Ерлі-зайыптылар функциясына рухани қарым-қатынас, күнделікті шаруашылық, басқарушылық (ерлі-зайыптының екеуі де отбасының тұтастай өмір сүру әрекетінің ұйымдастырушылары болып табылады) функциялары, алғашқы әлеуметтік бақылау функциясы, өкілеттілік функциясы (ерлі-зайыптылар өз отбасыларының өкілі ретінде қоғамның барлық ошақтарының алдында өз отбасы атынан шығады), эмоциялық, жыныстық-эротикалық және басқа да функциялар жатады.
Ата-аналық функциялар тобы балаларды туу және тәрбиелеу функцияларын еңбекке қабілетсіз және кәмілетке толмаған отбасы мүшелеріне қамқорлық ету, оларды материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету функцияларын құрайды.
Рухани қарым-қатынас функциясы отбасындағы бос уақытты бірге өткізудегі, өзара жан дүние байлығын нығайтудағы қажеттіліктерді қанағаттандыруда көрініс табады. Сонымен қатар оның құрамдас бөліктері: отбасы ішіндегі қарым-қатынасты ұйымдастыру; бұқаралық ақпарат құралдарымен, көркем әдебиет пен шығармашылық пен өзара бірлестіктегі отбасы мүшелерінің байланыс әрекеті, отбасының өз мүшелерінің қоршаған орта мен әлеуметтік орта арасындағы әртүрлі байланыстарға әсері болып табылады.
Отбасында ерлі-зайыптылар арасындағы рухани қарым-қатынас мәдениетінің негізі өзінің серіктесіне тең қарым-қатынаста қарау болып табылады. Мұндай қарым-қатынас барысында ерлі-зайыптылар өздерінің рухани әлемін, айналасындағылармен байланыс қабілеттерін жетілдіре түседі. Егер де ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінен өзін жоғары санап, өз тұғасын биік қойса, онда өзара түсінушілік ғана бұзылып ғана қоймай, сонымен қатар қарым-қатынастың барлық түрінің бұзылуына әкелуі мүмкін.Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сыйлауы, өзара қолдауды қамтамасыз етуі аса маңызды болып табылады. Бұл жағдайлар нәтижесінде жан тыныштығын сақтауға және эмоциялардың жақындасуына көмектеседі.
Отбасының эмоциялық функциясы оның мүшелерімен эмоциялық қолдау, психологиялық қорғаныс, өзара сыйластық және көңіл білдірудегі қажеттіліктерді қанағаттандыруды қамтамасыз етеді. Отбасындағы оңтайлы эмоциялық атмосферасы оның әрбір мүшесіне ішкі сезімдерінің жағдайын жасырмауға, қуанышымен бөлісуге, сәтсіздіктер мен көңіл-күйін айтуға, толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңес алуға, рухани және физикалық күш-қуатын толтыруға және қалпына келтіруге кең мүмкіндік ашады.
Отбасының алғашқы әлеуметтік бақылау функциясы–отбасы мүшелерімен, әсіресе әртүрлі жағдайларға (жас ерекшелігі, сырқаттануы және т.б) байланысты әлеуметтік ережелермен толық сәйкестікте өзінің әрекеттерін өз бетінше құруға жеткілікті деңгейде қабілетсіз мүшелерімен әлеуметтік ережелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Отбасында әрбір мүшесінің физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерінің қанағатандырылуына ерлі-зайыптылардың жауапкершілік сезімі жоғары болуы шарт.
Отбасының мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен, еңбек ұжымдарымен және басқа да отбасы мүшелерімен (туыстық, достық, көршілік), сонымен қатар, жекелеген тұлғалармен байланыс жасап, олармен түрлі сипаттағы қарым-қатынасқа түсетінін ескеру аса маңызды болып есептеледі.
Жоғарыда аталған функциялар көмегімен отбасы басқа әлеуметтік қауыммен экономикалық, идеологиялық, заңды, жалпы мәдени, эмоциялық және басқа да қатынастар орната, сонымен қатар, әлеуметтік әлеммен өзара байланысқа түсе отырып, қоғамның алғашқы бөлігі ретінде өзін танытады.
Қазіргі таңда аса маңызды және өзектілерінің қатарына күнделікті тұрмыстық-шаруашылық (экономикалық) функциясы да жатады. Бұл функция материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге (азық–түлік, тұрғын үй, киім, алғашқы қажеттілік заттары) бағытталған және отбасылық топтың барлық мүшелерінің денсаулықтары мен физикалық күш-қуатының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Отбасының экономикалық функциясы мынадай негізгі компоненттерден тұрады: қоғамдық өндіріске қатысу, үй шаруашылығын жүргізу, отбасылық қаржыны қалыптастыру, тұтынушылық әрекеттерді ұйымдастыру болып табылады.
Некедегі ерлі-зайыптылардың арасындағы үйлесімді тұлғалық келісушіліктерден отбасылық бақыт құралады, яғни бұл процесс барысында ой алмасу мен жағымды эмоциялар алмасуы жүзеге асады. Мұндай қарым-қатынастағы жағымды кері байланыстардың жүзеге асуына қажетті жағдай қалыптасқан әдет–ғұрып ережелері мен қағидалар жүйесі болып табылады. Бұл функцияның ең басты мақсаты – отбасында неғұрлым тығыз өзара түсінушілікті қамтамасыз ету. Рухани қатынастарды жетілдіру қарым–қатынас мәдениетінің жоғарылауын қамтамасыз етеді. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы тұлғаның өз-өзін жүзеге асыру сфераларының біріне жатады.
Өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық өмірге дайындауда негізгі ерекшеліктер жүзеге асырылуы тиіс:
отбасында ата-аналар мен ерлі-зайыптылардың рөлдерін, бағалауларын, белгілерін, неке мен отбасындағы қарым-қатынастың қоғамдық маңызын ашып көрсететін әлеуметтік ерекшеліктер;
жауапкершілік, ұстамдылық, мейірімділік, инабаттылық қасиеттерді бойға сіңіре отырып, кіші мен үлкенді, ана мен әкені сыйлауға, адамдармен достық, толеранттық қарым-қатынаста болуға тәрбиелейтін адамгершілік-эстетикалық ерекшеліктер;
отбасындағы ерлі-зайыптылардың қоғам мен балаларына, бір-біріне деген міндеттерін білуін, неке мен отбасының негізгі заңдылықтарына сүйену қажеттілігін көрсететін заңнамалық ерекшеліктер;
ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірде бір-бірінің психологиясын түсінуіне, сезімдерін дамытып, қарым-қатынас дағдыларын игеруіне мүмкіндік беретін,неке мен отбасылық өмірдің психологиялық негізі болып саналатын психологиялық ерекшеліктер;
ерлі-зайыптылардың жыныстық өмірімен ерекшеленетін физиологиялық ерекшеліктер;
отбасында баланы тәрбиелеуде маңызды, ата-ананың педагогикалық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғарлауынаықпал ететін педагогикалық ерекшеліктер;
ерлі-зайыптыларды үйшаруашылығын, мәдени тұрмысты және отбасы қаржысын жұмсауға үйрететін шаруашылық-экономикалық ерекшеліктер.
Жоғарыдағы айтылған ерекшеліктерді ескере отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты, яғни жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындау қоғамда маңызды рөл атқарады. Мұндағы әрбір ерекшеліктер жастарды жан-жақты тәрбиелеуге үлес қосады. Жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеудің барлық жақтары әлеуметтік, педагогикалық және психологиялық факторлармен де ажыратылады.
Жастарды отбасылық өмiрге дайындауда Ж.Баласағұнның кеңестерінің алатын орны ерекше:
- отбасы тәрбиесi жастардың отбасын құруға ниет бiлдiрген кезiнен, яғни жар таңдаудан бастау алуы керек. Сондықтан «Қалыңдықты алу оңай. Той да оңай, Табу қиын, осы жағын ойлағай...», - деп болашақ отбасындағы тәрбиенiң сәттiлiгi жар таңдауға тікелей байланысты екендігін мазмұндайды;
- қыздарды төрт негiзгi топқа бөлiп қарастыра отырып, жiгiттi адастырар белгiлерін былайша сипаттайды: «Ер жiгiттi адастырар көп себеп: бiрi - күндей сұлулықты көксемек; ендi бiрi даңқтысын қалайды, үшiншiсi - байлықты жар санайды, төртiншiсi - бiрiн де ойға алмайды, Ақ ниеттi, әдептiсiн таңдайды»;
- сұлу құмар жiгiттерге адам баласының сұлулығы тән сұлулығымен емес, жан сұлулығы арқылы өлшенетiнiн, ал құр тән сұлулығы ақыл-парасатсыз, үйлесiмдi мiнез - құлықсыз жiгiттердi адасушылыққа алып келетiнiн де назардан тыс қалдырмайды: «Құлқы жақсы кiсi - бақтың иесi, Iсi гүлдер, тиiп құттың киесi»- деп, тәрбиелі келіннің отбасына келуі құт, берекенің келуімен тең екендігін суреттейдi және т.б.
Әл Фараби отбасылық қатынастар ерлі-зайыптылардан жоғары адамгершілікті психологиялық мәдениетті, имандылық қасиеттерді талап ететіндігін айта келіп, зинақорлық жасау, бойын нәпсіге жеңдіру, ішкілікке салыну сияқты кесапатты қасиеттерден ерлі - зайыптыларды сақтандырып, олардың бір - біріне деген адалдығы мен ұстамдылығы, татулығы мен өзара силастығы өз отбасылары мен балаларының өскендегі тәрбиесінің жемісі екендігін айтады. Себебі, өнегелі отбасында ғана өнегелі ұрпақ тәрбиеленеді. Әке мен шешенің өзара сыйластығын, жолдас - жора мен ағайын - туысқа деген ілтипатын, ұл - қызға бағытталған қамқорлығын көріп өскен ұрпақ қана ержеткенде өздері де берік отбасы іргесін құра алады.
Сондықтан жастарды отбасылық өмірге дайындау өзара әрекетті қажет етеді, сонымен қатар жастардың отбасылық өмір туралы көзқарастары мен сезімдерінің қалыптасуымен байланысты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |