Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет10/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23
IX тарау
КОРОЛЬ ТВАЛА
Лууға дейінгі саяхатымыз туралы бажайлап баяндаудың қажеті бола
қоймас деп ойлаймын. Біз Сүлеймен патша салғызған, кең əрі даңғыл
жолмен Кукуан елінің ішкі өлкелеріне қарай бойлап, тура екі күн
жүрдік.
Алға қарай жылжыған сайын жер бедері көріктене түсті. Топырақтың
құнарлылығына орай егінжай, бау-бақшалар да көбейген үстіне көбейе
берді. Краальдердің де арасы жиіледі. Бұл мекенжайлар түгелдей біз
алғаш көрген краальдің үлгісімен салыныпты жəне барлығында да
үлкен гарнизондар бар екен.


Кукуан елінде зұлыстар мен мазаилар тайпасындағыдай, қару ұстауға
жарарлық еркек атаулы түгел жауынгер саналады. Сондықтан соғысқа
аттаныс кезінде де, қорғаныс кезінде де, халық тайлы-таяғы қалмай
тегіс қару асынады.
Жол үстінде бізді лек-легімен сап құрған мыңдаған жауынгерлер
басып озды. Бұлардың бəрі де Лууда жыл сайын өткізілетін салтанатты
шеруге асығып барады екен; шеру соңынан үлкен мереке болады
дейді. Мен өмірімде мұншама көп, мұншама айбарлы əскер көрмеген
едім.
Сапардың екінші күні кешке қарай жол үстіне, шағын төбешік басына
аял жасадық. Міне, осы арадан біз көк желекке бөленген құнарлы
өңірді жəне оның қақ ортасына орналасқан Луу қаласын көрдік.
Луу – бұрын көзіміз үйренген түземдік қалалармен салыстырғанда, өте
үлкен шаһар екен. Менің шамалауымша, Кукуан астанасы іргелес
салынған краальдермен қосып есептегенде аумағы бес мильдей жерді
алып жатыр. Ал қаламен қосылып кеткен əлгі краальдарда үлкен
мерекелер кезінде астанаға жиналған əскерлер орналасады екен.
Луудың солтүстік бетінде, қаладан екі мильдей жерде таға іспеттес
иіліп біткен биік шоқы көрінді. Кейін біз бұл шоқымен жақсылап
танысуға мəжбүр болдық.
Қала аса көрікті жерге орналасыпты. Біз Сау-ханша тауының
беткейінде тұрып тамашалаған мол сулы үлкен өзен шаһарды қақ
жарып өтеді екен, кенттің қарама-қарсы қабақтағы бөліктері əлденеше
рет көпір арқылы өзара байланысып жатыр.
Алыста, бізден алпыс-жетпіс мильдей жерде теп-тегіс кең жазықта
үшбұрыш іспеттес кейіпте орналасқан биік үш тау көрінеді. Басын ақ
қар, көк мұз басқан, қия жартас, биік шыңды меңіреу сеңгірлер етегі
жайпақ, беткейі түйетайлы, Сау-ханша тауына мүлде ұқсамайды.
Біздің бұл тауларға əуестене қарағанымызды аңдаған Инфадус:
– Бұл тауды біздің ел «Үш сиқыршы» деп атайды. Даңғыл Жол сол
таудың етегіне жеткенде бітеді, – деді.
– Неге дəл сол арада бітеді? – деп сұрадым мен.


– Кім білсін, – деді кəрі жауынгер иығын қиқаң еткізіп. Сəл бөгелді де,
сөзін əрі қарай жалғастырды. – Бұл тауда үңгірден көп нəрсе жоқ.
Содан соң онда аумағы үлкен, түбі терең алып құдық бар. Баяғы
заманның дана адамдары өздері осы өлкеден іздеп келген нəрселерін
сол арадан табады екен. Осы таудың қойнауындағы «Ажал сарайына»
біз өзіміздің корольдерімізді жерлейміз.
– Ал бұл араға баяғының дана адамдары неменеге келіпті? – деп
сұрадым мен оның сөзін асығыс бөліп.
– Мен қайдан білейін, тақсыр. Көктегі жұлдыздардан жерге кеп түскен
сіздердің өздеріңіз білуге тиіссіздер ғой мұны, – деді Инфадус өткір
жанары жарқ ете бізге қарап.
Сірə, өзінге белгілі жайларды дабыралағысы келмейтін тəрізді.
– Айтқаның айна-қатесіз рас, – дедім мен. – Біз жұлдыз тұрғындары,
сіздер білмейтін көп нəрсеге қанықпыз. Мысалы, мен баяғы заманда
жасаған дана адамдар ана тауға жалтыраған əдемі тастар мен сары
темір іздеп барыпты деп естідім.
– Əмірші ием – асқан кемеңгер жан, – деді Инфадус салқын үнмен. –
Онымен салыстырғанда мен əлі ес білмейтін кішкене сəбидей
ғанамын, сондықтан бұл тəрізді нəрселер төңірегінде əңгімелеуге
ақылым жетпейді. Тақсыр, корольдің мекенжайына жеткен соң бұл
туралы кəрі Гагуламен сөйлесуіңе болады, өйткені Гагула да өздерің
тəрізді елден асқан дана.
Сөйдеді де, Инфадус бізді оңаша қалдырды. Сол сəтінде-ақ достарыма
қарадым да, алыста өркештеніп тұрған тауға қарай қолымды создым:
– Сүлеймен патшаның асыл тас қазған кеніші ана таудың бір жерінде.
Менің сөзімді сэр Генри мен Гудтың қасында тұрған Омбопа да естіді.
Соңғы кездерде оның үнемі ойға батып жүретінін, ұмытшақ, алаңғасар
боп кеткенін аңдаған едім. Бізбен де өте сирек сөйлесуге айналған.
– Иə, Макумазан, – деді ол маған қарап, зұлыс тілінде. – Асыл тастар
анық сол арада. Оны қолдарыңа түсіретіндерің тағы анық. Өйткені


сіздер, ақ адамдар, ақша мен жылтыр тас дегенде жандарыңды
үзесіңдер.
– Ол тауларда асыл тас барын сен қайдан білесің? – дедім мен дік етіп.
Оның мінезіндегі құпия өзгеріс күмəнымды қоздырған, ал үнемі
тұспалдап сөйлеуі жыныма тие бастаған. Омбопа күлді:
– Мен мұны бүгін түнде түсімде көрдім, о ақ адамдар! – деді ол.
Сосын қалт бұрылды да, бізден аулаққа кетті.
– Біздің қара түсті досымыз бұл сөзбен не айтқысы келді? – деді сэр
Генри. – Өзі қандай пиғылда? Күмəн жоқ, ол бірдеңе біледі, бірақ
онысын бізден жасыруды жөн көріп жүр. Айтпақшы, Куатермэн,
соның өзі біздің қосшылардан менің... менің інім жөнінде ештеңе
естіген жоқ па екен?
– Өкінішке қарай, ештеңе естімепті. Осы уаққа дейін өзі достасып
үлгерген адамдарының бəрінен сұрастырса керек. Бірақ бұрын бұл
елде ешкім ешқандай ақ адамды көрген емес деген жауап алыпты.
– Ініңіздің осы араға жетуі мүмкін деп қалай ғана ойлайсыз? – деді
Гуд. – Біздің өзіміз өлмес себептердің арқасында ғайыптан келдік емес
пе. Басқаны былай қойғанда, қолында карта жоқ, жүрер жолдың
жобасын қайдан таппақ?
– Білмеймін, – деді сэр Генри түнеріп. – Бірақ маған, əйтеуір, түптің
түбінде інім табылатын сияқты көрінеді де тұрады.
Біз əңгімелесіп тұрған кезде ұясына қонған күн жайлап көкжиектен
асып, көзден тасаланды. Əп-сəтте жер бетін қараңғылық бүркеді. Бұл
бойлықта ақшам деген болмайды, сондықтан күндізгі жарықтың бірте-
бірте алакөлеңке тартып барып, жайымен түнге ұласуы – бұл өлкеге
жат құбылыс. Демі үзілген кісінің бойынан бірден жан кететіні тəрізді,
күн батысымен-ақ меңіреу түн орнайды.
Күн көкжиектен асқан мезетте төңіректі көзге түртсе көргісіз
қараңғылық жапқан еді. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Аздан соң батыс
көкжиекте бозамық жарық пайда болды, содан соң жарқыраған ақ
сəуле көрінді. Көп ұзамай күмістей жарқыраған, он бесінен толған


дөп-дөңгелек ай біз тұрған қырқа белді, алдымызда жатқан кең
жазықты, бүкіл төңіректі тегіс сүттей аппақ, жан жадыратар майда
нұрға бөледі.
Біз алдымыздан айқара ашылған сұлулыққа көзіміз тоймай, үнсіз,
тілсіз қалыпта тебіреніп көп тұрдық. Асқақ көркімен аспанда
жарқыраған сансыз жұлдыздардың бəрін басып кеткен, меңіреу,
тұңғиық түнді тылсым сырға толтырған, жүрегімізді жаңаша
соқтырған, көңілімізді күйге, арманға бөлеген күміс айдың сырлы
сəулесін сипаттауға кімнің тілі жеткен.
Менің өмірім қиындық, күрес үстінде өтіп келеді, азапты да, михнатты
да көп көрдім, бірақ жер бетінде өмір сүргенім үшін жаратушыға
алғыс айтар рақат мезеттер де көп болды. Соның бірі – Кукуан елінде
жаңа туып келе жатқан айды алғаш тамашалаған сəтім; бұл əсем сурет
көр аузына барғанша есімнен кетпес.
Менің ойымды Инфадустың үлкен ізетпен айтқан сөзі бөлді.
– Егер тақсыр иелерім дем алып болса, – деді ол, – жолға шығар едік.
Əмірші иелерімді Лууда қабылдауға арнайы үй əзірленіп қойылыпты.
Ай сүттей жарық, жүрсек, жол сорабынан жаңылмаймыз.
Біз аттануға келісім бердік. Бөгелмей сол сəтінде жүріп те кеттік.
Арада бірер сағат өткенде Лууға да жетгік. Жақындап келгенде қала
бізге бұрынғыдан да үлкен сияқтанды. Сырттағы күзетшілер жаққан
мың сан от қоршауындағы шаһар бейне бір алаулы шеңберге
бөленгендей көрінеді.
Ұзамай терең ор арқылы сыртқы дүниеден бөлінген бас дарбазаның
алдына кеп тоқтадық. Іште қарулардың сылдыры естіледі.
Сақшылардың басшысы бірдеңе деп айғайлады. Инфадус паролін
айтқан соң (нендей сөз екенін мен дұрыстап аңдай алмай қалдым)
сақшылар сардарды танып, сəлем берісті. Қақпа ашылып, көпір
түсірілді, біз шаһарға ендік.
Шалғын шөптен тоқылған сансыз лашықтарды жағалап, орталық
көшенің бойымен жарты сағаттай жүрдік. Ақыры бізді бастаған
Инфадус қиыршық тас төселген шағын ауланы қоршалай орналасқан
бір топ лашыққа ертіп əкелді.


Аулаға кеп кірген соң Инфадус мына “жапырайған балағандардың”
бізге арналған мекенжай екенін мəлімдеді.
Кісі басына жеке-жеке лашық əзірленіпті. Біз кеше түнеген лашықтан
əлдеқайда жақсы. Əрқайсысының ішінде хош иісті шөптен жасалып,
сыртынан иленген терімен қапталған, аса жайлы бір-бір төсек тұр.
Төсек жанына ішіне су толтырылған үлкен қыш құмыралар қойылған.
Біз келгенде кешкі ас əзір екен. Жуынып болар-болмаста бірнеше сұлу
қыз ішке кіріп, бас ие еңкейіп, қошамет көрсетті де, алдымызға ағаш
аяқтарға салынған қуырдақ, қарма етіп пісірілген жүгері нанын қойды.
Үлкен тəбетпен алдымыздағы асты сыпырып-сиырып жеп алдық.
Содан соң бар төсек бір үйге көшірілсе екен деген тілек жасадық.
Сақтық шарасы. Сүйкімді жас ледилер жымиып күлісті де,
айтқанымызды орындады. Ұзақ жолдан сілеміз қата шаршаған екеміз,
сол бетте төсекке құлай-құлай кеттік. Жастыққа басымыз тиер-
тиместен тегіс ұйқыға енсек керек.
Оянсақ, күн көтеріліп қапты. Бізге күтушіге тағайындалған, жалған
қылымсудан ада қызметші келіншектер лашық ішінде отыр екен.
Корольдің қабылдауына бару алдында біздің киініп, тарануымызға
көмектесуге тиіс көрінеді.
– Киінуге көмектеспек, – деді Гуд күңкілдеп. – Жалғыз жейде мен
жалаң бəтеңкені киюге қанша уақыт керек. Тыңдаңызшы, Куатермэн,
айтыңызшы мыналарға, менің шалбарымды əкеп берсінші.
Мен Гудтың тілегін орындадым. Бірақ бұл қасиетті киімдер қазір
корольдің алдында тұр деген жауап алдым. Ал корольдің өзі бізді түске
дейін қабылдамақ көрінеді.
Жас ледилердің бізге қарайламауын өтіндік те (бұл ісімізге олар қатты
таңырқап əрі ренжіп қалды) барымызды кидік. Мүмкіндігінше
жыртық-жамауымызды жасырып, сырт көзге тəуірірек боп көрінуге
тырысқамыз.
Əрине, Гуд оң жақ бетін қырды, шыдамай сол жақ бетіндегі күйектей
боп тұрған ұзын жарты сақалды да қырып тастағысы келіп еді, еркіне


жібермедік, үгіттеп, өйтіп-бүйтіп əрең көндірдік. Сэр Генри екеумізге
келсек, біз жақсылап жуынып, тарандық та қойдық. Сэр Генридің
ерапайсыз өсіп кеткен алтындай сап-сары шашы иығына түсе төгіліп
тұр. Осының нəтижесінде оның түрі көне датқа бұрынғыдан əрмен
ұқсай түсті. Ал менің үнемі келте алынып тікірейіп тұратын бурыл
шашым, əдеттегіден екі есе артық ұзарған еді.
Таңертеңгі асымызды ішіп болысымен, баптанып отырып шылым
шегіп алдық. Содан соң үстімізге Инфадус келді де, егер көңіліміз
қаласа, король Тваланың бізді қабылдауға дайын екенін хабарлады.
Біз корольге кейінірек, шаңқай түске таман барғымыз келеді дегенді
айттық. Ұзақ жолдан шаршап қалыппыз дедік, біраз тынығуымыз
қажет дедік, əйтеуір, толып жатқан үлкенді-кішілі сылтау таптық. Бұл
жабайылармен істес болған кезде үнемі осындай мінез таныту қажет.
Шақырған жеріне қолма-қол барсаң, айтқан сөзін бөгеліссіз
орындасаң, өз құныңды өзің түсіресің, өйткені бұлар сенің
сыпайыгершілігіңді қорқақтыққа, əлжуаздыққа балайды.
Сондықтан корольді көруге Тваланың өзінің бізді көруге
құмартқанынан кем асықпасақ та, кездесу сəтін соза түстік.
Үйде тағы бірер сағаттай отырдық. Бірақ уақытты текке жібермей,
өзіміздің болмашы дүниеміздің ішінен корольге лайық сый əзірледік.
Сондағы бар тарту-таралғымыз Вентфогель сорлының винчестері мен
болмашы моншақ еді. Винтовканы аз ғана оғымен ұлы мəртебелі
корольге, ал моншақтарды оның əйелдері мен сарай қызметкерлеріне
лайықтадық. Бұдан бұрын Инфадус пен Скрагга екеуі бізден осындай
моншақтар алып, қуаныштары қойнына сыймай мəз болған еді;
мұндай сəнді дүниелерді бұл елде бұрын-соңды ешкім көрмепті.
Ақыры біз қабылдауға баруға əзір екенімізді білдірдік. Басшымыз –
Инфадус, қосшымыз – тарту-таралғылары-мызды көтеріп келе жатқан
Омбопа.
Бірнеше жүз ярд жүрген соң дəл біздің лашықтарымыздың
сыртындағыдай, бірақ одан елу-алпыс есе ұзын, шамасы, алты-жеті
акр жерді қоралап жатқан шарбақ дуалға жеттік. Қоршау ішінде
шарбақпен жапсарласа, қатар-қатар тізілген лашықтар көрінеді, бұл –


король əйелдерінің үйі екен. Бас дарбазаның алдында, кең алаңның қақ
төрінде елден ерек еңселі үлкен лашық тұр. Ұлы мəртебелі тақсырдың
король сарайы осы боп шықты. Ал алаңның өзі иін тіресе сапта тұрған
мың сан əскерден көрінбейді.
Біз қасынан өткен шақта олар тас мүсіндей қақшиып, тілсіз, қимылсыз
сіресе қалды. Бас киімдеріне қадалған қауырсындары желбіреп,
найзаларының сүңгісі күнге жарқырап, буйвол терісімен қапталған
темір қалқан асынып тұрған қара нөпір қолдың кескіні қаншалық
айбарлы, қаншалық əсерлі екендігін тілмен айтып жеткізу қиын.
Алаңның ашық бөлігіндегі король сарайының алдында бірнеше сəкі
тұр екен. Инфадустың нұсқауы бойынша соның үшеуіне үшеуіміз
отырдық. Омбопа біздің желкемізде тұрды. Ал Инфадустың өзі король
шығар есіктің алдына барды.
Бүкіл алаңды шыбынның ызыңы естілердей өлі тыныштық жайлаған.
Ұлы мəртебелі тақсырды он минуттай күттік. Осы он минут уақыт
бойы біздің үсті-басымызды, өне бойымызды сегіз мың адамның он
алты мың көзі əуестене, тінте қараумен болды. Шынымды айтсам,
хəліміз кісі сүйсінерліктей емес еді, бірақ біз өңменнен өткен мың сан
көздің өзімізге мүлде қатысы жоқтай қалып таныттық.
Ақыры зəулім лашықтың үлкен есігі айқара ашылды да, сыртқа
кердеңдей басып, иығына жолбарыс терісінен тігілген əдемі жақы
жамылған алып денелі қара дəу шықты; оның соңынан Скрагга жəне
бет терісі быжыр-тыжыр сірі боп, сүйегіне жабыса қатып қалған, тері
шапанға оранған, маймыл тəрізді əлденендей махлұқат көрінді.
Қара дəу сəкілердің біріне кеп отырды да, Скрагга оның артына тұрды.
Ал бет-аузы қатпар-қатпар маймыл төрт тағандап жорғалап, лашық
шатырының етегінен түскен көлеңкеге барып жүрелей отырды.
Өлі тыныштық ауада əлі тұнып тұр.
Кенет қара дəу иығына желбегей жамылған жақысын сыпырып тастап,
орнынан атып тұрды. Бұл жантүршігерлік көрініс еді. Алдымыздағы
жүрек айнырлықтай қалың ерінді, танау тесіктері сəңірейген талпақ
мұрынды, ашу мен ыза қайнаған жалғыз көзді, ал екінші соқыр көзі
қап-қара боп үңірейіп тұрған, алып денелі құбыжық – жалмауыздың


нақ өзі тəрізді. Өмірімде мұншалық жиіркенішті, мұншалық зəрлі,
мұншалық əщады пішінді адам көрген емеспін. Қара дəудің қауғадай
басында түйеқұстың аппақ қауырсынынан жасалған айдар желбірейді,
кеудесіне жарқ-жұрқ еткен аппақ көбе киген; беліне жəне оң жақ
тізесіне ұшын салбыратып ақ буйволдың құйрығын орамыштап
қойыпты. Мойнына алтын сымдардан есілген жуан шеңбер киген, ал
маңдайында өңделмеген үлкен гауһар қоңырқай түспен алаулана
жарқырайды. Қолына ұзын, ауыр найза ұстаған.
Біз сол мезетінде-ақ біле қойдық: бұл қорқынышты адам – король
Твала екен.
Тыныштық келер сəтте ғана бұзылды. Король лып еткен шұғыл
қимылмен қолындағы найзасын жоғары көтерді. Бұған жауап ретінде
сегіз мың қол да өздерінің сегіз мың найзасын жоғары көтерді, сол
сəтінде сегіз мың ауыздан шыққан құттықтау сөз естілді. “Куум!”,
“Куум!”, “Куум!” деді жауынгерлер салтанатты сəлемді үш мəрте
қайталап. Жер-дүниені жаңғырықтырған бұл айқайдың күшін тек
күннің күркірімен ғана теңестіруге болатын шығар.
– Құлдық ұрыңдар, о, пенделер! – деді шатыр көлеңкесіндегі маймыл
отырған жерден шыққан шіңкілдеген дауыс. – Бұл – король!
– Бұл – король! – деді сегіз мың адам жаңғырықша қайталап. – Құлдық
ұрыңдар, пенделер, бұл – король!
Алаңды тағы да өлі тыныштық жайлады.
Кенет тыныштықты бұза, алаңға жайылған қиыршық тасқа
соғылысып, даңғыр еткен дауыс естілді. Сол жақ қанатта тұрған
жауынгерлердің бірі аңдаусызда қолынан қалқанын түсіріп алған екен.
Твала өзінің жалғыз көзімен қалқаны жерге түскен жауынгер тұрған
жаққа тесіле қарады.
– Əй, бері кел! – деді күркіреген ызғарлы үнмен. Саптан сымбатты,
жап-жас жігіт шықты да, корольдің
алдына кеп тұрды.
– Қалқанын қолынан түсірген епетейсіз ит сенбісің? Жұлдыздардан
келген жат жерлік адамдардың алдында менің абыройымды төккен
мына сен бе? Бұлай етуге қалай ғана батылың барды?


Байғұс баланың өңі қаншалықты қара десек те, боп-боз боп кеткенін
анық байқадық.
– О, Қара Сиырдың Торпағы, – деді жас жауынгер тұтыға сыбырлап. –
Кездейсоқ түсіріп алдым.
– Енді осы кездейсоқ ісіңнің кінəсін қанмен ғана жууға тиіссің. Сен
мені жұрт алдында ақымақ қылдың. Өлімге əзірлен!
– Мен небары корольдің өгізімін, – деді байғұс бала баяу дауыспен.
– Скрагга! – деді король гүж етіп. – Көрсет маған қару жұмсауға
қаншалық машықтанғаныңды. Мына епетейсіз итті жер қаптыр.
Жүзінде ызалы мысқыл ойнаған Скрагга алға шықты да, найзасын
жоғары көтерді. Бейшара бала қан-сөл жоқ, бетін қолымен басып,
қимылсыз тұр. Ал біз болсақ, бойымызды үрей буып, қатып қалған
едік.
Скрагга найзасын екі мəрте толғап алды да, жас жігітті көкіректен
салып қалды; соққының қаттылығы сондай, найза кеудені тесіп өтіп,
сорайып қос жауырынның ортасынан бір-ақ шықты. Табан астында
жан тапсырған байғұс бала қолы ербең етіп, ұшып түсті. Сапта тұрған
əскер арасынан алыстан шыққан күн күркірінің əлсіз жаңғырығындай
гу еткен наразы үн естілді де, тына қалды.
Не болғанын аңдап үлгергеміз де жоқ, қанды трагедия қорқыныштан
шындыққа айналды. Аяғымыздың астында бейшара жас жауынгердің
қанға батқан өлігі жатыр. Сэр Генри ашу буып, орнынан атып тұрған
еді, жұрттың бəрінің ұнжырғасын түсірген тыныштық оның да еңсесін
басса керек, қайтадан орнына отырды.
– Найзагер екенсің, – деді король жайыменен. – Өлікті алып кетіңдер!
Саптан төрт адам шығып, жас жауынгердің өлі денесін көтеріп əкетті.
– Қан ізін жасырыңдар, қан ізін жасырыңдар! – деді манағы маймыл
іспеттес махлұқат шіңкілдеп. – Король айтты – үкім орындалды!
Лашық сыртынан қолына қыш құмыра ұстаған қыз шықты.
Құмыраның іші толған құм екен, қалың етіп сеуіп, қанның бетін
бүркеді.
Бойын ыза кернеген сэр Генри қалшылдап, өзін шаққа ұстап отыр.
Жалынып-жалпайып əрең бастық.


– Құдай үшін тыныш отырыңыз! – дедім мен оған сыбырлап. – Біздің
бар өміріміз өзімізді қаншалық ақылмен ұстағанымызға, мінез-
құлқымызға байланысты.
Шынында да солай екенін түсінген сэр Генри бойын билеп алды.
Жаңа ғана болған трагедияның қанды ізіне құм себіліп жатқан шақта
Твала үнсіз түнерген күйінде отыра берген. Алайда шаруасын
тəмамдаған қыз өз жөнімен кеткен соң бөгелмей, бізге қарап сөйледі.
– Ақ адамдар, қайдан келгендеріңді, не үшін келгендеріңді білмеймін,
бірақ сəлемімді қабыл алыңдар!
– Саған да сəлем, кукуандар королі Твала! – дедім мен.
– Ақ адамдар, сендер қайдан келдіңіздер жəне біздің елден не іздеп
жүрсіңдер?
– Біз Кукуан жерін көру үшін жұлдыздардан түстік. Қалай түскенімізді
сұрап əуреленбе.
– Осындай кішкене ғана елді көру үшін соншама ұзақ жол
жүріпсіңдер. Ал мына адам да жұлдыздан түсті ме? – деді сосын
Омбопаны көрсетіп.
– Иə, ол да жұлдыздан түсті, – дедім мен. – Көкте де сен өңдес адамдар
бар. Бірақ, король Твала, түсінуге шамаң келмейтін нəрселер туралы
бізден сұрама.
– Жұлдыз адамдары, сендер, менімен өте батыл сөйлесіп тұрсыңдар, –
деді Твала. Корольдің бұл сөздерді айтқан кездегі дауыс əуені маған
онша ұнай қоймады.
– Бірақ ұмытпаңдар, жұлдыздар алыста қалды, қазір жерде тұрсыңдар.
Ал егер жаңа ғана денесін осы арадан алып кеткен адамға
жасағанымды сендерге де жасасам, қайтесіңдер?
Онша күлкі қысып тұрмаса да, қарқ-қарқ күлдім.
– О, король! – дедім сосын ызбармен. – Байқа! Аяғым бырысып
күймесін десең, ыстық тастың үстінен жүрме, қолым қанға боялмасын
десең, найзаны сүңгісінен емес, сабынан ұста. Егер менің, не менің
достарымның бірінің бір тал шашын жел үрлесе, сен сол сəтінде ажал
табасың! Əлде сенің адамдарың, – дедім мен сөзімді одан ары жалғап,
Инфадус пен жаңағы байғұс баланың қанын сүртіп, найзасын тазалап
жатқан сұмырай Скрагганы көрсетіп, – айтпады ма, біздің кім
екенімізді? Өзің бұрын-соңды мынандай адамды көрдің бе? – дедім,


содан соң Гудты нұсқап. Əрине, бұл сөзді оның өмірінде мұндай
адамды көрмегеніне, көруі мүмкін еместігіне сенгендіктен айттым.
– Жоқ, сендердей адамдарды ешқашан көрген емеспін, – деді король.
– Əлде нөкерлерің айтпады ма, біздің қу далада тұрып-ақ ажал себе
алатынымызды?
– Айтты, – деді король. – Бірақ мен оған сенбеймін. Соны қалай
жасайтындарыңды өз көзіме көрсет. Анау жақта тұрған
жауынгерлердің бірін өлтір, – король қарсы бетке нұсқады, – сонда
ғана сенем.
– Жоқ, – дедім мен. – Біз нақақтан-нақақ қан төкпейміз. Адамды
сондай жазаға лайық қылмыс жасаса ғана өлтіреміз. Егер біздің күш-
құдіретімізге анық көз жеткізгіңіз келсе, қызметшілерің краальға өгіз
айдап əкелсін. Осы алаңмен жиырма қадам жер жүрместен
жалпасынан түсірейік.
– Жоқ, – деді король күліп. – Кісі өлтір. Кісі өлтірсең ғана сенем.
– Жақсы, король! Мейлі, сенің айтқаның-ақ болсын, – дедім мен
сабырмен. – Алаң арқылы крааль қақпасына қарай жүр. Сол қақпаға
жетпей-ақ жер қабасың. Егер өзің барғың келмесе, ұлың Скрагганы
жібер.
Шынымды айтайын, дəл осы сəтте жалғыз оқпен бұл сұмның жанын
жаһаннамға жібергеннен артық лəззат жоқ еді мен үшін.
Бірақ менің сөздерімді естіген бетте Скрагга зəресі ұша бақырып,
лашыққа қарай тұра қашты.
Твала маған тəкаппар кейіпте қарады да, қабағын шытты: ұсынысым
көңіліне жақпағаны анық еді.
– Бір өгізше айдап əкелсін, – деді содан соң қызметшілеріне.
Екі қызметші бұйрықты орындау үшін аяғы аяғына жұқпай зыр
жүгіріп ала жөнелді.
– Енді, – дедім мен сэр Генриге қарап, – сіз атыңыз. Біздің ішіміздегі
сиқыршы жалғыз мен емес екенімді көрсін мына қарақшы.
Сэр Генри бөгелместен қолына винтовканы алып, құлағын қайырды.


– Мүлт кетпесем жарады, – деді содан соң жан-жағына қаранып, ауыр
күрсініп.
– Алғашқы жолы тимесе, қайтара атыңыз, – дедім мен. Межені жүз елу
ярдқа қойып көздеңіз. Өгіз көлденең тұрғанда ғана атыңыз.
Тағы да тыныштық орнады.
Кенет крааль қақпасынан ішке еніп келе жатқан бұқа көрінді. Ішке
желіп кіргенімен, алаң толы көп халықты көрген соң жұртқа
мағынасыз көзбен үркектей қарап, тұра қалды. Содан соң қалт
бұрылып, өкіріп жіберді.
– Атыңыз, – дедім мен сыбыр етіп.
Құлақты жара тарс етіп атылған мылтық даусы естілді. Сол сəтінде-ақ
бұқаның тыраң етіп құлағанын жұрттың бəрі көрді.
Жарылма оқ тура қара қабырғадан тиген екен, жануар аяқтары
ербеңдеп, дір-дір етіп барып сұлық қалды. Айдалада тұрған бұқаның
сеспей қатқанына куə болған жұрт əрі таңырқап əрі зəресі ұша тынып
тұр.
Мен міз бақпаған күйде корольге қарадым.
– Қалай, король, мен өтірік айтқан ба екем?
– Жоқ, ақ адам, сенің айтқаның шын болды, – деді Твала, мына
құдіретке табынған үрейлі үнмен.
– Тыңда, Твала, – дедім мен сөзімді сабақтап. – Біздің кім екенімізді өз
көзіңмен көрдің. Енді біліп қой, біз мұнда соғыс емес, бейбітшілік
іздеп келдік. Қара! – Мен қолымдағы винчестерді жоғары көтердім. –
Біз құсап сен де, осы қуыс түтікті таяқпен қаһарың түскен жанды
өлтіре аласың. Тек есіңде болсын, мен мұны дуалап қойдым. Егер осы
сиқырлы таяқты адам баласына қарсы жұмсамақ болсаң, сенің өзің
өлесің. Тұра тұр! Мен саған тағы бірдеңе көрсетейін.
Жауынгерлеріңнің бірі бізден қырық қадам ары барсын да, қолындағы
найзасын сүңгінің жалпақ бетін бері қаратып, сабынан жерге тігіп
келсін.
Айтқан сөзім қас-қаққанша орындалды.
– О, король, енді қара. Осы арада тұрып мен ана найзаны талқан етем.


Мұқият көздеп тұрып, атып қалдым. Қақ ортасынан тиген оқ сүңгіні
шылпара қылды.
Алаң тағы да үрей мен таңдану аралас үнмен гу ете түсті.
– Солай, Твала. Біз саған мына сиқырлы түтікті тарту етеміз. Мезгілді
уағы болғанда оны қалай пайдалану керегін өзім үйретем, – дедім де,
мылтықты корольге ұсындым. – Бірақ жұлдыз тұрғындарының
сиқырлы қаруын жердегі адамдарға қарсы жұмсаудан сақтан! – дедім,
винчестерді оның қолына беріп жатып.
Король біздің сыйымызды сақтықпен қолына алды да, ептеп қана
аяғының астына қойды. Міне, дəл осы мезетте мен манағы маймыл
іспеттес махлұқаттың көлеңкеден шығып, бері қарай жүргенін
аңдадым. Махлұқат төрт аяқтап жорғалап, король отырған жерге келді.
Содан соң бойын жазып, артқы екі аяғымен тұрды да, үстінен өне
бойын жапқан тері шапанын сыпырып тастады.
Содан ғана білдім, бұл махлұқат – түрінен жан шошырлықтай албасты
кейіпті адам, дəлірек айтсақ, қаусаған кəрі кемпір екен.
Бар терісі кəріліктен тыртыса кеуіп, сүйегіне жабыса қатып қалған.
Аумағы алақандай ғана беті сап-сары; айқыш-ұйқыш терең
əжімдерден көрінбейді. Еріннің белгісі де жоқ, аузы ішке қарай
омырылып кеткен; қу сүйек үшкір иегі ауызға жапсарласа сорайып,
алға шығып тұр. Мұрын деген атымен жоқ. Маңдайы жез сияқты, сап-
сары боп жалтырап тұр. Егер аппақ қастың астынан адамның
өңменінен өте қараған ақылды, үлкен қара көздері оттай жайнап
тұрмаса, бұл кемпірдің беті күнге күйіп, кеуіп, тыртысып қалған
өліктің бетінен айырғысыз болар еді. Ал бастың өзіне келсек, төбеде
бір тал шаш көрінбейді. Сарғыш түсті быжыр-тыжыр тері кобраның
күлəпарасының қабығындай, бір жазылып, бір жиырылып, жыбырлап
түр.
Құбыжық кемпірдің түріне көзіміз түскен сəтте қорқыныш пен
жиіркеніш сезімі бойымызды қатар билеп, еріксіз тітіркендік.
Кемпір бір сəт қимылсыз тұрды. Содан соң саусақтары ұзын,
тырнақтары жыртқыш құстың тұяғындай боп сорайып өсіп кеткен, қу
ағаштай қатқан тарамыс қолын оқыс жоғары созып, корольдің


иығынан ұстады да, жіңішке, ащы дауыспен айқайлай сөйлеп қоя
берді.
– О, король, тыңда мені! Үніме құлақ тігіңдер, о, жауынгерлер! О асқар
тау, кең дала, шалқар өзен, бүкіл Кукуан Елі, сөзіме бақ! Тыңда мені,
көк аспан мен жарық күн! Тыңда мені нөсер жауын, алапат дауыл,
бұлыңғыр тұман! Тыңдаңдар мені еңбектеген бала, еңкейген кəрі, əйел,
еркек, жігіт-желең, қыз-келіншек! Ана құрсағында жатқан сəби, көр
қойнында жатқан аруақ, сендер де тыңдаңдар! О дүниеге кеткен
өлілер, жер басып жүрген тірілер, тегіс естіңдер сөзімді. Тыңдаңдар!
Менің бойымда өмір рухы бар, сондықтан мен болашақ туралы айтам.
Мен сəуегейлік жасаймын! Сəуегейлік жасаймын!
Соңғы сөздер əлсіз күңіреніп барып тынды. Тұрған жұрттың бəрінің
бойын қорқыныш биледі. Біздің де бойымызды үрей буды. Шынында
да бұл – жан шошырлық көрініс еді.
– Қан! Қан! Қан! Дария боп аққан қан! Жер беті толы қан! – деді
кемпір қайтадан күңіреніп. – Көзбен көріп тұрмын, иісін сезіп тұрмын,
дəмін біліп тұрмын – ащы қан! Жер бетімен қызыл күрең тасқын боп
ағады, көктен қызыл ала нөсер боп төгеді.
Дүңк! Дүңк! Дүңк! Бұл – ақ адамның аяқ басқан дыбысы. Алыстан
келеді бұл ақ адам! Басқан ізінен жер солқылдайды оның! Жер,
құдіретті, күшті жердің өзі иесінің алдында дірілдейді, тітірене
шошиды!
Қызыл қан, алқызыл қан қандай жақсы! Жас қанның иісіне жетер не
бар бұл жалғанда! Арылдаған арыстан обыға жалайды бұл қанды,
шаңқылдаған жыртқыш құстар оған қанаттарын малшылап, шаттық
əнін шырқайды!
Мен кəрімін! Кəрімін! Мен өз өмірімде талай рет қан көрдім. Көп қан
көрдім. Ха! Ха! Ха! Бірақ өлгенге дейін бұрынғыдан да көп,
бұрынғыдан да мол қан көрем. Дария боп толқыған қанды көргенде
жүрегімді қуаныш, жүзімді шаттық билейді! Мені қанша жаста деп
ойлайсыңдар? Мені сендердің əкелерің білетін, сендердің əкелеріңнің
əкесі білетін, олардың əкесі, олардың əкелерінің əкесі тағы білетін.
Мен ақ адамды бұрын да көргем. Оның пиғылын білем. Мен кəрімін,


бірақ мына таулар менен де кəрі. Айтыңдаршы, қане, Даңғыл Жолды
салған кім? Жартастағы бейнелерді сызған кім? Анау тауда, – кемпір
біз кеше назар аударған қия жартасты биік үш шоқы жақты нұсқады, –
құдықтың басында біздің елге қарап отырған үш Тұнжырды орнатқан
кім? Сендер білмейсіңдер, мен білем! Сендер дүниеге келерден көп
бұрын бұл жерде ақ адамдар болған. Олар тағы да келеді. Келеді де,
бəрінді жалмап жейді. Өлесіңдер бəрің де! Құрисыңдар бəрің де! Иə!
Иə! Иə!
Бұл ақ адамдар мұнда неге келді? Бұл Қаһарлы, Дана, Құдіретті
адамдар, алғанынан қайтпайтын, күшке мығым, сиқырға жетік
адамдар не іздеп келді?
О, король! Маңдайыңдағы сəнге таққан ана жалтылдаған тас қайдан
шықты? О, король! Кеудеңе киген темір киімді кімдердің қолы
жасады? Сен білмейсің, мен білем! Мен – Қария, мен – Дана, мен –
дəулескер сиқыршы изанузи!
Содан соң ол жыртқыш құстың басына ұқсаған үшкіл иекті
жұдырықтай басын біз жаққа бұрды.
– О, жұлдыздан түскен... иə, иə, – жұлдыздан түскен ақ адамдар, неге
келдіңдер мұнда? Жоғалған кісіні іздеп жүрмісіңдер? Бұл жақтан ол
табылмайды. Біздің елде ол жоқ! Бағзы, бағзы заманнан бері біздің
жерімізге ақ адам аттап басқан емес. Біреуі келіп еді, оның өзі өлім
айдап кетіп қалған бұл өңірден. Сендер жалтыр тастар үшін келдіңдер.
Қандарың құрғаған кезде табасыңдар ол тастарды. Бірақ келген
жақтарыңа қайтасыңдар ма, əлде менің қасымда қаласыңдар ма? Ха!
Ха! Ха!
Ал сен, тəкаппар кейіпті, қоңыр өңді, мына сен, – кемпір өзінің қу
сүйек саусақтарымен Омбопаны нұсқады, – кімсің? Не іздеп келдің?
Əрине, жарқылдаған тас, жалтыраған сары темір емес саған керегі –
мұның бəрін сен “жұлдыздан келген ақ адамдарға” тартасың. Мен сені
білетін сияқтымын. Жүрегіңдегі қанның иісін сезетін сияқтымын.
Мучаңды сыпыр!
Кенет аузы-басы қисайып, езуінен ақ көбік ағып, қояншығы ұстады да,
құбыжық кейіпті махлұқат бүктетіле құлап түсті.


Қызметшілер көтеріп алып, кемпірді лашыққа əкетті. Король дір-дір
етіп орнынан тұрды да, қолын сілтеп қалды. Сапта тұрған
жауынгерлер қатарларын бұзбастан рет-ретімен сыртқы қақпаға қарай
беттеді.
Арада он минут өткенде қаңыраған, абажадай алаңда король, оның
нөкерлері жəне біз ғана қалдық.
– Ақ адамдар! – деді король. – Сендердің бəріңді де өлімге байлау
қажет деп ойлаймын. Гагула таң қаларлық əрі қорқынышты сөздер
айтты. Не дейсіңдер?
Мен күлдім.
– О, король, сақ бол! Бізді өлтіре салу оп-оңай емес. Жаңа бұқаны не
істегенімізді көрдің ғой. Қалайша сенің өзің де сол кепті кигің келеді?
Твала қабағын шытты.
– Корольді қорқытпас болар, – деді ол түнеріңкі үнмен.
– Біз қорқытпаймыз, шындықты айтамыз. О, король! Бізге қастандық
жасап көр, күнің не болар екен!
Қара дəу қолын маңдайына тіреп, ойланып аз отырды.
– Жүре беріңдер, – деді содан соң. – Бүгін кешке мерекелі зікір
болады. Келіп көріңдер. Мен қапияда тиіседі деп қорықпай-ақ
қойыңдар. Сендерді не істейтінім турасында ертең ойланам.
– Жақсы, король, – дедім мен немқұрайды қалыпта. Орнымыздан
тұрдық та, өзіміздің краалімізге қарай беттедік. Шығарып салу үшін
Инфадус бізбен бірге жүрді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет