Математикалық сауаттылық дегеніміз жеке тұлғаның математиканы түсіну және онымен айналыса білу, математиканың рөлі туралы негізделген тұжырымдар жасай алу және математикалық білімді кәсіби өсу үшін сауатты пайдалану қабілеттілігі.
Математикалық сауаттылық математикалық фактілерді, терминологияны, стандартты әдістерді білуді және нақты әдістерді қолдана отырып стандартты әрекеттерді орындауды талап етеді. Сонымен, математикалық сауаттылық деп пәндік білім, іскерлік пен дағдыны (кең көлемді білімге негізделген) игеруді түсіну қажет. Бұл математиканың ғылымдар арасында алатын орнын түсіне отырып, фундаменталды математикалық білімді бағдарламаға сәйкес игеру, алған білімдерін пәндік негізде қолдана алу іскерлігі деңгейлерінің жоғары болуын меңзейді.
«Функционалды математикалық сауаттылық» дегеніміз не?
PISA халықаралық зерттеулерінде «математикалық сауаттылық» ұғымы нақтылана түсті.
Математикалық сауаттылық кең мағынада оқушының келесідей қабілеті:
қоршаған шынайы ортада пайда болатын және математиканың көмегімен шешуге болатын мәселелерді тани алу;
бұл мәселелерді математика тіліне айналдыра алу;
математикалық фактілер мен әдістерді қолданып бұл мәселелерді шеше алу;
қолданған әдістерге талдау жасай алу;
қойылаған мәселені ескере отырып алынған нәтиженің интерпретациясын жасай алу;
шешу нәтижелерін тұжырымдай және жаза алу.
Басқа сөзбен айтқанда, PISA халықаралық зерттеулерінде «Математикалық сауаттылық» жаңа мазмұнға ие болады, сондықтан да оны «функционалды математикалық сауаттылық»деп атап, «математикалық сауаттылық» ұғымынан айыра алу қажеттігі туындайды.
Білім беруде құзыреттілік тұрғысынан келу қажеттігі және негізгі ұғымдары
Қазақстанның орта білім беру мазмұнын жаңалаудың тағы бір бағыты құзыреттілік тұрғысынан келу болып саналады.