ІІ.2. Қосымшалардың грамматикалық мағына берудегі ролін таныту Грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Қазақ тілінде грамматикалық формалардың қатарындағы жалғаулар сөйлемдегі жеке сөздерді өзгертіп, түрлендіру арқылы оларға белгілі грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық формалар болып есептеледі. Қазақ тіліндегі төрт түрлі жалғаудың әрқайсысының өзіне тән грамматикалық мағыналары және сол мағыналарына орай арнаулы грамматикалық формалары бар. Сол себептен олар өз алдына категория деп танылып, әрқайсысы бас - басына септеу категориясы, көптеу, тәуелдеу, жіктеу категориясы делініп есептеледі. Септік жалғаулары туралы алған теориялық білімдерін оқушы есінде қайта жаңғырту, тереңдете түсу. Өткен сабақтардан алған білімдерін қайталауға арналған әр түрлі жаттығулар арқылы балаларды тез ойланып, жауаптарын тиянақты, жүйелі айта алуға дағдыландыру мақсатында үлестірмелі кеспе қағаздар , кесте-сызбалар пайдаланылып, мәтінмен ауызша, жазбаша жұмыстар жүргіздім.
Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің түрлену жүйесінің бірі – септік жалғауы. Септік жалғауы да тәуелдік, көптік жалғаулары сияқты сөз бен сөздің арасын байланыстырып, оларды өзара қарым-қатынасқа түсіріп тұратын категория. Септік жалғауының сөздерді байланыстыратын қасиеті мына түрде түсіндіріледі. «Инженердің жаңа жоспарынан біздерге тиетін көмек өте көп» деген сөйлемді тақтаға жазып, инженер сөзіндегі -дің, жоспар сөзіндегі -нан, біздер сөзіндегі -ге қосымшаларын сүртіп тастап, инженер... жаңа жоспары... біздер... тиетін көмек өте көп деген тіркесті қайта оқытып, оқушылардың өздеріне қандай өзгеріс барын аңғарттырамыз. Сөйтіп, сөздердің қарым-қатынасқа түсе алмай, айтайын деген ойдың үйлесімсіз тұратынына оқушылардың көздерін жеткіземіз. Мұнан соң инженер, жоспар, біздер деген сөздердің қарым-қатынасқа түсіп тұрған тіркесін аңғартып, бұл үшін тіркестің өзара бір-бірімен септік жалғауының қосымшалары арқылы қарым-қатынасқа түсіп тұрғанын айтамыз.Тақтаға ақ, қызыл бормен септік жалғауының аттары мен сұрақтарын жазып, әрбір септіктердің өздеріне тән арнаулы сұрақтары, қосымшаларының бары айтылады. Бұл жұмыс былайша орындалуға тиіс: тақтаға 7 септіктің атаулары бірінен соң бірі ақ бормен рет-ретімен баған ретінде тізіліп жазылады да, оқушыларды қатыстыра отырып «Тілімізде неше септік жалғауы барын көріп отырсыңдар?» деген сұраққа жауап аламыз. Осылайша оқушылардың назарын аударған соң, тақтадағы септіктердің қатарына қызыл бормен әрқайсысының сұрақтарын жазамыз. Ол сұрақтардың кім? не? деген негізгі түбірден өрбігенін аңғартып, әр септіктің өздеріне тән арнаулы қосымшалары барын, ол жалғанып тұрған жалғаулар арқылы түрленетінін түсіндіреміз де, әр септіктің тұсындағы кім? не? сұрағына қосылып тұрған септік қосымшаларының астын сызып көрсетеміз. Сонымен қатар әр септіктің білдіретін мағынасына да тоқталып өткен жөн.
1. Атау септік. Атау септігі сырт тұлғасы жағынан да зат есімнің түбірі тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе де, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар, олармен тепе-тең, бірақ нольдік формалы септік жүйесінің бір түрі болып табылады. Атау септігі белгілі бір заттарды атап көрсетеді, сондықтан атау септігіне қойылатын сұрақтар кім? не? деген жалғаусыз формада жұмсалады.
2. Ілік септік. Ілік септігіндегі сөз үнемі тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысты болады. Ілік септіктің білдіретін басты мағынасы – грамматикалық меншіктілік, иелікті, меншіктілік-қатыстықты көрсету. Ілік септігі кімнің? ненің? қай? деген сұрақтарға жауап болады. Ілік септігінің қосымшалары ашық та, жасырын да қолданылатыны өзара салыстырыла әңгімеленуі керек. Мысалы: мектептің маңы – мектеп маңы, есіктің тұтқасы – есік тұтқасы.
3.Барыс септік. Барыс септігінің де өзіндік ерекшелігі бар. Барыс септігі сөз бен сөзді байланыстырып, мекенді, бағытты, мақсатты, мезгілдік ұғымдарды білдіреді. Барыс септігінің сұрағы мен қосымшаларын түсіндірген соң, дейін, шейін, тарта, қарай, жуық сияқты шылау сөздер өзінің негізгі сөздердің үнемі барыс септікте тұруын керек ететіні аңғартылады. Мысалы: үйге дейін.
4. Табыс септік. Табыс септігі зат пен қимылды ұштастырып, өзара
байланыстырып тұрады. Табыс септігі қимылдық ұғымды білдіретін кейбір етістіктердің лексикалық мағыналарымен тікелей байланысты болып, олармен табиғи жағынан да қарым-қатынаста келеді. Мысалы, «Тақтаны сулы шүберекпен сүрту керек» деген сөйлемді тақтаға жазып, сүрту керек деген тіркестің баяндауыш екенін, оған нені? деген сұрақтың тікелей қойылатыны аңғартылады. Демек, сүрту керек деген сөз тіркесі тақтаны деген сөздің табыс септікте тұруын қалайтыны ескертіледі.
5. Жатыс септік. Жатыс септіктегі сөздер де етістіктен болған сөйлем мүшелерімен байланысып, мекендік, мезгілдік мағыналарды білдіреді. Мысалы: ол мектепте болды.
6.Шығыс септік. Шығыс септігі – септік жалғауларының ішіндегі оңай меңгерілетін категориясының бірі. Шығыс септіктегі сөздер де етістікпен байланысып, қимылдың болған орнын, мезгілін, себебін, нәрсенің неден істелетінін білдіреді. Мысалы: Олар Мәскеуден келді. Шығыс септігіндегі сөздердің мағынасы мен сөйлемдегі қызметі төмендегі мысалдар арқылы түсіндіріледі:
1. Ғарышкерлер Байқоңырдан (қайдан?) ұшырылады.
2. Еңбек сабағында пластилиннен (неден?) ат жасадық.
3. Асқарды алыстан жүрісінен (несінен?) таныдым.
4. асқардан (кімнен?) Омар жақсы оқиды.
Бірінші сөйлемдегі Байқоңырдан деген шығыс жалғаулы сөз қайдан? деген сұраққа жауап беріп, шыққан орынды білдіріп, екінші сөйлемдегі пластилиннен деген сөз неден? деген сұраққа жауап беріп, заттың неден істелгенін білдіріп, сөйлемде толықтауыш болып тұр.
7. Көмектес септік. Көмектес септік сөздер де етістіктен болған мүшемен байланысып, іс-әрекеттің құралын, тәсілін және амалын білдіреді. Демек, көмектес септігі бір заттың екінші бір затқа көмекшілік қызметінде жұмсалатынын білдіреді. Мысалы: Адам еңбегімен бағаланады. Көмектес септігінің –мен, -бен, -пен түрлері жиі қолданылады, ал –менен, -бенен, -пенен түрлері қазіргі тілімізде көп жұмсалмайды. Көмектес септіктің қосымшаларының басқа септіктерден бір ерекшелігі – олардың жуан варианты жоқ. Бұлардың түбірге үнемі жіңішке тұлғада жалғанып, буын үндестігіне бағынбайтыны, көмектес септіктің беретін мағыналары да, сөйлемдегі қызметі де түрліше болып келетіндігін сөйлем талдау арқылы түсіндірген ұтымды болады. Мысалы: 1. Еңбеккерлер трактормен (немен?) жер жыртады, комбайнмен (немен?) астық орады. Қасым жолдастарымен (кімдермен?) экскурсияға кетті. Біз баяндаманы ықыласпен (қалай?) тыңдадық. Бұл сөйлемдердегі трактормен, комбайнмен деген сөздер немен деген сұраққа жауап беріп, істің нендей құралмен істелетінін білдіріп тұр. Сол сияқты жолдастарымен деген сөз кімдермен? Деген сұраққа жауап беріп, істің бірлестігін білдіріп тұр. Сөйтіп, оқушыларға түсіндірген септік жалғауының түрін, сұрағын, мағынасын, қосымшаларын жинақтап, өздеріне бала, шеге деген екі сөзді ауызша септетіп, олардың жауабын ақ, қызыл бормен әр септіктің тұсына жазып тұру керек. Осындай жұмыстың нәтижесі тақтада мына түрде көрінуі тиіс:
1. Атау ------- кім? не? ------------- бала ------------ шеге
2. Ілік -------- кімнің? ненің? ---- баланың ------- шегенің
3. Барыс ----- кімге? неге? ------- балаға ---------- шегеге
4. Табыс ----- кімді? нені? -------- баланы -------- шегені
5. Жатыс ----- кімді? неде? ------- балада -------- шегеде
6. Шығыс -----кімнен? неден? --- баладан ------ шегеден
7. Көмектес --кіммен? немен? -- баламен ------ шегемен
Бұл көріністен жоғарыда айтылғандардан басқа бала, шеге сөздеріндегі септік жалғауларының дәл кім? не? сұрақтарындай түрленіп тұрғанын, буын үндестігіне байланысты қосымшалардың жуан, жіңішке түрлерге варианттанып тұрғанын айту қажет. Бұдан соң дыбыс үндестігіне байланысты да әр септіктің қосымшаларының түрлі вариантта келетінін мына кесте арқылы түсіндіреміз.
Септіктер ------------- Септіктердің жалғаулары
1. Атау ----------------- жоқ
2. Ілік ----------------- - ның, - нің, - дың, - дің, - тың, - тің
3. Бары--------------- - ға, - ге, - қа, - ке, - на, - не, - а, - е
4. Табыс ------------- - ды, - ді, - ты, - ті, - ны, - ні, - н
5. Жатыс-------------- - да, - де, - та,- те, - нда, - нде
6. Шығыc------------- - нан, - нен, - дан,- ден, - тан, -тен
7. Көмектес --------- - мен,- бен, - пен
Бұл көрнекі құралды жаңа материалды жинақтап қорыту ретінде пайдаланамыз. Септік жалғауының жалғанатын сөздерінің соңғы дыбыстарының әуеніне қарай түрліше болып келетіні осындағы жалғауларды көрсету арқылы түсіндіріліп, сөздердің осындай жалғаулар арқылы түрленуі септеу делінетіндігі тұжырымдалады.
Сонымен қатар мектеп бағдарламасында септеудің жай септеу мен тәуелді септеу деген түрлері кездеседі. Жай септеу деп жалғауларының тікелей зат есімдердің және басқа есім қызметін атқаратын сөздердің тура түрлеріне жалғануын, септелуін айтсақ, ал тәуелді септеу деп септік жалғауының зат есім немесе зат есім қызметін атқаратын басқа сөздердің тәуелді түрлеріне жалғануын айтамыз. Септік жалғауының жай септеу түрі мен тәуелді септеу түрін салыстырып оқытуға болады.
жай септеу --------- тәуелді септеу
1. қалам ------------- қаламым
2. қаламның ------- қаламымның
3. қаламға ---------- қаламыма
4. қаламды ----------- қаламымды
5. қаламда ------------қаламымда
6. қаламнан ----------қаламымнан
7. қаламмен ----------қаламыммен
Төмендегі сөздерге барыс септігінің жалғауын жалғап көшіріңдер де, ол
жалғаудың неліктен түрліше болғанын түсіндіріңдер.
(қайда?) қалаға
(кімге?) әкеме (Т.Ж І)
(кімге?) атасына (Т.Ж ІІІ)
(неге?) күрекке
(неге?) сағатқа
(неге?) үйге
(қайда?) інісіне (Т.Ж ІІІ)
(кімге?) апама (Т.Ж І)
Көп нүктенің орнына қажетті септік жалғауын қойып жазып, қай септік екенін анықтаңдар.
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсына,
Жайраңдасып жас күлер құрбысына.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысына.(Абай)
Үлестірмелі кеспе қағаздармен жұмыс.
1-кеспе қағазы. Берілген сөйлемді құрылысына, сөйлем мүшелеріне талдап, кездескен септік жалғауларының түрін ажырат.
Қазақ баласын ағаш бесікке салып асырайды.
2- кеспе қағазы. Сөйлемге морфологиялық талдау жаса.
Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналатын салт-дәстүрдің бірі – шілдехана.
3-кеспе қағазы. Сөйлемде кездесетін септік жалғауларының түрін ажыратып, асты сызылған сөзге фонетикалық талдау жаса.
Асық ойыны баланы ептілікке, мергендікке үйретеді.
“Білімнің негізі- бастауышта”,- деп тегін айтылмаған. Бастауышта сынып оқушыларының зейін тұрақтылығы әр түрлі. Олардың қазақ тіліне қызығушылығын арттыруды, ой-өрісін жетілдіруде, ойлау мен сөйлеу тілін дамытуды ойын элементтерінің орны ерекше. Ойын үстінде баланың түрлі қасиеттері дамитын атақты педагог Макаренко атап көрсеткен, бауырмалдық, жанашырлық, үлкенді сыйлау, кішіні қамқорлыққа тәрбиелеу, қуыршақпен ойнату арқылы іске асырылады. Әрбір сабақтың тақырыбына сай көрнекті құралдарды қолдана отырып, ойын түрінде жүргізілген сабақтан түсінгендерін оқушылар естерінде ұзақ сақтай алады, ойынға дұрыс қатысқан болса, бала дұрыс сөйлеуге, өз ойын жүйелі баяндай білуге дағдыланады, дүниетанымы кеңейді. Көрнекті ғалым А.Байтұрсынұлы айтқандай, бала тілін дамытуда сөз үйретіп, сөзік қорын молайтуда өте тиімді әдістердің бірі-ойын, атап айтқанда, ол баланы ойната отырып, ойланатын әдістер қолданса деген. Екіншіден, сөздердің құрылымдық жақтарын баланың ұғымына түсінікті ойын тәсілімен жеткізуді талап еткен. Осындай ойындардың шарты:
“Түбірді жалғастыр”. Балаларды екі командаға бөліп, мұғалім бір түбір сөз айтады, бірінші қатар жұрнақ жалғап айтады, екінші қатар жалғау жалғап айтады, ұшінші қатар осы сөздермен сөйлем құрайды. Олардың мағынасын түсіндіреді. Қай команда жылдам және көп сөз жасаса, сол команда жеңеді. Мысалы: гүл, күн, балық, домбыра, қой. Айтып не болмаса суреттерін көрсетіп ойнауға болады. Басталатын сөз болатын сөз карточкасы жасалады. (барлығы 40)
1 ойын. Бас, бастық, басшы, босқа, баспалдақ, басшылық, басқарушы, бассар, бастас, басым, бассыз, бастықшыл, басты, бастама.
Еңбек, еңбекші, еңбекқор, еңбетес, еңбекшіл, еңбектік, еңбекқор.
Бала, балалық, балалы, баласыз, балажан, балапан.
Су, сушы, сулық, сулар, сулы, суат, сусар, сума, суық, сушыл.
2 ойын. Жұмыс, жұмысшы, жұмыскер, жұмыстық, жұмыстас, жұмысшыл.
Оқу, оқ, оқушы, оқулық, оқымысты, оқтау, оқшау, оқытушы, оқырман, оқпан.
Ас, астық, астар, аспан, аспаз, асхана, асыр, асық, асыл, асфальт, Асқар.
Ой, ойшыл, ойын, оймақ, ойлау, ойлан, ойық, ойыс, ойнақ.
Әрбір ойын үшін жасалған сөз карточкалары оқушыларға таратылып беріледі. Қызылмен жасалған 4 сөздің біреуін алған оқушы оны тақтаға іледі. Сөзбен түбірлері бірдей сөз карточкалары бар оқушылар отырған орындарына қарай тақтаға ілетін болады.
Қалған үш сөз тобы да осылайша ойналады. Қазақ тілі пәніне тек сабақ кестесінен ғана жүрмей, кластан тыс уақытта да олардың білімдеріне байқау жүргізуді қолдануға болады. Мұнда “Қызық грамматика” ойындары қолданылады.
“Сөзтізбек ойыны” Бір жұмбақпен айтқызып, мысалы: “Үй үстінде алты тас, алайын десе табылмас”. Жұмбақтың шешуіне сәйкес сөзтізбегін құрату, тізбектегі ойластырған сөздердің мағынасына назар аудару.