ТИТРАНТ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЕРІТІНДІЛЕРДІ СТАНДАРТТАУ
Титранттардың өте дәл концентрацияларын дайындайды не анықтайды.
Титрантарды дайындағанда өте жоғарғы дәлдікпен титрантқа керек затты аналитикалық таразыда өлшеп (g,г), судың белгілі көлемінде (V, мл) ерітеді, яғни сонда титрі белгі ерітінді алады Т= g/V;
Бірақ көп заттардан осылай титрант дайындау қиын, себебі көп жағдайда мына айтылған талаптар сақталмайды, титрант дайындалатын заттар мынандай талаптарға жауап берулері керек:
а) заттар химиялық таза (х.т., техн.т., т.а.ү., ас.т.) болулары керек;
б) заттың құрамы оның формуласына сәйкес келуі керек;
в) заттарды ерітінді күйінде не қатты күйінде сақтағанда құрамы өзгермеуі керек.
Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаса, титранттың концентрациясын жуықтап дайындап, концентрациясы дәл анықталған басқа затпен стандарттайды, яғни анықтайды. Ол үшін көбіне фиксаналдар қолданылады.
Фиксаналдар - заттардың тура өлшенген көлемі не қатты күйіндегі мөлшері шыны ампулада сақталған заттар, сосын ол мөлшерді 1л көлемде ерітіп, стандартты ерітінді дайындайды.
Титриметрлік әдісте эквивалент нүктені табу үшін индикаторлар қолданылады. Индикаторларға лакмус, фенолфталеин, метилоранж т.б. органикалық (әлсіз қышқылдар не әлсіз негіздер) заттар жатады.
ТИТРИМЕТРЛІК ӘДІСТІҢ ЖІКТЕЛУІ Титриметрлік әдістерді қолданылатын химиялық реакцияларға байланысты және титрлеу әдісіне байланысты жіктейді:
Реакция түріне байланысты:
Қышқыл-негіздік титрлеу;
Комплексонометрлік титрлеу;
Тұнбаға түсіріп титрлеу;
Тотығу-тотықсыздану әдісі бойынша титрлеу (редоксиметрия).
Титрлеу әдісіне байланысты:
Тура титрлеу әдісі;
Кері титрлеу әдісі (не қалдық бойынша титрлеу әдісі);
Орын басу арқылы титрлеу.
Титриметрлік әдісте негізгі бірлік л (дм3), оның мындық үлесі мл (см3) қолданылады.
Титриметрлік әдісте мынандай өлшегіш ыдыстар қолданылады: бюретка, өлшегіш колбалар, өлшегіш цилиндрлер, пипеткалар. Бюреткаға титрленген (стандартты) ерітінділерді құяды да, одан біртіндеп анықталатын заты бар ерітіндіге эквивалент нүктеге дейін тамшылатады. Бюретканы жақсылап жуады, оны кептіру керек емес, бюреткаға оған құятын титрленген ерітіндіні воронка арқылы құйып, артынан воронканы алып тастау керек. Төменгі түтікте (трубкада) ауа болмауы керек. Бюреткадағы сұйықтың беті шұңғылданып тұрады, оны мениск деп атайды. Сол мениск нольге не белгілі бір цифрға дәл келуі керек. Бюретканың дәлдігі 0,02-0,03мл, сондықтан бюреткадан құйылған көлемді былай жазу керек; мысалы, 22,25 не 22,23 деп, яғни ондық белгімен, егер былай жазылса, 22,2 не 22 деп, ол қате болады.
Титрлеу кезінде стандартты ерітіндіден 20-30мл кететіндей болуы керек, сонда бұл әдістің қатесі аз болады.
Анықталатын зат бар ерітіндінің дәл көлемін өлшеп алу үшін пипеткалар қолданылады. Олардың көлемі 100;50;25;20;10 және 1 мл-лік болады. Пипеткаларды жақсылап жуып, егер олар құрғақ болмаса, анықталатын заты бар ерітіндімен бір-екі рет шайқау керек. Пипеткадағы ерітінді толық ағып болған соң, пипетканың ұшын ыдыстың қабырғасына тигізіп 15 секундтай ұстау керек. Пипетканың ұшында қалған ерітіндіні үрлеуге болмайды, себебі пипеткадан барлық ерітіндіні үрлеп түсіре алмайды, сондықтан ерітінді көлемі әртүрлі болып кетеді.
Жұмыс аяқталған соң, пипеткаларды жуып, штативтерге кептіруге қояды.