2. ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК ИДЕЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНДЫҚ СИПАТТАМАСЫ.
Жазушы Әзілхан Нұршайықов Бауыржан Момышұлымен заманы бірге замандас, қаламдастық қағидалары үйлесер жазушы әрі әскери талапты табиғатына серік еткен майдангер ретінде де жеке тұлғаның субъектілік сипаттарына лайық көрсеткіштерінің үйлескендігі арқылы да отансүйгіштік пен ерлікке деген көзқарастары тоғысып, тағылымды әдеби мұра жазылды.
«Ақиқат пен аңыз» Отан үшін от кешіп, ерлік даңқы аңызға айналған халқымыздың біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының бастан өткерген оқиғаларын көркем, сырлы суреттеген, тағылымы мол, тәрбие құралы іспеттес. Бауыржан Момышұлы өзі көріп, куәсі болған жайттарды байыпты саралып, жүйелі сөз етеді. Деректі де дәйекті сөздері арқылы Ұлы Отан соғысына, жауынгерлердің ерлік істеріне, жеңістің маңызына баға береді.
«Совет халқының неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысында мен өзімнің солдаттық, азаматтық борышымды адал атқардым. Мен награда үшін емес, елімнің тәуелсіздігі үшін, халқымның намысы үшін соғыстым» дегенді анық та, қадап та айтады.
Романдағы батыр бейнесі тұлғалық сипаттармен толық ашылғандығын бірде қаталдық пен азаматтық ұстаным аясындағы батыр кейіпінде, елдің ертеңіне жанашыр елағасы қалпында, ортақ пікірге тоқталар қарапайым азамат ретінде әр қырынан суреттелуі арқылы да айқын аңғарамыз.
Бауыржан Момышұлының болмысы мен қаһармандық ерліктері әр алуан оқиға, түрлі шегіністер, дерек пен дәйек көздері, тәлім-тәрбие арналары негізінде көркем, шынайы қабылданады.
«Үлкенді құрметтеу борышын бұлжытпай орындау, арын таза сақтау, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындау, заңға бағыну – жас адамға қажет ізгілік белгілері осы. Мұны біз: Отанын, халқын, семьясын сүю деп те атаймыз. Мұндай инабатты тәрбие алған адам – нағыз жауынгер. Оның қасиеті – адалдық, арлылық, тәртіптілік» - деген батырдың жалпы адам болып қалу мәселесін ізгілікпен байланыстырады да жауынгерлік пен адамилықты тең өреді.
Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында соғысып, ерлік пен батырлықтың үлгісі болып қана қойған жоқ, ел болашағын ойлайтын көсем, ұрпақ тәрбиесіне жанашыр ақсақал ретінде педагогикалық тұжырымдарын жас ұрпаққа үндеу түрінде де қалдырды:
«Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол – қазіргі кең жазира Отаның сенің! Өйткені – Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар», - деп адам баласы үшін Отанды өмірмен тікелей байланыстыра ұқтырады.
«Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал, отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырлармен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады» - деп, тәрбиенің ұғымдарына нақты анықтама беруден гөрі оның мағынасын адами мінез бен іс-әрекет, қарым-қатынас пен мәдениет, ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан да жан-жақты ашып көрсете біледі. Бұл келтірілген пікірлер осынысымен құнды. Сол сияқты патриотизм ұғымын да батыр оқырманға түсінікті тілмен ашады: «Патриотизм – «Отаным, сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» - деп, құрғақ сөзі гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады».
Отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда қайсарлық пен жігерлілікті, қырағылық пен батылдықты, мәрттілік пен өткірлікті, қаһарлылық пен намыстылықты бойына жиған қаһарман Бауыржан бейнесінің алар орны биік.
«Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым. Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол – Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! – деген сөз. Ол – халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! – деген сөз» - деп ұрпақтан-ұрпаққа жетер ұлағатты өсиетін отансүйгіштікпен, ел қорғау ісімен, халықтар достығын құметтеумен қорытындылайды.
Бауыржан Момышұлының құрдасы, замандасы, бірген оқыған досы, ақын Әбділда Тәжібаев: «... Бұл кітапты тек қана сүйіп оқу керек. Отаныңа, ұлтыңа, азаматыңа, авторыңа деген сүйіспеншілікпен оқу керек. Сондай сүйіп, сүйсініп оқитын туындылар бәріміздің де мақтанышымыз, қуанышымыз ғой!» - деп, «Ақиқат пен аңызға» жоғары баға береді. Шығарманың тағылымдық қырына аса тоқталмағанымен, кітаптың ұлт ұрпағының сүйіспеншілік сезімін оятуға таптырмас құрал екендігін меңзейді.
Естеліктер мен ол туралы жазылған көркем шығармалар арқылы да оның шығарған мақал-мәтелдері халық арасында кең таралып, жиі қолданылады. Б.Момышұлының ерлік пен батырлықты дәріптейтін, отансүйгіштікке насихаттайтын мақал-мәтелдері:
Отан үшін отқа түс – күймейсің.
Ұлттық сезім – қасиетті сезім.
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Ерлік – елдің қасиеті,
Жүректілік – жігіттің қасиеті.
Тәртіпке бас иген құл болмайды.
Арсыздан – айуан артық.
Ел дегенде – езіліп,
Жұрт дегенде – жұмылып қызмет ет!
Осылайша, Баукеңнің халық арасындағы батырлық, данышпандық, жазушылық, кемеңгерлік, ұлтжандылық бейнесі биіктей түсті. Оған зор үлес қосқандардың бірі де бірегейі Әзілхан Нұршайықов екендігі айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |