Қазақтың әрбір сөзі асыл әрі ерекше. Себебі тілдегі мақал-мәтелдердің астарлы айтары, олардың берер мәні-мағынасы тереңде. Әр мезгіл, әр уақытқа, әр жағдайға байланысты айтылған ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдер қазақ әдебиетінің қорында көптеп жиналған. Соның бірі "Еңбек" тақырыбына арналған мақалдар мен мәтелдерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Еңбегі ештің күні кеш, тұзы сор.
Еңбегі аздың өнбегі аз. Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады.
Еңбегі көптің өнбегі көп.
Еңбегімен ер сыйлы, Өнбегімен жер сыйлы.
Еңбегіне қарай — құрмет, Жасына қарай — ізет.
Еңбегіне қарай өнбегі.
Еңбегіне қарай табысы, Ерлігіне қарай дабысы.
Еңбегінен ел таныр.
Еңбегің болмаса елге өкпелеме, Ықтасының болмаса желге өкпелеме.
Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады.
Еңбегің сайлы болса, ішің майлы болар.
Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар.
Еңбек адамның екінші анасы.
Еңбек адамның көркі, Адам заманның көркі.
Еңбек — ата, жер — ана.
Еңбек әрі сүйсіңдіреді,әрі сиындырады.
Еңбек бейнет емес, зейнет.
Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін.