Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
Тікелей ғалам бейнесі болмыс туралы мазмұнды, концептуалды біліммен қатар, болмыстан танытатын ментальді стереотиптер жиынтығын да қамтиды. Ғалам бейнесінің бұл түрі когнитивті деп аталады. Ол когниция (таным) нәтижесі болып табылады. Тікелей ғалам бейнесі когнитивті сана қызметінің нәтижесі болып табылады және белгілі бір жүйеге келтірілген білімдер жиынтығына – концептосфераға негізделеді. Адам болмысты, өзін тіл арқылы таниды. Тілде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылық ретінде қоғамдық-тарихи тәжірибе көрініс табады. Тілдің ерекшелігіне байланысты сөйлермен санасында белгілі бір ғалам бейнесі қалыптасады, адам сол арқылы әлемді таниды, бұл ғаламның жанама бейнесі деп аталады. Ғаламның жанама бейнесі – концептосфераның екінші таңбалар жүйесі арқылы көрінуі. Олар санадағы ғаламның тікелей бейнесін жарыққа шығарады. Яғни тілдік формада көрініс тапқан білімдер жиынтығы ғаламның тілдік бейнесін түзеді.
Бүгінгі таңда ғалам туралы білімдер кешені лексикалық және грамматикалық семантикада, сондай-ақ этномәдениеттің ментальді әлемінде қалай көрініс табатыны ерекше маңызды болып отыр. Сонда қазіргі кезде адамның әлемді концептуалдау, категориялау ерекшеліктері, тілдегі концептуалды мазмұн, адамның әлем туралы білімінің көрсеткіші ретінде көрінеді. Ғалам туралы адамның барлық білімі шартты түрде тілдік және тілдік емес болып жіктеледі, яғни болмыстың құрылымдары туралы жалпы энциклопедиялық білім олардың сипаты туралы және тілдік бірліктер мен ойларының мәндері (нақты тілдік мағына) туралы білім болып табылады. Ғалам туралы білім сияқты тілдік бірліктер туралы білім де жадымызда категориалды формада сақталады. Соған байланысты тіл – категориалды түзілім болып табылады. Тіл адамның болмыстың нақты жағдаяттарын концептуалдау үдерісін бейнелейді. Яғни концептуалды жүйеде алынған ақпараттарды өңдеу, сөйлеу-ойлау әрекеттерінде адам тұтынған көптеген концептілер мен білімнің басқа да құрылымдарын қамтиды. Сол себепті оған табиғи нысан концептілері де, нақты тілдік концептілер де енеді. Б.Момынова тілдің когнитивті қызметі туралы айта келіп: «Когнитивтік лингвистикада тіл адамның когнитивтік іс-әрекетінің бір түрі, когницияның құралы саналады. Адам тілдің көмегімен тілдік бірліктер арқылы жинақталған информацияларды кодтайды немесе бейкодтайды (декодирует). Өйткені ойлау құрылымдары өзімен өзі томаға тұйық өмір сүрмейді, белгілі бір формасы бар таңбалар ретінде болмысқа айналады, болмыстанады (материализацияланады). Тілдің осындай екі жақтылығы оны адамның өзге когнитивтік іс-әрекетінен айрықшаландырып тұрады», – дейді [7, 125-126 б.].
Тілдегі концептуалдау үдерісінің әрбір тілдік деңгейдегі өзіндік ерекшеліктері болады. Лексика санада көрініс тапқан заттар мен құбылыстардың ерекшелігін зерделеп, белгілі бір тілде сөйлейтін, нақты тілдік ұжым танып, игерген ғалам бейнесін репрезентациялайды. Ғалам бейнесін тану оны жекелеген құрауыштарын (заттар мен құбылыстарды) ғана емес, сонымен қатар олардың арасындағы байланысты да түйсінуді қажет етеді. Синтаксис ғаламның бөлшектенетін құрауыштарының байланыстарын тексереді.
Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады.