3 сұрақ. Статистика әлеуметтік – экономикалық құбылыстар мен процестерге статистикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде қоғамдық ғылымның негізгі қағидалары мен заңдылықтарына, яғни құбылыстарды танып білудің диалектикалық әдісіне сүйенеді. Бірақ, басқа ғылымдар сияқты статистиканың да өзіне тән ерекшеліктері мен зерттеу әдістері бар. Ол әдістер өздерінің қолданылуына және бірінен соң бірінің жалғасып келуіне қарай үш сатыға бөлінеді. Олар мыналар: 1) статистикалық бақылау, яғни бастапқы мәліметтерді жинау; 2) жиналған мәліметтерді өздеріне тән ерекшелігіне қарай топтау, өңдеу және жинақтау; 3) жинақталған, өңделген мәліметтерге талдау және қорытынды жасау. Осы көрсетілген әдістер жиынтығын статистикалық әдістемелер немесе зерттеу кезеңдері деп атаймыз.
Статистикалық бақылау – статистикалық зерттеудің бастапқы сатысы. Мұнда әлеуметтік – экономикалық құбылыстар мен процестер туралы жаппай мәліметтер алдын – ала жасалған бағдарлама бойынша жиналады. Статистикалық бақылаудың негізгі мақсаты қоғамдық құбылыстардың өзгеруіне әсерін тигізген әрбір фактіні өздеріне тән белгісіне қарай анықтау және нақты шындықтың қамтылуын, анық, нақты, дәл әрі керекті мәліметтерді жинау.
Статистикалық бақылау әрқашан да кең көлемді, толық жүргізіледі. Демек, бақылау кезінде жиналған мәліметтер неғұрлым көп болса, көрсеткіштер соғұрлым толық және айқын болып келеді.
Статистикалық көрсеткіштерді топтау, өңдеу және жинақтау. Бұл –статистикалық зерттеудің екінші сатысы болып саналады. Осы әдісті қолдану кезінде статистикалық бақылау арқылы жиналған мәліметтер өздеріне тән жекелеген белгілері бойынша біртекті топтарға және іштей жіктерге бөлінеді. Бірақ, олардың әрқайсысы статистикалық жеке көрсеткіштер жүйесіне сай сипатталады. Сондықтан, зерттеудің бұл кезеңінде қоғамдық құбылыстар мен процестердің топтық көрсеткіштері ірілендіріледі, жекелеген топтардың сапалық айырмашылығы анықталады және талдау, қортынды жасау үшін сандық көрсеткіштері есептеледі.
Статистикалық көрсеткіштерді талдау және қорытындылау. Бұл статистикалық зерттеудің соңғы, яғни үшінші сатысы. Мұнда жинақталған, топталған, өңделген статистикалық көрсеткіштер біртектес топтық белгілері бойынша жеке қарастырылады. Олардың бір–бірімен байланысы анықталынады. Сондай – ақ қорытындылаушы көрсеткіштер орташа, қатысты шамалар немесе өсіңкілік қатарлар, индекстік әдістер арқылы есептеледі. Олар статистикалық кестемен көрсетіледі немесе график арқылы бейнеленеді. Сонымен, статистикалық мәліметтерге талдау жасау деп жинақталған, топтастырылған, өңделген көрсеткіштерді салыстыру, қорытындылау және солар арқылы ғылыми тұжырымдамалар мен ұсыныстар жасауды айтады.
Жоғарыда көрсетілген статистикалық зерттеудің бұл үш сатысы арасында қоладанысына қарай өзара айырмашылығы бар. Бірақ, олар бірінен – бірі бөлінбейді. Мысалы, бақылаусыз топтау болмайды, ал топтаусыз талдау немесе қорытынды жасалынбайды. Демек, статистикалық зерттеудің бұл үш сатысы бір – бірімен тығыз байланысты. Соған орай оларды әр түрлі мамандар жүргізеді.