4. Жобаның ғылыми жаңалығы мен маңызы 2000 / 1003
1. Қазақстанның жалпы орта білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануы - еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық приоритеттерінің бірі.
Бүгінде Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін, оның ішінде жалпы орта білім беруді жетілдіру бойынша ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. «Қазақстан Республикасында 12 жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасы» [1], «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» [2] басты мақсаттарының бірі жалпы орта білім берудің мазмұнын жаңарту болып табылады. Бұл жаңа оқыту моделіне өтуге жағдай жасайтын білім беру жүйесін дамыту бағдарламасын талап етеді. Мұндай бағдарламалардың бірі - «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» [3].
Білім беру жүйесі әлеуметтік саланың құрылымдық құрамдас бөлігі болғандықтан онда болып жатқан өзгерістер қоғам өмірінің барлық аспектілеріне өз ықпалын тигізеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуы адам капиталының сапасы мен ауқымына тікелей байланысты. Көптеген шетелдік экономист-ғалымдар әртүрлі елдердің экономикалық даму факторларын зерттей келе, білім беру мекемелерінің сапалы да тиімді қызметі адам капиталын құрушы негізгі фактор, нақтырақ айтқанда, экономикалық дамудың қозғаушы күші екенін баса айтады. Адам капиталынсыз жаңа технологияларды енгізу, экономиканың инновациялық салаларын дамыту, ғылыми-техникалық прогресс нәтижелерін қоғамдық процесте қолдану мүмкін емес екені белгілі [4].
Қазіргі таңда қазақстандық орта білім беру жүйесінде педагогикалық болжам жасау бағытында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары, педагогикалық ЖОО-да болжамдық проблематикаларға байланысты ғылыми зерттеу курстары, болжам жасау саласының білікті мамандары және мамандандырылған ғылыми-зерттеу құрылымдары мүлдем жоқ деуге болады. Қазақстанда алдын ала қоғамдық экспертиза, бұқаралық талқылаусыз енгізілген жалпы орта білім беру саласындағы реформалар, білім беру қызметтерінің коммерциализациялануы педагогикалық қауымдастық пен халық арасында психологиялық қайшылық тудырып отыр. Білім беруді модернизациялау саласындағы қабылданған шешімдер жүзеге асырылу барысында көбіне концептуалды өзгерістерге ұшырайды, формалды-бюрократиялық формаға айналып кетеді, өйткені, қысқа және ұзақ мерзімді даму шегі алдын ала анықталмайды немесе есепке алынбайды. [5].
Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде және дүниежүзілік технологиялық ғасырда өмір сүріп жатқандықтан мультимәдениет, глобалды мәдениет трендінен алшақ кете алмайды. Футурологиялық теорияларға көбіне тарихи оқиғалар немесе түбегейлі өзгерістер жиі ықпал етіп отырады. Сондықтанда қазақстандық жалпы орта білім беру саласының болашағын болжамдау үшін мектептерде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар негізге алынып отыр. Қазақстанның TIMSS, PISA [6] сынды математика және жаратылыстану білім сапасы мен білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық зерттеуге қатысуы білім сапасының тәуелсіз әрі объективті бағасы және білім мазмұнын жаңарту сұрақтары бойынша негізгі шешімдерді қабылдауға арналған ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
2) Жобаның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңыздылығы:
Бір ғасырда 3-4 ұрпақ буыны қатар өмір сүреді, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас түзеді. Жобаның мақсатты нысаны жалпы орта білім беру саласы болғандықтан барлық буын ол жүйеден міндетті түрде өтеді. Сондықтанда бұл саланың даму тенденциясы мен динамикасын алдын ала болжау арқылы қауіптердің алдын алуға, мүмкіндіктерге жол ашуға болады. Бүгінгі күні қазақстандық қоғамда білім беру жүйесіндегі, мектептегі жаңартылған білім беру жүйесі мен оны ұйымдастыру мен басқарудың практикалық мәселелері бойынша іргелі зерттеулер жүргізу қажеттілігі пайда болып отыр. Себебі жалпы орта білім деңгейі экономикалық және ғылыми бастау нүктесі, демек, мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі.
Жалпы әртүрлі салаларға жасалған болжамдық тәжірибелер әлемдік деңгейде көпшілік тарапынан жақсы қабылданады. Айта кетсек, 1900 жылы американдық инженер Джон Элфрет Уоткинстің 100 жылдан кейін планетадағы өмір қалай өзгеретіні туралы болжамдары, футурологтар Ян Пирсон мен Патрик Такердің 2112 жылы әлемнің қалай құбылатындығы туралы болжамдары, білім беру саласынан Хан академиясының негізін қалаушы Салман Ханның 2060 жылы білім беру саласы қандай болады деген сауалға жасаған болжамы, отандық академик А.Құсаиновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім сапасы» атты аналитикалық еңбегі. Ұсынылып отырған жоба 2020-2040 жылдардағы қазақстандық жалпы білім беру саласының болашағын болжамдауға икемделген. Ол үшін:
Елдегі әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы даму тенденцияларын ескере отырып Z ұрпақтың қажеттіліктері мен талаптарына сәйкес келетін білім беру жүйесі мен оның жекелеген компоненттерінің даму сценарийлері жасалады;
Еліміздің экономика саласының жекелеген секторларының даму бағытына қарай болашақ сұраныс анықталады;
Форсайт 20+ нәтижелерін білім беру саласының дамуымен байланысты өзге салаларда да табысты қолдануға болады;
Білім беру саласындағы алдағы 20+ жылда кездесуі мүмкін негізгі проблемалар анықталады, білімді ұрпақ дайындауға, білім беру жүйесін жақсартуға байланысты практикалық кеңестер беріледі;
20+ болжамдық прогноз жасау ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық тенденцияларды мониторингтеу негізінде, сондай-ақ білім беру саласының перспективалық дамуын эксперттік және аналитикалық бағалау іс-шаралары жиынтығы арқылы жүзеге асырылып, болашаққа бағдар жасалып, ол мүдделі тараптардың қатысуымен талқыға салынады. Мұндай диалог ҚР білім беруді дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ортақ қоғамдық келісімге келуге ықпалын тигізеді.
3) мәлімделген зерттеудің (ғылыми бағдарламалар үшін) маңыздылығы мен қажеттілігін негіздеу үшін білімнің сәйкес салаларының трендері кіретін ғылыми және технологиялық қажеттіліктер (қажет болған жағдайда әлеуметтік сұраныс және экономикалық және индустриалды қызығушылықты қосу);
Z ұрпақтың сұранысын қанағаттандыру үшін альтернативті қызмет көрсетулер түрлерін болжаудың қажеттігі артады. Болашақ мамандықтары мен оқушылардың қай салаға бейімділігін анықтау арқылы ата-аналарға, жалпы қоғамға дұрыс бағыт бағдар беру мүмкіндігі бар. Сұранысты қанағаттандыратын трендтегі мамандықтарды сұрыптай отырып, мектептік білім бағытын сол салаларға басымдылық беруге қарай бұруға мүмкіндік туады. Жалпы еліміздегі білім беру саласында 2020 жылға дейінгі модернизация толқыны жүріп жатыр. Халықаралық академиялық ортада Қазақстан ЖОО-ның Болон декларациясына қол қою және үш деңгейлі дайындық жүйесіне көшуі үлкен резонанс болды. Білім беру сапасын бағалаудың бірегей ұлттық жүйесі, аккредиттеу, саралау, тестілеу институтын дамыту, қазақстандық оқушылардың TIMSS және PISA белгілі халықаралық зерттеулеріне қатысуы құрылды. Осылайша, көп жағдайда қазақстандық жоғары білім беруді дамыту траекториясы өзгерді. Дегенмен, жалпы орта білім беру саласының межесі әлі де анық емес.
4) Алынған нәтижелердің ғылым мен технологияның дамуына әсері және күтілетін әлеуметтік және экономикалық әсері (ғылыми-зерттеу жұмыстарының, ғылыми-техникалық әлеуеттің деңгейіне, ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының бәсекеге қабілеттілігіне; күтілетін нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар).
Ұсынылып отырған жобалық зерттеу нәтижелері заманауи ғылым мен әлеуметтік-философиялық танымның прогностикалық мүмкіндіктерін түсіну үшін маңызды.
Нақты болжамдар мен жобалық зерттеу нәтижелері қоғамдағы футурологияның мәні мен маңызы туралы түсінік қалыптастырады, заманауи футурологияның ғылыми статусын анықтап, оны тануда қолданылатын ұғымдық (понятийный) аппаратты қалыптастырады.
Футурологиялық зерттеу қорытындыларының әдіснамалық және дүниетанымдық талдамасы орта білім беру бағытының болашағын анықтауда, стратегиялық жоспарлауда қолданылауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жоспарлау және басқару саласының мамандарына экономика, саясат, әлеуметтік сфералардағы қолданбалы міндеттерді шешудің тиімді әдістері мен мүмкіндіктері туралы нақты түсінік бере алады. Зерттеу материалдары болашақты болжаудың әлеуметтік-философиялық негіздері бойынша арнайы оқу курстарын құрастыру үшін қолданылуы мүмкін.
Қазақстандық білім беру нарығы жағдайында туындаған реформалардың төрт призмасының үйлесуі: глобалдық трендтер, қазақстандық реформалар, мектептік білім, Z ұрпақ.
+20 жылдық нақты болжам жасау мүмкін емес, бірақ дамудың қандай негізгі бағыттарына таңдау жасалатынын саралап көруге болады. Сол үшін орта білім беру траекторияларының сценарийлік үлгі-моделі ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |