Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздері



бет11/36
Дата06.01.2022
өлшемі144,29 Kb.
#12213
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   36
Байланысты:
Документ Microsoft Word

Функционалды грамматиканың дәстүрлі грамматикадан айырмашылығы, біріншіден, грамматиканың бірліктілік (единства грамматики) принципінде. Бірліктілік түрлі грамматикалық элементтердің басқа тілдік құралдармен тығыз байланыстығынан көрінеді, олар бірбірімен байланыса отырып, тығыз қарым-қатынаста бір парадигмалық жүйе құрайды да грамматикалық бірліктер өздері қызмет ететін ортамен қарым-қатынасқа түседі, солардың ықпалымен қызметін де түрлендіреді. Функционалды грамматиканың екінші бір айырмашылығы оның жүйелік – интегративтік принципінде, атап айтқанда, түрлі тілдік деңгейлердің бірліктерін белгілі бір ортақ қызмет аясында біріктіреді, тілдік жүйелікті көрсетеді, ал дәстүрлі грамматикада граммаикалық бірліктер морфология, синтаксис салаларына тарап кетеді. Осы соңғы айырмашылық мына бір жағдайды айқындай түседі; функционалды грамматика дәстүрлі грамматиканы толықтырады, ол тілдік тұтастықты, жүйелікті толыққанды көрсете алады және де оның сөйлеу тіліндегі қызметін ашады. Толықтырушылық қатынас тілдік деңгейлердің ара байланысынан көрінеді. Мысалы, морфологиялық шақ категориясының формалары – шақтық қатынасты осы шақ, келер шақ, өткен шақ деп жалпылап білдірсе, оны нақтылай түсіп, мағынасын толықтыратын – лексикалық, лексика-грамматикалық бірліктер. Жеке тілдік деңгейлік тұлғалар өз алдына жеке дара қызмет етпейді, олар бірлесіп, бір жүйеге бірігіп, тілдік ортада бірінің мағынасын бірі түрлендіріп, толықтырып тілдің негізгі когнитивтік, коммуникативтік қызмет атқарады.

Грамматикалық (морфологиялық) шақ категориясы білдіретін шақтық грамматикалық мағынамен мәндес, осы категорияны бастау негіз етіп алатын темпоралдылық семантикалық категория деген ұғым бар. Бұл екі ұғымның арасындағы айырмашылық бірінің өрісінің тар, екіншісінің өрісінің кеңдігімен байланысты. Бірінің өрісін шақ категориясының грамматикалық көрсеткіштері құраса, екіншісінің өрісін осы грамматикалық көрсеткіштермен қоса, шақ мағынасын білдіретін лексикалық бірліктер (үстеу), синтаксистік конструкциялар құрайды. Шақтың грамматикалық көрсеткіштері өздері жалғанған етістіктерге тек грамматикалық мағына үстеп, тілдің статикалық күйін танытса, темпоралдылықтың функционалды-семантикалық категориясының білдіретін мағынасы грамматикалық формалардың мағыналық аясына сыймайды, шақтың семантикалық категориясы сөйлеудегі тұтас берілетін сөйлем мағынасын қамтиды.

Шақ категориясы – етістіктің басты көрінісі. Бұнда болатын формалардың басым көпшілігі – іс-әрекеттің әр түрлі шақта болуы. Сондықтан да ондай формалардың құбылыс сырын, мағыналық ерекшелігін қарастыру – шақ категориясының басты объектісі. Шақ категориясы белгілі бір формалар арқылы беріледі. Ондағы қимылдың, жай-күйдің өзі белгілі бір уақытта, мерзімде болатыны, болғандығы не болып жатқандығы сол етістік бойынан аңғарылады. Лингвистика мұндай етістіктің берілу жолын ашық рай деп те атайды. Істің сөйлеп тұрған уақыттан бұрын, не соң, не сол кезде істелуін, не істелмеуіне қарай етістіктер белгілі бір жақта, шақта тұрады. Бұл – етістік категориясының басқа сөз таптарынан негізгі бір ерекшелігі. Тыңдап отыр, тыңдамақшы, айтты етістіктерінде субъектімен, мезгілмен және басқа жағдайларға қарай, күрделі (тыңдап отыр, көтеріліп келе жатыр), дара етістікте де (айтты) шақ көрінісі байқалады. Осындай етістіктердің шақ көріністері белгілі бір морфемалар арқылы беріледі де (айт-ты), содан кейін қимыл есім жағдайына қарай жіктеледі.

А.Байтұрсынов «Тіл-құралда» етістіктің шақ көрсеткішін ашық раймен байланыстыра қарастырады. Ғалым осы шақтың екі түрін көрсетеді де, айтулы қалып етістіктерінің жіктелген түрін нағыз осы шақ деп бөліп айтады. Ал өткен шаққа етістіктің – ды, (-ді, -ты, -ті) жұрнақтары арқылы жіктелген түрін және есімшенің – ған, (-ген, -қан, -кен) тұлғалы түрін келтіреді. Келер шаққа -ар тұлғалы етістіктің жекелеген дара, күрделі түрлерін жатқызады. Ғалым есімшені үш топқа бөліп, осы шақтық есімше, өткен шақтық есімше, ұйғарынды есімше деп айқындайды. А.Байтұрсынов еңбектерінің құндылығы да тілдің типологиялық ерекшелігін біліп, тілдік тұлғаларды дұрыс ажыратуы және қазақ тілі ғылымына қатысты терминдерді ана тілімізде беруі.

Т. Қордабаев 1950 жылдары шақ категориясының зерттелу тарихына шолу жасайды. Ғалым онда түркі тілдеріндегі шақ категориясы туралы ХІХ және ХХ ғасырдың бас кезінде жарыққа шыққан еңбектерге талдау жасай келе, өзінің ой-пікірін білдіреді. «Ескере кететін бір нәрсе – түрік (кітапта осылай көрсетілген. А.Б.) тілдерінің бұрын-соңды жарыққа шыққан грамматикалық құралдарының негізгі көпшілігінен етістіктің шақтары деген жеке тараулар кездеспейді. Оларда шақ категориясы етістіктің есімше, көсемше, рай салаларының семантикалық көп белгілерінің бірі ретінде алынған да, сол салаларды анықтауға арналған бөлімдерде ғана сөз болған» дейді.

Темпоральдылықты түсіну үшін алдымен көркем шығармадағы, мәтіндегі уақыттың суреттелуін, зейінге алынуын, қабылданудың өзгеше сипат-ерекшелігін анықтау керек. Шын өмірдегі нақты (реалды) уақыт – объективті уақыт. Реалды уақыт тек алға, бұрыннан болашаққа жүріп отырады. Осы уақыттың өзін адам өз сезімдерімен әр түрлі қабылдайды. Адам сезінуінде уақыт кейде ақырын, кейде жылдам өтіп отырғандай көрінеді. Ал әдеби шығармаларда уақыт кейде алға жылдам, кейде артқа жылдам, кейде өте баяу қозғалса, кейде үзіліп кетіп отырады. Шығармада жазушының таңдап алған тақырыбына, автордың қалауына орай оқиға соңынан басына қарай жылжуы, бірнеше кезеңдерді аттап өтуі, бір ғана сәттік уақытты кең көлемде суреттеуі мүмкін. Осыларға қарай отырып, шығармадағы уақыттың физикалық уақыттан әлдеқайда кең, сиымдылығы мол екенін аңғаруға болады. Осы орайда әдебиеттану ғылымындағы «лирикалық шегініс» деген термин еске түседі. «Лирикалық шегініс әдеби шығармаларда (мысалы поэмада, не романда) уақиға желісін кенет үзіп, өзі жайлы, не өзінің көңіліндегі басқа бір нәрсені баяндап беру. Мұның негізі уақиғаға тікелей қатысты бола қоймайды. Дегенмен, бұл әдістің де өзгеше ұтымды жағы бар».

Қазақ тіліндегі темпоральдық (уақыттық) категория біздің санамыздағы Уақыттың физикалық сипатының бейнеленуі арқылы айтылмақ ойдың мазмұндық аспектісін қалыптастырады. Осы сипаттардың молдығы мезгілдің функционалды-семантикалық өрістерінің көптеген сегменттерінің барлығын көрсетеді. Ісәрекет сәтінің сөйлеу мезгіліне сәйкестігі (коммуникативтік сәт) немесе мәтіндегі сәтпен (хабарлау сәті) – сәйкестігі субъективтік шақ сегментін қалыптастырады. Кез-келген сөйлем, айтылмақ ой белгілі бір уақыт шеңберінде хабарланатындықтан, онда етістік пен есімдердің темпоральдылығы да түрлі деңгей мен кезеңдерде түрліше өтеді. Етістік заттың амалын, ісәрекетін білдірсе, жалпы түбір етістіктер қимылды білдіреді, ал қимылдың қалай, қандай тәсілдер арқылы жүзеге асатынын білдіре алмайды. Сөйлемде етістік қолданылғанда, тек қимылды ғана білдіру жеткіліксіз. Өйткені өмірде қимылдың жасалуы түрліше. Соған орай ол қимылдың жасалуындағы әртүрлі ерекшеліктерді білдіретін әдіс-тәсілдер, түрлі көрсеткіштер мол. Қимылдың жасалуындағы әр алуан ерекшеліктер мен олардың өту кезеңін білдіретін тілде арнайы категория бар. Ол қимылдың белгілі бір уақыт шеңберінде өту сипатын танытатын темпоральдық категория. Етістіктің темпоральдық категориясының жалпы мағынасы қимылдың қандай мезгілде қалай жасалғандығын суреттеу, қимылдың қандай сатыда екенін көрсету, іс-әрекеттің уақыт шеңберінде қамтылуы мен шақтардың мағыналық реңкін ажырату болып табылады. Қимылдың мезгіл аясында өту сипаты категориясының жалпы мағынасымен қоса, оның өзіне тән, ішкі мағыналары толып жатыр. Темпоральдық категорияның өзіне тән ішкі мағыналық ерекшеліктерінің бірі – белгілі уақыт мерзімінде қимылдың басталуы, ортаңғы кезеңі, тез, қысқа жасалуы, созылыңқылығы, қимылдың соңғы сатысының көрсеткіштері, мерзім ішіндегі болған оқиғаның тиянақтылығы, тиянақсыздығы, аяқталғандығы, аяқталмағандығы, нақтылығы мен күмәндылығы және эмоционалды-экспрессивті, т.б. белгілері. Сондықтан да етістіктің шағы мен көрінісі темпоральдылықты анықтай түсуге әсер етеді. Қазақ тіл білімінде көрініс категориясы бар деп арнайы еңбек жазған ғалым И.Ұйықбаев. Ол қазақ тілінде қимылдың жасалу қалпына қарай көрініс аяқталған, аяқталмаған күйді білдіретіндігін, олардың іштей бірнеше реңкті болып келетіндігін айта келіп, былай деп көрсетеді: «Аяқталған көрініс қимылдың тиянақтылығын, шапшаңдығын, бағытын, басталғанын, жете болғанын, жолжөнекей жасалғандығын, жалған істі, немқұрайды жасалған істі, бір-ақ рет болған қимылды білдіреді».



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет