ХХ ғасыр басындағы абайтану ғылымының жүйеленуі туралы ғылыми еңбектер. Абайтанудың қалыптасу процесін кезеңдерге бөліп, әр
кезеңнің ерекшелігін нақты да жүйелі көрсеткен ғалымдардың бірі –
Е.Ысмайлов. Ол 1945 Абайдың 100 жылдығына арнап «Абайды зерттеу
жайында» деген тақырыпта жасаған баяндамасында мынадай үш кезеңді атап
көрсетеді. Олар: «Революцияға дейінгі кезең, революциядан кейінгі 10 жыл
(1923-1933), үшінші кезең Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы (1934 ж.)»
[3,6], – деп бөле қарайды. Абайтанудың тарихи тұрғыда қалыптасқан
кезеңдерін межелеуде белгілі ғалым М.Мырзахметовтің жүйелеген кезеңдерін
атап өткеніміз орынды.
Ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметов абайтанудың ХХ ғасырдың орта
шегіне дейінгі негізігі 3 кезеңді көрсетеді:
1. «Абайды танудың алғашқы кезеңі: ақын өлеңдерінің төңкеріске дейін
таралу жолдары; Абай мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушылар;
Абай мұрасының орыс тілінде танылуы;
2. Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуі: 1918-1926 жылдар және
1926-1940 жылдар аралығы;
3. Абай мұрасының 1940-1945 жылдар аралығында зерттелуі» [4,192].
Шындығында төңкеріске дейін бір желінің бойымен келе жатқан ой-
пікірлер 1917 жылға келгенде кілт үзіліп қалып, 1927 жылдан бастап жалғасын
тапты десек, абайтану тарихына қиянат жасаған болар еді. Өйткені төңкерістен
кейін де ұлы Абайдың мұрасын тану толастаған жоқ. 1918 жылы халқымыздың
аяулы ұлдары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің басшылығымен
Семейде «Абай» журналы шығып, онда «Екеу» деген бүркеншек атпен
екеуінің «Абайдың өмірі – һәм қызметі» деген мақаласы, ал 1922 жылы
М.Әуезовтің «Қоңыр» деген бүркеншек атпен «Абай – әдебиеттің басшысы»
деген мақаласы жарияланған болатын. Яғни төңкеріс алдындағы абайтанудың
таным-талғамдары төңкерістен кейін де (1923 жылға дейін) сабақтасып жатты.
Қойшығара Салғарин да «ақын мұрасын» зерттеушілерді үш топқа
(кезеңге) бөледі. «Біріншісі, Абайды өз жұртына дұрыс түсіндіріп,
таныстыруға бағытталған насихаттық мақсаттағы мақалалар. Екіншісі – Кеңес
өкіметінің алғашқы жылдарындағы, сол кезең рухына сай, Абайдың қай
таптың ақыны екені жөніндегі айтыстан туған дүниелер. Үшіншісі – Абайды
танып білуге бағытталған зерттеулер, ғылыми негіздегі талдауға құрылған
мақалалар» [5,127].
Зерттеушінің бұл топтауы абайтанудың атап өткен үш кезеңінен өзінен-
өзі шығып тұрғаны сөзсіз. Соныменен, абайтану тарихындағы Құдайберген
Жұбановтың өзіндік берекелі орнының аса маңызды тұсын «тайға таңба
басқандай» айқындау үшін, бірер сөзбен Қ.Жұбановқа дейінгі ғылымның бұл
саласының негізгі баспалдақтарына да тоқталып өткеніміз жөн болар.