358
БҮРКІТ АҢШЫЛЫҒЫНЫҢ СУРЕТТЕРІ
Бұл әңгіме «Таң» журналының 1925 жылғы 3-санында жарияланды.
Әңгіменің соңына «Мұхтар» деп қол қойған. «Бүркіт аңшылығының
суреттері» деген әңгіме тақырыбының астына «Басылмаған роман-
нан» деген ескерту берілген.
Бұл әңгіме содан кейін қайтып жазушының көзі тірісінде
басылмаған екен.
Аңшылықтың көріністері, оның психологиялық
астарлары, саятшылықтың сырлары «Абай жолы» эпопеясында ба-
рынша
толық қамтылып, әсерлі баяндалғандықтан да, бұл әңгімені
қайыра жариялауды қажет деп таппаған.
«Бүркіт аңшылығының суреттерінде»
саятшылықтың бір ғана
сәттері баяндалған. Әңгіме тақырыбында көрсетілгеніндей, бұл үзік –
бізге белгісіз романның тарауларына кіруге тиісті дербес сурет сияқты.
М. Әуезов «басылмаған романнан» деп сілтеме жасаса да оның қандай
шығарма екенін анықтаудың сәті түспеді. Тек жазушының 1929 жылы
Смағұл Сәдуақасовқа берген жауабында: «24-ші жылы қыс елде тұрып
бір роман жазып едім, ол әлі баспадан шыққан жоқ» деген мәлімет
кездеседі. Зады, Мұхтар Әуезов «Бүркіт аңшылығының суреттерін»
осы романның ішінен алып журналға ұсынған болуы керек деген жо-
рамал жасауға толық негіз бар.
Әңгіме жазушының он екі томдық шығармалар жинағының 1-то-
мында «Жазушы», (1967 жыл, 210–213-беттер) кирилл һарпінде
қайтадан басылып шықты. Жиырма
томдық шығармалар жинағына
да (1-том. 258–262-беттер, 1979 жыл) сол нұсқа бойынша енгізіліпті.
Әңгімені И. Глуховтың аудармасымен жазушының орыс тілінде
шыққан «Крутизна» (Москва, 1965) атты жинақта,
бес томдық
шығармалар жинағының 1-томында (Москва, 1973) жарияланды.
Әңгіме М.Әуезов шығармалары жинағының елу томдық толық ба-
сылымына «Таң» журналындағы алғашқы нұсқасымен салыстыры-
лып барып ұсынылып отыр. Салыстырғандар – Сұңқар Жұртбаев пен
Мұқаш Қожахметұлы.
«Бүркіт аңшылығының суреттері» «Таң»
журналындағы нұсқа
бойын ша жарияланғандықтан да, кейінгі басылымдарда ешқандай
359
өзгеріске ұшырамаған. Тек кезінде толық танылмаған не байқаусызда
кеткен қателер байқалды. Кейбір сөздер түсіп қалған. Олар мыналар:
1. 152-бет. Он екі, жиырма томдықта «алыпты» деп қате кеткен.
2. 152-бет. Бұл арада: «...жүректі жүз толқынтып» – дегендегі
«жүректі» деген сөз ұмытылып қалған. Қалпына келтірілді.
3. 152-бет. «Жарық тас» деген сөз «жартас» болып қате жазылып
келген. Мағынасына сай қалпына келтірілді.
4. 152-бет. «Көрікті» деген сөз «көрік» боп жаңсақ басылый келген.
5. 153-бет. Журналдағы: «Етекке
жақындаған қазандай жұмыр
тастар» деген қате терілген сөзді кейіннен: «Етекте жатқан қазандай
жұмыр тастар» деп дұрыс қалпына келтірілген.
6. 153-бет. Көп томдықтарда әуелгі нұсқада «түйіліп» деп дұрыс
қолданылған сөзді «шүйіліп» деп өзгертіпті. Қайтадан бастапқы
қалпына келтірілді. Өйткені, бұл арада қыранның шүйілгенін емес,
тас түйін боп түйіліп, таста шамырқанып отырғаны суреттеледі.
7. 153-бет. Бұл арада әңгімені «Таң» журналынан көшіріп басты-
рушы адам: «қарсы бетінен» деген сөзді өзінше «қарсы беттен» деп
өзгертіпті. Мағыналық жағына нұқсан келетін болғандықтан да әуелгі
нұсқасы қалпына келтірілді.
8. 153-бет. «Жемін» деген сөз «жерін» боп жаңсақ басылып кетіпті.
9. 153-бет. Бұл арада «малтығып» деген сөз «алқынып» деп қате
оқылған, сол «алқынып» деген күйінше көп томдыққа енгізілген.
Дұрысы – малтығып. Сол сөз қалпына келтірілді.
10. 154-бет. Бұл арада араб әрпінен кирилл һарпіне көшірушіден
қате кетіп: «... көре салып, атын бұрын байлап келіп, жанталасып» –
деген сөз тіркесін: «... көре салып, атын бұрып, жанталасып байлап
келіп», – деп жаңсақ жазған. Мағыналық қалпына келтірілді.
Достарыңызбен бөлісу: