Қазтуғанның қазақ әдебиеті тарихында ең бірінші болып туған жері туралы дерек беретін автор ретіндегі ерекшелігіне тоқталыңыз.
Асанқайғы Сәбитұлы туралы ел аңыздарының автор шығармашылығымен байланысын көрсетіңіз.
ХV ғасырдағы қазақ хандығы және Асанқайғы мен Қыдан Тайшы туындысы туралы мәлімдеңіз.
Қазтуған жырау Сүйінішұлының туған жер, ел тағдыры жайлы шығармаларын талдаңыз.
Шалкиіз (Шәлгез) шығармашылығының ХІХ-ХХ ғасырлардағы басылымы жайлы зерттеушілер еңбектерін атаңыз.
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Жыраудың әкесі, сахара феодалдарының бірі болса, шешесі Кіші жүздің ұйтқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы еді. Ол үш айлығында анасынан айрылып, нағашыларының қолында тәрбиеленді. Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді. Жігіттік шағы Ноғай Ордасындағы Мұса бидің маңайында өтті. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін қазақ ханы Хақназар маңында өткізді.
Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Оның «Асқар, асқар, асқар тау…», «Қоғалы көлдер…», «Арғымақ ару аттар…», «Ор, ор қоян, ор қоян…», т.б. шығармаларында орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан байтақ озбасы…», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Ер шобан», т.б. жырлары ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары ? «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан» толғаулары.
Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін байытқан ақын. Оның шығармалары 19 ғасырдан бері қарай қағаз бетіне түсе бастады. Қазан төңкерісінен кейін 1875 жылы орыс және қазақ тілдерінде «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында жарияланды. Кейін аталған жинақта, «Астараханский вестник» газетінде, Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда, ал кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлар қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы Шалкиіз Тіленшіұлы Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келген. Жыраудың әкесі, сірә, сахара ақсүйектерінің бірі болса керек, ал шешесі кейін Кіші жүздің ұйытқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда (Заяицкая Орда) аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы екен. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айрылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Дәшті-Қыпшақ жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады. Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған ол қай атырапта өсіп, ержетті — бұл жағы белгісіз. Тек айдынды аламан ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490 жылы Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар сапында,бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Алайда тәкаппар жырау Темірмен үнемі жарастық таба бермеген. Темір өлгеннен соң жырау (тәрізі, осы уақытқа дейін өзімен қырбай болып жүрген) Мұса ұрпақтарымен қайта табысады. Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмайылдың әйгілі тартысы кезінде Жүсіпті жақтайды. Алайда дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді.
Ғизмет иәм би Темір», «Бәйтерек», «Арық хан», «Қатынасы биік көлдерден», «Боз үстінде от жаққан», «Мен иемнің күнінде» өлеңдері мен кейбір жыр жолдары қазақ, ноғай арасынан жиналған жырау мұрасының қай-қайсысында да кездеседі. Ал Шәлгез мұрасының ең маңызды әрі көлемдісі саналатын «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны», «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауларының қазақ арасынан жиналып, алды бұдан бір ғасыр бұрын (1875) жарық көрген.
Шәлгездің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл күйін толғайтын бірділі-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үлгісін қатар суреттей отырады. Жырау – «от басы. Ошақ қасының» қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі Һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Шәлгез шығармалары ой, мазмұны жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір тирададан тұратын «Би Темірге айтқаны» толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы «күйбеңдескен көп жаман» жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті Һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орғыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шәлгез нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.