Функционалды грамматиканың басты ұғымдары мен категориялары ақыл-ой танымының нəтижесінде болмысты қабылдау мен түйсіну процесі арқылы анықталады. Болмыстың таным нəтижесінде қалыптасқан санадағы бейнесі тілдің ішкі заңдылықтарына сай тұлғаланып, түрлі тіл деңгейлерінен көрініс табады. «Болмыс – ұғым – тіл» үштігі – триада – жүйелі тілдік ұғымдық категориялар негізінде қарастырылады. «Тілдік зерттеулер негізінен екі бағытта жүргізіліп келеді: бірі ─ тілді басқа ғылым салаларымен (психология, мəдениеттану, əлеуметтану, когнитология, логика, философия, елтану, тарих) байланысты зерттеу; екіншісі ─ тілдің құрылымдық жүйесін тереңірек жəне ұлттық тілдің табиғатын толық ашып көрсету мақсатындағы тілдік бірліктердің тұлғасы мен мазмұндық жағын, олардың арақатынасын тілдің өз заңдылықтары тұрғысынан қарастыру»
Профессор А.В. Бондарко функционалды грамматиканың жүйесін тану мен зерттеуде семантикалық категориялар мен оның тілдегі көрінісін негізге алады. Бұл грамматиканың концептуалды негізі: «семантикалық категория, функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ), категориялық жағдаят (КЖ)». ФСӨ пен КЖ шеңберіндегі түрлі грамматикалық тіл бірліктері мен категориялар, лексика-грамматикалық əрі лексикалық тілдік құралдар жүйесі аты аталған грамматиканың функционалдылық табиғатын кеңейте түседі.
Функционалдық-семантикалық өріс грамматикалық жəне «құрылымдық» лексикалық бірліктердің, сондай-ақ тілдің түрлі комбинациясын (лексика-синтаксистік) ортақ семантикалық функцияларға біріктіретін, бірге əрекеттесін категория. Бұл жағдайда өрістің құрылымы, оның компоненттерінің зерттелуі, олардың қатар орналасуы жəне бір-біріне ықпал етуі ерекше орын алады.
Əрбір өрістің белгілі бір семантикалық категорияларды түрлі формалармен білдіретін сан алуан түрі мен нұсқалары болады. ФСӨ екі жақты қарастырылады: олар мазмұн жоспары жəне ойды білдіру жоспары. ФСӨ туралы түсінік кеңістікпен байланысты. Шартты кеңістікте функция мен құрал өрістің орталық аумағын құрап, бір өрістің екінші бір өріспен қиысу аймағын айқындайды. А.В. Бондарко ФСӨ-ке негізделген грамматиканың жүйелілік принципін талдаудың келесі аспектілерін ұсы нады:
а) өрісті ерекше типтегі жүйе ретінде қарастыру (компоненттерінің құрылымдық-деңгейлік белгілері);
ə) зерттелетін бірліктерді құрылымдық талдау (моноцентрлік, полицентрлік);
б) ФСӨ мазмұнының жоспарын талдау (ерекше белгілеріне қарай)
в) ФСӨ-тің өзара ортақ белгілерін (қиысуын) зерттеу;
г) семантикалық функцияны жүйелі зерттеуді ұйымдастыру.
Сонымен, А.В.Бондарко өз еңбектерінде ФСӨ-ке төмендегідей анықтама береді: Функционалды-семантикалық өріс – тілдегі грамматикалық көрсеткіштердің лексикалық, лексикаграмматикалық əрі сөз тудырушы, сөз түрлендіруші лексемалардың екіжақты қырынан (мазмұн-форма) үндесе əрі үйлесе бірігіп келіп белгілі бір семантикалық ортада көрініс табуы.
Семантикалық категория функционалдық-семантикалық өріспен тығыз байланысты. Функционалды-семантикалық өрістің өзі семантикалық категорияларға жатады. «ФСӨ ішкі мазмұннан жəне соны беретін тілдік құралдардың бірлігінен тұрады. ФСӨ-нің ішкі мазмұнын семантикалық категориялар (темпоралдылық, аспектуалдылық, персоналдылық т.б.) құраса, сыртқы тұрпатын лексикалық, грамматикалық құралдар құрайды. ФСӨ-тің ішкі мазмұнын оның мазмұн межесі, ал тілдік құралдар бірлігін оның тұрпат межесі деуге болады». Функционалды-семантикалық өріс тілдегі грамматикалық тұлғалардың лексикалық, лексикаграмматикалық жəне лексика-семантикалық құралдармен өзара əрекеттестігі нəтижесінде ұйымдасатын семантикалық категория болып табылады. Семантикалық категория сөйлем мазмұнының көрінісіне, тілдік бірліктердің, сөз тіркесінің мағынасына байланысты айқындалады. Ғылыми ортада: уақыт (темпоралдылық), кеңістік (локативтілік), сан, сапа, посессивтілік, шарт, себеп жəне т.б. семантикалық категориялар бұрыннан анықталғанымен, тілді жүйелеудегі лингвистикалық талдау кезінде осы категорияларға үнемі айналып келіп отыру, бұл категориялардың мəнін арттыра түседі.
ФСӨ функционалды грамматиканы құруда маңызды рөл атқарғанымен, оның қырларын толық көрсете алмайды. ФСӨ тіл жүйесіндегі парадигмалық қатынастармен байланысты, алайда сөйлеуде парадигмалық қатынастар синтагматикалық қатынастармен қалай тіркесетінін категориялық жағдаят арқылы анықтауға болады. А.В. Бондарко ФСӨ-тің дамуы категориялық жағдаятқа байланысты екенін анықтап, оны жеке теория ретінде қарастырады.
Оның сипаттамасында, категориялық жағдаят:
а) белгілі бір семантикалық категорияларға негізделген жəне сонымен ФСӨ құратын;
ə) айтылым арқылы берілетін жалпы жағдаяттың бір аспектісін категорияларының бірі (аспектуалды, темпоралды, модальді, локативті) арқылы көрсететін типтік мазмұнды құрылым.
Категориялық жағдаят пен ФСӨ зерттелетін тілдік құбылыстарды екі жақты сипаттайды. Мұнда оның мазмұндық құрылымы айтылыммен бірлікте қарастырылады. Мазмұндық құрылым қандай да бір грамматикалық тұлғаға (шақ, рай жəне т.б.) байланбайды, керісінше айтылымның түрлі құралдарымен байланыста болады. Категориялық жағдаяттың айтылым мазмұнында басымдық танытуы айтылымның (сөйлемнің) түріне, мазмұндық белгілеріне байланысты. Мысалы, сөйлем (айтылым) тұрмыстық, посессивтік, квалитативтік, компаративтік т.б. болуы мүмкін.
Семантикалық категориялардың қиысуы (өріске қатысты) КЖ–қа сай түйіседі. Мысалы, аспектальды-таксистік, аспектальды-модальдық жəне т.б.
«Сөйлеу негізінде тілдік бірліктердің негізгі ақпараттық мазмұнын беретін бөлігі категориялық жағдаятқа жатқызылады. Категориялық жағдаят бірнеше топқа бөлінеді. Олар «жалпы жағдаят», «жекелеген жағдаят». Мысалы, «жалпы жағдаяттың» құрамында: а) модальдылық (іс-əрекеттің айқындылығы); ə) таксистік (бір мезгілде бірінен соң бірі өтетін екі қимыл); в) темпоралдылық; г) аспектуалдылық, д) жақтылық (белгілі бір жақ) категорияларының семантикалық элементтерімен өзара байланыста беріледі. Ал, «жекелеген жағдаят»:
а) семантикалық категорияны білдіретін факторлар;
ə) нақты сөйлеу сəтіне байланысты сигникатифті мағынасының белгілі бір аспектісін көрсетеді;
б) құрылымында етістік болады;
в) жағдаятқа қатысты сөз сөйлеуші түрлі тілдік деңгейлерге сүйенеді».
Бүгінгі таңда функционалды грамматика таза грамматикалық деңгеймен шектеліп қалмайды, ол сөйлеу адресатына сүйене отырып, коммуникативті жағдайға тəн негізгі (узуалды) синтаксистік формаларды, сонымен қатар коммуникативті, құрылымды жəне басқа да белгілерді де анықтайды. Қорыта келгенде, функционалды грамматиканың негізгі ұғымдарын зерттеп, оның қызметін жан-жақты зерттеу қазақ тіл білімінде жаңа бетбұрысқа жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |