Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
Шартты рай тұлғасы рай концептін активтендіре отырып, оның мазмұнындағы «ақиқат шындықпен сәйкес келмеу» сипатын актуалдандырады. Ол жалпы сипат алып, ықтималдық реңк үстейді, сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатысын білдіре алмайды. Ол сөйлем-сөйлесімде мағынаны нақтылау арқылы синтаксистік, мәнмәтін сияқты қосымша факторлардың көмегімен жүзеге асады. Мұнда әсіресе синтаксистік фактордың орны ерекше болады. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы сыңары шартты білдіру үшін жұмсалып, сөйлемнің «ақиқат шындыққа сәйкес келмейтінін» білдіреді: Біреу қисынсыз жала жапса, ісің ақ болса да, бетің бір күрең тартпақшы ғой (Б. Майлин, Шығ.). Шартты рай тұлғалары сөйлем-сөйленімнің шындыққа сәйкес келмейтінін білдіріп, рай концептінің мәні мен модальділік негізгі концепті тоғысуы нәтижесінде «іс-әрекеттің орындалуының шарты», «ирреалдылық» мән түзіледі. Сол арқылы концептуалды мазмұн қалыптасып, грамматикалық мән түзіледі.
Бұйрық рай сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде біреуге (3-жаққа) қарастырылып, бұйрық, сұрай алатын, өзіне (1-жаққа) байланысты қимылға, іс-әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық рай тұлғасы рай концептінің мазмұнындағы «шындықпен сәйкес келмеу» сипатын актив қолданысқа түсіреді. Бұл орайда бұйрық рай тұлғасы нақты морфологиялық мән түзе алмайды. Ол үшін сөйлем бұйрық мәнде жұмсалуы керек. Бұйрық райдың басты мәні – бұйрықтық мағына. Сондықтан бұйрық рай тұлғасының бұйрық мәнін білдіруі үшін синтаксистік фактор маңызды орын алады. Сол арқылы жиі қолданысқа түсетін модальділік негізгі концептінің мазмұнында «ерік» сипаты түзіледі. Сонымен қатар мұнда семантикалық фактор да елеулі орын алады. Себебі етістіктің бұйрық мәнде қолданылуы етістіктің мағынасына тікелей байланысты. Кез келген етістік бұйрық мәнде жұмсала бермейді. Модальділік негізгі концепті рай концептінің «шындықпен сәйкес келмеу» мәні мен «ерік» сипаты тоғысып, «іс-әрекетке түрткі болу, қозғау салу» мәнін түзеді. Ол мәнмәтін арқылы нақтыланып отырады. Іске қозғау салу, түрткі болу мәні сөйлем-сөйлесімдегі өтініш, тілек, рұқсат, тыйым салу т.с.с. түрінде көрінуі мүмкін.
Қалау рай. Тілек, қалау мәніне шартты рай тұлғалы етістік негіз болады. Қалау рай – сөйлеушінің қимыл іс-әрекетті орындауға я орындамауға қалау, тілек, ниет, ынтасын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын рай категориясының бір түрі. Қалау рай бірнеше жолмен жасалады. Қалау рай көрсеткіштері концептінің мазмұнындағы «ақиқат шындықпен сәйкес келмеу» сипатын күшейтеді. Ол әрі қарай нақтылауды қажет етеді. Морфологиялық жолмен берілетін концептінің жиі қолданылуы нәтижесінде модальділік негізгі концепті актив қолданылып, онда «қажеттілік, «қалау», «мүмкіндік» мәндері түзіледі. Оған қосымша лингвистикалық факторлар (синтаксистік, мәнмәтін) ықпал етіп, жалпы морфологиялық мәнді нақтылайды. Мұнда әсіресе синтаксистік фактор елеулі орын алады. Себебі бұл шартты райдың белгілі бір тұлғаларға ие болуы, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары ретінде қызмет етуі сияқты факторлар әсер етеді.