26. С.Дөнентаев шығармаларындағы дәстүр мен жаңашылдықты талдаңыз
Қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырып кеткендер Абай мен Ыбырай. Олардың дәстүрін жалғастырушылардың XX ғасырдың басындағы әдебиет өкілдерінің бірі жерлес ақын журналист Сәбит Дөнентаев. Қазақ әдеби тарихы, әдебиеттану ғылымында бұрын мүлде аз зерттелген саланың бірі мысал жанры.
Сәбит Дөнентаевтың ақындық шығармашылық қызметі екі дәуірге бөлінеді.Алғашқы дәуірі 1912-1918 жылдар арасы, екіншісі 1918-1933 жылдар арасы. С.Дөнентаев шығармаларында өмір шындығын дәл өз қалпында айтып суреттеуден гөрі аллегориялық әдіспен жазу көбірек орын алады. Мұндай мысал әдісімен жазылған өлеңдерінде ақын еркін түрде билеуші қауымның жасаған қиянатын, мықтының әлсізге істеген зорлықтарын әшкерелеп отырады.
Сәбит Дөнентаев өз өлеңдерін қысқа сюжетке құрады. Әр сюжетті диалогқа құрып, жанды сурет жасайды, қысқа өлеңге аз сөзбен көп мағына, терең ой сыйғызатын диалогтың өткір түрін қолданады. Шынында, шағын өлеңге үлкен бір поэманың немесе ұзақ бір әңгіменің оқиға желісін сыйғыза білген шебер ақынға тән бір қасиет осында. Диалогтың мұндай түрін жасау Абайдың аударма өлеңдерінен ғана көрінсе, Сәбит Дөнентаев мұңы өзінің төл-тума өлеңдерімен жетілдіріп отырды.
Сәбиттің сатиралық шығармалары бір жағынан халық әдебиетіндегі, Абай поэзиясындағы сатиралық дәстүрді дамыта отырса, екінші жағынан орыс әдебиетіндегі сатиралық поэзиядан үлгі алып отырды. Әсіресе, Крылов пен татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың идеялық-көркемдік әсері айқын сезіледі. Сәбит Дөнетаев мысал әдісімен мінез-құлық түзеу тұрғысынан жазған бірталай өлеңдері бар, атап айтсақ, «Бит пен бүрге», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», «Көк төбетке», «Ұры мен баласы», «Ауырған арыстан», «Бір көлдегі үш балық», «Бұлбұл» сияқты өлеңдері өзіндік мысалшыл сатиралық стилін анықтайды. Өнер тілін, өлең тілін сатираға, аллегорияға (пернелеп айтуға), метонимияға(алмастыруға) ұластырып, алыстан орағытып әкеткен. Бұл Сәбит Дөнентаев лирикасының басты кредосы болды. Әрбір мысал өлеңінде қазақ тұрмысына, қоғамдық ойына бейімдей беруге назар аударады.
«Ауырған арыстан» мысалында Түлкі — қулық, Арыстан — зорлық, Қасқыр — қастық бейнелеріне көшіріліп, пернеленіп көрсетілген. Фольклордық дәстүрді жалғасытрып, сатира, мысал жанрында жоғарыдағыдай еңбектері жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |