Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


ҚАШАҒАН МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚАБИБОЛЛА СЫДИЫҚҰЛЫНЫҢ ЕҢБЕГІ



Pdf көрінісі
бет39/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   65
Байланысты:
28.12.2021-zhinak 2

ҚАШАҒАН МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚАБИБОЛЛА СЫДИЫҚҰЛЫНЫҢ ЕҢБЕГІ 
Сәрсенқызы А. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 1-курс магистранты 
Ғылыми жетекші: 
Қамарова Н.С. 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
Ақтау, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Қашаған Күржіманұлының 
мұрасын зерттеудегі белгілі әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықұлының еңбегі сөз 
болады. Қазақ әдебиетн зерттеуде зертеуші еңбегінің мол екендігі айтйлып, әсіресе 
Маңғыстау ақын-жыраулар шығармашылығын зерделеудегі, Қашаған ақынның мұрасын 
байыптаудағы жемісті еңбегіне баға беріледі.
Түйін сөздер:
қазақ әдебиетінің зерттелуі, Қабиболла Сыдиықұлы, жыраулар 
поэзиясы, Қашаған Күржіманұлының мұрасы. 
Қабиболла Сыдиықұлы – ауыз әдебиетін, ақын-жыраулар мұрасын шашауын 
шығармай жинаған ғалым. Ғалымның артына қалдырған мұрасы талай іргелі зерттеулерге 
негіз болып келеді. Ақын-жыраулар мұраларын зерттеушілердің бірегейі Қабиболла 
Сыдиықұлы әдебиет тарихына және әдебиет теориясына қатысты құнды әрі көлемді 
еңбектер жазды. М.Мағауиннің «Алдаспанынан» кейін әдебиет әлемінде «творчестволық 
резонанс» тудырған Қабиболла Сыдиықұлы тұтас ғұмырын ұмыт болуға айналған Батыс 
өңірінің ақын-жыраулар мұрасын қайта жаңғыртып, «өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге» 
арнады. Тіпті, бірқатар профессор, ғалымдардың тарапынан оның еңбектері Мәшһүр 
Жүсіптің фольклорлық жинақтауларымен пара-пар деп, ал өзі Батыстан шыққан «екінші 
Зейнолла Қабдолов» деп бағаланды. Қабиболланың ғылыми дәрежесі кандидаттықпен ғана 
шектелгенімен, небір академиктер атқаратын жұмыстарды атқарып кетті. Бұған оның әдеби, 
ғылыми зерттеу еңбектері, атап айтқанда, «Ақын-жыраулар», «Топан», «Ақберен», «Ерте 
дәуірдегі қазақ әдебиеті», «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Көркемдік өрнектер», «Бес 
ғасыр жырлайды» т.б. және фольклорлық экспедициалары туралы көл-көсір естеліктер 
айқын дәлел бола алады.
Қабиболла Сыдиықұлы Маңғыстау аталатын қазыналы түбектің «дастандар 
дариясын», «жыр дариясын», «сөз дариялары» мен «күй дарияларын», «өлең және өнер 
дарияларын» зерттеу мен жинақтау ісіне көп еңбек сіңірді. Әсіресе, мұхиттан маржан 
тергендей бұл орасан зор еңбектің ішінде жыр дүлділі Қашаған Күржіманұлының өмірі мен 
шығармашылығына арналған зерттеу жұмыстарының орны бөлек. Ел арасында ауызша тарап 
келген, «бұрын әдебиет тарихында оқта-текте аталғаны болмаса, түбегейлі зерттелмеген» 
[1;5] Қашаған жырларының жазбаша нұсқасын архивтерде шаң басып жатқан жерінен ең 
алғаш болып зерттеп, зерделеп, қағазға түспеген нұсқаларын тірнектеп жүріп жинап, 
бірқатар мақалаларында талдай жүріп, кітап етіп бастырған, расында, осы Қабиболла 
Сыдиықұлы болатын.
Екі бірдей алып – М.Әуезов пен З.Қабдоловтан білім алған, ғылыми жетекшілігінде 
болған Қабиболланың Қашаған жырауды зерттеуі оның ғылыми еңбек жолының қайнар 
бастауынан, сонау 1960 жылдардан басталған. Бірінен соң бірі мерзімді баспасөз беттерінде 


134 
жарық көрген мақалаларынан ғалымның Қашаған мұраларын зерттеу ісіне жан-жақты әрі 
белсене кіріскені байқалады. Бұл ретте, зерттеушінің 1964 жылғы «Қашаған ақынның өмірі 
туралы деректер» [2] мақаласын, 1965 жылғы «Ақын мұрасы: Қашаған ақын 
шығармашылығы» [3] мақаласын, 1966 жылғы «Қашаған ақынның дастандары» [4], 
«Қашаған туралы деректер» [5], «Қашаған жырларындағы сатиралық мотивтер» [6], 
«Қашаған ақынның «Топан» дастаны» [7] секілді мақалаларын атауға болады.
Расында, Қ.Сыдиықұлын Қ.Күржіманұлын зерттеушілердің көш басында тұр деп 
есептеуге толық негіз бар. Ақын Фариза Оңғарсынованың: «Мен, Астанадағы академиялық 
ұлттық кітапханадан Қашаған шығармасын таба алмадым. Екі күн іздеп, әрең дегенде осы 
Ақтауда тоқсаныншы жылдары компьютер шықпай тұрған кезде баяғы типографияда 
Қабиболла ағаның шағын ғана алғы сөзімен басылған он бес-жиырма өлеңін тауып алдым» 
[8;20], -дегеніндей, қай уақытта да Қашағанды іздесек, Қабиболлаға кезігеміз, онсыз Қашан 
шығармаларына бойлап, ене алу мүмкін емес. 
Әсіресе, жас ғалым Қабиболла жүргізген зерттеу жұмыстарының ең басты ерекшелігі 
және артықшылығы – ақынның көзін көрген жыршылармен кездесіп, жыр-дастандардың 
белгілі-белгісіз нұсқаларын олардың өз аузынан жазып алуы. Бұл жайында оның 1974 жылы 
жарық көрген «Ақын, жыраулар» монографиялық еңбегінде [9] кеңірек сөз болады.
Қашағанмен замандас болған, оның көзін көрген, жырларын ауызша таратқан ақын-
жыршылар біршама. Соның ішінде Шадман Үсембаев пен Көшен Өсербаев та бар. 
Қабиболла осы екі кісімен де кездескен, өз ауыздарынан өлең-жырлар мен хикая-
дастандарды жазып алған. Қашаған ақынның немере інісі, жырларын жас күнінен ақынның 
өз аузынан жазып алып, жаттап өскен Көшен Өсербаев (1901-1958) болатын. Көшенмен 
кездесуі туралы Қ.Сыдиықұлы былай деп жазады: «1954 жылы Маңқыстауда – Жетібай 
поселкесіндегі өз үйінде кездесіп, әңгімелескенімізде Көшен қарт бізге Қашаған туралы 
көптеген деректер айтты, біраз шығармаларының бізде жоқ нұсқаларын берді. Көшен 
денсаулығына байланысты жырды дауыстап айтудан гөрі жай қоңырлата айтып, білгенін 
жаза жинақтап сақтауды, жазбаша таратуды дағдыға айналдырады екен» [1;81].
Бұдан соң, Қашаған ақынның тағы бір немере інісі, өмір бойы ақын шығармаларын 
жырлап өткен Шадман Үсембаевпен (1900-1962) кездескені жайында да Қабиболла былай 
деп естелік қалдырады: «Біз Шадманмен 1962 жылы кездесіп, біраз әңгімелестік. Ол 
Қашаған шығармаларымен қатар ел арасына тараған хисса-дастандарды, ноғайлық 
жырларының көбін толғайды екен. Сол кездесуде бір түн Қашаған шығармаларын жырлатып 
тыңдағанымыз бар» [1;81]. Шадман Үсембаев сол жылы дүниеден озыпты. Қашаған ақын 
жырларын Шадман жыршының өз орындауында естіп, жазып алу бақыты Қабиболланың 
бағына бұйырыпты. Расында, Қабиболла болмаса, мұндай тың деректер ұмыт болып, 
ашылмай қалар ма еді, кім біледі!? Тіптен, К.Өсербаевтың жазбаша жинақтаған жыр-
дастандары да дер кезінде жарыққа шықпай, шашырап не жоғалып кетуі әбден мүмкін еді.
Қала берді, кейінгі буын зерттеушілерге де дем беріп, қай маңнан, қандай жырлардың 
хатқа түспей қалғанына сілтеме жасау да осы Қ.Сыдиықұлының К.Өсербаев аузынан жазып 
алған әңгімелерінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Мәселен, «Ақын, жыраулар» кітабында 
Көшен қарттың бір сөзінде былай дегені айтылады: «Қашекең жырды көп шығарған адам. 
Мен оның 1924-25 жылдары Астархань маңындағы қазақтар арасында советтік құрылысты 
насихаттап, Ленин туралы толғағанын, сондай-ақ домбырашы Тіней Тастемірге, Жәдігер 
Майлашқа шығарған жырын естіген едім. Оларды есімде сақтамаппын. Қазір білетін адамды 
кезіктіре алмай жүрмін» [1;83]. 
Міне, Қабиболла Сыдиықұлының Қашаған жырларын жинау жолы осындай дарынды 
кісілермен жүзбе-жүз кездесіп, түпнұсқаны теруден басталды. Алайда ғалым бұнымен және 
архив материалдарымен шектеліп қалған жоқ. Одан әрі Қабиболланың Ойыл, Сағыз, Жем, 
Жайық бойындағы, Маңғыстау түбегіндегі, Хорезм бойындағы елдерде, Түркменстан мен 
Қарақалпақстанда болып, фольклорлық экспедицияларға шыға жүріп, Абыл, Ақтан, Нұрым, 
Қалнияз, Қашаған, Аралбай т.б. ақындар мұрасын жинастырғаны белгілі. «Халық мұрасы – 
қымбатты қазынамыз» атты мақаласында ғалым сондай экспедицияларының бірінде 


135 
«Қырымның қырық батыры» жырының бір саласы – «Қарасай, Қази» жырының ұзақ 
нұсқасын қалай тапқаны жайында әңгімелейді. Бұл жырды орындап берген – 
Маңғыстаулықтардан бөлек, түрікмен, қарақалпақ елдеріне де аты мәлім Қобылаш жыршы 
екен. Қабиболла былай деп жазады: «Қашаған мен Ақтанның, Мұрат пен Түменнің, Сүгір 
мен Сәттіғұлдың толғауларын алуан сазға салып айтады. Біз Қобылаштан «Қарасай, Қази» 
жырының алты сағаттық нұсқасын жазып алдық. Оған бұл жыр Мұса, Шәдіман жыраулар 
арқылы жалғасқан. Олар Мұрын жыраудан үйреніпті. Мұрын «Қырық батыр» жырларын 
Нұрым, Қашаған, Мұрат ақындардан үйренгендігін айтады» [10;393].
Сөзсіз, Қабиболла «Қарасай-Қази» жырының алты сағаттық нұсқасына кездейсоқ 
ұшыраса салған жоқ. Жалпы Батыс өңірінің ақын-жыраулар мұрасының тарихы мен жету 
жолдарын анықтау Қабиболланың тынымсыз ізденісінсіз өте қиын, тіптен, мүмкін емес 
болар еді. 
Қашаған жайындағы қолда бар көп зерттеу еңбегінің әлқиссасы осы Қабиболланың 
зерттеулерінен бастау алады десек, қате айтқандық емес. Оған тағы бір дәлел – 
Қ.Сыдиықұлы Қашаған жырларының архив қазынасына жинақталған нұсқалары мен 
Маңғыстаудың тау-тасын кезе жүріп, «дала шежіресі – кәрі құлақ қариялар мен ақын, 
жыршылардың айтуынан» [11;6] пұшпақтап өзі жинаған нұсқаларын құр бастырып қана 
қоймай, оларды салыстыра отырып, реттеп, текстологиялық жұмыстар жүргізген.
Ең әуелі, ғалым алғаш 1950-1960 жылдары Ш.Үсембаев пен К.Өсербаевтан жазып 
алған жырларды да өзара салыстырып, баға береді. Ғалым Қашаған мұрасын зерттеуде және 
жариялауда Көшен еңбегі өте құнды деп есептейді. Себебі «...Көшеннен алынған 
шығармалар нұсқасы ақынның өз аузынан жазылған, өзге жыршының жамап, жасқауына 
кезікпеген» [1;81]. Ал жыр-дастанды ақыннан ауызша үйренген «...Шадман айтуынан 
жазылған нұсқалармен салыстырғанның өзінде де ауызекі айтылуда шығарманың көп 
өзгеріске ұшырайтындығы көрінеді. Қызу қанды жыршы Шадман көп ретте жыр 
жолдарындағы буын санын өсірерлік сөздер қосады, мазмұн-жүйесіне бұқараны баурай 
түспек оймен діни хикаялар, ру, тайпа тарихы хақындағы сөз тіркестерін қосып жібереді» 
[1;81]. Міне, бұл жазып алынған екі нұсқаны салыстырудың өзінен ғалымның өте мұқият, 
тыңғылықты еңбек еткені байқалады. 
Қашаған Күржіманұлының өмірбаяндық деректерін нақтылауда да Қ.Сыдиықұлының 
еңбегі зор. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының 
қолжазба қорынан Мұрын жыраудың, Қ.Жоламановтың, Ш.Үсембаевтің айтуымен жазылып 
алынған мәліметтерді тауып, саралап, ең соңында ақынның немере інісі Шадманның сөзін 
растайтын К.Өсербаевтың естілігін келтіріп, ақынның 1841-1929 жылдар аралығында өмір 
сүргенін анықтап кеткен [1;86]. 
Сондай-ақ Қабиболла Сыдиықұлы өз жинақтауларына ғана салыстырмалы зерттеу 
жұмыстарын жүргізумен шектелмейді. Бұған дейін жарияланған еңбектердегі ұшырасатын 
кейбір қателіктер мен жетіспеушіліктер туралы да айтады. Мәселен, «Әдебиет майданы» 
журналында жарияланған Қашағанның «Аралбайды жұбатуы» толғауы 17-ақ жол күйінде, 
жалпы жүйесіз берілгеніне тоқталады. Кейіннен Әдебиет институтының қолжазба қоры мен 
Ғылыми кітапхана қорындағы мәліметтерді жинақтай отырып, Аралбай ақынның өзімен 
біраз жыл жолдас болған М.Өтесінов деген кісінің нұсқасын тауып, өз кітаптарына жырдың 
толықтырылған нұсқасын енгізеді. 
Қ.Сыдиықұлы Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» аталатын 
еңбегінде «ақын өмірі мен творчествосы туралы кезінде материал тапшылығынан туған, 
үстірт пайымдаулар да ұшырасады» деп бағалайды. Оған бірнеше дәлелдер мен талдаулар да 
келтіреді. Ол, әуелі, Х.Сүйіншәлиевтің аталмыш еңбекке жыршылардың айтуымен өзгеріске 
түсіп, көркемдігі солғын тартқан Қашаған жырларының бірнеше нұсқасын алғандығын 
айтады. Автор көрсеткендей, Қашаған Аралбай, Жаскілең, Шернияз ақындармен айтысқа 
түспегендігін дәлелдерімен келтіреді. Мәселен, ғалымның Шерниязбен айтысы деп бергені, 
шындығында, Қашағанның Ізбаспен айтысы екенін анықтайды. «Топан» дастананың әр түрлі 
нұсқасы болып табылатын жырларды екі түрлі дербес жыр деп көрсеткендігін де ескертеді. 


136 
Тіпті, жыр жолдарындағы кейбір сөздердің де («Күлзипа – Күлзина, Мұғалжар – Мұңайжар» 
т.б.) өзгеріске ұшырағанын байқатады. Қорыта келгенде, Қабиболла мұндай қателіктерді 
болдырмас үшін «ақын мұрасын анық білетіндермен кезігу, жинақталған нұсқаларды 
салыстыру» керектігін ескертеді [1;85]. Ғалымның өзі де осы ұстанымға сүйене отырып 
еңбектенгеніне біз бүгінде куә болып отырмыз. 
Айтылып өткендей, ең алғашында шағын мақала көлемінде болса да, Қашаған 
Күржіманұлын дүйім жұртқа таныстырып, өлең-жырға сусап жүрген халықтың мерейін 
қандыра бастаған ғалым Қабиболла 1967 жылдың өзінде Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, 
М.Мағауиндермен бірге филология факультетінің студенттеріне арнап жасалған «Ертедегі 
әдебиет нұсқалары» атты хрестоматияны дайындау мәселесіне де қатысқан. Ғалым өзі 
жинаған Қашаған жырларының бір бөлігін осы еңбекте жариялаған. Кейін зерттеу 
нәтижелерінің толысуымен, ақын шығармаларының қолжазба жинағын әзірлеп, бірқатар 
жырларды алғаш рет 1972 жылы «Ақберен» [11] атты жинағында жариялаған еді.
Ең алғаш «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» «Топан» дастаны мен «Бастапқы сөз» 
толғауы жарық көрген болса, «Ақберен» жинағына бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген, 
ғалымның өзі жинақтаған бейтаныс жырлар енген. Олардың қатарында Қашағанның 
«Атамекен» жыры бар. Қ.Сыдиықұлы «Атамекен» дастанын 1928 жылы ақынның өз 
айтуынан үйренген інісі К.Өсербаевтан жазып алған [12;567].
Бұдан соң 1991 жылы шыққан екі бірдей жинақта – «Топан» мен «Алқаласа әлеумет» 
кітаптарында да көп жаңа жырлар жарияланған. Мәселен, «Сараң сұпыға», «Ұзатылып бара 
жатқан қызға берген батасы» жырлары 1964 жылы К.Өсербаевтан жазылып алынып, жазушы 
Қ.Мұханбетқалиевтің жинаған нұсқасы бойынша толықтырылып, алғаш рет осы жинақтарға 
енген. «Нұрым мен Қашаған» айтысы да бірінші рет осы жинақтарда жарияланған. Ғалым 
бұл айтысты 1968 жылы шежіреші, жыршы Қ.Боқановтың айтуынан жазып алған. «Адай 
тегі» дастаны мен «Бекес байға» толғауы архивтен алынып, толық күйінде алғаш рет осы 
жинақтарда басылған. Қ.Сыдиықұлы бұл жинақтарға енген «Қарасай-Қази» жырын 
(Ш.Үсембаев нұсқасы) Қашаған жыраудың өзінен жаттап үйренген Ш.Үсенбаевтың 
айтуымен хатқа түсірген. Тағы да, К.Өсербаевтың айтуымен жазылып алынған «Жұттан 
кейін», «Замана халі» толғаулары да бірінші рет аталмыш кітаптарда берілген [13;173-175]. 
Бұдан бөлек, Қ.Сыдиықұлы Қашаған жырларын жинастыруда Қ.Мұқанбетқалиұлы, 
С.Омарбеков еңбектеріне де сүйенген. 
Қабиболла бұл жырларды жинап, салыстырып, толықтырып қана қоймай, оларға 
әдеби талдау жұмыстарын да жүргізген. Алғаш болып, Қашаған жырларын идеялық-
мазмұндық, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан бірнеше тақырыптарға бөліп қарастырған. 
Атап айтқанда, сараң, дүниеқоңыз байлардың жиынтық образын беретін өлеңдер 
(«Оразалыға», «Байларға», «Томпы байды тілдеуі», «Көбентайдың Мұрынқұл», «Бекес 
байға», «Көптілеу байға айтқаны», «Қарашұбар ала ешкі»), надан молдаларды сынауға 
арналған өлеңдер («Есқали сұпыға айтқаны»), адамгершілікті насихаттайтын өлеңдер 
(«Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны»), өмір туралы толғаулары\ («Жетпіс беске келгенде», 
«Осы күн жолдас болдым сексенменен», «Қартайған шағында айтқаны», «Бұл өмірдің 
мысалы», «Бұл дүниеде не жетім?»), тұрмыс-салт тақырыбындағы өлеңдер («Аралбайды 
жұбатуы», «Қонақкәде», «Тойбастар», «Бата») және т.б. [13].
Қорыта келгенде, Қабиболла Сыдиықұлының Қашаған жыраудың мұрасына қатысты 
еңбектерін саралап қарайтын болсақ, ең әуелі, ол – жинаушы. Оның жинаушылығының да 
мәні үлкен. Ол, айтып өткеніміздей, Қашағанның ешқандай хатқа түспеген жырларын тапты 
және оны қағазға түсіріп, саралап, талдап, көптеген жинақтар мен антологияларда 
жариялады, ғылыми айналымға қосты. Сондай-ақ тек жинақтаумен ғана шектеліп қалмай, 
Қащаған жырларының идеялық-мазмұндық ерекшеліктерін, көркемдік ерекшеліктерін 
саралап көрсетті. Қашаған жыраудың әдебиеттегі орнын анықтады. «Бір тұяқ қалмай 
артымда» деп күрсініп өткен Қашағанның жоғын жоқтап, баба мұрасын жинап, кейінгіге із 
салып беріп кеткен Қабиболланың еңбегі – ешбір өлшемге сәйкес келмейтін құнды дүние. 


137 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Сыдиықұлы Қ. Бес ғасыр сөйлейді. – Алматы: Арыс, 2014. – 392 б. 
2. Сыдиықұлы Қ. Қашаған ақынның өмірі туралы деректер // Батыс Қазақстан. 23 
қыркүйек 1964. 
3. Сыдиықұлы Қ. Ақын мұрасы: Қашаған ақынның шығармашылығы // Коммунистік 
еңбек. 28 қараша 1965. 
4. Сыдиықұлы Қ. Қашаған ақынның дастандары // Қазақ тілі мен әдебиетінің 
мәселелері. V-шығуы, 1966. 60-77-бб. 
5. Сыдиықұлы Қ. Қашаған ақын туралы деректер // Қаз ССР Ғылым академиясының 
хабарлары. Филология сериясы. №2. 1966, 49-62-бб. 
6. Сыдиықұлы Қ. Қашаған жырларындағы сатиралық мотивтер // Қазақстан мектебі. 
№8. 1966. 
7. Сыдиықұлы Қ. Қашаған ақынның «Топан» дастаны // Коммунистік еңбек. 25 
қараша 1966. 
8. Қашаған – сөздің дүлділі (ғылыми мақалалар мен арнау өлеңдер және айтыс мәтіні) 
/ Құрас. Жайловов Б.С. – Алматы: Жазушы, 2013. – 320 б. 
9. Ақын, жыраулар (монография). – Алматы: Ғылым, 1985. – 256 б. 
10. Сыдиықұлы Қ. Атамекен. Таңдамалы өлең-дастандары мен толғаныс-эсселері. – 
Алматы: Арыс, 2006 б. 424 б. 
11. Сыдиықұлы Қ. Ақберен: XVIII-XX ғ. бас кезіндегі ақын, жыраулар шығармалары. 
– Алматы: Жазушы, 1972. – 222 б. 
12. Сыдиықұлы Қ. Ақберен: XVIII-XX ғ. бас кезіндегі ақын, жыраулар шығармалары. 
– Алматы: Нұрлы Әлем, 2007. – 576 б. 
13. Күржіманұлы Қ. Топан: Шығармалары / Құрас. Сыдиықұлы Қ.- Алматы: Жалын, 
1991. – 176 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет