1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформасына сай ауыл жанұялардың руға жататындығы есепке алынбай, территориялық белгісі бойынша құрылды. Әкімшілік ауыл бірнеше ұсақ шаруашылық ауылдардан құралды. Біздің жерде негізінен мал өсіруші ауыл болғандықтан ауылдар негізінен малшылардан құралды. Ол кездері бұл аймақта Серікбай, Бектібай, Сатыбай, Дәкібай, Боранқұл секілді байлардың жер қайысқан малдары болған.
Мал өсірушілер қыс кезінде құм ішінде қонып, өздерінің қыстайтын тұрақты қыстауы болған. Құм ішіндегі «Өмірдің қыстауы» т.б. атаулар күні бүгінге дейін айтылғанына қарағанда бұл жерде мал бағудың берік ірге тепкендігін көрсетеді.
Кедейлер байға жалынып, мал тапты. Малдары бірігіп жайылғанымен шабындық жерлері жеке-жеке болды.Қырдағы қыстаулар бір-бірінен алшақ орналасты. Қыстайтын жерді жел мен бораннан ық, табиғи азығы мол жерлер, төбелер мен қазан шұңқырлар таңдап алынды. Олар әуелгіде күземге отырып, қар түсуге жақын қалғанда қыстауға көшетін. Жазда малға азық дайындалып, күзде үйлер мен қора-қопсылар жөнделеді. Үйі жоқ кедейлер бай үйлеріне қыстап, кейін оны өз еңбегімен қайтаратын. Малға арналған қораларда көбіне шымнан қой-ешкі, сиырға арнап салынды. Түйеге төбесі ашық қоралар пайдаланылды.
Дегенмен уақыт өз дегенімен жүреді ғой. 1929 жылдан бастап күшіне міне бастаған кеңес үкіметі Қарақұмның қойнауына ден қоя бастады. Әуелі байларды кәмпескеледі. Оған наразы болған халықты мылтықтың күшімен басты. Түрлі айла шарғыға басып, колхоздастыру, артельдер құру ісін бастап та кетті. 1930 жылдардағы құжаттарға қарамағанымызда бұл маңда колхоз құрылды дегенді кездестіре алмаймыз. Қарақұм өңірін жайлаған халықтың өмірінен де көреміз.
Импалов Мырзағұл ақсақалдың естелігі былай дейді: «Біз ол кездері «Қозбақ жаға» деген жерде болатынбыз. («Қозбақ жаға» қазіргі Абай ауылынан онша алыс емес, Көкаша-Абай жолының күнгей жағындағы құмдағы жаға) «Алға» колхозы болып құрылғаннан кейін сол 33-36-ыншы жылдары қазіргі Абай ауылы тұрған жерге көшіп келдік. Ол кездері қазіргі электр трансформатор тұрған маңға келіп қоныс тептік. Қазіргі ауыл шетіндегі су ішіп отырған құдықты қазғанымыз есімнен кетпейді. Сөйтіп отырықшылыққа көше бастадық». Сол жылдары Қарақұмда колхоздастыру шапшаң етек ала бастады. Бұрынғы иен даладағы әр жерде мал бағып отырған жұрт енді жаңа, Кеңестер үкіметінің заңымен әуелгі кездері ауылшаруашылық серіктестіктері болып бірігіп, сонан соң артельдерге ұйымдасқаннан кейіннен басын біріктірген «Аралқұм», «Алға», «Куйбышев», «Киров», колхоздарына бірігіп, қжымдасып еңбек ете бастады.