VI бөлім
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ Ескерту. VI-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
71-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі сегіз жылға созылады.
Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды.
2. Конституциялық Соттың Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды.
3. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мəжіліс тағайындайды.
Республика Президенті Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.
4. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.
5. Конституциялық Соттың судьяларын өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртібімен белгіленетін əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
6. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.
Ескерту. 71-бап жаңа редакцияда – ҚР 08.06.2022 (08.06.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.09.2022 № 142-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
72-бап
1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;
2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.
2. Конституциялық Сот Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.
3. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.
Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.
4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін Республика Бас Прокурорының өтініштері бойынша қарайды.
5. Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.2000 N 15/2; 13.12.2001 N 19/2 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 72-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
73-бап
1. Конституциялық Сотқа Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, Президенттің қызметіне кірісуі, Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеу не республикалық референдумның нәтижелерін шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Сотқа Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, тиісті актілерге қол қою не оларды бекіту мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Сот өз шешімін конституциялық заңда белгіленген мерзімдерде шығарады.
4. Алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 73-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
74-бап
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиісінше, бекітілмейді және күшіне енгізілмейді.
2. Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Соттың шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 13.12.2001 N 19/2 қаулысын қараңыз.
Ескерту. 74-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2007 N 254-ІІІ (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 08.06.2022 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.