Байланысты: 228810231235 Химияны оқыту әдістемесі Оқулық
3.2 Қарапайымаспаптарды құрастыру Қажетті құрал-жабдықтар: диаметрі әр түрлі шыны түтіктер, спирт шамы, резеңке тығындар, тығын тескіш бұрғы, резеңке түтіктер, үш қырлы егеу, тығын жанғыш, әр түрлі колбалар және пробиркалар, сіріңке.
Жұмыс мақсаты: қарапайым аспаптар құрастыруға қажетті практикалық дағдыларды меңгеру.
Диаметрі жіңішке шыны түтіктерді кесу.
Кейбір қарапайым аспаптарды құрастыру үшін шыны түтіктерді дұрыстап кесу қажет. Әсіресе диаметрі кішкене, жұқа шыны түтіктерді үш қырлы егеумен оңай кесуге болады. Ол үшін шыны түтіктің қабырғасына үш қырлы егеумен із түсіріңдер, содан соң сол із түсірген жердің екі жағынан үлкен саусақпен жайлап басып екі жаққа тартыңдар. Түтіктің із салған жерден сынғанын байқайсыңдар. Осы жұмысты бірнеше рет қайталап жаттығыңдар.
Жалпақ әйнек шыныларды кесу.
Жалпақ шыныны кесу үшін оның бетін алғаш сүртіп, сонан соң сызғыш бойымен шыны кескішпен баса кесіп сызып із түсіріңдер. Шынының із түсірілген жерін столдың шеткі қырына қойып, екі жағынан жайлап басыңдар. Шынының із түсірілген жерден сынғанын байқаңдар. Бұл жұмысты бірнеше рет қайталап көріңдер.
Қабырғасы қалың, диаметрі үлкен шыны ыдыстарды немесе шыны түтіктерді кесу.
Егер қабырғасы қалың ыдыстарды немесе диаметрі үлкен шыны түтіктерді кесу қажет болса ондай жағдайда электр энергиясын пайдаланып оңай кесуге болады. Ол үшін алғаш бөтелкенің не диаметрі кең шыны түтіктің қабырғасына ілгерідегіндей үш қырлы егеумен бір жеріне із түсіріңдер. Содан кейін электр плиткасы спиральінің бір бөлігін алыңдар да әлгі із түсірген жерін айналдыра қабырғасын бір орап шығыңдар, бірақ спиарльдың айқасқан жері біріне-бірі тимейтіндей болсын. Содан оң спиральдің екі ұшына сыртында изолациясы бар сыммен жалғаңдар да олардың ұшын латорға немесе электр тоғын реттеп бояулататын реостатқа жалғастырыңдар. Латордың немесе реостаттың екінші ұшы электр тоғына жалғасады. Латордың электр тоғын реттеуші нольдік белгідегі тетікті жылжытып спиральдың қызу шегіне жеткізіңдер. Бірақ спиральға немесе сымдардың шетіне қолдарыңды тигізіп алмаңдар. Спиральдің қызуынан бөтелкенің не шыны түтіктің спираль тұрған жерінен айнала сынады. Латордың тоқ күшін реттеушісін нольдік белгіге қайта әкеліңдер. Спиральді қыздыру кезінде тоқты шамадан тыс көп жіберсеңдер ондай жағдайда спираль үзіліп кетеді. Бұл жұмысты тек мұғалімнің бақылауымен жасаңдар.
Шыны түтікті не шыны ыдыстарды кескеннен кейін өткір қырларды тегістеу.
Кесілген шыны ыдыстың немесе шыны түтіктің өткір қырлы қабырғасын тегістемесе, кигізілген резеңке түтікті немесе қолды кесіп кетуі ықтимал, сондықтан оның шетін тегістеу өте қажет. Кез келген шыны ыдыстардың кесілген өткір қырын тегістеу екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Жұқа түтіктерді спирт не газ шамдарының жолында қыздырып балқытып тегістейді. Ал қабырғасы қалың шыны ыдыстардың кесілген қырын тегістеу үшін егеумен егеп немесе қайрақ таспен тегістейді. Ыдыстың не түтіктің өткір қабырғаларын тегістегенде оның майда ұнтақтарынан көздеріңді сақтаңдар. Көзілдірік киіңдер.
Шыны түтіктерді ию.
Әсіресе қабырғасы жұқа диаметрі кіші түтіктерді спирт шамының жалынында оңай июге болады. Ал түтіктің қабырғасы неғұрлым қалың, диаметрі үлкен болса соғұрлым қатты қыздыруды қажет етеді, оған спирт шамының жалынының күші жетпейді. Ол үшін жалыны күшті қыздыру аспаптарын қолдану керек. Қабырғасы жұқа жіңішке түтіктерді ию үшін, түтікті спирт шамының жалынының жоғары бөлігіне таман ұстап, бір жерден аудармай айналдыра қыздырыңдар. Шыны жұмсарып балқыған кезде, оны қалаған бағытқа қарай жайлап иіңдер. Түтікті ию кезінде оның бір тегіс дұрыс иілуіне көңіл бөліңдер, егер тым шұғыл иілсе екі қабырғасы бірігіп газ не сұйықтық өтпей қалуы мүмкін. Егер шыны түтікті қыздырғанда, имей екі жағынан тартса созылып екіге үзіледі, мұндай жағдайда одан пипетка тәрізді түтік алуға болады.
Қрапайым аспаптар құрастыруға қажетті иілген шыны түтіктердің үлгісін жасау.
Әр түрлі тәжірибелерді жасау үшін түрліше аспаптар құрастыру қажет болады. Көпшілік аспаптарды жасауда немесе бір аспапты екінші аспаппен байланыстыруда, әр түрлі пішінде иілген шыны түтіктер пайдаланады. Ондай шыны түтіктердің үлгісін 1-суретте көрсетілген схема бойынша өздерің даярлап көріңдер.
Тығынды тесу.
Тығындарды тесу үшін диаметрі әр түрлі тығын бұрғыларды пайдаланады. Тығынның тесігі кигізілетін шыны түтіктің диаметріне және тығынның материалын (қабық,резеңке) байланысты жасалынады. Қабықтан жасалған тығындарды тескенде, бұрғының диаметрі, тығынға кигізілетін түтіктің диаметрінен сәл кішілеу болғаны абзал, ал резеңке тығынды тесетін бұрғының диаметрі тығынға кигізілетін шыны түтіктің диаметрімен бірдей болғаны дұрыс. Тығынды бұрғымен тескенде, тығынның диаметрі кіші жағынан бастап тескен жөн. Каучуктен (резеңке) жасалған тығындарды тесер алдында, тығын тескіш бұрғыны глицеринге не сабын ерітіндісіне батырып ылғалдап алған жөн. Ол бұрғының оңай бұралуына себебін тигізеді. Бұрғылау кезінде тығынды сол қолға, бұрғыны оң қолға ұстап, жайлап бұрап айналдырады. Бұрғының ұшы тығынның екінші жағына жеткен кезде бұлтиған жерін ағаш тақтаға басып бұраңдар, сонда тығынның ішкі қиындысы дұрыс шығады. Қабықтан жасалған тыңғындарды дұрыстап тесумен қатар кигізілетін ыдысқа ықшамдап жаншуға да болады. Ол үшін арнаулы тығын жаншығыш пайдаланады.
Шыны түтіктерд тығынға кигізу.
Шыны түтіктерді тығынға кигізудің де өзіндік ерекшелігі бар.Әсіресе түтікті резеңке тығынға кигізер алдында сабынның не глицериннің ерітіндісіне ылғалдап алыңдар да, тығынды сол қолдарыңа, ал түтікті оң қолдарыңа алып айналдыра кигізіңдер. Әсіресе иілген түтіктің иінін сындырып алудан сақтаңдар. Ол үшін тығынға кигізерде иілген жерден ілгері ұстаңдар. Шыны түтіктерді резеңке түтіктерге кигізуде осы әдісті пайдаланыңдар.
Тығынды ыдысқа кигізу.
Тығынды ыдысқа кигізу үшін ыдыстың аузына лайықты тығынды таңдап алады. Тығын кигізілетін ыдыстың аузына жартысына дейін енетіндей болуға тиіс. Тығынды колбаға т.б. ыдыстарға кигізгенде, оның мойыныан сол қолмен ұстап тұрып, оң қолдарыңмен тығынды қатты баспай кигізіп көріңдер. Тығынды ыдыстың түбінен ұстап тұрып кигізуге болмайды, онда ыдыс сынып, не тайып кетуі ықтимал. Колба алып, оған лайықты имек түтігі бар тығынды кигізіп ыдыстың герметикалығын тығыздығын тексеріп көріңдер. Мұғалімнің нұсқауы бойынша газдар алуға арналған қарапайым приборлардың үлгісін жасаңдар.