Пластидтер
Пластидетр тек өсімдік клеткаларында кездесетін органоид. Пластидтерде көмірсулардың біріншілік және екіншілік биосинтезі өтеді. Пластидтер үш түрге бөлінеді (16-сурет).
1. Лейкопластар - түссіз пластидтер, өсімдіктердің түссіз бөлімдерінде кездеседі. Лейкопластар арасында жиі кездесетін түрі – амилопласт. Амилопласта крахмал синтезделінеді және жинақталады.
Аминопластар вегетативті органдардың эпидермис клеткаларында, жемістерде және дәндерде кездеседі.
2. Хромопластар - сары, қызғылт-сары, қызыл, қоңыр түсті органоидтар. Олардың түсі құрамындағы пигменттермен (керотин, ксантофилл) байланысты. Гүлдер мен жемістердің түсі құрамындағы пигменттерге байланысты. Хромопластар каратиноидтардың қоры болып саналады.
3. Хлоропластар - жасыл пластидтер. Олардың құрамында хлорофилл және ксантофилл пигменттері бар. Хлоропласт хлорофилл арқылы күн сәулесінің жарық энергиясын пайдалана отырып бейорганикалық заттардан органикалық заттар синтездейді. Бұл процесті фотосинтез деп атайды. Фотосинтез реакциясын былайша көрсетуге болады:
6CO2 + 6 H2O = C6H12O6 + 6 O2
Барлық пластидтер бір-бірімен генетикалық байланысты болып, бір түрден екінші түрге ауысып отырады. Жоғарғы өсімдіктердің ұрық және меристема клеткаларында пластидтер екі қабығы бар түссіз пропластид түрінде кезедеседі. Пропластидтер даму барысында пластидтердің үш түрін бере алады.
Хлоропласт құрылысы жағынан пластидтердің ең күрделі түрі болып саналады. Хлоропласт сыртынан екі мембранамен қапталған. Ішкі мембрана матрикстің ішіне көмкеріліп ламелла деген құрылыстарды жасайды. Строманың ламеллалары жалпақ қапшықтар тәрізді: олар хлоропластардың ішкі мембранасымен тығыз байланысып, бір-біріне параллель орналасады.
Жалпақ, жабық мембраналы қапшықтар – тилакоидтар бірінің үстіне бірі орналасып, граналар түзеді. Бір гранада 50-ге дейін тилакоидтар бар. Хлоропластың барлық граналары өзара мембраналар арқылы байланысқан. Хлорофилл осы граналарда шоғырланғандықтан мұнда фотосинтез процесі жүреді.
Хлоропластардың матриксында нуклеин қышқылдары (ДНҚ, РНҚ), рибосомдар орналасады және крахмал, липид түйіршіктері кездеседі.
Лейкопласта тилакоид жүйесі нашар дамыған. Хромопласт лейкопластан өз бойына каратиноидтарды жинап пайда болуы мүмкін. Басқа жағдайда хлорофиллін жоғалтқан хлоропластан да қалыптасады. Сондықтан да хлоропластар құрылысы жағынан әр түрлі болып келеді.
Пластидтер бөлініп көбейеді.
Достарыңызбен бөлісу: |