І.3. Қосымшалардың мағыналық, құрамдық ерекшеліктері
Сөйтіп, қосымшалардың мағыналары бірдей емес. Бірі, сөзжасам қосымшалары, сөзжасам мағыналарын, яғни жаңа лексикалық мағына білдірсе, екіншісі, сөз түрленім қосымшалары, грамматикалық немесе лексика-грамматикалық мағыналарды білдіреді. Сонымен бірге сөзжасам қосымшаларының да, сөзтүрленім қосымшаларының да бір тобы бір ғана мағына білдіріп, моносемиялық қосымша болып бөлінсе, екінші бір тобы бірнеше мағына білдіріп, полисемиялы қосымша болып бөлінеді. Мысалы: белгілі бір елге, жерге, ру-тайпаға, халыққа т.б. нақтылы қатыстылықты білдіретін –ы, -і және осы қосымша қалыптасқан алғашқы түрі кірме –и қосымшалары моносемиялы болып табылады: қазақ-ы /мал/, қалмақ-ы /ер/, араб-ы /кілем/, тарих-и /оқиға/ т.б. Бұлардың қатарына –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті: тау-лы /жер/, тас-ты /жер/, әдеп-ті /бала/ т.б.; -ыл, -іл, -л, -ым, -ім, -м: ал-ым, гүр-іл, біл-ім т.б.; -кеш, -қой, -қор, -паз, -хана, -стан: арба-кеш, білім-паз, Түркі-стан, т.б.; -лық, -лік, -дық, -дік –тық, -тік: кісі-лік, дос-тық, ай-лық, апта-лық т.б.; -сыз, -сіз: су-сыз, білім-сіз, мұң-сыз, үн-сіз т.б.; -дай, -дей, -тай, -тей: тау-дай, жылар-дай, жас-тай, т.б.; толып жатқан сөзжасам қосымшалары полисемия болып табылады. Сондай-ақ -ды, -ді, -ты, -ті, -ны, -ні, -н табыс септік жалғауы тура объектіні білдіріп, моносемиялы сөзтүрленім қосымша болып табылады.Сондай-ақ -ды, -ді, -ты, -ті, жедел өткен шақ қосымшалары, -ды, -ді, -ты, -ті, көсемше тұлғасынан кейін жалғанатын 3-жақ жіктік жалғауы т.б. – моносемиялы қосымшалар.
Полисемиялы қосымшаларды омоним қосымшалардан айыра білу керек. Омоним қосымшалар түр-тұлғасы бірдей я ұқсас болғанымен, мағыналары бүтіндей бөлек-бөлек, көбіне бір-бірімен ешбір байланыс болмайтын дай қосымшалар болып табылады. Сөзжасам қосымшалары өз ішінде бір-бірімен омонимдес бола береді. Мысалы: -ық, -ік, -қ, -к: қаз-ық, бөл-ік, төсе-к, т.б., -ы, -і қазақ-ы, естек-і т.б. Омонимдік сипат сөзжасам қосымшасы мен сөзтүрленім қосымшалары арасында да болады. Жоғарыда көрсетілген –қ,-к қосымшаларымен I жақ көпше түрде жіктік жалғауы,-ы,-і қосымшаларымен тәуелдік жалғаудың III жағы омонимдес болып келеді. Сөзтүрленім қосымшаларының өз ішінде де омонмидік сиапт кездесіп отырады: -ды, -ді, -ты, -ті, абыс септік жалғау мен көсемше тұлғасынан кейін жалғанатын 3-жақ жіктік жалғауы мен жедел өткен шақ жұрнағы омонимдес екендігін көреміз. Бұлардың қатарын бұдан әрі көбейте беруге болады. Қосымшалар арасындағы омонимдік сипат кәдімгі лексикалық единицалар – сөздер арасындағыдай, әр түрлі жолмен қалыптасады. Бірде дыбыстық өзгерістерге түсу нәтижесінде екінші бір қосымшамен тұлғалас болып келеді. Мысалы: өл-і, тір-і, тол-ы т.б. сөздерінің көне түрі өл-іг, тір-іг, тол-ығ, яғни қосымша –ығ, -іг, -ұғ, тілдің даму барысында соңғы ғ,г дыбыстарының түсіп қалу нәтижесінде –ы, -і болып, осы тұлғалас қосымшаларға омонимдес болған. Екінші, бірде бөтен тілден енген қосымша да тіліміздегі басқа қосымшамен омонимдес болып келеді:қазақ-ы,қалмақ-ы, т.б. сөздің құрамындағы –ы, -і парсы нисбеті –и қосымшасының қазақыланған түрі. Үшінші, бірде омонимдік сипат полисемиялы қасиеттің дамуы негізінде пайда болып қалыптасады. Қазақ тілінде омоним қосымшалардың шеңбері мен саны әлдеқайда көп.Соның бірі –ша, -ше қосымшасы:
Бейімділік, мамандық, кәсіпке байланысты, адамға қатысты зат атауларын тудырады.
Заттық ұғымның белгілі бір қимылын білдіретін сөздер тудырады.
Бұйрық рай тұлғасына жалғанып, тілек, жалыну мағынасын білдіреді.
Қимылдың мақсаттық мәнін тиянақты түрде жүзеге асатындығын білдіреді.
Мағыналық жағынан қосымшалар мағыналас, жақын мағыналарды білдіретін синоним қосымшалар да, мағыналары бір-біріне қарама-қарсы антаним қосымшаларда болады. Синоним қосымшалардың қатарына тәуелдік жалғау мен –нікі, -дікі, -тікі қосымшасы, белгілі жағдайда –шаң, шең қосымшасы, -шыл, -шіл және –қор қосымшалары, біріншіден, адамға қатысты, екіншіден, ол адамның бір іске бейімділігін, жақындығын білідретін атаулар, я атаулардың сындық белгісін тудырып, синонимдік қатар тудырады. Ал оған керісінше –лы,-лі,-ды,-ді –ты,-ті қосымшасы белгілі бір заттың, құбылыстың барлығын, көптігін білдіретін қатысты мәндегі сөздер тудырсы, -сыз, -сіз қосымшасы заттың, құбылыстың жоқтығын білідретін қатысты мәндегі сөздер тудырып антонимдік сипатта қолданылыды.
Қосымшалардың көптігі тілдің даму барысында жеке лексикалық мағыналы сөздердің семантикалық дербестігін, бара-бара тұлғалық та дербестігін айрылу нәтижесінде қалыптасып жасалған. Қандай қосымшаны алсақ та, түп төркіні жеке сөзге саятынын этимологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Мысалы: -ша, -ше, -шақ, -шек, шық, -шік қосымшаларымен шақты, шейін септеуліктері түптеп келгенде -шақ, -шек әрі есім, әрі етістіктен жасалған, -дай, -дей, -тай, -тей қосымшалары мен дейін септеулігі көне түркі тег, қазіргі тіліміздегі түрі ти етістігінен жасалғандығы толық дәлелденген. Бұндай процестер тіл дамуынан да байқауға болады. Мысалы: құмар сөзі араққұмар, әнқұмар, ойынқұмар т.б. сияқты туындылар жасауға қатысып, қосымша мәніне ауыса бастағанын көреміз. Сондай-ақ соң шылауы сөйлеу тілде есімше тұлғасымен кірігіп барып күрделі қосымшаға айналып барады: айтқаннан соң – айтқан соң – айтқасын, келгеннен соң – келген соң – келгесін т.б. Немесе бірінші, екінші жақ жіктік жалғаулары жіктеу есімдіктерінен қалыптасқаны анық: -мың, -мін, -шын, -бін, -пын, -пің жіктік жалғауы мен –ым, -ім, -м тәуелдік жалғауы да жіктік жалғауы арқылы мен деген есімдіктен, -мыз,-міз,-быз,-біз,-пыз,-піз жіктік және –ымыз,-іміз,-мыз,-міз тәуелдік жалғаулары біз деген есімдіктен, -сың,-сің жіктік жалғауы сен деген есімдіктен, -сыз,-сіз жіктік жалғауы сіз деген есімдіктен тарағаны белгілі.
Ал құрамы жағынан,ең алдымен, бір дыбыстан тұратын, мысалы, -а,-е,-й,-п, -у,-ы,-і,-с,-ш,-т,-қ,-к,-м,-н,-ң т.б. қосымшалар, екіншіден, екі я одан да көп дыбыстан тұратын қосымшалар бар екенін айтуға болады. Олардың құрамы дауысты-дауыссыз, дауыссыз-дауысты, дауыссыз-дауысты-дауыссыз, дауысты-дауыссыз-дауысты-дауыссыз т.б. сияқты болып келеді.
Сондай-ақ құрамы жағынан қосымшалар жалаң және құранды болып бөлінеді. Жалаң қосымшалар – тұлғалық жағынан да, семантикалық жағынан да, қанша дыбыстан тұрса да, бөлінбейтін біртұтас, бірбүтін морфема болып саналатын қосымшалар да, екі я одан да көп қосымшалардан құралып, мағына жағынан немесе басқа сөздер құрамында қолданылуы немесе көне тілде жұмсалуы арқылы бөлуге болатын қосымшалар құранды қосымшалар деп аталады.
Жалаң қосымшалардың өзі бір дыбыстан я бірнеше дыбыстан да құрала береді: -м,-ым,-ім,-ы,-і,-сы,-сі,-ған,-ген,-қан,-кен,-ма,-ме,-па,-пе,-ба,-бе,-лық,-лік,
-дық,-дік,-тық,-тік т.б.Ал құранды қосымшалар бірнеше дыбыстан тұрады, өйткені оның құрамында кем дегенде екі қосымшаның элементі бар. Бір сөзге жалғанған кез-келген екі я одан да көп қосымша құранды бола бермейді.Әдетте құранды қосымшалар морфемалық жағынан ажыратуға келмейді де, бір бүтін қосымша ретінде қолданылады: -шылық, -шілік, -ымды, -імді, -ынды, -інді, -атын, -етін,-йтын,-йтін,-ыңқыра,-іңкіре,-ңқыра,-ңікіре т.б.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, тіліміздегі қосымшалар мағыналық және тұлғалық дербестігі болмай, жеке тұрып өз бетімен ешбір мән бере алмай, түбірсіз жеке қолданыла алмай және түбірдің ыңғайына қарай вариантталып отырса да, мағыналық және құрамдық жағынан жеке сөздерге, лексикаға тән полисемиялық-моносемиялық, антонимдік-синонимдік, омонимдік, тіл-көрме, бір құрамды – көп құрамды сияқты қасиеттерде жұмсалатынын көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |