I бөлім жалпы ережелер 1-бап



бет4/10
Дата18.10.2023
өлшемі62,29 Kb.
#118742
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Документ (5)

IV бөлім
ПАРЛАМЕНТ

49-бап


1. Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.
3. Парламенттің өкілеттігі Конституцияда көзделген реттер мен тәртіп бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
4. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 14.07.1999 N 13/2 қаулысын қараңыз.
Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.10.1998 N 284-І (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

50-бап


1. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
3. Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бір мезгілде екі Палатаға бірдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.03.1999 N 1/2; 29.11.1999 N 24/2; 11.02.2003 N 1; 12.02.2004 N 1 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.10.1998 N 284-І (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi); 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

51-бап


1. Мəжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мəжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезекті сайлауы бұлардың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.
6. Парламенттің депутаты Қазақстан халқына ант береді.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 18.03.1999 N 5/2; 29.11.1999 N 24/2; 11.02.2003 N 1 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.10.1998 N 284-І (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi); 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап


1. Алып тасталды - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Парламентте депутаттың жеке өзі ғана дауыс береді. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелді себептерсіз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа біреуге беруі депутатқа заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмыс атқаруға, кәсіпкерлікпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкілеттік мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, тиісті Палатаның келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мəжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сəйкес партиялық тізім негізінде өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сəйкес партиялық тізім негізінде депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан;
3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тəртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға және өкілеттігінен әрі депутатқа ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелерді әзірлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.05.2001 N 7/2; 13.12.2001 N 19/2; 30.01.2003 N 10; 11.02.2003 N 1; 12.05.2003 N 5; 25.08.2004 № 9 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.10.1998 N 284-І (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi); 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

53-бап


Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды;
1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент əрбір Палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;
2) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
3) алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

4) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;


5) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
6) Конституциялық Соттың Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
7) палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;
8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 26.06.2008 N 5 Нормативтік қаулысын қараңыз.
Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-б. қараңыз) Заңдарымен.

54-бап


1. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды, оның ішінде:
1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;
5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;
6) рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;
7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы:
1) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әрбір Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;
3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.10.2008 N 8 Нормативтік қаулысын қараңыз.
Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

55-бап


Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
1-1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату;
2) Республика Президентінің Республика Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;
3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкілді оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыру;
4) алып тасталды - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5) Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;


6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.2000 N 11/2 қаулысын қараңыз.
Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

56-бап


1. Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау;
2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
3-1) Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау;
4) Конституциямен Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2. Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы.
Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР 08.06.2022 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-б. қараңыз) Заңдарымен.

57-бап


Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:
1) Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерінің тең жартысына өкілеттік береді;
3) Палаталардың бірлескен комиссиялары мүшелерінің тең жартысын сайлайды;
4) Палаталар депутаттарының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерін шешеді;
5) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізеді;
6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;
7) Палаталардың үйлестіруші және жұмыс органдарын құрады;
8) өз қызметінің регламентін, Палатаның ұйымдастыру және ішкі тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешімдер қабылдайды.
Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.10.1998 N 284-І (жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi); 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

58-бап


1. Палаталарды мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшін Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы.
3. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етеді;
2) Палаталардың қарауына енгізілетін мәселелерді әзірлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметіне сайлау үшін Палаталарға кандидатуралар ұсынады;
4) Палаталар қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Палаталардың үйлестіру органдарының қызметіне басшылық жасайды;
6) Палаталар шығаратын актілерге қол қояды;
7) Палаталарға Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
8) өздеріне Парламент регламенті жүктейтін басқа да міндеттерді атқарады.
4. Мәжіліс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың кезекті бірлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарына төрағалық етеді.
5. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.
Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

59-бап


1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстары түрінде өткізіледі.
2. Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.
3. Парламенттің кезекті сессиялары жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.
4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
5. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
6. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткізілуі мүмкін. Республика Президентінің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 30.06.1999 N 14/2; 14.07.1999 N 13/2 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

60-бап


1. Палаталар әр Палатада саны жетіден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.
2. Палаталардың бірлескен қызметтеріне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға хақылы.
3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру тәртібі заңмен белгіленеді.

61-бап


1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы бар, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.
Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады.
3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне;
2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.
Осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға өзінің жауапкершілігімен хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады.
4. Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырылмай қаралады.
Мәжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға хақылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мәжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мәжіліске заңның жекелеген баптарының редакциясын ұсынуға құқылы.
Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң Президенттің қол қоюына беріледі.
5. Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мәжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған және Сенат мақұлдаған болып есептеледі және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер Мәжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен Мәжілістің және Сенаттың қарауына жатады.
Мәжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мәжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді.
Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мәжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі.
Егер заң Мәжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі және бастамашыға қайтарылады.
5-1. Алып тасталды - ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.


7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 12.03.1999 N 3/2; 27.09.1999 N 18/2; 03.11.1999 N 19/2; 15.06.2000 N 9/2; 03.07.2000 N 15/2; 08.06.2001 N 8/2; 13.05.2003 N 6; 15.10.2008 N 8 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

62-бап


1. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің қаулылары, Сенат пен Мәжілістің қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды.
2. Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен енгізіледі.
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады.
5. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен заңдарды Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды.
Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Парламенттің және оның Палаталарының қаулылары Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша, конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.
7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.
8. Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.2000 N 15/2; 18.04.2007 N 4; 10.01.2023 № 2 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

63-бап


1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



Достарыңызбен бөлісу:

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет