І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш



бет65/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   156
Әдебиеттер


  1. С.Торайғыров өлеңдер жинағы.

  2. М.Мақатаев «Жырлайды жүрек"

  3. Н.Ә.Назарбаев Жолдауы



ЖАС ПРОЗАИКТЕРДІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МИСТИКА

Төлеу Айнұр, магистрант (Қазақстан)
Абай атындағы ҚазҰПУ

Қасқыр тотемі мен мифінің біздің санамызға сіңуіне мыңдаған жылдар қажет болған. Әрине, құрғақ жерден миф қалыптаса салмайды. Ғалымдардың қасқырдың түркілік тотемге айналуына оның айға қарап шығаратын дауысы себеп болған деседі. Аууу- алғашқы сөздік қоры аз адамдардың бір-бірін іздеу әдісі болған. Осылайша сөзді меңгерген тұста да аууу киелі сөзі қасқыр образымен ұштасып, тотемге айналды деген де болжам бар. Әдетте мистика мен мифті адамзаттың санасының сәби кезінде пайда болған сарын мен жанр деп есептеп жатады. Бірақ белгілі бір ұлттың танымы мен болмысын айшықтауда екеуінің көп үлесі бар екенін бағамдау қиын емес. Әйтпегенде Шоқан Уалихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегі біз үшін (отарлауды көздеген Ресей үшін) соншалықты құнды еңбек болып табылмас еді. Миф-тамыр. Кез-келген ұлттың дүниеге деген көзқарасын тану үшін тамырына үңілу қажет болады. Сондықтан да бүгінгі таңда қалам ұстаған жас жазушылардың мистика мен мифке қайта бет бұрып жатқанын орынды деп есептеуге болады. Еуропа әдебиетіндегі (неміс әдебиеті) Гетенің «Фаустынан» бастау алған мистикалық прозаның бүгінгі жас қаламгерлердің бірталайының обьектісіне айналғанын айқын аңғаруға болады.


Мистика турасында анықтамаларды көптеп кезіктірдік. Бір қызығы «Әдебиттанудың терминдер сөздігінде» мистика туралы мүлдем жазылмапты. Ал, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» : « Мистика /грек mystik/ зат. Табиғаттан тыс, тылсым күшке сенушілік, мистицизм. Мистиканың негізінде табиғаттан тыс күштерге сенім жатыр»,-деп анықтама берілген.
Жас жазушылар мистикалық сарынды пайдалана отырып қазақтың бүгінгі болмысының түп тамырынан ажырап бара жатқанын ұғындырғысы келеді. Қалам ұстағандардың ендігі буыны ғаламдану үрдісінде қазақ тағы бір мәрте түп-тамырына үңіліп алуы тиіс деген ұранды меңзегісі келетіндей. Айталық, Мақсат Мәліковтің «Бассыз бөрі» эссесінен мистикалық сарынды оп-оңай аңғаруға болады. Шығарма былай басталады: «Көк бөрінің маң даланы үрейге бөлеп ұлығысы келді. «Аууу.... Аууууу..... Ауууууу» Ұли алмады. Басы жоқ екен. Қайда қалды біреулер шауып алды ма, әлде өзі бір жерге ұмытып кетті ме, о жағын біле алмады. Қатты өкінді. Ұли алмағанына. Жортып келеді. Жоғалған басын іздеп».
Әдетте сөйлемнің оқырманға әсер етуі үшін оны ортадан үзіп, жаңа сөйлем бастайтын стильдік тәсілдер болады. Бірақ соңғы екі төрт сөйлемді біріктіріп, екі сөйлем жасаса да, шығарманның әсерлілігі еш соғындамас еді. Айталық, «Қатты өкінді. Ұли алмағанына» дегеннің орнынана- Ұли алмағанына қатты өкінді десе, « Жортып келеді. Жоғалған басын іздеп»- Жоғалған басын іздеп, жортып келеді деп жазылса сөйлем әлдеқайда сауаттырақ шығар ма еді? Ал, шығарманың басталуындағы форма-тым тосын. Басы жоқ бөрі ұли алушы ма еді? Ұлымақ түгілі тірі жүруінің өзі екі талай емес пе? Прозаик осы тәсіл арқылы оқырманды өзіне баурай алаған. Оқырман әлгіндей сұрақтарға сәл тосылып қалады да, оқиғаның ары қарайғы желісін білуге асығады. Есесіне, жас жазушының бөрі тотеміндегі биік рухты аңсайтыны аңғарыла бастайды. Мәселен, бөріге ғайыптан тіл бітуі, сондағы алғашқы айтқан сөзі- «Ей, Тәңірім» деген сөз. Осы тұста мистикалық сарынның біздің мифтік танымымызға негізделіп отырғанын айта кету керек. Сонымен қатар алдағы тоқталатын көптеген қаламгерлер де мистиканың халықтың мифтік танымына негізделген нұсқасынан ажырамауды құп көретінін байқаймыз.
М. Мәліков «Иттің иесі боллса, бөрінің тәңірісі бар» деген халық аузындағы мақалға бүгінгі заман биігінен қарап тұрғандай әсер қалдырады. Адамша сөйлеген бөріге Тәңрісі тіл қатады. Осылайша ол Тәңірден басын қайтарып беруді өтінеді. Бірақ Тәңірі оған адамның басын ғана бере алатынын жеткізеді. Әлбетте көк бөрі адамның басына қарағанда өзінің басын тәуір көреді. Ол аузын айға білеп ұли алатын басын аңсайды. Шығарманың соңғы сөйлемінің бірін жазушы былай береді : «Көк бөрі енді өз үйіріне өгей екендігін сезінді». Бір ғана сөйлемнен түркі әлемінен хабары бар оқырман көп дүниені аңғарар еді. Себебі басын іздеп жүрген бөрі-қазақ болатын. Автор өз әңгімесінде Бөрі символикасын шебер пайдаланған . Бірақ ғаламадану кезеңінде «маң даланы үрейге бөлеп ұлудың» қажеті бар ма? Демек өзін ұлы даланың мұрагері сезінетін қазақтың да негізгі рухани құндылықтарының ғаламдану үрдісіне қажеті жоқ болғаны ма? Көк бөрінің көкірегін де осы сұрақтар кернейді. Сондықтан адамның басын ұсынған Тәңірісінің ұсынысын ол қабыл алмайды? Оған өз бөрі-басы керек. Автор бөрі-бөрі қалыпында қалуы тиіс деген түйін жасамайды. Адамның басын қабыл ала салғаны жөн еді деп те ақыл айтпайды.
Ол осы шығарма арқылы бөрі тотемі негізінде қазақтың бүгінгі жай-күйін берудің қалыбын, тәсілін таба білген. Шығарманың идеясы тың болғанымен, прозалық шығармада тотемдік символды пайдалануы тосын деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыда М. Мәліков көк түріктердің биік рухты кезеңін аңсайтын авторлардың дәстүрін өз кезегінде жалғастыра білді деп айтуға болады. Алдымен қазіргі қазақ прозасында Мұхтар Мағауиннің «Қасқыр – Бөрі» әңгімесінен М. Мәліковтің хабары бар екенін байқауға болады. Әрине құрылымдық жағынан екі әңгімені салыстыруға келмейді. Ал Бөрі тотемін пайдалану мен бағзы кезеңдердегі түркілік биік рухқа деген сағыныш пен сол кезеңдерді аңсау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқанның байқаймыз. Бөрі тотеміне қатысты кие мотивіне қазақ қаламгерлері қашан да болса жүгініп отырған. Шығарма тақырыбы М. Мағауинндікіндей «Қасқыр-Бөрі», М. Мәліковтікіндей «Бассыз бөрі» деп аталмаса да, А.Алтайдың «Киллер Сауысқан» әңгімесінен де бөрі –танымы көркемдік деталь ретінде пайдаланылған. «...бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады.» «Арлан бөрінің» «сұғанақ сауысқаннан» ажал тапқаны әңгімедегі оқырманды бір селт еткізіп, өзіне баурап алатын тосын деталь десе де болғандай. Себебі әдетте азуын айға білеген түз тағысының сүйкімсіз ала құстан мерт болуына сену қиын ғой. Десе де, автор арлан бөріні символдық кейіпкер етіп ала отырып, біздің түркілік танымымызға қатысты астарлы ой айтқысы келетіндей.
Қасқыр мифі пайда болғалы бері қаншама дәуірлер дөң асты? Халықтың ғұрыптары мен дәстүрлерінің тұп негізі мифтің тасасында жасырынып жатады. Ал қалам ұстағандар соны таным көзімен байқай қалып, ары қарай дамытады десек те болғандай. Мифтің өзін белгілі бір автор шығарады деген күнің өзінде де, қиялгердің негізгі желіден алшақтай алмайтындығын байқауға болады. Бүгінге дейін бөрі тотемі біздің рухымыздың символына айналғанын байқауға болады. Демек, көк бөрі туралы миф әрі қарай жалғасын тауып, мистикалық сарында, (бәлкім уақыт тағы бір сарынды алып келер) түрліше құбыла береді. Қазақтың көне танымы арқылы өз қоғамның кейіпкерлерінің болмысын беруге болатынын М. Мәліковтің «Бассыз бөрісінен» аңғаруға болады. Автор ажалдың өзімен еркін сұхбаттаса алады. Тіпті бұ дүниеден о дүниеге, немесе үшінші әлемге аттай алады.
Шығармаларында мистикалық сарынды пайдаланатын жас прозоиктердің бірі- Қойшыбек Мүбарак. Ол мистикалық шығармаларына сюжет құруда кие мотивін, от концептісін, айна феноменін жиі қолданады. Автордың «Айна» деп аталатын әңгімесі де бар. Прозаик айнаны біз өмір сүріп жатқан кеңістік пен өзге тылсым кеңістікке жол сілтейтін «тұсбағдар» ретінде пайдаланып отырады. «Тораңғылы сиқыры» деп аталатын әңгімесінде де кейіпкер айна арқылы перілердің әлеміне өтіп, солармен бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітеді. Алайда кейіпкерге адамға тән кеңістігіне қайтуына тура келетін мезет жетеді. Ол әбден қартайып айнаның бергі бетіне-адамдар әлеміне өткенде не бары бір-ақ күн ғана уақыт өткен. Бірақ айнаның арғы жағына жас жігіт қалпында енген кейіпкер біздің уақытпен есептегенде бір күннің ішінде сақал-шашы ағарған қартқа айналып шыға келеді. Айна-эстетикалық феномен. Автор мұны жақсы пайдаланған. Сондықтан екі әңгімедегі кейіпкер де айнадан көрінген сұлу бейнеге елітіп, басқа әлем үшін, өз кеңістіктерін қиып тастап кете береді. Бір қызығы айнада көрінген көрінген бейнеге өз әлемін қиып тастап кететіндердің екеуі де ер адамдар. Оның сыры неде? Алдымен мифтік таным тұрғысынан айнаның жылтырауы- шайтанның қақпаны. Сондықтан айнаға деген адамзаттың қаншалықты ықыласы бар болғанымен, оған деген үрей де жоқ емес. Түнде айнаға қараудан, жатар бөлмедегі айнаның бетін жабу секілді жоралғыларды жасап жатамыз. Айна екі әлем арасындағы шекара, өлімнің бір бөлігі ретінде қарастырылған. Анығында, нөлдің пайда болуы математиканы қаншалықты деңгейге дейін дамытса, айнаның пайда болуы өнер мен ғылымды соншалықты дамыта білді деуге толық негіз бар. Физикада оптикалық әдіс-тәсілдер арқылы адамдардың көруіндегі ерекшеліктерді айна арқылы анықтауға болады.
Сурет өнері мен театрда айнаны символдық деталь ретінде шебер пайдаланған шығармалар жетерлік. Бір қызығы айна-адамзатқа ортақ мистикалық деталь бола алады. Бір кеңістіктен екінші кеңсітікке өтуге байланысты айнаны пайдалану-адамзаттың тылсым танымға қатысты көркем еңбектерінде көрініс таба береді. Сондықтан айнаны деталь ретінде пайдаланып, автор жаңалық енгізді деп айта алмаймыз. Алайда «Айна» әңгімесінде бас кейіпкер бөгде әлемдік сұлуға ғашық бола бастаған сәтте сақал-мұрты қудай шал ақыл айтады. Ондағы шалдың айтқандары мен сол қария кейіпкердің кірістірілуіне мән беруге болады. Шал: «Сайтанның сапалағы, әкел ана айнаны. Сенің тегің- топырақ, оның тегі-от. Әуре болма, өртеніп кетесің!» Автор кейіпкер шалдың сөзі арқылы адамзаттың жаратылысына қатысты мифтік танымға назар аудартып алған. Исламдық таным бойынша біз топырақтан, ал пері, жын, сайтан дейтін жаратындылар оттан жаратылған. Ал түркілік танымда от-кие.Ол туралы Шоқан Уалиханов былай дейді «От әулие(киелі) болып саналады... Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды.» От- адамзат тіршілігінің ажырамас бір бөлігі. От-кие, өрт-жау, от- (жалын)жастықтың нышаны. Отқа қатысты біздің танымызда үрей мен оны соншалықты өміріміздің ажырамас бөлігі ретінде жақын қабылдау да бар. Демек, алдымен тәңіршіл кездегі мифтік таным мен ислам дінін қабылдағандағы отқа қатысты түсініктер біздің ұлттық санамызда қатар, астасып, бірінен бірі қалыспай «өмір сүріп» келеді. Автор бас кейіпкердің айнадағы бейнеден сақтануына қатысты ақылды шалға айтқызуының өзінде де негіз бар. Себебі біздің түпкі санамызда сақалы мен шашы ағарған, көп өмір сүрген қарттар көп біледі деген танып қалыптасқан. Сондықтан да біз Асан қайғы мен Қорқытты, Қыдыр атаны жас кейпінде елестете алмаймыз. Олардың мифтік бейнелері біздің санамызда сақал-шашы ағарған қария ретінде қалыптасқан.
Қ. Мүбарактың «Айна» әңгімесіндегі бас кейіпкер сақалды қарттың айтқан тілін алмайды. Есесіне айна арқылы кейіпкер сұлу қызбен бірге ай-әлемге бір-ақ тап болады. Бірақ өзі айда жүргенін сезіп-біліп тұрса да, айнаға қараса ол көлдің бетінде қалқып жүреді. Біздің адамзатқа түсінікті, деректі таным бойынша кейіпкер суға тұншығып өліп қалған. Ол соны айнадан қарап таңқалып тұрады. Ал өзі айда пері қыздың әлеміне өтіп кеткен. Бізге белгілі және белгісіз тылсым кеңістік. Әңгімеде екі кеңістік бар. Адамзат үшін айна- шындықтың бағдаршысы. Мұны аталмыш әңгімеден аңдау қиын емес. Кейіпкер айнаға қарау арқылы шын мәнінде өзінің суға тұншығып өліп қалғанын түсінеді. Ал, «Тораңғылы сиқырындағы» әңгімеде кейіпкер мистикалық кейіпкермен былайша кезігеді. «Айнаның ішінде аппақ гүлге орнаған бір қыз тұр. Селк ете түстім... Көзіме бірдеңе елестеген болар деп уқалап-уқалап жіберіп қайта қарадым. Басым айналып, құлағым шуылдап кетті. Орныма барып көрпеге тас бүркеніп жатып қалдым. Құлағыма «мені құтқаршы, босатшы мені» деген қыздың жалынышты даусы келді». Автор бұл шығармада әйелге тән сұлулық пен нәзіктікті айнаның қақпанына түсіретін қару ретінде қолданады. Кейіпкер өз бөлмесінде болып жатқан мистикалық оқиғадан үрейленеді. Төсекке тығылады. Бірақ құтқаршы деген назды өтініш оның үрейін жеңіп кетеді. «Айна» әңгімесінде өзге кеңістікке өтер алдында автор қартты ақылшы кейіпкер етіп алса, «Тораңғылы сиқырында» екі әлем арасында «ақылшы» ретінде балалы қайыршы әйел жүреді. Бірақ кейіпкер өзге әлемге өткенде қайыршы әйелдің өзі сол әлемнің тұрғыны екені анық болады. Автор кейіпкерлерге ат қоймайды. Мистикалық кейіпкерлерге есім берудің қажеті жоқ деп есептейтін болуы керек. Алайда оның әңгімелерін оқитын оқырманға бұл айтарлықтай кедергңсін келтіреді.
Мифтік сарынға негізделген бүгінгі прозаиктердің мистикалық шығармаларында пейзаж, портрет, мінездеу, суреттеу сынды айқыштау белгілері кемшін. Кейіпкерлердің бір-бірімен құрған диологы арқылы оқырман өзі картина құрып алады.Бәлкім шығарма мистикалық сарында болғандықтан жазушы оқырман қиялына ерік беретін болар. Мүмкін поэтикасы енді қалыптасып келе жатқан жаңа бағыт болғандықтан айтылған мәселеге тоқталып отыру оларға қиынға түсіп жатқан болар. Ол жағын алдағы зерттеулер нәтижесінде байқаймыз деген үміттеміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет