Бірегейлік Жиынтық
І жақ мен біз біздер
ІІ жақ сен сіз сіздер
Ал біздер есімдігінің құрамына келетін болсақ‚ ол, ең алдымен‚ «мен+сен» немесе «біз+сіз» болып‚ сөйлеуші мен тыңдаушыдан құралуы‚ сондай-ақ «мен+сендер/сіздер» және «мен+сендер/сіздер емес (ол/олар)» болып құралуы да мүмкін. Бұл қарама-қарсылық инклюзив және эксклюзив формалары арқылы көрініс табады. Қазақ тілінде инклюзив/эксклюзив мәнмәтін арқылы ғана ажыратылады. Мазмұн межесі бойынша‚ бұлар – әртүрлі референттердің жиынтығы
Сонымен қатар біздер есімдігінің құрамы «мен+сен /сіз + сендер/сіздер+ол/олар» болып келуі мүмкін. Тәуелдік, жіктік жалғауларының сыпайы түрі тек ІІ жақпен ғана шектелмейтінін тіл фактілері де көрсетіп отыр. Мәселен, ресми стильде мен орнына біз есімдігі қолданылды. Тіл – тұтас жүйе болғандықтан, оның әрбір мүшесі сол жүйеге бағынып тұрады. Сондықтан анайылық жөннің үш жақта көрінетіні сияқты, сыпайылық жөн де осы үлгімен берілуі қажет деп ойлаймыз.
А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде бұйрық райдың жіктелу үлгісі былайша көрсетілген:
Анайы жіктеу:
І ж. -йын/-йін —
ІІ ж. етістік түбірі -ңдар/-ңдер
ІІІ ж. -сын/-сін -сын /-сін
Сыпайы жіктеу:
І ж. -йык/ -йік -лық/-лік
ІІ ж. -ңыз/-ңіз -ңыздар/-ңіздер
ІІІ ж. -сын/-сін -сын/ -сін
Байқап отырғанымыздай, бұйрық райдың анайы, көпше түрінің І жағы жоқ (дұрысында да, сен айт дегеннің көпше түрі сендер айтыңдар болғанмен, мен айтайын дегеннің көпше түрі ретінде *мендер айтайындар деген қолданыс тілімізде мүлде жоқ). Қазіргі грамматикаларда І жақтың көпше түрі ретінде көрсетіліп жүрген -йық/-йік жалғаулары А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде сыпайы жіктеудің І жақ көпше түрі ретінде берілген, ал А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы жіктеулеріндегі сыпайы жіктеудің І жақ көпше түрі ретінде берілген -лық/-лік тұлғалары кейінгі грамматикаларда мүлде берілмеген. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлының жіктеу табиғатын түсіндіруі мен кейінгі ғалымдардың еңбектерінде сәйкес келмейтін тұстар қазақ тілінде жіктеу ерекшеліктерінің әлі де толық танылып бітпегенін, кемшілік тұстарының кездесетінін танытса керек. Ұлттық дүниетаным мен сөйлеу мәдениетіміздің айнасы іспетті жіктеу мен тәуелдеу жалғауларының өзіндік болмысын әлі де зерделей түсу қажет екені даусыз.
Қазақ тіліндегі жақ категориясының құрамы туралы мынадай тұжырым жасауға болады:
1) мен‚ сен‚ біз‚ сіз есімдіктері бірегей референт болып табылады да жекелік мәнде‚ адамдық қатынаста ғана қолданылады‚ жақтық қатынаста өзара қарама-қарсы қойылады;
2) Бірегейлік/жиынтық қатары бойынша мен‚ сен‚ біз‚ сіз (бірегей) және біздер‚ сендер/сіздер (жиынтық) өзара қарсы қойылады;
3) біздер есімдігі ғана инклюзивті/эксклюзивті сипатта көрініс табуы мүмкін;
4) ІІІ жақ жіктеу есімдігі адамдық/заттық мәнде қатар қолданылып‚ сілтеу есімдігімен тең түседі. Алайда осыған байланысты оны жақ категориясынан тыс қарастыруға болмайды. Ол жақ категориясының маңызды компоненті болып табылады.
Сонымен, предикативті қатынас жақ, рай, шақ категориялары негізінде құралады. Предикативті қатынас негізінде сөйлеушінің ақиқат болмысқа қатынасы, коммуникацияға қатысушы адам факторы ескеріледі. Предикативті бірліктер сөйлеуші-тыңдаушы осінде орналасқан. Сөйлеуші (адресат) – нақты адам, сөйлеу актінің авторы, тыңдаушы (адресант) та нақты адам ретінде қабылданады. Жақ категориясы арқылы сөйлесушілердің өзара қатысы, өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері көрінеді. Модальділік концепті арқылы сөйлесушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасы байқалады. Шақ, рай категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну ерекшеліктері көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |