Мәселенің зерттелуі
Білім берудегі «елтану» ұғымымен мағыналас «аймақтану» мәселесін Қазақстан ғылымында алғаш қарастырған ғалым – Телжан Шонанов болды. Ол жайлы 1925 жылы «Жаңа мектеп» журналының үшінші нөмірінде жарық көрген «Мектепте аймақ тану» атты мақаласында Телжан Шонановтың өзі: «Қазақстанда мектепте аймақ тану туралы еш кім қалам үшін түрткен жоқ десек болады. Біз білерде «Таң» жорналында ғана бұл мəселе жайында жалғыз ғана қысқаша мақала болды. Кезектегі мақсат – қалың мұғалімдерді аймақ танудың мақсаты мен, мазмұны мен, əдісі мен таныстыру. Мəселе əлі бір арнаға салынбаған соң, бұл туралы əр кім тəжірибасын, білгенін, ойын майданға салуы керек. Бұл мəселе туралы түрлі пікірлер болуға мүмкін. Біз бұл мақалада тек өз түсінуімізше, мектепте аймақ тану деген не екенін баяндамақпыз. Мектепте аймақ тану деген дəл мынау деп бұл кезде еш кім де айта алмайды. Бұл пікір алысу мен шешілетін мəселе», - дейді [4, 3 б.].
Құзыреттілік дегеніміз – адамның алған білімін өз өмірін жақсарту мақсатында қолдана білуі болса, ғалымның: «Бұл күнгі аймақ тану ниеті – айналаны біліп, адам пайдасына жарату үшін өңдей, өзгерте білу», - деген сөздері бүгінгі күнде жаңалық аштық деп, жаңа терминмен атап жүрген «елтанымдық құзыреттілік» ұғымының өткен ғасырдың басында Қазақстан ғылымының басында болғандығын көрсетеді.
Ғалым: «Бұл күнде мектепте аймақ тану жайлы мықты екі ағым бар десек болады: бірі аймақ тануды өз алдына бір пəн деп қарайды; екінші ағым аймақ тану өз алдына бөлек пəн емес, тек педагогике əдісі деп қарайды. Бірақ, еш қайсысы да ай- мақ тану керек емес демейді», - дей келіп: «Біздің соңғы ағым дұрыс па деп ойлаймыз. Аймақтың табиғатын, кесбін, қоғам тұрмысын білу керек. Мұның бəрі түрлі ғылымның басын құрайды, бірақ бір ғылым болып шыға алмайды. Аймақ тану – комплекс жүргізудің негізі. Үйренудің, білудің əдісі», - деп қорытады.
Олай болса, қазақ тілін оқытудың әдісі ретінде аймақтану, елтану әдісін қолданудың маңыздылығын, өзектілігін осыдан көреміз.
Орыс тіл білімінде лингвоелтанымға қатысты зерттеу жүргізген ғалымдар - Е.М. Верещагин мен В.Г. Костомаров және Г.Д.Томахин болды.
Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров «Язык и культура» атты еңбегінде жаңа тілді меңгере отырып, кез-келген адам жаңа ұлттық мәдениетпен танысатынын, сол тіл бойындағы үлкен рухани қазынадан нәр алатынын айтады [5, 45 б.].
Г.Д. Томахин лингвоелтанымның маңызын: «Барлық сөздердің қосындысы – тіл дегеніміз – адамның ішкі әлемі мен сыртқы құбылыстар әлемінің арасында жатқан үлкен бір әлем», - деп түсіндіреді [6, 304 б.].
Қазақ тіл білімінде Қ. Қадашева түрік тілді студенттерге қазақ тілін лингвоелтанымдық бағытта оқытудың ғылыми-әдіснамалық негіздемесін жасады. Ғалымның ойынша: «Лингвоелтанымның негізгі нысаны – ел тарихын үйрету емес, кepiciншe тілді тұтынушының фондық бiлiмі, жалпылай айтсақ өзге ел мәдениеті мен рухани құндылықтары» [7].
Достарыңызбен бөлісу: |