Тірі организм тірі материяның ұйымдасуын қарастыратын тұтас жүйе: клетка – ұлпа – мүшелердің морфофункциональді бірлігі – мүшелер – мүшелер жүйесі.
Цитология – клеткалардың құрылысын, атқаратын қызметін, дамуын зерттейтін ілім. Грекше kytos – клетка, logos – ілім деген мағынаны білдіреді.
Цитология – анатомия, гистология, физиология, эмбриология, генетика, биохимия т.б. ілімдерімен тығыз байланысқа келіп, клетка физиологиясы, цитохимия, цитогенетика, цитоэкология, салыстырмалы цитология сияқты өзінің төл тармақтарын туындатты.
Цитологияда негізгі қолданылатын әдістердің бірі – клеткалар мен ұлпаларды әр түрлі микроскоптар арқылы зерттеу. Микроскоптар арқылы арнайы тәсілдермен дайындалған гистологиялық және цитологиялық препараттар зерттеледі.
Гистос – ұлпа, логос – ғылым (грекше) бұл терминді бірінші ұсынған неміс ғалым Мейер. Гистология – жануарлар организмінің ұлпасының құрылысын, дамуы мен тіршілік қабілетін қарастыратын ғылым.
Ұлпа – тарихи қалыптасқан клеткалар мен клеткааралық затының жиынтығы. Бұл ұлпаның құрамындағы клеткалардың құрылысы, қызметі, тегі бір болады. Барлық көпклеткалы жануарлардың түрлі мүшелерінің құрамында кездесетін ұлпаның негізгі 4 түрін ажыратамыз: эпителиальді, ішкі орта ұлпалары, нерв және бұлшық ет жүйесінің ұлпалары.
Жарық және электронды микроскопия гистологияның негізгі тәсілдері болып табылады. Қазіргі уақытта цитохимия, гистохимия әдістері жиі қолданады.
Ұлпалардың дамуын және қызметін зерттеу үшін авторадиография тәсілі қолданылады. Авторадиография радиоактивін элементтер көмегімен жүргізіледі.
Гистологиялық препараттарды жасау тәсілі
Зерттелетін мүшелер мен ұлпалардан ұсақ (1 см3) кесекшелерді алып бекіту (фиксация).
Бекітілген кесекшелерді ағын суға жуу.
Күштілігі өсе түсетін спирттерде сусыздандыру.
Кесекшелерді парафинде қатыру.
Кесекшелерден микротом арқылы кесінділер жасау.
Кесінділерді бояу.
Кесінділерді бальзамға қатыру.
Бекіту (фиксация) дегеніміз – ол химиялық немесе физикалық заттардың көмегімен клеткалардың ішкі құрылысын (химиялық және физикалық) бір қалпында сақтау. Фиксация белоктардың кері айналмайтын коагуляция нәтижесінде жүреді.
Бекіткіштер (фиксаторлар) екі топқа бөлінеді: жай және күрделі. Жай бекіткіш бір химиялық заттан тұрса) мысалы спирт, формалин), күрделі бекіткіштердің құрамына бірнеше химиялық заттар кіреді. Кейбір бекіткіштерден кейін ұлпа кесекшелерін сумен жуу қажет. Ұлпа кесекшелерін парафинге қатыру үшін алдымен оларды құрғату керек. Сусыздандыру күштілігі өсе түсетін спирттермен жүргізіледі. парафинге қатырудың алдында кесекшелерді аралық сұйықтарға (ксилол, хлороформ) салады. Одан кейін парафинді термостатқа ерітіп кесекшелерге құйып қатырады. Парафин кесектерінен микротомда жұқа (5-7 мкм) кесінділер жасайды. Ол кесінділерді заттық шыныға жапсырып бояйды. Боялған кесінділерді бальзамға қатырып үстінен жапқыш шынымен жабады. осы екі шыны арасындағы боялған ұлпа кесіндісін гистологиялық препарат деп атаймыз.