Оқытудың техникалық құралдары (ОТҚ-лар) – мұғалімге оқушыны оқу материалымен қамтуға, білімді еске сақтауына, қолдануы мен түсінуіне, оқыту нәтижесін бақылауға жәрдемдесетін құрылғылар (А.Ф. Меняев).
Өзектендіру – актуалдандыру (латынша actualis – шын, нағыз; іс-әрекеттік): 1) осы уақыт үшін маңызды, елеулі ету; 2) мүмкіншілікті шындыққа айналдыру. Бұл ұғым «білімді өзектендіру», «өзін-өзі өзектендіру» секілді сөз тіркестерінде қолданылады.
Парадигма - (грекше paradeigma – мысал, үлгі) – нақты ғылыми зерттеуді құрап, тарихтың белгілі бір кезеңінде ғылыми практикада көрініс табатын теориялық және әдіснамалық алғышарттар жиынтығы. П. тиісті білім саласы (пән) аясында проблеманы таңдауда негіз, зерттеу міндеттерін орындауда модель, үлгі рөлін атқарады.
Психоанализ, немесе фрейдизм – көрнекті веналық психиатр-дәрігер З. Фрейд (1856–1939) ауқымды клиникалық материал негізінде тұжырымдаған теория. Ғалым мен оның ізбасарлары бойынша адамның белсенділігі түйсікті түрткілерге, солардың ішінде, ең алдымен, жыныстық нәпсі (либидо) мен сақтану түйсігіне тәуелді. Алайда қоғамда түйсіктер жануарлар дүниесіндегідей еркін білінбейді, қоғам адамға көп тыйым салады, оның түйсіктерінің, немесе құштарлықтарының ашылуына «рұқсат етпей», адамның бұл сезімдерді басуына, тежеуіне мәжбүр етеді.
Рефлексия (латынша reflexio – бейнелену, бейне) – ойланушылық (толғанушылық), өзін-өзі бақылаушылық; адам санасының өзін-өзі білуге, ішкі жан дүниесін, психикалық жай-күйін тануға бағытталуы.