І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш



бет66/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   156
Байланысты:
treatise40283

Әдебиеттер

  1. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы: Арыс, 2009.

  2. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы, Ана тілі, 1998.

  3. Мәліков М. Жұмбақ кітап. – Алматы, Жалын, 2011.

  4. Балқыбек Ә. Қасқыр құдай болған кез. – Алматы: Тұран, 2008.

  5. Алтай А. Киллер сауысқан.– Алматы: Арда, 2013.

  6. Мағауин М. Шығармалар жинағы. 7-том, – Алматы: Ғылым, 330 б.

  7. Уалиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. І том. – Алматы 2010, 180 б.

  8. Қойшыбек Мүбарак. Жат құшақ. – Алматы: Атажұрт, 2012.

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДА ҚАЙТАЛАУЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
(Күләш Ахметова өлеңдері негізінде)


Шотаева Назерке Қалилуллақызы (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік қыздар педаггикалық университеті
Ғылыми жетекшісі: Сұлтанова Б.М., ф.ғ.к.
К.Ахметованың өлең-жырлары бірнеше түркі халықтарының тілдеріне (өзбек, башқұрт, қырғыз және т.б.), сондай-ақ орыс, украин, белорус тілдеріне аударылған, мектеп оқулықтарына енген.
К.Ахметова – А.Ахматова, А.Межиров, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы-ақын. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Замандастың көңіл-күйі, жан әлеміндегі құбылыстар, әйел тағдыры – ақынның лирикалық толғаныстарының арқауын құрайды.
«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Күләш Ахметованың қолымызға түскен «Махаббат өлеңдері» атты жыр жинағы – ХХІ ғасыр поэзиясына қосылған зор үлес деп есептейміз. Жинаққа енген жырларды оқып отырып, ақын өмір сүрген қоғам туралы бірсыпыра мағлұмат алуға болады. Қазақ қыздарына өсиет айта білген ақын өмір гүлін сындырғандарға: «Қарғыс айтам жігітке ар таптаған, Қызға да айып аяулы жар таппаған. О, Көктемгі мәңгілік қызғалдақтар, Қайғыларың сендердің ортақ маған», – деп лағнет айтады.
«Қайталау» сөз әсерін күшейту үшін өлеңнің айрықша назар аударатын сәтін қайталап айту болып табылады. Қазақ сөз өнерімізде «қайталаудың» бірнеше түрі бар: жай қайталау, еспе қайталау, әдепкі қайталау, кезекті қайталау.
Поэзияда өлеңді өлең ететін ырғақ, бунақпен қатар қайталаулардың да айрықша қызметі бар. Қайталау өлең табиғатына сай өзге қызметтерімен қатар (ырғақты күшейтетін немесе тармақ жіктерін ажырататын) оның көріктеу – бейнелеу құралы ретінде де мәні бар, демек өлеңдегі негізгі айтылмақ ойды білдіруге көмектеседі. Қайталған сөздерге ой екпіні түседі де, оған оқырманның көңілі аударылады.Қайталау өлең мазмұнына, идеясына, стиліне тікелей қатысты, соған орай қайталанатын сөздердің сипаты мен тұлғасының қандай екендігінің үлкен мәні бар. Сөйтіп, Қайталау дегеніміз – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені, не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу. Ақындық өнерге тән қайталау – Күләш Ахметова поэзиясында елеулі орын алады. Кейде Күләш Ахметова өлеңдерінде бүтіндей сөз, сөз тіркестері, тармақ пен өлең жолдары бірнеше рет қайталанып келуін анық аңғаруға болады.
Өзіңдікі ауасы,таң нұры да,
Өзіңдікі жазы да, жаңбыры да,
Өзіңдікі даласы,тау,қыры да,
Өзіңдікі мереке,ән-жыры да,
Өзіңдікі барлығы болғаннан соң,
Өзіңдікі болғаны тағдыры да.
Өзіңдікі суы да,орманы да,
Өзіңдікі орманы,қорғаны да.
Өзіңдікі үйлері бақтары да
Өзіңдікі көшесі жолдары да.
Бар бақыты сенікі болғаннан соң
Қайғысы да сенікі болғаны да («Махаббат өлеңдері», 10-б)
Мұндағы «Өзіңдікі» сөзінің қайталануы анафора жасап тұр. Сонымен қатар, қайталаулар өлеңнің ортасында да кездеседі.
Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,
Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың.
Оңашада қамығып ән тыңдасын деген шығарсың...
Менен басқа өмірді де есіңе алсын деген шығарсың,
«Егіліп жыларсың да,басыларсың» деген шығарсың,
Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың.
Сүйетіні шын болса,іздеп келсін деген шығарсың... («Махаббат өлеңдері»,79-б.)
Бұл өлең жолдарында «деген шығарсың» сөздерінің қайталанып келуі адамның жүрек қылын шертетін жыр әсері мен жыр құдіреті күшейе түскен.
Әрі бұл сөз эпифораны құрап тұр.
Кешірдім менсіз тойға барғаныңды,
Кешірдім менсіз билет алғаныңды.
Кешірдім саусағымнан ұстап тұрып
Қадалып басқа қызға қалғаныңды («Махаббат өлеңдері»,115-б.)
Өзіме-өзім сүйенем,о,расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын,
Ыдыстар мен дыбыстар арасында («Махаббат өлеңдері»,113-б.)
Бұл Жерді әкем басқан,анам басқан.
Бұл Жерде мен Әлеммен амандасқам.
Бұл Жерде ата – бабаң атпен жүріп,
Бұл Жерде нұрын төккен саған да Аспан. («Махаббат өлеңдері», 69-б.)
Ақын «Кешірдім», «Өзіме-өзім», «Бұл жер» сөздерін өлеңдерінің басында қайта-қайта қолдану арқылы айтайын деген ойына ерекше қуат береді. Бұл өлең жолдарындағы ақынның пайдаланған тәсілі – қайталау өз-өзінен анафора құрап тұр.
...Аударамын жұлдыздар әңгімесін,
Аударамын жүрек пен жан күресін.
Табиғаттың, өнердің, музыканың
Баламасын табуда мәңгі үлесім!... («Махаббат өлеңдері» 49-б.)
Өлең сөздің ажарын келтіріп, әуезділігін арттыратын дыбыстық қайталаулар Күләш поэзиясында ерекше орын алады. Мысалы, жоғарыда келтірілген өлең жолдарының барлығы аллитерацияға құрылған. Бұл өлеңіндегі «Аударамын» сөзі қайталанып, анафора жасап тұр. Сонымен қоса, өлеңнің ұйқастарына көңіл аударсақ, «әңгімесін», «күресін», «үлесім» йқастарындағы кейбір әріптердің өзгешелігі болмаса, олар да қайталанған. Осы арқылы шумақтың эстетикалық әсері күшейе түскен. Бұл өлең жолдарынан байқайтынымыз, Күләш Ахметова өлеңдерінде қайталауларды шебер қолдана білген деген тұжырымға келуге болады.
Қайталау-фольклор жанрларының көбінде кездесетін көркемдік тәсілдің бірі және әр жанр табиғатына лайық қызмет атқарады. Бұл тәсіл Ілиястың алдында өмір сүрген ақындар поэзиясына да тән. Мәселен, «Алаң да алаң, алаң жұрт» (Қазтуған), «Ей, Абылай, Абылай» (Үмбетей), «Мен,мен едем, мен едім» (Махамбет) т.б. Мұндай қайталаулар арқылы жыраулар тыңдаушының назарын аударады, айтар ойды күшейтіп, өлеңнің әсерлілігін арттырады. Фольклордың табиғатынан туындайтын жеке жыраулар поэзиясындағы мұндай қайталаулар Ілиясв Жансүгіров шығармаларында да ұшырасады. «Сеп, сеп, сеп» , «Ұмытсын, көңілім, ұмытсын» т.б өлеңдерінде кездеседі.
Қайталау әдісі Шәкәрім шығармаларында да кеңінен көрініс тапқан. Оның көзқарасы бойынша: «қайталау-әсері мол көркемдегіш-бейнелегіш тәсіл.Қайталаулар-дүние жүзі тілдерінде кең түрде дамыған тілдегі көркемдегіш». Мысалы,
1. Кебек мұны естіп көп ойлады,
Асықпай, бір-ақ ғана еп ойлады.
Түні бойы қыз мені сынапты ғой,
Мен де мұны сынайын деп ойлады.
2.Сен мені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса,
Әуре боп саған уағда ет демеймін.
Сондай-ақ М.Мақатаевтың көркемдегіш құралдардың ішінде жиі қолданғаны - қайталау болды. Бұл жайында академик Р.Сыздық: "Шығарма тілін көріктеуде қайталама құбылысы өте ұтымды, әсерлі тәсіл қатарынан табылады. Ол стильдік категорияға жатады. Қайталама дегеніміз - бір сөздің (не текстің, сөйлемнің) бір сәйлемде, не абзац, шумақ сияқты микромәтінде қайталанып келтіру тәсілі", - деген еді. [2,87]
Мысалы:
Бақыт деген — сенің бала қүндерің
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,
Бақытым да, басқасын да білмеуің
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім:


Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң.
Бақытты сол — тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.
Өлеңде "бақыт" сөзі 21 рет қайталанады, осы сөздің екі шумақтың басында қайталануы анафора жасап тұр.
Ғалым Қ.Жұмалиев анафора мен эпифора жайында: "Анафора - сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі. Өлеңді шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір сөз, сөз тіркесі, жол, тармақ аяғында қайталанады да, эпифора деген атау алады", - деп жазған.[4,135]
Анафоралық және эпифоралық " қайталамаларды сөз колданудың оңтайлы тәсілі ретінде қарастырған академик М.Серғалиев болды. Ол жазушы Ғ.Мүсіреповтің шағын прозасы -әңгімелеріндегі қолданылған қайталамаларды "өзіндік дәстүрі бар тәсіл" деп бағалайды. "Сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі кездейсоқ құбылыс емес. Олар неше рет қайталанып келсе де, тиісті стилистикалық қызмет атқарады. Осындай анафоралық қайталамадагы сөздердің әрқайсысының стилистикалық "жүгінің" салмағы біркелкі болып келе бермейді; әрқайсысының өзіндік қолданылу ерекшеліктері танылып отырады." [5,137] М.Серғалиев анафора мен эпифора поэтикалық шығармаларда ғана емес, прозалық көркем шығармаларда да кездесіп отырады деген пікір берген. Ол осы жайында: "Тегінде, қандай сөйлем болса да — мейлі, өленді сөйлем болсын, мейлі, қара сөзбен келген сөйлем болсын — анафора болуының басты шарты — сол сөйлемнің бірнешеуінің бірдей жеке сөздерден немесе сөз тіркестерінен басталуы болуы керек", - деп жазған.[5,138]
М.Серғалиевтің пікірінше, көркем шығармалардағы анафоралық құбылыстар сөйлем мүшелерінің барлық түрі ретінде келсе, эпифоралық құбылыстарда сөйлем соңындағы сөздердің басым көпшілігі баяндауыш болып келеді. Сондықтан эпифора деп сөйлемнің баяндауышының колданылуын ұғамыз. Өлеңді шығармаларда анафоралық және эпифоралық қайталамаларды сөйлем мүшелері де, сөйлем мүшесі болмайтын жеке сөздер мен сөз тіркестері де тұрғысынан қарастыру жеткілікті болып табылады. [5,141]
Қайталама мәселесі Б.Шалабайдың да еңбектерінде қамтылады.
М.Балақаев пен Е. Жанпейісов "Қазақ тілінің стилистикасы" атты еңбегінде анафоралық және эпифоралық қайталамалар, әсіресе, шешендік өнердің, көркем әдебиеттің өте ұтымды, әрі әсерлі тәсілінің бірі болады, қайталамалар екі түрлі орайда эмоционалдық-экспрессивтік қызмет атқарады деп санайды.Және сонымен қатар белгілі мақсатпен лайық қайталау бар да, мақсатсыз қайталау бар деп белгілейді. "Мақсатсыз айтылған басы артық сөз көзге шыққан сүйелдей жазу стилін ауырлатып тұрады. Ондайдан безу үшін сөз бен сөзді, жалғау мен сөзді, жалғау мен жалғауды топтастырып, ықшамдау керек, сонда сөзге орын тар болсын, айтқан ойың кең болсын деген мақсат қойылады."[7,179]
«Махаббаттың аты көп қой,азап екен бір аты,
Аямай-ақ азаптады ол, қатал екен, сірә, тым» дейтін Күләш Ахметова махаббаттың нәзік сырын шертуде сыршылдығын танытты:
Махаббатымыз үшін
Сырларымды айтушы ем сыйғыза алмай
Желге мен,
Гүлдер алып келуші ең келген сайын сен
Деген.
Көздеріңе қараушы ем Қарақұмдай
Шөлдеген...
Жаңбыр жауып,жаз өтіп,қатты дауыл
Соқса да,
Сонда жаққан шамдары әлі күнге сөнбеген
Махаббатымыз үшін.
Түн шәліге оранып,жарық алып жұлдыздан,
Отырғанда сезімдер арылатын мұң мұздан,
Көріспесек жүректі ыстық жаспен жуғызған.
Екеуімізге ортақ сол ертегі өмір сәтінен
Ең мейірімді,ең нұрлы ынтық жырлар туғызған.
Махаббатымыз үшін («Махаббат өлеңдері», 71-б.)
Махаббаттың тылсым күшін ғана емес, оның қуанышы мен қайғысы тең екенін «Түн шәліге оранып, жарық алып жұлдыздан, Отырғанда сезімдер арылатын мұң мұздан» деп бейнеледі.
Ақын поэзиясында ана туралы жырлармен бірге анамен сырласу басым. Ол бүгінгі өмір туралы да әрдайым анасымен сырласып :
«Қараңғы түнім мен жарық таңымда,
Сен шықпадың есімнен, Ана!
Гүл алғанымда, қуанғанымда,
Өзенге барып су алғанымда
Жылағанымда жұбанғанымда
Сен шықпадың есімнен, Ана!» дейді.
Күләш Ахметованың өз поэзиясында өлеңнің әуезділігін, дыбыстық үндестігін әрлендіріп, құбылтатын әдепкі қайталау – анафора, кезекті қайталау – эпифора жиі кездеседі. Кейде Күләш не дауысты, не дауыссыз дыбыстарды қайталау арқылы өз өлеңінің көркемдік жағын күшейтеді. Күләш Ахметова өз поэзиясында көркемдегіш құралдарды қалай шебер қолдана білсе, қайталау тәсілдерін де жетік пайдаланып, өзінің дарынды ақын екенін тағы бір мәрте көрсетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет