1.2. Сөз тудыратын қосымшалардың өзіндік қасиеті Сөз тудыратын (сөзжасам) қосымшалар форма тудыратын (сөз түрлендіретін) қосымшамен сөздің белгілі бір морфемалық құрамды бөлшегі болып, морфема ретінде бір топ құрағанымен, олардан мағыналық, қызметтік жағынан мүлде өзгеше. Сөз тудыратын қосымшалар 1) өзі жағынан түбір сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп жіберіп, жаңа мағыналы сөз тудырады, 2)сөйтіп барып, сөз тудыру процесінің бір тәсілі ретінде грамматикалық мәннен гөрі лексика-семантикалық қасиетке ие болып, 3) сөз тудыру қатарындағы белгілі бір үлгі ретінде өнімді-өнімсіздік, құнарлы-құнарсыздық сипатта көрініп отырады. Сол арқылы олар 4) туынды түбірлердің, жаңа сөздердің қатарын көбейтіп, 5) бұл туындылар жаңа лексикалық единица болып сөздік құрамға енеді, оны (сөздік құрамды) байытып отырады. Бұндай мағыналық қасиет форма тудырушы қосымшаларда атымен жоқ. Осындай қасиет пен сипаттардың нәтижесінде форма тудырушы қосымшалармен салыстырғанда сөз тудырушы қосымшалардың түбірге (сөзге) жалғану аясы тар. Ал форма тудырушы қосымшалар (қазіргі грамматикаларда сөз түрлендіретін немесе форма тудыратын жұрнақтар және жалғаулар деп аталатын қосымша түрлері), біріншіден,белгілі бір сөз табына немесе оның белгілі бір семантикалық я грамматикалық тобына түгел жалғанып (ондай қасиет, категориялық сипат сөзжасам қосымшаларына мүлдем тән емес), екіншіден, не жаңа мағыналы сөз тудырмайды, не түбір білдіретін лексикалық мағынасын өзгертіп жібермейді, тек сол бір сөз табы шеңберінде өзі жалғанған түбірге қосымша грамматикалық қана мағына үстейді де, белгілі сөз табының парадигмалық жүйесінің бір көрсеткіші болады.Сондықтан да осындай типті қосымшалардың тұлғалық түрленуі мен мағыналық жиынтығы белгілі грамматикалық категория құрайды. Демек,форма тудырушы қосымшалар категориялық форма тудырады да, бұнда өнімді-өнімсіздік, құнарлы-құнарсыздық сипатының қажеті болмайды. Ең өнімді әрі құнарлы дегене сөз тудырушы қосымша, мысалы, мамандық, бір іске бейімділік, икемділік мәнін білдіретін -шы,-ші (қосымшасы) барлық зат есімге бірдей жалғана бермейді: Балықшы,қойшы,жылқышы,сиыршы т.б. туынды сөздер болғанмен, шортан-шы, сазан-шы, ешкі-ші, лақ-шы, құлын-шы,тауық-шы т.б. сияқты сөдер жоқ, демек, бұл жұрнақ зат есімнің бәріне бірдей, мысалы, шортан, сазан, лақ,құлын,тауық,аспан,достық,білім, аялдама,мінбе,кеспе тәрізді толып жатқан негізгі, туынды түбір зат есімдерге жалғанбайды. Сөйтіп, форма тудырушы қосымшалар, бір жағынан, белгілі бір сөз табының парадигматикалық түрлену жүйесінің тұлғалық көрсеткіші болып саналса, екінші жағынан, сол сөз табын,оны жеке сөз табы ретінде тануға негіз болатын осындай морфологиялық белгілері арқылы басқа сөз таптарынан ерекшелендіретін грамматикалық тұлғалар жүйесі, яғни морфологиялық критерийге негіз болатынын,сөз табының грамматикалық сипатының басты көрінісі екенін ескеру қажет. Осы қасиеттің негізінде, сөз жоқ,форма тудырушы қосымшалардың, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, оған белгілі категориялық щеңберде грамматикалық мағына үстеуі, сөйтіп, белгілі бір сөз табынаң грамматикалық формасын тудыруы, екіншіден, сол сөз табына енетін немесе оның белгілі бір тобына тән сөздердің бәріне жалғана алуы, сөйтіп, белгілі бір сөз табынаң грамматикалық категоиясының түрлену жүйесінің тұлғалық көрсеткіші болуы, грамматикалық абстракция жасауы олардың бір-бірімен байланысты, бірінен екіншісі туындайтын мәндік, грамматикалық сипаты болып табылады да, бұндай сипат сөз тудыратын немесе сөзжасам қосымшаларында болмайды.
Сөз тудырушы (сөзжасам) қосымшалардың басты қасиеті – өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгерту, жаңа мағыналы сөз тудыру болып табылады. Сөз тудырушы қосымшалар бір сөз табының шеңберінде парадигмалық жүйе жасай алмайды, бір жағынан, жалпы категориялық мәнге сәйкес ортақ грамматикалық форма білдіретін грамматикалық мағынаға бәлгілі бір грамматикалық категорияның аясында қарама-қайшы келетін (оппозициялық) грамматикалық мағына тудырмайды. Сөзжасам қосымшасы жалғанғаннан кейінгі үстелетін грамматикалық мағына сол қосымша жалғау арқылы пайда болған лексикалық (деривациялық) мағынаның негізінде ғана туындайды да, морфема ретіндегі түбірдің грамматикалық мағынасы сияқты мәнде сөз табына тек осы жағынан қатысты болады. Сөзжасам қосымшалары бұл жағынан да сөз тудырудың басқа жолдары (мысалы, лексика-семантикалық, аналитикалық) сияқты қасиетте болып, грамматика тұрғысынан морфологияның шеңберінде қаралуы оның грамматикалық мәні мен сипатынан тумай, тек белгілі сөз табынан болуына ғана байланысты.
Мысалы, мал-шы, біл-ім деген сөздерді талдап көрейік. Әдетте, бұлардағы –шы және -ім қосымшаларын зат есімнен зат есім (мал- зат есім, мал- шы -зат есім) және зат есім (біл-етістік, білім-зат есім) тудыратын жұрнақ деп анықтап жүрміз. Дұрысында бұл жерде -шы қосымшасы мамандыққа, кәсіпке (яғни малды бағуға) байланысты, -ім қосымшасы білу қимылының нәтижесін білдіретін жаңа сөздер жасаған. Міне, осы мағыналары жаңа сөзжасамдық мағына болып табылады да, сөзжасам қосымшасының мәні осымен шектеледі. Енді малшы,білім деген сөздерді (мамандықтың,кәсіптің иесі, я атауы және нәтижесі,атауы) осындай лексикалық мағынасының жалпылануы, яғни, жалпы зат атауын білдіру сипатына көшуі нәтижесінде зат есім болып тұр. Бұл сөздердің зат есім болуына бұл қосымшалардың тікелей қатысы жоқ, бұл жерде семантикалық процесті-нақты заттың жалпылануын, сөйтіп, жалпы грамматикалық мағынаның пайда болып, ол зат атауы болғандықтан, зат есім деп танылып отыр. Яғни сөз тудыратын қосымшаның белгілі бір сөз табының щеңберінде қаралуы ол қосымшаның ең негізгі қасиеті, басты мәні емес, бұдан ол категориялық сипатқа ие бола алмайды. Өйткені сөз тудырушы қосымшалардың щеңбері сөз таптарының түрлену жүйесімен, грамматикалық категорияның болу-болмауымен айқындалмай, көбіне таза сөз тудыру, лексикалық мағына жасау мәселесіне байланысты болады да, сол шеңберде айқындалады. Сондықтан да қазақ тілінде сан есімнің мағыналық түрлерін жасайтын форма тудыратын қосымшаларды жоқ және керісінше, түрленбейтін сөз табы деп танылатын үстеудің грамматикалық форма тудыратын қосымшалар жүйесі болмаса да, кейбір сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған сөздер үстеу деп аталады.
Сөйтіп, қосымшаларды сөзжасам қосымшалары және форма тудырушы қосымшалар деп екі үлкен топқа бөлудің ғылыми да, практикалық та мәні бар, өйткені одан, бір жағынан қосымшалардың басты грамматикалық қасиеттерін, мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы бұл морфемалардың мәні мен қызметін, тілдік қабаттардан алатын орнын анықтаймыз, екіншіден, соның негізінде сөз тудыру қатарының үлгісі ретінде лексикалық құбылыстың грамматикалық мәнін, олардың ара қатынасын ашып, сөз тудырушы қосымшалардың грамматикалық мәндегі категориялық сипаты жоқ, парадигмалық түрленудің көрінісі емес және сөз формасы бола алмайтын, ал форма тудырушы қосымшалар, керісінше, сөздің лексикалық мағынасын өзгерпей, оған грамматикалық мағына үстеумен бірге сөз тудырудың тәсілі емес, белгілі бір сөз табына қатысты болып, соның бір грамматикалық категориясының немесе семантикалық түрінің тұлғалық көрсеткіші, демек, сөз формасын тудырудың көрінісі болатынын айқындаймыз. Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін алмай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берілген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді. Ол қосымшалардың құрамдық (жалаң,құранды), мағыналық (моносемиялық, полисемиялық, мағыналас,омоним т.б.) ерекшеліктері мен қолданыстық, тілде өмір сүру (өнімді-өнімсіз,құнарлы-құнарсыз, сондай-ақ төл-кірме, көне-жаңа, тірі-өлі т.б.) сипаттарына байланысты ерекшеліктерімен бірге, бір сөз табының аясында ғана және бір сөз табының щеңберінен шығып кететін грамматикалық қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын айта кеткен жөн. Мысалы: -Шіркін,айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы, Абай (Әуезов).Ержан қазір соншылап тұр (Мұстафин). Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті тәрізді сөйлемдердегі айтушы, ұқтырушы, болсайшы, соншылап, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөздер деуге болмайды: айту-шы,ұқтыру-шы (жазушы сияқты),сон/л/-шыла-п,ата-ла-п, алматы-лық.Өйткені дәстүрлі грамматика тұрғысынан қарағанда,бұл сөздердің соңғы морфемалары -шы- зат есім тудыратын,-ла-есім сөзден етістік тудыратын қосымшалар.Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса сөзжасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер,туынды сөздер (жаңа лексемалар) емес.Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін,демек,сөздіктерде жеке берілетін реестірлік сөз емес,белгілі контексте ғана түсінілетін тұлғалар:олардың жасалу шегін,жұмсалу щеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды. Сондай-ақ итті қонақ жараспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата не костюмдік мата т.б. тіркестердегі итті, пісірім, қайнатым, тастам, көйлектік, костюмдік сияқты сөздер қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып қабылданбайды,тілде олар жеке лексикалық бүтін ретінде қалыптаспаған, тек осы және осыған ұқсас шектеулі контексте,белгілі бір сөздің тіркесінде ғана қолданылып, сол аяда ғана өмір сүреді. Бұндай қосымшалардың қатары -дай,-дей,-тай,-тей,-ша,-ше,-сыз,-сіз есімше тұлғасынан кейін жалғанатын -ғы,-гі сияқты қосымшалармен толыға туседі.
Форма тудыратын қосымшалардың басты, негізгі ерекшелігі өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туынды сөз жасамай, өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, жаңа сөз емес, сол сөздің басқа бір грамматикалық формасын жасау арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесі немесе семантикалық түрінің көрінісі болып табылуында. Сондықтан да бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай, олардың ерекшеліктері таза грамматикалық, немесе лексика-грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады. Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығы парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұн жағынан грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының өз ішінде семантикалық топтарын жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы жұрнақтар және жалғаулар деп аталып жүрген қосымша түрлеріне түгел тән болып келеді. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді. Расында да жалғаулар деп аталып жүрген қосымшалар мен есімше, көсемше, шақ, рай т.б. грамматикалық категориялар жасайтын қосымшалардың арасында мағына білдіруі, сөз түрлендіру қасиеті жағынан айырмашылық жоқ, тек жалғаулардың сөзге жалғану өрісі кеңірек, мүмкіндіктері молырақ; өздері белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының көрсеткіші бола тұрса да, басқа сөз табындағы сөздерге жалғана береді. Сонымен бірге жалғаулардың басқа форма тудыратын қосымшалардан синтаксистік қызметтік жағынан үлкен айырмашылығы бар, яғни жалғаулар өзі жалғанған сөзге белгілі бір грамматикалық мағына үстей отырып, сөйлем ішінде сөз бен сөзді байланыстырып, олардың сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары сол байланысқан сөздер арасындағы қатынастар негізінде айқындалып отырады. Мұндай қызметтік қасиеттер жалғаулардан басқа форма тудыратын қосымшаларға тәң емес. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың барлығына “сөздің әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру” қасиеті тән екен де қана септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларын етістіктің есімше, көсемше, рай, сын есімнің шырай формаларымен бір деп қарауға болмайды. Мысалы: Мен көрдім ұзын қайың құлағанын(Абай) деген сөйлемдегі сөздердің мынадай өзара байланысы бар: мен көрдім: мен сөзі өзінің семантикасы негізінде 2-сөздегі жіктік жалғаудың I-жақ көрсеткіші –м арқылы байланысқа түскен, сондықтан мен көрдің, я мен көрдік болмайдф, ал –ді деген жедел өткен шақ жұрнағы көру етістігі білдіретін қимылдың болып кеткенің көрсетіп тұр да, оның басқа сөздермен байланысына қатысы жоқ; құлағанын көрдім, -н табыс септік тұлғасы арқылы байланысқа түскен, ал ған есімше тұлғасының осы сөйлемдегі сөз байланысына қатысы жоқ, қайын/ның/құлағанын тіркесі – бірінші сөздегі ілік септіктің тұлғасы мен екінші сөздегі –ы тәуелдік жалғауы арқылы байланысқан; ұзын қайың – орын тәртібі арқылы байланысқан. Сөйтіп, бұл сөйлемдегі сөздердің құрамындағы жедел өткен шақ /-ді/ пен есімше /-ған/ тұлғаларының сөздерді байланыстыру қызметін атқара алмайтын, сөздерді қосымшалар ішінен септік, тәуелдік, жіктік жалғау тұлғалары ғана байланыстыра алатынын байқаймыз. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың сөз байланыстыру қызметін атқаратын түрін жалғау деп, сөз байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, категориялық грамматикалық мағына ғана тудыратын түрін жұрнақ деп беруге болады. Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болғанымен, олардың грамматикалық сипаты, парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану аясы, сөйлеу бүтіндері ретінде сөйлемде қолдану табиғаты бірдей, біркелкі емес. Олардың бір тобы өзі жалғанған сөздердің мағынасын өзгерту қабілеті жағынан, түбірдің грамматикалық сипатын өзгерту-сақтауы жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын да, бір тобы жалғауларға жақын. Сондықтан олардың бір түрін модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар, екінші түрін таза грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар деп бөліп қараған жөн.
Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмаған, түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермеген, түбірге әрі қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық немесе жалпы грамматикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп, бір сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап келеді. Қазақ тілінде модификациялық қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары, сын есімнің шырай жұнақтары, реттік сан есім жұрнақтары,күшейтпелі етістік, етіс, болымсыз етістік жұрнақтары жатады. Бұл жұрнақтар етістіктің белгілі категорияларының көрсеткіші болғанымен, етістік түбірдің грамматикалық сипатын сақтап тұрады.1) етістік түбірлерше тікелей жіктелмейді; 2) етістік түбірлерше сол күйінде қолданылмайды; 3) сыртқы тұлғасы жағынан етістік түбірлерше бұйрық райдың 2-жақ формасына сәйкес келеді. Етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары түбір етістікке сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды түбірге грамматикалық жұрнақтардан әрдайым бұрын жалғанады да, етістік одан кейін грамматикалық жұрнақтар үстелу арқылы ғана жіктеле алады. Отыр, тұр, жүр, жатыр қалып етістіктерінің тікелей жіктелуі бұлардың етістік түбірі емес екенін көрсетеді, жатырдың түбірі –жат, ол тікелей жіктелмейді.Бұл етістіктердің соңғы үр/р тұлғалары тарихи жағынан етістіктің грамматикалық бір категориясының тұлғасы болған болу керек те, ол тілден шығып қалғанмен, оның грамматикалық сипаты сақталып қалған тәрізді. Сол себепті де бұл төрт етістік тікелей жіктеледі, әрі 2-жақ бұйрық рай тұлғасымен сай келеді, 3-жақта да осы қалпында қолданылады:
Ол отыр, тұр, жүр, жатыр
Сен отыр, тұр, жүр, жатыр
Мен отыр-мын, біз отыр-мыз
Сен отыр-сың, сендер отыр-сыңдар
Олар отыр, олар отыр т.б.
Модификациялық жұрнақтардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектеліп те қалған. Олар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айрылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай жұрнақтарды сөз тудырушы қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн. Оларға қазіргі қазақ тіліндегі зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтарын, сын есіинің шырай категориясына ендіріп жүрген –ғылт, -ғылтым, -шыл, -шылтым, -ша, -ше жұрнақтарын жатқызуға болады. Сондықтан да болуы керек, модификациялық жұрнақтар арқылы жасалынатын категория лексика-грамматикалық категория дап аталады.
Ал грамматикалық немесе категориялық жұнақтар өзі жалғанған түбірге таза грамматикалық мағына үстеп, грамматикалық категория жасайды және ол категорияның грамматикалық сипаты сөздің түбір тұлғасынан өзгеше болады. Мысалы: есімше, көсемше, рай, шақ тұлғалары етістіктің таза грамматикалық категорияларының парадигмалық жұрнақтары болып саналады да, түбір тұлғаларды жіктеуге және етістіктің негізгі қызметі – предикат қызметін атқаруға дәнекер және негіз болып тұрады. ******
Жалғаулардың сөз бен сөзді байланыстыру қызметінде басқа да ерекшеліктері, атап айтқанда, сөйлемде түсіп қалып, жасырын қолданылуы, нольдік форма қасиеті бар. Мысалы: атау септіктің 3-жақ жәктәк жалғаудың арнайы жалғау тұлғасы жоқ, нольдік форма болып саналады. Ілік, табыс септік жалғауларының түсіп қалып жұмсалуы тілімізде жиі кездесетіні белгілі. Сонымен бірге басқа септік тұлғалары да, жіктік, тәуелдік жалғауларының да түсіп қолданылуы кездесіп отырады. Біздің, сіздің, өзіміздің деген сөздермен тіркескен екінші сөздегі I, II жақ тәуелдік жалғаулары түсіріліп те айтылады. Қазақтың ақын-жыраулары тілінде, жыр үлгілерінде Базарбайдың Төлеген /і/, Қобыландының Тайбурыл /ы/ тәрізді конструкциялар буын санына сәйкес болу үшін ғана қолданылған үлгілер емес. М.Қашғаридың сөздігінде, Ж.Баласағұнның “Құтадғу білігінде” де бұндай құбылыстар кездесіп отырады.
Қазақ тіліндегі қосымшалардың осылай жіктелуі олардың түбірге жалғану тәртібінен де байқалады. Сөзжасам қосымшалары форма тудырушы қосымшалардан сөзге бұрын жалғанады. Тек функциялық қосымшалар ғана ондай орын тәртібін бұзуы мүмкін. Форма тудырушы қосымшалардың сөзге жалғану тәртібі мынандай: бірлі-жарым ауытқуларды есептемегенде, әдетте, ең алдымен модификациялық жұрнақтар, одан кейін грамматикалық жұрнақтар, ең соңында жалғаулар қосылады.