ол сөз табының белгілі категорияға тəн формалары айқындалды. Мысалы, сөздерді жіктеген кезде оған морфология немесе синтаксис тұрғысынан грамматикалық сипаттама берілді. Олар іштей жеке түрлерге, топтарға бөлінді. Атап айтқанда, морфология саласында сөздер сөз таптарына бөлінсе, синтаксисте сөз тіркестері мен сөйлемдерге бөлінді. Əрбір деңгей бойынша бірыңғай жүйеге негізделген белгілі бір объектіге талдау жасалады, яғни, моножүйелік талдау. Сондықтан мұндай құрылымдық принципті негізге алатын грамматика жүйелілік, құрылымдық жүйелі грамматика болып саналады.
Функционалды грамматика – грамматиканың түрлі тілдік құралдарын семантикалық категориясы мен семантикалық функциясы негізінде қарастыратын кешенді жүйе. Мұндай тəсіл бойынша түрлі деңгейдегі бірліктердің əрекеттесуін зерттейтін лингвистикалық талдау функционалдық негізде жүзеге асады. Талдау нысаны болатын құралдар əр түрлі бірліктермен (морфология, синтаксис, «құрылымдық лексика» аясында) ықпалдасады. Тілдік құралдарды зерттеу түрлі жүйелік негіздемесі бар нысандарды талдайды, яғни полижүйелі талдау. Сондықтан функционалды грамматика – сан қырлы жəне өзінің доминанты бойынша жүйелі-біріктіруші грамматика.
Функционалды бағыттағы грамматикалық зерттеулерде бірінші кезекте «функция – қызмет» ұғымына баса назар аударылады. Тілдік бірліктердің функциясы тілдің қызметіне сай белгілі бір міндетті атқаруға қабілетті тілдік жүйе. Сондай-ақ тілдік қызмет – тілдің нəтижеге жетуі, жүзеге асуы.
Ғылыми жəне басқа да арнаулы мəтіндердегі (олардың ішкі жіктеліміне байланысты) тілдік бірліктердің қызметінің ерекшеліктерін зерттеу – практикалық мəнге де ие маңызды теориялық мəселе. Егер тілші-ғалымдар осы мəселені жеткілікті зерттесе, қазіргі таңда тілді меңгертуге қатысты басы ашылмай жатқан көптеген мəселелерді шешуге болар еді. Əсіресе, тілді үйретудегі сабақтастық, құрылымдық, функционалдық жүйе жаңа бағытқа жол ашары сөзсіз.
Функционалды грамматиканың негізгі объектісі «мазмұннан тұлғаға, тұлғадан мазмұнға қарай» тілдік құралдарды зерттейтін бағыт болып табылады. Демек, қоршаған ортаны зерттеу мен сипаттауға бағытталған тілдік бірліктер тілдің табиғаты мен заңдылықтарымен тығыз байланыста, түрлі тілдік деңгейде ортақ құрылымдық жүйе ретінде, семантикалық функцияларына қарай біріккен грамматика ретінде түсіндіріледі. Сан алуан тілдік бірліктерді тек грамматика аясына сыйдыра зерттеу мүмкін емес. Грамматика ғылым ретінде тіл құрылымы мен бірліктерінің заңдылықтарын зерттейді. Ал тіл құрылымы «таза грамматикалық қабаттан» тұрмайды. Ол грамматикалық бірліктерді лексикалық түсініктерімен ортақ қарастырады, яғни барлық лексикалық құрылымды қамтиды. Тіл бірліктері құрылымдары (сөздің грамматикалық формасы, синтаксистік құрылымдар, «құрылымдық лексемалар») ішкі жəне сыртқы тілдік орта элементтерімен өзара байланыста жүзеге асады. Осы ортақ байланыстар грамматиканы зерттеу мен сипаттау барысында оның мəнін аша түспесе, кемітпейді. Себебі тілдік құрылымның категориялдық негізі ортақ болып қалады.
«Тіл білімі саласында «функционалдық» ұғымының мағынасы былай түсіндіріледі:
тілдік бірліктерді қолдана отырып, олардың функциясын (қызметін) алынған нəтижеге қарай зерттеу;
түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің өзара əрекеттесе отырып жұмсалуынан осы формалардан туындайтын мағынаны айқындау, яғни «мағынадан құралдарға қарай» бағытта зерттеу;
осы екі бағыттың бірлестігі тілдегі семантикалық категорияларды көрсететін түрлі тілдік бірліктерді бір тұтастыққа, «өріске» жинақтау».