Әдебиеттер
Қазақ энциклопедиясы, 4 том Алматы, 2001 ж 150-155 б.
Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері» Алматы, 2000 ж 33 б.
Жақау Дәуренбек «Ойдауа» Алматы, 1998 ж 20-21 б.
ИНТЕРНЕТКЕ ТӘУЕЛДІ БОЛУДЫҢ КЕРІ ӘСЕРІ ЖАЙЛЫ
Ұзақпаева Әйгерім, Ракова Данара (Қазақстан)
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ
Ғылыми жетекшісі: Заурбекова Г., ф.ғ.к.
Қазір жастардың көбі Интернетте ұзақ отырады. Таңертеңнен кешке дейін қолынан телефон, құлағынан құлаққап түспейді. Ұйқыдан ояна салып гаджетті қосу, поштаны тексеру, сайттарды ашу күнделікті үйреншікті әдетке айналды. Студенттер үй тапсырмаларын ұялы телефонға жазып алып, әдебиеттік қорды экран бетінен қарастырып жатады. Әрине, технологиялар келді, заман талабына сай болуымыз керек, дегенмен барлық нәрсенің ақ және қара жағы болады. Ақпараттық кеңістік кеңейді, тез арада байланыс орнатуды үйрендік, дегенмен Интернет ресурстарына деген жастар тарапынан әсіре қызығушылықтың болуы қоғамды алаңдатуы тиіс. Жастардың Интернетке тым жақындығы, қатты берілуі олардың алтын уақытын есепсіз алады, туған-туыс, дос-жаранмен шынайы қарым-қатынасты алшақтатады. Дастархан басында ұялы телефон шұқылап отыру үрдіске айналды. Бұл көрініс, әрине, ешқандай этикетке жатпайды, халқымыздың үстел басында ұжымданып отырып, ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып, ақылдасып отыратын әдемі дәстүрін аяқ асты етуге алып барады. Себебі интернетке шұқшиған адам басқа әлемде отырады, елдің айтқан әңгімесінде оның шаруасы болмайды. Қазір байқасақ, ертеңін ойлайтын елдерде виртуалды тәуелділіктен құтылудың амалдары қарастырылуда, бізде болса барған сайын бұл проблемалы жағдай қанат жайып, «адам+ұялы телефон+интернет» қалыпты жағдайға айналды, ұялы телефонды алмастыру, қымбаттарына әуестену, оны сәннің атрибутына айналдыру да өршіді. Жастар арасында орын алған виртуалды ойынқұмарлықтың әңгімесі де өз алдына өзекті және тез арада шешімін күтер мәселе болып тұр. Қала көшелерінің кез келген жерінен кездестіруге болатын виртуалды ойын залдары жастардың келешегіне балта шабатын, зияны орасан зор орын болып тұр. Таразының бір басында санаулы ойын залдарының қожайындары тұрса, екінші басында оң-солын танып білмеген, Интернетке тәуелді болған қарақұрым бозбалалар, арасында жеткіншектер де кездесіп жататыны жасырын емес.
Ендігі сөз - Интернетке тәуелділіктің адам денсаулығына тигізетін кері әсері туралы. Ең біріншіден, көз жанарына тигізетін кері әсері орасан. Көздің бұлшық етіне ұдайы, шамадан тыс салмақ түскендіктен, өзінің бастапқы жұмыс істеу қабілетін біртіндеп жоғалта бастайды. Мониторға кірпік қақпай қарау - үлкен проблеманың басы. Қазірдің өзінде студенттер, оқушылар арасында көздерін ұялы телефон экранынан алмай, сағаттап кино көріп отыратындар мол. Мұнда бір нысанға шамадан тыс көп қарау әсерінен көздің тамырлары талып, қызарып кетеді. Ешқандай физикалық күш түсірмей шаршап-шалдығып отыратын, жүйкелері жұқа, ашуланшақ бүгінгі студент – ертең кәсіпорынға, мекемеге барып қызу тіршілікке араласатын болашақ маман иесі. Екіншіден - Интернетке байланып отыратын жастарда омыртқаның қисая бастауы, бүкірейіп жүруі жиі кездеседі екен. Бұл жағдай - келешекте маман ретінде жұмыс істеуші ресурс ретінде өзін бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін шектейді.Үшіншіден – елден шет қалу, қоғамнан бөлектену. Бір орында отырып, барлық мәселені шешіп отыру, досымен, ата-анамен скайп арқылы сөйлесу - бүгінгі қалыпты үрдіс. Ешкіммен де арнайы кездесіп, сұхбаттасудың да, дүкен аралап, жаңа өнімдерді қарастырып, көзбен көріп, қолмен ұстаудың да қажеті жоқ, пернетақта батырмасын басып қойса болды, қалағанның бәрі болып жатады, тіпті дайын асқа да тапсырыс берсеңіз, өз аяғымен сізді іздеп келіп тұрғаны. Бұл жастардың өздерімен замандас құрбы-құрдастарымен араласуына, жаңа достары тауып-танысуға, мәдениаралық байланыс орнатуға, т.б. ауадай қажетті әрекеттерді істеуге қатты кедергі келтіреді.
Жалпы, Интернетке тәуелді болудың кері әсерлерін қорытындылай келе, жастарымызған салауатты өмір салтын ұстана отырып, компьютердің алдында отыру ережесін ұстану, одан кейін арнайы жаттығулар жасау, таза ауада серуендеу, табиғатқа жақын болу, йогамен айналысу, жүзуге қатысу, техниканы пайдалану қауіпсіздігін сақтауды басшылыққа алу керек екендігін еске саламыз. Ең бастысы, виртуалды әлемге тәуелсіз, азат азамат болып қалыптасуды ұмытпаған дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |