Студенттің білімін пысықтау сұрақтары.
1.Мемлекеттің басқару түрін атаңыз.
2.Субъективтік құқықты қалай түсінесің?
3. Құқықтың белгілерін атаңыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Мемлекет және құқық негіздері. Баянов Е. Алматы. 2001
2.Мемлекет және құқық негіздері. Сапарғалиев Ғ. Алматы. 2004
3.Мемлекет және құқық негіздері. Баймаханов М.Т. Алматы. 2001
4.Мемлекет және құқық негіздері. Абдуллина З.К. Алматы. 2001
5.Құқық негіздері. Баққұлов С.Д. Алматы. 2004
6.Егемен Қазақстан құқығы. Ашитов З.О. Алматы. 2004
7.Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030 .Алматы. 1997
Лекция 3.ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ
Жоспар
3.1. Қазақстан Республикасының Конституциясы - мемлекеттің Негізгі Заңы.
3.2. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары
3.3. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі
Қазақстан Республикасының Конституциясы - мемлекеттің Негізгі Заңы.
Конституциялық құқық - Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің бір саласы. Конституциялық құқық қоғам мен мемлекеттің және ондағы жария құқықтың құрылымының негіздерін қалыптастыратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы.
Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар аясы мейлінше кең болып табылады. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да салаларын қамтиды.
Конституциялық құқық ғылым саласы ретінде конституциялық дамуды, конституциялық-құқықтық нормаларды, конституциялық институттар мен қатынастардың қалыптасу мен дамуын зерттейтін ғылым саласы болып табылады. Құқықтық ғылым саласының негізі саласының бірі бола отырып, конституциялық құқық, құқық жүйесінің басқа салаларының негізі.
Конституциялық құқықтық қатынастар бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыру барысында қоғам, тұлға мен мемлекет арасында пайда болатын қатынастар. Конституциялық – құқықтық қатынастар реттеуші конституциялық құқықтық нормаларға байланысты ерекшеленеді. Оларды әрекет етуіне байланысты тұрақты және уақытша, реттеу мақсатына байланысты құқық қалыптастырушы және құқық қорғаушы, сонымен қатар, материалдық және іс жүргізушілік қатынастарға жіктеуге болады.
Конституциялық құқықтық нормаларға құқықтық нормалардың барлық белгілері тән. Олар мемлекеттік органдар тарапынан қабылданып қоғамдық қатынастардың барлық субъектілері үшін міндетті болып табылатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құрал. Оларда басқа құқықтық нормалар сияқты реттеушілік және қорғаушылық қызметті жүзеге асырады.
Реттеуші нормаларға құқықтық қатынастар субъектілеріне субъективтік құқық беретін және оларға заңды міндеттеме жүктейтін нормалар жатады. Құқық қорғаушы нормаларға қоғамдық қатынас субъектілерінің тәртібін, оларды тәртіпті бұзған жағдайда, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілеу жолымен анықтайтын конституциялық - құқықтық нормалар жатады.
Конституциялық - құқықтық нормалар өкілеттік беруші, тиым салушы және міндеттеуші нормаларға жіктеледі.
Өкілеттік беруші конституциялық – құқықтық нормалар құқықтық қатынас субъектілеріне қандайда бір жағымды әрекет жасауға құқық беретін нормалар. Мұндай нормаларға адам мен азаматтарға, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларына белгілі іс-әрекетті жүзеге асыруға өкілеттік, яғни құқық беретін нормалар.
Тиым салушы нормаларға конституциялық құқықтық қатынас субъектілеріне белгілі іс әрекеттерді жүзеге асыруға тиым салатын нормалар жатады. Мысалы, мұндай нормаларға Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында діни негізде саяси партия құруға немесе әскерилендірілген ұйымдар құруға тиым салатын нормаларды жатқызуға болады.
Міндеттеуші нормалар құқықтық қатынас субъектілеріне заң нормаларымен белгіленген белгілі іс-әрекеттерді жасауға міндеттейтін және сол үшін жауапкершілікті белгілейтін нормалар жатады. Мысалы, мұндай нормаларға Қазақстан Республикасының азаматтарның өз Отанын қорғау, мемлекетке салық және басқа да міндетті алымдарды төлеу сынды нормалар жатады.
Конституциялық құқық жүйесі мен конституциялық құқықтың қайнар көздері.
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы бұл мемлекет пен қоғамдағы адамның құқықтық жағдайын, мемлекеттік құрлыстың негіздерін, оны ұйымдастыру мен мемлекеттік органдардың қызметін, өзін-өзі басқарудың негіздерін реттейтін құқықтық нормалар жүйесі.
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының жүйесіне:
1. Жалпы қағидалар - Конституцияның мәні мен онымен реттелетін қатынастардың, мәселелерді реттейтін негізгі конституциялық ұстанымдар.
2. Конституциялық-құқықтық институттар - ретеудің жалпы объектісімен (пәнімен) біріктірілген құқықтық нормалар жиынтығы. Оларға президенттік институтын, парламентаризм институтын және т.б. жатқызуға болады.
3. Конституциялық - құқықтық нормалар - мемлекет тарапынан бекітілген конституциялық - құқықтық қатынастарды реттеуге және қорғауға бағытталған жалпыға міндетті ережелер.
Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығының қайнар-көздері бұл нормативтік құқықтық актілер. Конституциялық құқықтық қайнар көздерінің ерекшелігі оның мемлекеттің аса маңызды қатынастарын реттеуге байланысты.
Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының қайнар-көздеріне:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясының нормалары.
2. ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізетін заң нормалары.
3. Конституциялық заңдар мен ҚР Президенттің Конституциялық заң күші бар жарлықтары.
4. Қазақстан республикасының заңдары мен ҚР Президенттің заң күші бар жарлықтары.
5. ҚР Президентінің нормативтік сипаттағы жарлықтары.
6. ҚР Конституциялық Кеңесінің нормативтік сипаттағы қаулылары.
7. ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары.
8. ҚР Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулылары.
9. Орталық атқару органдарының (Үкіметтің, министрліктердің, агенттіктердің, комитеттердің және комиссиялардың) нормативтік сипаттағы актілері.
10. ҚР Парламентінің регламенті мен Парламент Палаталарының Регламенттері.
11. ҚР Парламентімен қабылданған декларациялар мен жолдаулар.
12. Жергілікті өкілетті органдар мен атқару органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының нормативтік актілері.
13. ҚР ратификацияланған халықаралық шарттар мен басқа актілердің нормалары және т.б.
ҚР конституциялық құрлысының ұғымы мен оның элементтері. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы Қазақстан Республикасы аумағының республикалық және жергілікті мүдделерін қолайлы ұштастыру негізінде мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру мақсатында мемлекет аумағын бірліктерге бөлу.
Әкімшілік - аумақтық құрылыс конститиуциялық құқықтың негізгі институттарының бірі. Әкімшілік аумақтық құрылыс бұл мемлекеттің аумақтық құрылымын, ондағы бірліктердің құқықтық мәртебесін анықтайды,
Қазақстан Республикасы аумағының республикалық және жергілікті мүдделерін қолайлы ұштастыру негізінде мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру негізгі екі категорияға - аймақтарға және елді мекендерге бөлінеді.
Аймақ - республиканың бірнеше елді мекендері енгізілетін, оның мүддесі үшін құрылатын және басқарылатын республика аумағының бір бөлігі.
Республикалық әкімшілік-аумақтық құрылыстың негізгі буындары ретінде облыс, аудан және ауылдық (селолық) округ аймақтар болып табылады.
Елді мекен - республика аумағының халық жинақы орналасқан, кемінде 50 адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметі нәтижесінде қалыптасқан, заңда белгіленген тәртіпте есепке алынған және тіркелген, жергілікті өкілді және атқарушы органдар басқаратын бір бөлігі.
Қазақстан Республикасы аумағындағы елді мекендер қалалық және селолық елді мекендерге бөлінеді.
Қалалық елді мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ поселкелер; селоларға - олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан қалған барлық елді мекендер жатады.
Халқының саны 400 мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан қаладағы аудан болып табылады.
Қалалар және басқа елді мекендер:
1) республикалық маңыздағы қалаларға бөлінеді, бұларға ерекше мемлекеттік маңызы бар және, әдетте, бір миллион адамнан астам халқы бар елді мекендер жатқызылуы мүмкін;
2) облыстық маңызы бар қалаларға бөлінеді, бұларға саны 50 мың адамнан асатын, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар, ірі экономикалық және мәдени орталықтар болып табылатын елді мекендер жатқызылуы мүмкін;
3) аудандық маңызы бар қалаларға бөлінеді, бұларға аумағында өнеркәсіп орындары, коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектілерінің дамыған жүйесі, кемінде 10 мың адам халқы бар, оның халқының жалпы санының үштен екісінен астамы жұмысшылар, қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері болып табылатын елді мекендер жатқызылуы мүмкін;
4) поселкелерге бөлінеді, бұларға өнеркәсіп орындарының, құрылыстардың, темір жол стансаларының және басқа экономикалық маңызды объектілердің жанындағы, кемінде 3 мың адамы бар, оның кемінде үштен екісі жұмысшылар, қызметшілер және олардың отбасы мүшелері болып табылатын елді мекендер жатқызылуы мүмкін, сонымен қатар, кемінде екі мың адам халқы бар, оның жыл сайын емделу мен тынығу үшін келетіндер саны кемінде тең жартысын құрайтын, емдік маңызы бар жерлерде орналасқан елді мекендер де поселкелерге теңестіріледі; оларға қалалықтардың жазғы демалыс орындары болып табылатын, ересек халқының кемінде 25 проценті ауыл шаруашылығымен ұдайы айналысатын саяжай поселкелері де жатқызылуы мүмкін;
5) ауыл (село) - кемінде 50 адамы бар, халқының кемінде жартысы ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері болып табылатын елді мекен;
6) халқының саны кемінде 50 адам шаруа және басқа да қоныстар ең жуық елді мекеннің құрамына енгізіледі.
Әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, оларға ат қою және олардың атын өзгерту туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі, жергілікті өкілді және атқарушы органдар өз өкілеттіктері шегінде қабылдайды.
Облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою мен олардың аттарын өзгертуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебінен жұмсалады.
Әкімшілік-аумақтық бірліктерге ат қою және олардың атын өзгертуге, атауларының транскрипциясын нақтылау жөніндегі жұмысты ретке келтіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдар жанынан ономастикалық комиссиялар құрылады.
Тұрақты халқының саны 50 адамнан асатын және дербес елді мекендер деп саналатын қоныстар есепке алынады және тіркелуге жатады.
Қызметтік мақсаттағы объектілер болып табылатын жалғыз үйлер, фермалар, қоныстар (орманшылардың, жол қараушылардың, жол шеберлерінің үйлері, зайымкелер, қыстаулар, дала қостары, метеостансалар және т.б.) әкімшілік немесе аумақтық тұрғыдан байланысты елді мекендер құрамында есепке алынады.
Қалалардың, кенттердің немесе ауылдардың (селолардың) құрамына енгізілген және олардың бір бөлігіне айналған елді мекендер, сондай-ақ тұрғындарының бәрі кетіп қалған немесе қоныс аударған қоныстар дербес әкімшілік-аумақтық бірліктер мәртебесінен айырылады және есепті деректерден шығарылады.
ҚР қызметінің негізгі қағидалары. Конституция Қазақстан Республикасының қызметінің келесі негізгі қағидаларын бекітеді:
1. Қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық.
2. Қазақстандық патриотизм.
3. Бүкіл Қазақстан халқының игілігін көздейтін экономикалық даму.
4. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе парламенте дауыс беру арқылы шешу.
Қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық қағидасының бірінші орында тұруы, бұл қағиданың аса маңыздылығында. Себебі, түрлі объективтік және субъективтік факторлаға байланысты қоғам әртүрлі топтардан, яғни әлеуметтік таптардан, ұлттардан, тектерден және конфессиялардан тұрады. Бұл топтардың әрқайысының өз дүниетанымы, көзқарасы, идеялары мен сенімдері бар. Осы әртүрлі көзқарас алшақтығының, қарама-қарсы тұрушылықтың, олардың арасындағы күрестің себебіне айналмауы тиіс. Басқа топтың, ұлттың, діннің немесе нәсілдің өкілдеріне төзбеушілік тек көзқарас алшақтығының ғана емес, сондай-ақ текетірестің көзі болып табылады. Ал, мұндай жағдай тек сол топқа ғана емес, қоғам мен мемлекет үшін қауіпті. Сондықтан қоғамдық келісімнің болуы өте маңызды.
Мемлекеттің және оның органдарының әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан баршаның тең құқылығын нығайтуға, осы себептер бойынша кемсітушіліктің болмауына бағытталған нормалар шығарудағы қызметінің маңызы ерекше.
Саяси тұрақтылыққа да, қоғамдық келісімге сияқты мемлекеттің, қоғамның, оның институттарының үзіліссіз еңбектінің нәтижесінде қол жеткізіледі. Саяси тұрақтылықтың болуы мемлекеттің бірқалыпты дамуының негізі. Мемлекет ішінде тұрақтылық болмаса, халықаралық қатынастарда тұрақтылық болмайды. Саяси көзқарастың, идеялардың әралуан болуына қарамастан мемлекет ішінде саяи тұрақтылық қамтамасыз ету бұл мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Түрлі идеологиялық топтардың арасында келісімді қарым-қатынас орнату мемлекеттік билікті бірқалыпты жүзеге асыру Қазақстан Республикасының негізгі қызметтерінің бірі болып табылады.
Экономикалық даму қағидасы - қоғам мен мемлекеттің прогрессивті дамуыны бағытталған , экономиканың шешуші мәні бар күш ретінде таниды. Аталған қағиданың Конституцияда бекітілуі мемлекетіміздің қоғамның экономикалық дамуына жауапты екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Конституция меншік құқығын бекіте отырып, оны мемлекеттік және жеке меншік ретінде таниды. Бұл норманың Конституцияда бекітілуі жеке және заңды тұлғалар үшін аса маңызды.
Қазақстандық патриотизм - бұл Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының өз Отаны, яғни Қазақстанға деген сүйіспеншілігі және берілгендік сезімі. Осы жоғары сезім өмірдің барлық салаларында: саяси, экономикалық, мәдени және т.б. салаларда жоғарғы жетістіктерге жетуге, оның қуаттылығын, қорғаныс қабілеттілігін көтеруге халықаралық аренада беделін нығайтуға көмектеседі. Қазақстандық патриотизм, сонымен қатар Қазақстанда ондаған жылдар бойы тұратын әртүрлі ұлттың адамдары мүддесінің ортақтылығын сезіну, осы елдің тарихи өткенін құрметтеу, жаңа мемлекет құру, азаматтық қоғам құру жолындағы белсенді қызмет.
Мемлекет өмірінің мейлінше маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу қағидасы өзіне, аса маңызды мәселелерді Парламентте дауыс беру немесе референдумда дауыс беру арқылы, Қазақстан халқының өзінің мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуы.
Достарыңызбен бөлісу: |