Функционалды грамматиканың негізгі нысаны – функция термині туралы
Бұл мақалада функционалды грамматиканың негізгі зерттейтін нысаны функция термині қарастырылады. Жалпы тіл ғылымындағы функция терминіне берілген ғылыми концепцияларды тереңдетіп қарастыру арқылы функция мәніне ғылыми тұжырым жасау көзделінді.
Мақалада бұл салаға қатысты зерттелінбеген істер мен проблемалар өте көп, функционалды грамматика саласы бойынша қарастырылатын мәселелер, осы ғылымның зерттеу нысаны, оған қатысты ғылымитеориялық мәселелер, жалпы ғылыми теориясын жасау, практикалық мәнін ашу, мақсаты мен міндеттерін көрсету – бүгінгі қазақ тіл ғылымының кезек күттірмейтін міндеттерінің бастылары екен. Сөз сөйлеудегі функция табиғаты өте күрделі. Дәстүрлі грамматика белгілі қалыптасқан грамматикалық жүйенің негізі бола отырып, оның болашақтағы дамуының жаңа сатыларын, негіздерін үйретеді, бұрынғы дәстүрлі грамматика бірқалыпты сол күйінде қалып қоймайды, яғни тілдің дәстүрлі грамматикадан, функционалды грамматикаға бет алуының алғы шарттарын негіздейді. Функционалды грамматика тілдің дәстүрлі жүйесінің негізін нысанаға ала отырып, сөйлеу процесінде сөйлеу актілері бойынша қандай функция атқарады немесе атқарып тұр деген мәселені тануға, соны оқып-үйретуге, меңгеруге талап қояды. Сондықтан функция терминінің маңызын ашу мен оның түрлерін анықтау, маңызды құбылыс ретінде тану оның маңызды сипатын айқындауда басты міндет ретінде алынады.
Функционалды грамматика мәселесі, ғылыми-теориялық базасы нені зерттейтіні, функционалды грамматика дегенді қалай түсінуге болады, тағы да басқа толып жатқан мәселелерге қатысты ғылыми концепциялар ұсыну қазіргі қазақ тіл ғылымының басты міндеттері болып саналады.
Функционалды грамматика тілдік жүйеден алынған білім дағдыларының әмбебаптық күрделі болмысын, жалпы оның табиғатын қайта негіздеуге үйретеді. Қазақ тілші ғалымдары А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С.Аманжолов, Н. Сауранбаев сонымен қатар шетелдік және орыс ғалымдарының дәстүрлі грамматика мен функционалды гарамматиканың негізгі категорияларын ғылыми тұрғыдан жүйелеген А.В.Бондарко, Г.А.Золотовой, Р.Якобсона, И.Я.Харитонова, В.Ю.Апресяна, Е.С.Кубряковой, Н.В.Берницкой, Е.И.Панина, В.Ю.Апресяна, Н.Н.Болдырева, Е.С.Кубрякова E.A. Kruisinga, F. Wood, H. Sweet, H. Poutsma, S. Harman, M. Ganshina, Ilyish, C.N. Leech, M.Y. Blokh және тағы басқа еңбектерді атауға болады.
«Функция» туралы анықтамалардың лингвистикада мағынасының сан алуан түрлері кездеседі. Атап айтқанда «тіл қызметі», «функционалды стиль», «функционалды грамматика» т.б. Шындығында, бұл терминнің реферанциясы өте терең аса маңызды, сондықтан оның мәнін нақтылап түсіндіруді қажет етеді. Функция терминінің басты реферанциясы сөйлеу актісімен байлансты. Функционалды грамматиканың негізін қалаған ғалымдардың жалпы функция туралы талдаулары сөз сөйлеумен тұтас алып қарастылатын талдауларға негізделеді. Атап айтқанда, С. Дик, Н.А. Слюсарева, Г.А. Золотова, В. Матезиус, М.А. К. Хэллидей, А.В. Бондарко сияқты ғалымдардың осы салаға қатысты терминдерге барген анықтамалары негзінде қарастырылады. [1,3]. Функция терминінің қызметі – оның лингвистиканың қай саласына, қандай тілдің сипатын тануға қолдануға байланысты анықталып отырады. Мысалы, тіл ғылымында тілдің қоғамдық қызметі; тілдің коммуникативті қызметі; тілдің байланыс орнатушы қызметі; тілдің эмотивті қызметі; тілдің аппелятивті қызмет; тілдің куму-лятивтік қызметі; тілдің стилистикалық қызметі; тілдің прагматикалық қызметі; тіл дің эстетикалық қызметі деген қолданыстар жиі ұшырасады. Лингвистикада тілдің қызметін интерпретациялау арқылы тіл ғылымы саласының жаңа бағыттары айқындалады. Тілдің атқаратын қызметі алуан түрлі болғандықтан бір салаға қатысты ерекшелігін анықтау жиі пайдаланылады.
Функционалды грамматика адамның ақылойы мен тілдің заңдылықтарын сақтай отырып, айтылған пікірі, әңгімесі, сөзі алуан түрлі семантикалық, прагматикалық категориялық жағдаяттарға тәуелді болады. Функционалды грамматиканың бүгінгі ғылыми теориялық мәселелері, ғылыми нысаны мен жаңа бағыттары, оның қазақ тіл ғылымында даму сипатының әлеуетін көрсету өзектілігін тағы да айғақтайды. Қазіргі қазақ тілінің функционалды грамматикасының табиғатын толық тану үшін кешенді көп аспектілік зерттеулер айтушының барлық аспектілік қырлары арқылы атап айтқанда, оның қоданысындағы тілді таңбалар сырын анықтаумен тығыз байланысты болып келеді. Ә. Хайдар тілдің кумулятивтік қызметін былайша түсіндіреді. «Тілдің халық өмірінде атқаратын қызметі көп-ақ. Солардың бірегейі – ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғастыратын, өткен өмір мен бүгінгі болмысымызды, онымен болашақты ұластыратын «алтын көпір» бейнелі қызметі: Халық даналығының ұйытқысы – тілдің бұл қызметін ғылымда «кумулятивтік функциясы» деп атайды (Ә.Хайдар Халық даналығы). Бұл жерде айта кететін нәрсе мақал-мәтел не болмаса басқа да тілдік бірліктер қолданыста бір ғана қызмет атқармайды. Қазақ тілінің грамматикасын функционалдық тұрғыдан зерттеу, ғылыми моделін жасау өте күрделі, аумағы зор сала болып саналады.
Функционалды грамматиканы толық меңгеру үшін тілдің ішкі және сыртқы жүйесін игере отырып, атап айтқанда, парадигмалық, синтагматикалық көп сатылы қызметін, тілді қолданудың әр түрлі жолын функционалды-семантикалық өрісте анықталатындығын көрсетумен шектеліп қоймайды. Функционалды грамматиканың басты спецификасының артықшылығы мынада: адамдық фактор мен ұғым және танымға негізделуінде, сондай-ақ функционалдығы барлық тіл элементтерінің қоршаған ортаға тығыз байланыста болуымен қарастырылады. Сондықтан функционалды грамматиканың өзіне тән ерекшелігін анықтау үшін функция терминінің мәнін ашып алу керек. Функция терминінің мәнін ашу тіл – адам қарым-қатынасы деген түсініктен де тереңірек қарастыруды қажет етеді. Тілдің атқаратын қызметі оның сөйлеуінен бұрын басталады деп айтылған пікірлердің негізі бар екенін функция термині тағы дәлелдеп береді.
Достарыңызбен бөлісу: |