Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция



Pdf көрінісі
бет42/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   65
Байланысты:
28.12.2021-zhinak 2

ЖАЗУШЫ ШЕБЕРЛІГІ 
Нәбиева Н.Т. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 3 курс студенті 
Ғылыми жетекші: 
Әбішева Ш.С. 
қауымдастырылған профессор м.а., ф.ғ.к. 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, 
Ақтау, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесінде 
кейіпкерлердің мінез-құлық, бітім-болмыс табиғатын ашуда, уақыт талабын, заман 
шындығын, кезең келбетін шынайы суреттеуде көркемдік амал-тәсілдерді ұтымды қолдануда 
қаламгер шеберлігі сөз болады. 
Түйін сөздер:
роман, бейнелеу тәсілдері, психологиялық талдау, кейіпкер, образ, 
идея, диалог, микро диалог, полилог. 
ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетіндегі өзекті тақырыптардың бірі – қазақ әйелінің 
тағдыры десек, оның көркем шығармадағы көрінісі де әрқилы тұрғыдан бейнеленді. Қазақ 
даласына енген жаңа қоғамдық қатынастардың әсері әйел өміріне, яғни оның отбасындағы, 
әлеуметтік ортадағы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі көзқарас, танымдарына қай дәрежеде 
әсер етті дейтін өзекті сұрақтарға М. Дулатов, С. Торайғыров, С. Көбеев, Т. Жомартбаев,
Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Б. Майлин т.б. қаламгерлер шығармаларында әр алуан жауаптар 
беріледі. 
Өз тағдыры үшін күресе жүріп, ар-ожданын барлық кедергі-кесепаттан қорғай білетін 
қазақ қыздарының тағдыры, «Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал», «Қорғансыздың күні» т.б. 
шығармаларда қайғылы халмен аяқталады. Алайда мұның өзінде қаламгерлер адам ар-
намысын қорлаған қоғамның кемшілігін ашық әшкере етуді мақсат еткендіктен, өлімді 
көркемдік мәнде пайдаланды. Себебі, бұл кейіпкерлердің өлімінің өзі қоғамға қарсылық, 
өздерінің бас бостандықтарына кедергі болғандардан жеңілмеудің жолы ретінде сипатталды.
Сөз зергері Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі қазақ қызының сүйгеніне 
қосылу бақытына қол жеткізу жолындағы тағдырын өзгеше суреттейді. Шығарма оқиғасы 
шегініс арқылы дамиды. Повесть басталғаннан-ақ жазушы, өз кезеңіндегі құрбы-құрдас, 
қатарластарынан сұлулығымен, өнерімен озған Күнікейдің қазіргі адам аярлықтай бейшара 
халін «Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен жексен шым қора, бейнеуі жоқ 
сұм қора. Шым қорада – жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса боп сүйегі, қалақтай боп 
иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ? 
Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп, бетпақ 
кезіп кеткендей, кимешегі қолқылдап қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы – жастық 
емес, кетпендей, сары төсек боп сарғайып – бұ жатқан қай әйел?» [1, 6-б.] – деп авторлық 
баяндау арқылы жеткізеді. 
Ауыр да аянышты күйдегі Күнікей тағдырына жазушы оқырман назарын еріксіз 
аудартады. Сөйтіп, шығарма түйінінен басталған кейіпкер өмірінің балғын шағын 
суреттеуден бастап, осы қайғылы халдің себеп-салдарын біртіндеп аша түседі. Жазушының 


146 
«...психологиялық талдауы адамның ішкі жан әлемін, адам организмінің биофизикалық 
күйінен бастап, ең жоғарғы интеллектіге дейінгі жайларды қамтиды. Қаламгер күрделі 
психологиялық құрылымдар түзілетін атомдарды, олардың арасындағы байланыстарды бір 
біріне кіріктіре, қоюластыра суреттейді. Ол бір психологиялық күйден екіншіге көшу 
процестерін қадағалайды» [2, 234-б.]. Сондай-ақ, жазушының кейіпкер табиғатын 
танытудағы тіл байлығына, сөз қолдану шеберлігіне Күнікейдің сыртқы болмысы мен 
жатқан жерінің сипатын ақ өлең түрінде өрнектеп, шегіне жеткізе суреттеген тұстарына тәнті 
боласың. «Жүсіпбек Аймауытовтың поэзияны қайдам, қарасөзге тайпалған жорға, бір сөзі 
бір сөзіне сәуле түсіріп, бір сөйлемі бір сөйлеміне шуақ шашып, бір ойы бір ойды қолтықтай 
қошеметтей жөнелетін төгілген ақындық» [3, 201-б.], – талантына, тілінің көркемдігіне, 
жазушылық шеберлігіне қай туыныдысы да дәлел бола алады.
Ақыл-пайымы айналасынан ерек, өнерпаз жас қыздың әрбір іс-әрекетін тәптіштей 
суреттеуде жазушы көркемдік тәсілдерді шебер қолданып кейіпкерінің толыққанды тұлғасын 
жасайды. Мәселен, анасы мен қызының кебіс жайлы екі ауыз ғана сөзі олардың алда тұрған 
сан түрлі қимыл-әрекетіне бастау болады. Мұндағы бір ғана «кебіс» ұғымы – диалогке 
қатысушы Күнікей мен Шекердің ғана емес, негізгі кейіпкердің бай қызы Шәмшимен, етікші 
Тұяқпен, тұтастай алғанда өзге адамдармен қарым-қатынасының табиғатына терең 
бойлайтын көркемдік кілт ретінде алынады.
Қызының «кебіс» туралы әңгімесі түрткі болған Шекердің Шәмши үйіне арнайы 
келіп, кебісті айналдыра қарап тұрғандағы кейіпкер таңданысын аңғартуда да жазушы ішкі 
диалогке жүгінеді. 
Повесте Күнікейдің мінез-қылық, іс-әрекеттері түгелдей Шекердің қатысуы арқылы 
дамиды. Сондай-ақ, ойындағысын жүзеге асыру ниетімен Тұяқты үйіне шақырған Шекер 
екеуінің аз ғана тіл қатысуында да болашақ үлкен оқиғалардың алғашқы арналары көрінеді. 
Шекер мен Күнікейдің де армандары асқақ. Олар толыққанды тіршілікке ынтық 
болғанымен, көздегеніне қол байлау боларлық нәрсе төменгі әлеуметтік топтың өкілдері 
екендігі. Мәселен, «Шекер кедейлікті, қорлықты, қойшыны бір сағат ішінде талақ қылмас па 
еді? Бірақ оған қолы қалай жетеді? Кім жеткізеді? Құдай ма? Бай ма?» [1, 14-б.], – деп 
жазушы өзінің авторлық ремаркаларында шебер суреттейді. 
Шекердің ендігі ойы – Күнікейге көшкенде мінетін дұрыс ат әперу. Повестің келесі 
тұстарында Шекер жылқышы Домбайдың да көңілін табуға тырысады, себебі белгілі. 
Мысалы:
«– Е, Шеке, жақсы ма? 
– Жақсы емей, жаман деймісің? 
– Атың келісіпті ғой. 
– Ой, құдай атқыр! Осынша жылқыдан бір тәуір мал қолыңа түспеді ме? – дегеннен-ақ 
Шекер мойнын бұлғаң еткізіп, көзін төңкеріп жіберді, іші білді, мұрт күлді. 
Шекер бірталай сөйлесіп, жымиып қайтты» [1, 19-б.]. Кейіпкерлерінің мінез 
қырларын, ым-ишарамен, белгілі бір сәттегі сезім күйлерін тапқыр әрі ұтымды, қысқа да 
мағыналы бейнелеуде диалогтің ерекше тәсілін жазушы өз мақсатына қарай сәтті 
пайдаланған. Көш үстіндегі Күнікейдің іс-әрекетін тәптіштей суреттеген жазушы 
кейіпкерінің өнерін өзгелерден артық көрсете отырып, өнер құдіретіне, табиғи дарынға 
ерекше мән береді. Ең жақсы киім (кебіс) киіп, ең таңдаулы деген ат мініп, ерекше сән-
салтанат иемденсе де, осы тұста бай қызы Шәмши Күнікейден көш бойы кем түседі. Күнікей 
әнінің құдіретіне елтіген Шәмшидің бір-ақ ауыз таңданыс сөзі осыны айғақтайды. 
Күнікейдің бойындағы әншілік өнерді көшпен келе жатқан көптің бағалауын бейнелеуде 
жазушы полилогтер арқылы береді. Демек, ән – кейіпкердің топтан ерекшелігін ашатын 
көркемдік деталь. Оны Күнікейдің өз сөзі, яғни ішкі диалогімен (құдай берген өнерді аяймын 
ба?), авторлық суреттеуімен шебер көрсетеді.
Жүсіпбек Аймауытов – шешен тілді шебер жазушы. Әсіресе, ол ән өнеріне келгенде 
бейнелі сөздерді шабыттана төгілтіп-төгілтіп жібереді. Ақ өлең болып құйылып кете беретін 
ұзақ сонар ырғақты сөйлемдерді «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқанның, повестегі Күнікейдің, 


147 
«Қартқожа» романындағы батыр жігіт Дәрменнің ән салған сәттерінен анық көреміз. 
Мәселен, «Күнікейдің аққудай сұңқылдап, күмістей сыңғырлап, бұлақтай сылдырлап, 
бұлбұлдай құбылтып, бұлқындай жұтынып, жүйкені босата, сүйекті шымырлата 
сырғанатқан, кестедей нақысты, ботадай сүйкімді, балдай тәтті, күндей сұлу әніне көш 
бойындағы қыз-бозбала, қатын-қалаш жиналып қалды», – деген жолдарды оқығанда 
жазушының тіл шеберлігіне тәнті болатынымыз күмәнсіз. «Мейлінше көркем, мейлінше 
айқын сөйлемдер әндетіп терме-жыр айтып отырғандай әсер береді» [4, 3-б.]. 
Бір көште осылайша танылып, өзгеден өресі биіктеген кедей қызының мерейі үстем 
болады. Мұндағы көш Күнікейдің өнерін сынға салатын, өзгеден ерекшелігін ашатын сынақ 
алаңы іспетті. Шығармадағы көш көрінісінде ерекшеленетін кейіпкер Күнікей болса, 
Байманның танылатын, ерекше қасиеттері сынға түсетін тұс Шәмшидің күйеуі келер сәті еді. 
Жазушы тойдың болар алды мен өту кезеңіне ерекше мән бере суреттейді. Ондағы негізгі 
мақсат – «сегіз қырлы бір сырлы» өнерпаз жігітті көрсету болғанын автор өзі де айтып өтеді.
Ж. Аймауытов шығармаларында кейіпкер тұлғасын сомдаудағы айта кететін бір 
ерекшелік – кейіпкерлердің мінез-қырларын, түр-сипатын, сыртқы келбет-кескінін басқа бір 
кейіпкердің байқауымен, саралауымен, көзімен, ой елегімен береді. «Шығарма 
қаһармандарын бір-бірінің көзімен көрсету, өзге кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-сипатын 
авторлық позициямен сәйкес бас кейіпкердің ой-сезімі арқылы бейнелеу – психологизмнің 
ұтымды тәсілдерінің бірі» [5, 92-б.]. Мұндай тәсілдерді Ж. Аймауытов шығармаларынан жиі 
ұшыратамыз. Жазушы шығармаларын талдау барысында мінездеудің бірнеше түрлерін 
диалог арқылы шебер даралайтынын аңғарамыз. 
Екі кейіпкердің диалогтері арқылы үшінші бір кейіпкердің мінезі ашылады. Мысалы:
« – Апа-ау, «бай» деп сәнденгені болмаса, күйеу бір топас екен ғой, – деді. 
– Неғыпты? 
– Зағипа тақиясын жұлып алып еді, қолға салып қалды. Зағипа ашуланып: «Аузында 
әзілі жоқтың, қолында тоқпағы бар» деген осы-ау, – деп еді. Сендей қызды солай сүй… 
үйрету керек деп қарап отыр. Бетімізден отымыз шықты. Сүйтсек, Күлтай көріп қапты: қақ 
төбесінде жалтыры бар екен. 
– Ойбай-ау! Таз десеңші! – деп Шекер мырс ете түсті» [1, 34-б.]. 
Бұл Шәмшидің күйеуі еді. Шекер сөзінің астарында мысқыл, келеке басым. 
Бақталастықтың та нышаны байқалып қалғандай. 
Әңгімедегі бір кейіпкердің репликасы арқылы екінші кейіпкердің мінезі беріледі. 
Мысалы: 
«– Көзі – дәл өлетін сиырдың көзі. Мұрны – Шолақтың күйген бармағы, аузы – талыс, 
өзі – аумаған Түйебай… – деп, сол елдегі сұмпайы біреуге теңгеріп, әбден іске алғысыз 
қылды. 
– Апа, қойшы, байғұсты сонша құлдыраттың ғой! – деп Күнікей ішек-сілесі қатып 
күлді» [1, 35-б.]. 
Көптің сөзінен бір кейіпкерге ортақ мінездеме де жасалады. 
« – Ал ендеше мен бастайын. 
– Е, бәрекелді!.. Ой, сабазым-ай!.. Топтың гүлі жаңа келді ғой!.. – деп өзінен өнер 
шықпайтын тоғышарлар қошамет қылысты» [1, 38-б.]. 
Автордың сырттай бейтарап суреттеуші ғана болып, әр кейіпкердің сырын оқушының 
өзіне аңғартуынан кейіпкерлердің репликалары арқылы біз Байманды ойын-тойдың гүлі, 
ұйымдастырушы, ұйытқысы ретінде танимыз. Ауыл жігіттерінің алды. Шәмшінің тойында 
көкпар тартыста, күресте балуандылығымен көрініп, құдалармен сөз жарыстарда, жерден 
күміс теңге алуда жеңіс басында Байман тұрды. Повесте ол Күнікейді шын сүйген жігіт 
ретінде көрінеді. Ж. Аймауытов диалогтеріндегі бір ерекшелік – көбіне авторлық 
ремарканың болмауы. Болса да сирек кездесуі. Жазушы өз тарапынан ремарканы көбіне 
кейіпкерінің қимыл-қозғалысын, ишара белгілерін, жест, түр-әлпеттерін танытуда диалогке 
қосымша мән үстеу үшін қолданады. Кейбір авторлық ремаркасыз берілген диалогтерден 


148 
оқырман кейіпкерлеріне еш қиындықсыз өз бағаларын бере алады. Олардың айтайын деген 
ойларын, ішкі сезім-қалтарыстарын алдын ала сезіп, топшылап отырады. Мысалы: 
«Күнікейдің: «Е, со ма?» деп жаратпағанын Байман байқаған да, елеген де жоқ. 
– Уа, Тұяқ біздің ағамыз болады, – деді. 
– Ағаңыз келіскен екен, – деп Күнікей ернін шығарды» [1, 42-б.].
Күнікейдің Байманның сөзін ұнатпай, Тұяқты айтқанда жақтырмай ернін шығаруы 
болашақ күйеуді менсінбеуі еді. 
Күнікейдің бойындағы албырт сезім оның Байманмен табысуы кезінде жаңаша мән 
алады. Әңгімедегі Күнікей мен Байман арасындағы диалогте бір-біріне ынтық жандар 
арасындағы сезім ағыстары нәзік бейнеленеді. Ол Байманды шын сүйді. Аз күн ойнап та 
күлді. Мұның бәрі адамның қуанышты бір сәтін бейнелейтін өткінші сезім ғана болатын. 
Шын мәнісінде Күнікей қайғылы, шерлі еді. Оның бүгінгі халінде де, болашағында да 
қуанатындай еш жақсылық жоқ-ты. Осы орайда, академик С. Қирабаев: «Күнікейдің жеңісі 
– ата-баба салтын бұзып, сүйгенімен қашып кетуі болса, жазығы – басына түскен тағдыр 
тәлкегі ауырып, төсек тартуы, еш пендеге керек болмай, тіпті сүйгені Байманның да бір 
кездегі алып ұшқан сезімін аяқасты етіп, жан жарасы мен тән жарасының ұласуы болды» [6, 
38-б.], – деп пайымдайды. 
Жалпы алғанда, Ж. Аймауытов шығармаларындағы өзгеше сөз саптау, тамаша тіл 
өрнегін айтпағанның өзінде, ол адам психологиясын тануға, танытуға, жан диалектикасын 
зерттеуге айрықша күш салады. Бұл ретте жазушы үш түрлі қағиданы берік ұстанғандығын 
көреміз. Біріншіден, жазушы суреттеген оқиғаның кезең көрінісімен, заман талабымен 
шынайы үндестік табуы; Екіншіден, тағдыр-талайын басынан өткерген кейіпкерлерінің 
сезім-күйлерін өз ой елегінен өткізе білетіндігі, сол арқылы оқырманына әсер етуі; 
Үшіншіден, олардың бір ғана сәттегі қуанышы мен қайғысын, жеңістері мен жеңілісті 
тұстарын авторлық баяндау, ішкі монолог, ой ағысы, ішкі диалог, диалог, полилог т.б. 
көркемдік тәсілдер арқылы тамаша бере білуі де суреткер шеберлігі екені ақиқат. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1997. – Т. 1.
2.
Бисенғалиев З. ХХ ғасыр басындағы қазақ романы. – Алматы: Өлке, 1997.
3.
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар: Қазақ қара сөзi жайында. – Астана: Таным, 2003.
4.
Нұрғалиев Р. Күретамыр. – Алматы: Жазушы, 1973.
5.
Базарбаев М. Әдебиет және дәуір. – Алматы: Жазушы, 1966.
6.
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. – Алматы: Ана тілі, 1993.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет