Қ.Жұбанұлы: «... аяқталған ойды білдіретін бір иə бірнеше сөзді сөйлем дейміз», – деп үйретті.
С.Аманжолов тілдік мысалға сүйене отырып: «... тиянақты ойды білдіру дегеннің өзі шекті нəрсе екен... Ақынның я жазушының бүтін романы, поэмасы, баяндамашының жасаған баяндамасы түгелімен бір ойға, күрделі бір пікірге байлаулы да болады. Сол роман я поэма біткенде ғана, ақын я жазушының ойлаған ойы, айтайын деген сөзі бітеді. Міне, бұдан ойдың өрісі, ішкі көлемі кең екендігі анық көрінсе керек. Сөйтіп, сөйлем дегеніміз кейде ұзын ойдың бір бөлшегін, кейде қысқа ойдың бүтінін қармайтын сөздер тобы», – деген пікірге келеді.
Көрнекті тілтанушы М.Балақаев «... сөйлем сол жеке ұғымдардың синтезі ретіндегі байымдауды (суждение), хабарлауды, сұрауды модальділікті білдіреді. Əдетте, бұлар жеке сөйлеммен тиянақталып, ойымыз жеке сөйлеммен аяқтала бермейді. Сөйлемнің аяқталмаған ойды білдіруі оның маңындағы басқа сөйлемдермен қатынасына қарай айқындалады... Контекстен бөліп алынған сөйлемдер əр уақытта мүлде аяқталған ойды білдірмейді, біршама (относительно) ғана аяқталған ойды білдіреді», – деп мойындады.
Профессор Т.Р.Қордабаев: «Сөйлем – ойды жарыққа шығарушы материалдық көрсеткіш. Бірақ сөйлем арқылы берілетін ойды аяқталған, тиянақталған ой деу онша дұрыс болмайды. Өйткені ойды аяқтау үшін бір емес, толып жатқан сөйлемдер айту керектігі тəжірибеден белгілі. Сөйлем аяқталған ойды емес, жеке ойды білдіреді. Ондай жеке ойлар логикалық жағынан аяқталмауы мүмкін. Сөйлем – жеке ойды оған тетелес басқа ойдан бөліп көрсететін коммуникативтік дербес тұлға», – деп жазды.
Қазақ синтаксисінің белгілі маманы Р.Əмір «Қазақ тілінде сөйлемдердің ішіндегі ең көп жұмсалатыны екі мүшелі болып, бастауыш, баяндауыштан құралады. Бұл кездейсоқ емес. Тіл мен ой тығыз байланысты. Сөйлем пікірді хабарлаудың амалы болғандықтан құрылысы жағынан да оған ұқсамай, оны қайталамай тұра алмайды... Тілімізде атаулы сөйлем деп аталатын бір мүшелі сөйлемдер бар.
Сөйлем төрт аспектіде қарастырылады: Логикалық, семантикалық, құрылымдық, коммуникативтілік.
Құрылымдық аспект. Синтаксистік құбылыстарды зерттеудің бұл аспектісі – қазақ тіл білімінде дəстүрлі, орныққан аспект. Құрылымдық аспектінің өзіндік ерекшелігі – синтаксистік бірліктердің құрылысын, құрылымдық схемасын көрсетіп беру, талдау жасау. Бұл жерде біз құрылымдық схема деп синтаксистік бірліктердің үлгі-типтерін, қалыптарын түсінеміз. Қазақ тіл білімінде сөз тіркесінің мынадай құрылымдық схемалары анықталған. Бұл тұста екі ұстын (принцип) негізге алынады: сөз тіркесінің құрамына қарай, сөздердің байланысу тəсілдері мен түрлеріне қарай. Сөз тіркесінің құрамына қарай екі үлгі-тип бар: бағыныңқы-басыңқы есім сөз; бағыныңқы-басыңқы етістік сөз. Құрамына қарай сөз тіркестерінің схемаларына бірнеше мысал: зат есім – зат есім (темір күрек), сын есім – зат есім (үлкен үй), сын есім – етістік (жақсы оқу), үстеу – етістік (бұрын көру), көсемше – етістік (күліп сөйлеу), зат есім – етістік (кітап оқу) т.с.с. Байланысу тəсілдері мен түрлеріне қарай қазақ тілінде бес типті схема бар: 1) қабыса байланысқан сөз тіркестері; 2) матаса байланысқан сөз тіркестері; 3) меңгеріле байланысқан сөз тіркестері, 4) қиыса, 5) жанасау. Сөйлемнің схемасы сөйлем құраудың басты жолы, сөйлемнің маңызды сипаты болып табылады. Өйткені синтаксис əрбір жеке нақты сөйлемді бөлек-бөлек зерттей алмайды, сөйлемдерді типтендіруге ұмтылады. Қазақ тіл білімінде анықталған екіқұрамды сөйлем, бірқұрамды сөйлем, жақты жəне жақсыз сөйлемдер, етістік жəне есімді сөйлемдер, жалаң жəне жайылма сөйлемдер, толымды жəне толымсыз сөйлемдер, жай жəне құрмалас сөйлемдер – осының айғағы.
Сөйлемдер лексикалық құрамы жағынан əртүрлі болуы мүмкін, алайда олар құрылымдық жағынан бір үлгімен құрылады, бұл тұста басты назар тұрлаулы мүшелердің тұрғысына аударылады. Мəселен, «Белгісіз бір дүлей күш қолаяғымды матап, тіптен ойыма да құрсау салып тастаған сияқты», «Мұса – пайғамбар» деген екі сөйлем лексикалық құрамы жағынан əртүрлі болғанымен, бастауышы мен баяндауышы болғандықтан бірдей үлгідегі екіқұрамды сөйлемге жатқызылады. Ал сөйлемдегі тұрлаулы мүшелерден басқа мүшелер сол сөйлемнің құрылымын кеңейтіп, толықтырып тұрады. Сонымен екіқұрамды сөйлемдердің үлгі-типтерін былайша көрсетуге болады: бастауыш-баяндауыш; бастауыш-толықтауыш-баяндауыш; бастауыш-пысықта- уыш-баяндауыш; анықтауыш-бастауыш-толықтауыш-баяндауыш; анықтауыш-бастауыш-пысықтауыш-баяндауыш; анықтауыш-бас- тауыш-пысықтауыш-толықтауыш-баяндауыш; бастауыш-анықта- уыш-толықтауыш-баяндауыш; бастауыш-анықтауыш-пысықтауыш- баяндауыш жəне т.с.с.
Құрмалас сөйлем құрылымдық жағынан кемі екі сөйлемнен тұратыны белгілі. Сонда үлгі схемасы: «сөйлем-сөйлем» болады. Салалас құрмалас сөйлемнің құрылымдық схемасы: «бастауыш – тиянақты тұлғалы баян- дауыш». Салалас құрмаластың жалғаулықты, жалғаулықсыз болып бөлінуі де құрылымдық фактіге жатады. Өйткені контекст арқылы да жалғаулықтың көмегінсіз мағыналық қатынасты табуға болады.
Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылымдық схемаларын келтіре кетейік: бағыныңқы сөйлем (баяндауышы көсемше) – басыңқы сөйлем (баян- дауышы тиянақты тұлғада); бағыныңқы сөйлем (баяндауышы тиянақсыз тұлғадағы есімше) – басыңқы сөйлем (баяндауышы тиянақты тұлғада); бағыныңқы сөйлем (баяндауышы шартты райлы етістік) – басыңқы сөйлем (баяндауышы тиянақты тұлғада); бағыныңқы сөйлем (баяндауышы қимыл есімі) – басыңқы сөйлем (баяндауышы тиянақты тұлғада); бағы- ныңқы сөйлем (баяндауышы септеулік шылаумен тіркескен) – басыңқы сөйлем (баяндауышы тиянақты тұлғада).
Көп компонентті құрмаластың жалпы құрылымдық үлгісі: «сөй- лем-сөйлем-сөйлем ...». Көп компонентті салалас құрмаластың үлгісі: «басыңқы-басыңқы-басыңқы». Көп бағыныңқылы сабақтастың құрылымдық үлгісі: «бағы- ныңқы-бағыныңқы-басыңқы».
Аралас құрмалас сөйлемнің құрылымдық үлгісі: «бағыныңқы-ба- сыңқы-басыңқы»; «басыңқы-бағыныңқы-басыңқы» т.с.с. Синтаксистік күрделі бірліктің құрылымы оның дербес, грамматика- лық жағынан аяқталған сөйлемдерден тұруымен ерекшеленеді. Синтаксистік күрделі бірлік үшін жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің хұқысы бірдей. Өз кезегінде мəтін синтаксистік күрделі бірліктерден құрылады. Ал бірқұрамды сөйлемдердің үлгі-типтерін мынадай етіп белгілеуге болады: тұрлаусыз мүшелер – баяндауыш; баяндауыш; тұрлаусыз мүшелер – бастауыш сипатты сөз формасы; бастауыш сипатты сөз формасы т.с.с.Синтаксистік бірліктердің құрылымын талдап тексеру олардың нақты деректілігін, заттық-материалдық табиғатын түсіндіруге жол ашады, сондықтан да бұл аспект аса маңызды аспект болып саналады. Алайда, таза құрылымның өзіне сүйеніп семантикалық жəне коммуникативтіксипаттарды ескермесек, синтаксистік бірліктердің қарым-қатынас құралы, ойды жарыққа шығарушы құрал ретіндегі қызметін түсіндіріп бере алмаған болар едік.
Коммуникативтік аспект. Сөйлемге коммуникативтік тұрғыдан қарау деген сөз – оның функционалды мүмкіндігін (перспективасын) қарау, сөйлемді сөйлеу бірлігі ретінде, контекст арқылы динамикалық тұрғыдан түсіндіру деген сөз. Сөйлемге не болмаса кез келген синтаксистік единицаға логикалық тұрғыдан қарау, мағыналық жағын сипаттау, құрылымдық үлгісін көрсетіп беру қазақ тілі синтаксистік құрылысының барлық жағын сипаттап бере алмайды. Осы аталған сипаттар қарым-қатынастың құралы болу үшін қандай қарекеттер керек? Міне, сондықтан да синтаксистік зерттеулердің коммуникативтік аспектісі маңызды бағыт болып саналады. Жоғарыда көрсетілген аспектілердің жеткіліксіз екендігін сезінген тілтанушылар сөйлемді қ
666666+--22
арым-қатынасқа, пікір алысуға жұмсалатын единица ретінде қараудың жолдарын іздейді. Өйткені тілдің қай бірлігі болсын өз құрылымымен, мағынасымен адамдар арасындағы қарымқатынасқа қызмет етеді.
Синтаксистік зерттеулердің коммуникативтік аспектісі синтаксистік единицаларды екіге бөліп қарайды: коммуникативтік бірліктер (жай жəне құрмалас сөйлемдер, синтаксистік күрделі бірліктер, контекст, орамды мəтін) жəне коммуникативтік емес бірліктер (сөз формалары, сөз тіркестері). Жоғарыда айтқанымыздай, сөз тіркестерінің таза коммуникативтік емес бірліктер екенін мойындай отырып, біз оның орамды тілге (связная речь), коммуникативтік қызметке жанама көмекші қатысы бар екенін мойындауға тиіспіз. Сөйлемнің коммуникативтік сипаты оны актуалды (коммуникативтік) мүшелеуден, ондағы коммуникативтік бөліктерді ерекшелеп жіктеуден көрінеді. Сондықтан сөйлемдi коммуникативтік мақсатына қарай үш түрге (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) бөлу ұстанымы тіл білімінде орныққан.
Қалыптасқан дəстүр бойынша сөйлем өзінің коммуникативтік мəнділік жағынан екі бөлікке бөлінеді. Халықаралық терминологиядағы қалыптасқан атауы бойынша ол бөліктерді біз тема жəне рема деп атаймыз. Тема – айтылыстың ремалық бөлігі сүйенетін арқау. Ол əрқашан алдыңғы контекске жəне ситуацияға бағытталып, содан бастау алып отырады да, осы себептен талданбақшы сөйлемдегі темалық бөлікте айтылатын ақпар белгілі болып отырады, сондықтан бұл бөлік логикалық тұрғыдан айрықшаланбайды. Рема, керісінше, сол сөйлемде айтылатын ойдың басты керекті бөлігі, қажетті коммуникативтік бөлік. Сөйлемнің ремалық бөлігі ақпаратты қабылдаушыға белгісіз, жаңа мағлұмат жеткізеді. Тема мен реманың өзара үйлесімі мен байланысы сөйлемнің коммуникативтік іргетасын қалайды. Тема мен реманың құрамында əрқайсысының өзіне тиесілі тұрақты мүшесі болмайды. Теманың қызметін де, реманың қызметін де сөйлемнің кез келген мүшесі я мүшелері бірігіп атқара береді. Бұндайда сөйлемді тема жəне рема бөліктеріне жіктеуді айқындайтын – контекст. Сөйлемдегі белгілі бір бөлікті актуалдандырудың бізге үш жолы белгілі: сөйлем мүшелерінің орын тəртібін өзгерту арқылы, грамматикалық құралдар көмегімен, просодика жолымен. Алайда, бұндай құбылыстардың жүзеге асуының өзі контекст ықпалында болады. Қазақ синтаксисінің зерттеушісі Р.С.Əміров баяндауыштың алдыңғы түбі актуалды, ал баяндауыштың кейінгі, не одан алшақ орын қалтарыс позиция деп қараса, қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің орын тəртібін зерттеген Ш.Бектаева инверсияны ой екпінін түсірудің амалы деп, əзірбайжан тілі синтаксисінің маманы К.М.Абдуллаев ең соңғы орынды (абсолютная постпозиция) актуалдандырушы орын деп қарайды. Мсыалы: Асқар оны көрсетпеді. Оны Асқар көрсетпеді. Асқар көрсетпеді оны. Бұл сөйлемдегі «ол» сілтеу есімдігінің орнын қанша ауыстырсақ та, контекст оған тема жүгін көтерткізеді. Өйткені «ол» алдыңғы контекстен белгілі екені көрініп тұр. Сонымен, сөйлем коммуникативтік және құрылымдық аспектіде осылай талданып, жіктеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |