Ойлау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар. 1. «Логикалық есеп»
Балалар есепке ауызша жауап береді
Айгүлдің алдында үш зат тұр: шелек, доп, қуыршақ. Допты қозғамай шетіне қалай қоюға болады?
Үстел үстінде төрт алма тұр. Бір алманы алып ортасынан бөліп қайтадан қойды. Үстел үстінде неше алма болды?
Қоянға, түлкіге, аюға үш түрлі жалауша жасап берді – қызыл, сары, көк. Қояндағы жалауша қызыл емес, түлкідегі қызыл да, көк те емес. Кімнің жалаушасы қандай?
Бөлмеде екі орындық тұр. Әр қабырғаның жанында бір-бір орындық болуы үшін сол орындықтарды қалай қоюға болады?
2. «Ойлан да аяқта»
- ат шабады, ал қарлығаш ... (ұшады)
- ит үреді, ал қарға ... (қарқылдайды)
- жылан жорғалайды, ал балық ... (жүзеді)
- қасқыр ұлиды, ал қой ... (маңырайды)
- түйе боздайды, ал жылқы ... (кісінейді)
Есте сақтау қабілетін дамытуға арналған ойындар «Көңілді шеңбер»
Балалар шеңбер жасап отырады, бір-біріне мұқият қарайды. Жүргізуші белгі берген кезде балалар көздерін жұмады. Сол кезде жүргізуші отырған балалардың бірнешеуіне әр түрлі заттарды қыстырып қояды. (Гүл, орамал, бантик, көзілдірік). Балалар көздерін ашқанда не өзгерді? – деп сұрайды. Ең зейінді балаға ойыншық беруге болады.
«Ине мен жіп»
Жүргізуші: Мен иен боламын, ал сендер жіпсіңдер.
Сендер менің артымнан бір-бірлеріңнің белдеріңнен ұстап тұрыңдар. Қазір бәріміз алдымызда тұрған кедергілер арасынан үзілмей жүгіреміз. Кім жіпті үзсе сол ойыннан шығады.
Қабылдау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар «Гүл»
Балалар әр жерде отырады. Жүргізуші: Балалар біз бәріміз енді өсіп келе жатқан гүлдерміз. Күн шықты, гүлдер жайлап ашылып келеді(қолдарын созады). Кенеттен баяу жел соға бастады, гүлдер желмен жан-жаққа шайқалады (қолдарын жан-жаққа шайқайды). Бір мезгілде аспанға бұлт төніп, жаңбыр жауа бастайды, гүлдер тоңып, бүрісіп жабылады (қолдарын тізелерінің үстіне қойып бүрісіп отырады). Бір уақытта қайтадан кннің көзі күлімдеп шыға бастады, сол уақытта гүлдер де құлпырып, жайнап ашыла бастайды (балалар үлкен шеңбер жасап, бір үлкен гүл шоғына жиналады).