Лингвоелтанымдық лексикалық бірліктерді ұсыну
ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін тіл үйретуде лексикадан гөрі грамматика үстемдік алып келген. Реформа дәуіріне дейін өлі тілдерді оқыту үшін қолданылып келген грамматикалық немесе аударма әдісі тірі тілдерді оқытуда да сол қалпында қолданылған. Грамматизмнің олқылықтарына көз жеткен сайын, тілді үйрету мен сол тілді қолданушы халықтың өмірімен таныстыруды байланыстыра оқытудың қажеттілігі айқын көріне түсті. Бұл мәселе Реформа кезеңінде қолға алына бастады. Бірақ соған қарамастан, әлі күнге дейін тек септеу мен жіктеуді ғана үйрететін, танымдық мазмұндағы мәтіндер мен лексикалық жұмыстар мүлдем кездеспейтін оқулықтар да бар. «Тілді тек құрғақ таңбалар жүйесі деп қарастырып, оның негізгі эпистемиялық және когнитивтік қызметтерін есепке алмаудың нәтижесінде тіл үйрету сабақтарында грамматикалық ережелерді жаттату мен бірқалыпты жаттығуларды көшірту жүзеге асып келді. Бұл тіл сабақтарының мәнінің төмендеуі мен тіл үйренушілердің қызығушылықтарының жойылуына әкеліп соқтырды» [8, 99 б.].
Тілдің елтанымдық қызметін басшылыққа ала отырып іріктелген лексикалық бірліктер тіл үйренушілерге әлдеқайда тартымды, түсінікті, пайдалы әрі қажетті болары сөзсіз, ондай деректер арқылы тіл үйренушінің бойында сол тілді қолданушы халықтың жанын түсіну, ол халыққа, тілге деген сый-құрмет сезімдерін оятады.
Елтанымдық бағдарлы оқыту кезінде жаңа лексикалық материалдың көлемі күн санап молынан енгізіліп отырады. Алғашқы меңгерген ақпарат пен кейінгі үйренген лексикалық бірліктер бірін-бірі толықтырып, сөздік құрамда үздіксіз қолданысқа түсу барысында тіл үйренушінің меншігіне айнала береді. Қазақ тілін елтанымдық бағдарлы оқыту тілдік және сөйлеу материалдарының ішінен әр деңгейге сәйкес тіл үйренушіге ең қажетті минимумды сұрыптап алуды талап етеді және ол минимум елтанымдық ақпаратты кеңінен беруі керек. Мектеп оқушыларына тіл үйретуде ең қажетті деген лексикалық деректерді елтанымға сай дұрыс іріктеу жақсы нәтижеге жылдам қол жеткізуге үлкен ықпал етеді.
Бұл мәселеге қатысты зерттеу еңбектерге назар аударар болсақ, Ф.Оразбаева қазақ тілінің активті және пассивті сөздік қорын интуициялық, статистикалық, әдістемелік, лингвистикалық ұстанымдарға сай іріктеудің жолдарын қарастырды, сонымен қатар лексикалық бірліктердің ішінде тұрақты сөз тіркестерін оқыту мәселесіне ерекше тоқталды [9, 191-200 б.].
Қ.Қадашева қазақ тілін оқыту әдістемесінде лексикалық бірліктерді деңгейлерге сай іріктеу мәселесін алғаш қарастыра келіп, олардың стильдік шектелуінің болмауына, сөз тіркесінің құрамына ену қызметіне, қайталау жиілігіне назар аудару керектігін айтады [10, 116 б.].
Атап өткеніміздей, қазақ тілін оқыту әдістемесінде лексикалық бірліктерді іріктеу мәселесі ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелген десек те, қазақ тілін елтанымдық бағдарлы оқыту тұрғысынан алып қарастырған кезде, бұл мәселенің басы ашылмай жатқан бірнеше өзекті тұстары ортаға шығады.
“Шет тілді оқыту үдерісінде лексиканы меңгеру ерекше орын алады. Сөйлем арқылы берілетін ақпараттың 80 пайызын лексика құрайтындығы анықталған» [11, 43 б.].
Тілші-ғалым Т.Аяпова былай деп жазады: «Негізгі мақсат – тіл үйренуші адамның ойлау қабілетін біртіндеп қазақыландыру, сөйлеуге үйрету, сөйлесімдағдысын қалыптастыру, тіл мәдениетін көтеру. Ол үшін түрлі грамматикалық және лексикалық құрылымдарды ұтымды пайдалана білген абзал. Егер тілдік материалдар Адамға, Қоғамға және Табиғатқа, Қоршаған ортаға қатысты болса, тіл үйренушінің ой-өрісін дамытып, білім деңгейін көтеруіне, тілді тезірек игеруіне үлкен септігін тигізері сөзсіз» [12, 4 б.].
Яғни, лексика адамның мәдениеттілігіне, дүниетанымына, рухани байуына септігін тигізері сөзсіз, ал бұл мәселелердің елтанымдық бағдарда басты орын алатыны белгілі.
Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров: «Елтану бірліктерін іріктеудің негізгі ұстанымы – оларды қатысымдық мақсаттарға жұмсау мүмкіндігінің болуы», - дей келіп, «Елтану материалдарын іріктеуде қатысымдық ұстанымды қолдану әр жағдайда жеке әрі нақты шешімдер қабылдауды керек етеді, бұл жерде жалпы нұсқаулар айту мүмкін емес. Ең бастысы олардың идеологиялық мәнін, тәрбиелік-танымдық функциясын, эстетикалық құндылықтарын назарға алу қажет», - деп жазады [13, 44-46 б.].
Тілдің танымдық қызметін басшылыққа ала отырып іріктелген лексикалық бірліктер тіл үйренушілерге әлдеқайда тартымды, түсінікті, пайдалы әрі қажетті болады. Тіл үйретуде сол тілді қолданушы халықтың рухани мәдениеті жайында тереңірек мәлімет берудің кейбір жолдары төмендегідей:
- сабақ барысында кездесетін ұлттық сипаттағы сөздерді баламасы бар болса, тікелей аудару тәсілімен, егер жоқ болса, мағынасын ашу жолымен түсіндіру;
мәтінге лингвостилистикалық талдау жасауда мәтінге қосымша автордың қысқаша өмірбаяны мен шығармашылығы, шығарманың жазылу тарихы, оқиға болған кезең т.б. жайлы мәліметтер беру;
берілген тақырыпты, мәтінді түсіндіруде көру сезімдеріне әсер ету немесе соған сай бейнефильмдер, иллюстрациялар, суреттер сынды көрнекілік құралдарын ұсыну;
сабаққа сәйкес кинотелекурстар ұйымдастыру;
әр ұлттың өзіне ғана тән «ым тілі» жайында қосымша мәлімет беру т.б.
Қазақ тілін оқытуда танымдық ұстанымға сәйкес іріктелген лексикалық материал арқылы төмендегі мақсаттар жүзеге асырылады:
- қазақ халқының басынан кешкен тарихы жайлы мағлұмат беру;
- қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру;
- қазақ халқының тамыры тереңдерде жатқан мәдениетімен таныстыру;
- тарихи тұлғалардың өмірі жайлы мағлұматпен таныстыру;
- Қазақстанның атақты адамдары жайында (ақын-жазушы, әнші, күйші, ғалым, еңбек ардагері, ғарышкер, спортшы, т.б.) мәлімет беру;
- Қазақстанның жер жүзінде саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан алатын орны жайлы мәліметтер беру;
- Қазақстанның бай табиғатымен таныстыру;
- ел өміріндегі тарихи кезеңдер жайлы мәлімет беру;
- қазақ тілінің маржандары – фразеологизмдермен таныстыру;
- сөз атасы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді сөздік қорына енгізу;
- әрбір сабақта қайталап айтқызу арқылы қазақ әндерін үйрету т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |