Адам және азамат, құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен тұрақты саяси-құқықтық байланысын айқындайды, бұл байланыс олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығынан көрінеді. Қазақстан Республикасында әрбір адамның азаматтық алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады. Қазақстан Республикасының азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болып табылады. 16 жасқа дейінгі баланың азаматтығы оның туу туралы куәлігімен, ата-анасының қайсысының болса да паспортымен расталады. Қазақстан Республикасының азаматтығы, оның қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады.
Қазақстан Республикасы азаматының республикадан тыс жерлерде тұруы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды.
Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ мұндай некені бұзуы азаматтықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды.
Қазақстан Республикасының азаматтығы:
1) тууы бойынша;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша;
4) заңда көзделген өзге де негіздер бойынша алынады.
Тууы бойынша азаматтық алу . Бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан ҚР азаматы болып табылады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР азаматы болған жағдайда бала:
1) ҚР территориясында туса;
2) ҚР тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде ҚР территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол ҚР азаматы болып табылады.
Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР азаматы болған жағдайда, егер осы кезде ата-анасының екеуінің де ҚР тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері болса, ҚР тыс жерде туған баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.
Бала туған кезде ата-анасының біреуі ҚР азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан ҚР азаматы болып табылады. Баланың анасы азаматтығы жоқ адам болып, ал әкесі ҚР азаматы деп танылып, әкелігі анықталған ретте 14 жасқа толмаған бала қай жерде туғанына қарамастан ҚР азаматы болады. Бұл бала ҚР тыс жерлерде тұрақты тұрған ретте оның азаматтығы ата-анасының жазбаша арызы бойынша анықталады.
Ата-анасының екеуі де белгісіз ҚР территориясындағы бала ҚР азаматы болып табылады. Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері бар, азаматтығы жоқ адамдардың ҚР территориясында туған баласы ҚР азаматы болып табылады.